Жиырма бірінші ғасыр

2556

0

Романнан үзінді

Газетіміздің авторы, жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеяның бірінші кітабын жазып бітірді.

Шығармада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты оқиғалар, азаттық алған Қазақ Елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңінің көркем панорамасы жасалған.

Осы шығармадан үзінді ұсынамыз.

Күміс қанат, құс тұмсық ұшақ Внуково әуежайына келіп қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-қағым сәтте-ақ қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел алып ұшақтың жылы салонынан шыққан жолаушылардың қойыны-қонышын кеулеп, денесін тітіретті. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. «Алматыда ауа райы ашық, күн жылы еді, – деп ойлады ол. – Мәскеу аспанын қорғасындай ауыр, қарақошқыл бұлт торлап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді. Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, атқақтай соққаны несі? Сезімім алдамаушы еді, бұл ненің белгісі?.. »

– Нұрсұлтан Әбішұлы, саламатсыз ба? Ол ой орманынан шығып, дауыс шыққан жаққа қарады.

– Саламатсыз ба?

– Мен Борис Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып тұрмын.

– Жайшылық па?

Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт жарықшақ дауыспен жасқана сөйледі:

– Борис Николаевич шұғыл хабарласуыңызды өтінді.

Екеуі сөйлесе жүріп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын бөлмеге келіп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге қоңырау шалды да, телефон трубкасын  Назарбаевқа ұсынды.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл қазір шұғыл түрде Беловежге ұшып келуіңді өтінемін, – деді Ельцин.

– Не үшін? – деді Назарбаев Ельциннің асығыс сөйлеген даусынан әлдебір абыржушылықты аңғарса да, қанына сіңген қашанғы әдетімен сабырлық сақтап.

– Ресей, Украина, Белоруссия үштігі шұғыл түрде аса маңызды құ­жат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз. Соған Қазақстанның төр­тін­ші болып қосылуын қалаймыз. Шуш­кевич пен Кравчуктың  да өтініш осы.

– Ол құжат не туралы?

– Кеңес Одағын тарату туралы.

Ельциннен соң  Белоруссия президенті Шушкевич те, Украина Президенті Кравчук та Назарбаевпен телефон арқылы тілдесті.

Ресей, Белоруссия, Украина Президенттері  Қазақстан Президенті  Назарбаевқа үшеулеп салмақ салғанда бәрінің айтатыны бір сөз – шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кеңпейілді болса да, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұсынысты қабылдай алмады. «Үш бірдей ірі мемлекеттің атынан сөйлеп тұрған аса мәртебелі, биік беделді ескі достарымның көңілін қанша қимасам да, қиналсам да  ел сенімін ақтауым керек. Маған халқымның қамынан қымбат ештеңе жоқ!» Қас-қағым сәтте осыны ойлап үлгерген Нұрсұлтан Әбішұлы шұғыл шешім қабылдады.

– Елмен ақылдасып, кеңесіп алмай, ондай аса жауапты құжатқа қол қоя алмаймын, – деді. Қазақстан Президентінің кесіп айтқан кесімді сөзінен кейін үштік одақ өз істеріне кірісіп кетті.

Ал Нұрсұлтан Әбішұлы қайтадан ой орманына оралды.

«Сонда бұл қалай болғаны? – деп ойлады. – Тұйықтан шығуға  жанталасқан Горбачев  елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан Президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сонда келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені.  Горбачев одақтық шарттың барлық нұсқасында  өзінің жеке билігін сақтап қалуға жанталасып бағуда. Ал, Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы саяси тайталасқа апарып  соқпаса жарар еді. Горбачевтің бұлыңғыр саясаты күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі экономикалық қана емес, саяси реформалар да тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук, Шушкевичтердің  ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол тиімді?  Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар, әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын орап кет. Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды…»

Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтан Әбішұлына түн ортасына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да, қанға сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек тұрған ол ертесіне күнілгері жа­салған  келісім бойынша Кремльге, Горбачевқа келді. Горбачевтің  жеке өзімен көзбе-көз сөйлесермін деп ойла­ған, әйтсе де, Ельцин де сонда екен.

Кремльдегі үшеуінің арасындағы қиюы қашқан қиын әңгіме екі сағатқа жуық уақытты алды. Ең басты әңгіме  Беловеж кездесуі жайлы  болды.  Горбачев пен Назарбаевтың сұрақтарына  Ельцин толыққанды жауап берді. Әңгіме барысында – Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің атынан Советтік Социалистік  Республикалар Ода­ғы­ның таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жария­ланғаны айдан анық болды.

Кремльден шыға салысымен Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне келген Н.Назарбаев шетел жорнал­шыларының үлкен тобымен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өзінің Мәскеуге уағдаластық бойынша Одақ­тық шарттың жобасын талқылау мақсатында Ресей, Украина, Белорус­сия басшыларымен кездесу үшін келгенін, алайда күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловеж үштігіне ешқандай қарсылығы жоқтығын айта келіп, ұлттық, этникалық белгілермен саяси шоғырланудың аса қатерлі  екенін қадап айтты.

– Атом қарулары шоғырланған Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен деген дүниежүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. 

КСРО құрамында болған республи­калардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды  өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке өтуіне де жол ашуымыз керек деген ой баспасөз мәслихатының өзегіне айналды.

Желтоқсан айының оныншы жұлдызында Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген атауды Қазақстан Республикасы  деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

Сол тарихи күні  бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды…

Президент салтанатты мәжілістен кеш қайтса да, бірден төсекке құлай кетпей  жатар алдындағы желпініске шықты. Мезгіл желтоқсанның басы болса да  солтүстікті қыса бастаған  қыстан мұнда әлі бір белгі жоқ. Түнгі Алматыны самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ашық аспанда  жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды. Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау тағысы барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар басына  қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы жаңбырмен шайынып, шаң- тозаңнан тазарып қалыпты.  Байырғы бай теректердің сарғыш тартқан жапырақтары жұмсарып, бойшаң болып өсіп келе жатқан жас шыбықтар да ажарын аша түсіпті. Қасиетті қара жер жас босанған анадай бусанып жатыр. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Нұрсұлтанды сауалы көп, жауабы жоқ самсаған сан ойлар билеп алды.

«Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме, – деп ойлады ол. – Ал, оны мекендеген сан ұлт пен ұлыстан тұратын республика тұрғындары – сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Ал оның құрметінен көрі, салмағы басым, жауапкершілік жүгі аса ауыр. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кетті. Әзірге аты белгісіз арғы жағалауға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Ал оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Жолдың азабына шыдармын ба? Күні кеше жай ғана толқыған  мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асаудай тулап жатыр. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүмпуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде  екпіні қатты тоғыз валдық дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде  екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қиын тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан  адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге хақым жоқ…»

Ащы шектей шұбатылған ой желісін үзбей үйге кірген Нұрсұлтанға Сара телефон тұтқасын ұстата қойды.

– Кеш мазалағаныма кешірім, – деді алыстан сөйлесе де дауысы ап-анық естілген Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязов.

– Оқасы жоқ, қазір уақыт санайтын кез бе?

– Оның рас. Мына славяндар одақ құрып, осқырып тұр. Біз мұ­сыл­­мандар бір әрекет жасамасақ бол­­мас. Ақыл қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Алматыға шақыр.

– Ақылдасайық дегеніңіз жөн. Әйтсе де Алматыда емес, Ашхабадта жиналғанымыз дұрыс болар еді.

– Неге?

– Парсы тілінен енген Ашхабад деген сөз ғашықтар қаласы деген ұғым­ды білдіреді. Бірін-бірі сағынған ортаазиялық бауырлар ыстық сезім­дерін ыстық жерде, ғашықтар қала­сында айтса, өртке тиген дауылдай өтімді болады.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, қысылтаяң шақта да әзіл-қалжыңың қалмайды-ау.

– Әзіл – көңілдің ажары, Сапар­мұрад Ниязович. Ал сөздің шынын айтып, мәселенің мәнісіне үңілсек те, тап осы кездесудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды.

– Неге?

– Себебі жорналшы ағайындар қазірдің өзінде «Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті» деп жазып жатыр. Алматыда кездессек, сондай жел сөзге жем боламыз. Дұрысы, біз сізге барайық.

– Онда келістік. Келіңдер, күтемін.

Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан Президенті Рахмон Нәбиев Ашхабадқа ұшып келді.

– Ашхабадта күн ыстық, – деді Асқар Ақаев.

– Адамдардың жүрегі күннен де ыстық, – деді Ислам Каримов.

– Ғашықтар қаласында кездескен бауырлардың жүрегі бәрінен де ыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әзіл-қалжыңмен басталған бас­қосу  бүкпесіз пікір алысқан ашық әңгімеге ұласты. Бірауыздан мақұл­данған мәлімдемеде Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығын құру бары­сында кеңестік кеңістіктегі республикалардың құқықтық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап айтылды. Сонымен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тең дәрежелі құрыл­тайшысы болайық деген ұсыныс та күн тәртібіне қойылды. 

Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ.

– Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы қақтығыстан да асып түсетін қасіретке апарады, біз өз республикаларымыздың тұрғындарын ғана емес, Ресей мен өзге мемлекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын, олардың ағат шешімнің құрбаны болмауын ойлауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы отты жанары  жан-жағына сәуле шашып.

– Жүдә, дұрыс, – деп қостады қуанса да, ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы әдетімен сабырлы қалпын сақтап.

– Шоң қазақтың мына сөзі шовинистерді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отырған Ақаев қоп-қою қап-қара қасын керіп.

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген осы. Ашхабад мәлімдемесіне қол қойып, түркімендердің шөл басатын көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орта Азия мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары Памир тауларын ғана емес, сол таулардан да биік саяси қиын асулардан асып, өз елдеріне оралды.

Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтан Назарбаевтың ойына жаңа бір идея келе қалды.

«Ашхабад мәлімдемесі, – деп ойлады ол – кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жүзінде жылы пікірлер туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтымды пайдаланып қалу керек. Сәті түсіп, мұсылмандар одағына славяндар одағын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес, кеңестік кеңістіктегі барлық халықтардың бақытына қызмет етері анық. Алапат өрт болып өршігелі тұрған тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы. Қазір уақыт қат, жұмыс шаш етектен. Біздің елімізге керек нәрсе көп-ақ, әйтсе де, сол көп керектің ішінен ең маңыздысын бірінші кезекке қоя білу аса маңызды. Халықтарды қарулы қақтығысқа соқтырмаудан, ел тыныштығын сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Мақсат айқын, міндет көп. Жедел іске кірісу керек!.. »

Осы ойға мықтап табан тіреген Қазақстан Президенті Ашхабад мәлімдемесінде көтерілген мәсе­лелерді славяндармен бірлесіп талқылау үшін Алматыда кездесуді ұсынды. Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсынысқа, басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі – Ресей Президенті Ельцин.

«Назарбаев алдағыны көретін, алысты болжайтын аса ақылды саясаткер, – деп ойлады Ельцин. – Ол өзге саясаткерлер сияқты жеті рет өлшеп, бір рет кеспейді. Ең кемі жетпіс рет өлшеп, жетпіс мәрте ойланбай шешім қабылдамайды. Оның не ойлағаны бар? Сырт көзге нәзік шығыстың қатпары қалың қалтарыстары да аз емес. Назарбаевтың қақпаны қатты. Ойлану керек, ойлану керек!..»

Сан түрлі ой сан тарауға алып қашқан Ельцин Кравчук пен Шушкевичке телефон шалды. Олар не де болса бара көрейік, егер бұл ұсыныстың астарында бір жақты ғана пайда ойлаған қулық жатса, келісімге келмеспіз десті. Ельцин бұдан кейін де ойланумен болды. Тек Нұрсұлтан Әбішұлы екінші рет телефон шалып, ашық әңгімелескен соң барып, славян мемлекеттері басшыларының көшін бастап Алматыға ұшып келді.

Бір қарағанда ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қандай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүрдитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ельциннің бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің ақыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтанның өзі қарсы алды. Жұмсақ жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қалжыңнан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бастады…

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Алматыдағы резиденциясы сыртынан қарағанда онша ажарлы да, аса айбынды да емес. Алғашында күн көсем Лениннің мұражайы болады деген жобамен салынған, осынау төрт қабатты ғимараттың құрылысы аяқталып қалған тұста Нұрсұлтан Әбішұлы онсыз да жетпей жатқан қаржыға аз да болса үнем болсын деген оймен, «Президент үшін жаңа резиденция салғызбай-ақ, осыны пайдаланайық» деген еді. Сол резиденцияның ішіне шетелдік әріптестерімен бірге кірген тісқаққан сақа жорналшы сән-салтанаты шетел мемлекет басшыларының сарайла­рынан қалыспайтын, кең де биік мәжіліс залындағы үлкен хрусталь люстраға қызыға қарады.

«Бұл ғимараттың әрлеу жұмыс­тарын француздар жүргізді деген сөз рас болып шықты, – деп ойлады салтанатты сарайдың биік талғаммен әрленген ой-өрнектеріне қарап. – Қабырғаларға ілінген картиналардың біразы өзіміздің Қазақстан суретшілерінің туындылары екен. Батысқа бас шұлғи бергеніміз жетер. Елбасының өз таланттарымызға да бүйрегі бұрғаны қандай ғанибет…» Дүйсенбектің ойын салтанатты сарайға кіріп келген мемлекет басшылары бөлді. Аса жоғары мәртебелі мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада – Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлттанның жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің  бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбаздай сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей, қазандай басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қанына сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр бермей отыр. Жүзінен жұмсақ нұр төгілген Назарбаев жорналшыларға былай деп хабарлады: «Алдын ала мұқият дайындалған құ­жаттар жобалары жан-жақты талқы­лан­ғаннан кейін Тәуелсіз Мемле­кет­тер Достастығын құру жөнін­дегі Ке­лісімнің хаттамасына бұрынғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды».

Он бір мемлекеттің басшылары қатынасқан баспасөз мәслихаты аяқталысымен, кеңестік кеңістік пен алыс шетелдерден келген ұзын саны бес жүзден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жатты. Сол шұғыл берілген шұғылалы хабарлардың мазмұны бір болғанмен, тақырыбы сан алуан. Ассошиэйтед-пресс тілшісі жөнелткен хабардың тақырыбы «Ғасырдың ғажайып оқиғасы» .

Француздың «Фигаро» газетінің тілшісі былай деп факс жөнелтті: «Тұйықтан шығар жол табылды».

«Назарбаевтың көрегендігі». Бұл – «Франс-пресстің» берген бағасы.

«Санди Телеграфқа» «Мұсыл­мандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнелтілді.

Ал қазақ жорналшысы Дүйсенбек Сыздықов өз материалына «Алматы декларациясы» деген сыпайы  ғана ат қойып, Ашхабад мәлімдемесімен  қандас құжатқа қол қойған Әзербайжан президенті Ә.Мүтәлибовтан, Тәжік­стан президенті Р.Нәбиевтен суырт­пақтап сыр тартты.

Бүкіл дүниежүзілік қауымдас­тық­ты елеңдеткен ғасырдың ғажайып оқи­ғасы жайлы небір ажарлы ат қойылып, айдар тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады.

Бұл жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығы басталған күрделі кезең бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді.

Сол күні көңілін бір демдеген Нұрсұлтан Назарбаев үйге көңілді оралды. «Әйтсе де алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге болмайды, – деп ойлады. – Алда әлі алынбаған қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек. Қателесуге хақым жоқ…» Жатар алдындағы желпініске шыққан ол қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдыры жайлы ойлаумен болды.

Сәбит ДОСАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<