ЖАЙСАҢ ЖАНДАР ӨНЕГЕСІ

936

0

ЖАЙСАҢ ЖАНДАР ӨНЕГЕСІ Белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Көзкөрген жандар саясы» атты деректі хикаяттар кітабы жарық көрді. Тарихи тақырыптағы туындылармен оқырманға жақсы таныс қарымды қаламгер деректі прозада да өзіндік өрнегін салған.
Жинақта негізінен халық құрметіне бөленіп, туған жерінің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтардың өмір белестері көркем тілмен кестеленеді. Олардың болмыс-бейнесі мен ішкі жан дүниесін ашуда, мамандығының қыр-сырын танытуда автор өздері өмір сүрген қоғамын шынайы бейнелейді. Бұл орайда «Тағылымды өмір қайнары» атты хикаяда соғыс ардагері, колхоз өндірісінің жетекшісі Әбдікер Қайыпов, «Тұғыры биік тұлғада» қайраткер жазушы, тарихшы Шайхислам Серікбаев және басқа туындыларда көптеген тұлғалы азаматтардың өмірі мен еңбегі, өнегесі арқау болған. Кітап кейіпкерлерінің тағылымды ғұмыры мен елі үшін сіңірген еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге болуымен құнды.
Туған жерінің тарихы мен тұлғаларын дәріптеп, белгілі азаматтарын айшықтаған жазушының бұл туындысы 28-ші кітабы екен. Алдағы сәрсенбіде қаладағы А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде жаңа жинақтың тұсаукесері өткізілмек.
Ж.ӘБІШЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<