Жауһар жырды жүзіктеген сөз зергері

1324

1

«Жүсекең гүжім бір дарақ,

Сүйсінген сырттан ел қарап.

Миуалы жапырақ,

Саясына ел қонад.

Қаңтарда  ұшқан қыран сол,

Топшылы тұйғын мұзбалақ» – исі қазаққа ақын атымен таныс, шайыр Әлиакпар Жұ­ма­таев өзінің «Жүз жүйрік» деп аталатын әйгілі толғауында Жүсіп ақын туралы осылай толғайды.

Ешниязұлының арғы ата тегі кіші жүздің Кете деген руы бол­ғандықтан, халық «Ке­те Жүсіп» деп атандырған. Жүсіптің әкесі Ешнияз әрі ақын, әрі әнші-компо­зитор. Ешнияз кезінде Құрман­­ғазымен дос болған.

 ХІХ ғасырдағы белгілі Базар жыраудан бастап Сыр бойынан шыққан бір топ әйгілі ақындардың Ерімбет, Даңмұрын, Жүсіп, Омар, Тұр­мағамбет т.б. үлгі  алып,  ұстаз  тұтынғаны осы – Ешнияз ақын.

Ақындықты 14 жасынан бас­таған Кете Жүсіп өлеңді жаза алатын әрі әнші, әрі ақын болған. Шығармасын да домбырамен мә­нерлеп әнге қосқан. Салалы шы­ғармаларынан «Шәһ­зада», «Сұр­мерген», «Ме­кер қатын», «Алдар көсе» «Раунақ» дастандары, сонымен қатар Қаңлы Жүсіппен, Даңмұрынмен, Құлназар, Егізбай, Тұрымбетпен айтыс­тары бар. Тол­ғау, терме, діни бағыттағы өлеңдер мен кө­ңілқос, сынау, сияқты өлең сөзге  өте шебер болған.

Кете Жүсіптің өзге ақын­дардан ерекшелігі – ол айтыс ақыны.  ХХ ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен Қаңлы Жүсіп, Керейт Даңмұрын сияқты даңғайыр ақындармен Жүсіп ақын жас жігіт шағында айтысқа түскен. Сыр елінде «Үш шайырдың», «Бес шайырдың», «Сегіз шайырдың» айтыс­тары атан­ған белгілі ірі ақындардың тобы болған. Бұлардағы ерек­шелік – әдеттегідей екеу-екеу кезектесіп айтыс­пайды, ақындық күшін сынасу үшін бірнеше ақын бір тақырып төңірегінде  өз  өнерлерін бір рет ортаға салады. Олар бұл өнер жолын жазып айтысумен жүзеге асырған. Айтыстың Сыр еліндегі осы айтыстың жаңа түрін жандандырып, қоғам жұ­мысына қызу араласып, жыр өнерін насихаттаған сөз зер­герінің  бірі Кете Жүсіп болған. 

Әрі ақын, әрі жыршы Жүсіп Ешниязұлы кеңес үкіметі орна­ғанша туған өңіріне белгілі, ел басқарған бидің бірі болып, әсем әні, көркем шығармасы, әділ би­лігімен халқына қалтқысыз қыз­мет еткен.

Биылғы жылдың қыркү­йек айында Кете Жүсіп Еш­ниязұлының 150 жыл­дығына орай облыстық мәдениет, ар­­хивтер және құжат­тама бас­­қармасының қолда­уы­мен, облыстық халық шы­ғар­­­машылығын дамыту және мәдени-продю­серлік орталы­ғының ұйымдасты­руымен «Жыр­лансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы»  атты республикалық жыршы-жыраулар байқауын өткізу жоспарланып отыр. Бай­қаудың негізгі мақсаты – Қазақ әдебиеті тарихында көркем өнер, кестелі сөздің өзіндік үлгісін қал­дырған тұлғаның шығармаларын дә­ріп­теу жә­не жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ге­не­тикалық жадты жаңғырту бол­мақ. Мәдениет саласының басты ат­қа­ратын қызметі ұлт руха­ниятының ал­тын қазыналарын халық игі­лігіне пай­далануға ұсы­ну. Осы тұр­ғыдан кел­генде бұл байқаудың ережесіндегі өзіндік  ерек­шеліктерді де айтып өткенді жөн көрдім.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар 1 сағат көлемінде Кете Жүсіп Еш­ниязұлының дастандарынан жырласа, екінші кезеңде ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына арнаған өзінің немесе өзге ав­торлардың шы­ғармаларын Кете Жүсіптің терме-толғау, ай­тыстарынан орындайтын бо­лады. Сыр сүлейлерінің бі­регейі, билік пен өнердің тертесін тең ұстаған біртуар тұлғаны ұрпақ жадында мәң­гі қалдыру мақсатында ұйым­дастырылғалы тұрған шараның көрерменге берері мол болмақ. Байқауға елімізге белгілі әр өңірдің жүйріктері қа­тысады деп, жоспарланып отыр.

Алдағы уақыттарда облыс­тық халық шығармашылығын дамы­ту және мәдени-про­дю­серлік ор­талығы Сыр бойынан шыққан әдебиет пен мәдениетке соны соқ­пақ, тағалы із қал­дырған тұл­ғаларды насихаттау жұмыстарын жалғастыра бермек.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ, 

облыстық халық шығармашылығын дамыту және

мәдени-продюсерлік орталығының маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<