Қолымда Серікбай Иманбайұлы Қошқаров ағамыздың «Жерұйық» атты кітабы. Парақтап шыққаннан кейін, кейбір ойларым мен пікірлерімді қағазға түсіргенді жөн көрдім. Кітаптың жарық көруі дегеніміз – түптеп келгенде, үлкен қоғамдық оқиға. Сондықтан жарық көрген кітапты оқып, оған пікір айту әрбір зиялы азаматтың міндеті деп ойлаймын.
Жалпы жазу жұмысы, біздің түсінігімізше, «еріккеннің ермегі емес», қиямет-қайым жұмыс. Сөйлеу бір басқа, жазудың мехнаты бөлек дүние. Сөйлегіштердің бәрі жаза алмайды. Жазу – шығармашылықтың ең бір нәзік әрі күрделі құбылысы болатыны сондықтан.
Бірде жас жазушы ұлы суреткер Лев Толстойдан «қалай жаман жазбауға болады?» деп сұрапты. Лев Толстой: «Жазбауға мүмкіншілігің болса, жазба» деп жауап беріпті. Тағы бірде сол жазушы Л.Толстойдан «Қалай жақсы жазуға болады?» деп сұрағанда, ұлы суреткер «Жазбауға мүмкіншілігің қалмаған кезде жаз» – деп жауап берген екен.
Осы айтқандай, Серікбай Иманбайұлы да «жазбауға мүмкіншілігі қалмағасын» қолға қалам алып жүргенін түсінемін. Әдетте жазу жұмысына гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар мамандары жақындау келетін сияқты еді, ал Сәкеңнің мамандығы – техникалық. Ол техника ғылымдарының докторы, профессор. Бұл жерде әңгіме жалпы жазу жайында емес, көркем шығармашылық – үлкен өнер жайында болып отырғанын еске сала кетейік.
Көркем шығармашылық өнерге, әрине, кез келген адам бара бермейді. Әдебиет теориясынан, көркем шығармашылықтың табиғаты мен психологиясынан біраз хабарымыз бар болғасын, басқа мамандық иелерінің көркем шығармашылық ісіне баруына таңырқап қарайтынымызды жасырмайық.
Серікбай ағамыз өмірде барынша жақсы адам, зерделі ғалым, ағалардың болмысында іні қызығарлықтай, арқасүйерліктей қасиеттердің болғаны қандай ғанибет?! Әр қадамын санап басып, сыз жерден аттап өтетін ақылды Сәкеңнің бойында ғалымдығына қоса суреткерлік талант та бар екен. Ғылым бір басқа да, шығармашылық өнер бір басқа. Біздіңше, ғалым болу үшін, таудай талаптан бұрын талғампаз талант керек. Нағыз ғалымның бойында ойға тереңдік пен сезімге сергектік, қажымас қайраттылық пен шыңдалған шыдамдылық, жан тазалығы мен рух биіктігі тұтаса көрінуі тиіс болса, Серікбай Иманбайұлы бұл қасиеттерден құралақан емес.
Сәкеңнің жазып жүрген публицистикалық шығармаларын, очерктері мен мақалаларын оқып, олар да көтерілген әр алуан ұлттық мәселелердің, адамдар қарым-қатынастарындағы, психологиясындағы қалыптасқан кейбір келеңсіз жайлардың, мінез қалыптарының астарына үңіліп, оларды шешудің жолдарын нұсқаған, мегзеген өткір ойлар мен сергек те сарабдал сезімдердің Сәкеңнің публицистік қаламынан тәп-тәуір төгілгенін оқып, қуанып жүруші едім, Сәкең көркем әңгіме жазыпты дегенді естіп, сәл тосырқап қалғаным рас.
Азаматтық, ұлттық мәселелерді ту қылып көтеріп, адамтану мен қоғамтануға үлес болып қосылатындай саяси-әлеуметтік, саяси-философиялық очерктері мен мақалаларын жазып жүре бергенде ғой деп бір сәт ойланып қалғаным бар. Екеуара әңгіме арасында бұл ойымды Сәкеңнің өзіне айтып та қалғам. Сабырлы Сәкең менің айтқан «сыныма сыр бермеді, қалай қабылдағанын» сездірмеді.
«Жерұйықтағы» «Сенім қайырымы» – көркем әңгіме. Әңгімедегі Жұман, Түлкібай, Сержан, Әнуар мен Нұрландардың өмірде өзіміз көріп, араласып жүрген адамдардың өнердегі болмысы, типтендіріліп жасалған жиынтық бейнесі екені даусыз. Бұл кейіпкерлердің кейбірінің болмысы қараңғыда шам жаққандай оқырмандарды ынтықтыра түсіп, жандарына жарық түсіретіндей әсерлі болса, кейбірі адамды шошытатындай, өзінен оқырманды безіндіре түсетіндей әсер қалдырады. Өкінішке орай, өмірде Жұмандар аз, Түлкібайлар көп. Өмір осы типтердің тартысынан тұрады. Өтірік пен шындықтың, адалдық пен арамдықтың, әділдік пен әділетсіздің арасындағы күрес пен тартыс – өмірдің шындығы осындай. Бұрын да солай болған, қазір де солай, алдағы уақытта да солай бола бермек.
Сәкеңнің басқа әңгімелерінде де: «Өзгеру», «Басты парыз», «Көліктер кеңесі», т.б. оқырманға ой салатын іс-әрекетімен, өмірлік ұстанымдарымен бір-бірінен ерекшеленетін әдеби бейнелер бар. Өмірдегінің бәрін өнерден таба алмасымыз анық бола тұра, өнердің бейнелеуінде өмірді тани түсетінімізді жоққа шығара алмаймыз.
Серікбай Иманбайұлы өзінің әңгімелерінде өмір шындығына көз жұмып қарамай, оқырмандарына ой салады, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді. Бұл Сәкеңнің әдебиеттің ұлы мақсаты өміртану мен адамтануға қоғамның белсенді мүшесі тұрғысынан азаматтық тұғырдың биіктігін көрсетуі мен үлес қосуы деп ұғамыз. Осы жолда Сәкең өзінің бір қыры – жазу өнерін де нәтижелі пайдаланған. Мөлтек сыр тыңдағандай әдемі әсер қалдыратын Сәкеңнің әңгімелері қысқа да нұсқа, оқырманның ойын тереңдетіп, жанын жадырататын әдемі дүниелер болып шыққан.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<