Жорық жолындағы жеті жыл

1253

0

Сан мыңдаған боздақтың өмірін қиған соғыс өртінің өшкеніне биыл 76 жыл толып отыр. Отан үшін отқа күйіп, бүгінгі бақытты өміріміз бен нұрлы болашағымыздың негізін салушылар қатарында жерлесіміз Кеңшілік Жылқыбаев та бар еді. 

Сұрапыл соғыстың куәгерлері жыл санап азайып келеді. Бірақ, олардың өмір жолы ерліктің символына айналуы тиіс. Өйткені, Ұлы Отан соғысы ежелден ер деген даңқы шыққан қазақ халқының қаһармандығын күллі әлемге кеңінен паш етті.

Қан майданда асқан жанқиярлықпен шай­қасып, Рейхстагта Жеңіс туын желбі­реткен жаужүрек батыр Рақымжан Қошқар­баев еді. К.Жылқыбаев – осынау жау ор­да­сына тігілген жайнаған тудан қазақ қа­һар­мандығына мәңгі өлмес ескерткіш қо­йылған сәттің куәгерлерінің бірі.  Берлин үшін шайқасқа қатысқан. 

Ол Жалағаш ауданының бұрынғы Жаңаталап, қазіргі Мақпалкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Жылқыбай ағайынның ауызбіршілігін сақтаған, елге құрметті кісі екен. Батыстан соғыс өрті бұрқ еткенде Жылқыбай бидің екі ұлы да Отан қорғауға аттанады. Өкініштісі, кіші ұлы Жақыпқа туған жердің топырағы бұйырмады. Ел қорғау жолында шейіт болды.

Ал соғыс басталғанда өзі сұранып майданға аттанған Кеңшілік Жылқыбаевтың жорық жолы 7 жылға созылыпты. Сол жылдың күзінде ол Воронеж қаласындағы офицерлер курсында әскери дайындықтан өткен соң бес жыл соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Талай мәрте ажалмен бетпе-бет кездесті. 1942 жылы қиян-кескі шайқастың бірінде ауыр жараланса да, госпитальда емделіп, қайтадан қатарға қосылады. Оны қайта сапқа қосқан кеудесіндегі дұшпанға деген ыза мен кек, алаулаған намыс оты болатын. Сөйтіп, Берлинге дейін жетті. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» ор­денімен, көптеген медальдармен мара­патталған.

Алапат соғысқа бастан-аяқ қатысқан жа­лағаштық жауынгер Жеңістен соң да әскери комиссариатта қалдырылады. Бұл кезде кеңес сарбаздарының басым бөлігі қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатқан. К.Жылқыбаев екі жыл­дан соң ғана елге оралып, дереу халық ша­руашылығын қалпына келтіру жұмыс­тарына белсене араласты. Сол жылы Мақ­палкөл колхозында 4 жылдық мектеп ашылған-ды. Озық ойлы, білімпаз азамат бірден мұғалімдікке қабылданды. Содан 1953 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. «Әкем өте талапшыл, әділ, шәкірт жүрегіне жол таба білетін. Шәкірттерінің қатарында ақындар Қомшабай Сүйініш, Махмұтбай Әміреев және кезінде мектеп директоры болған Қасқырбай Демеуов болды. Әкем олардың әрбір жетістігіне шынайы қуана білетін» – деп еске алады майдангердің қызы Жаннат Жылқыбаева.

Ол 1953-1960 жылдары колхоз партия ұйымының хатшысы, 1960-1963 жылдары колхоз төрағасының орынбасары болып еңбек етті. 1963 жылы жер-жерде совхоздар қайта жасақтала бастағанда құрылыс бө­лімінің жұмыс жүргізушісі, бригадир бо­лып, ауыл шаруашылығы сала­сын дамытуға үлес қосты. 1982 жылы Жаңа­талап кең­шарынан зейнетке шыға­ды. Қара қылды қақ жарған Жылқыбай би­дің ұлы ауылдық ардагерлер кеңесін бас­қарып, ағайынның ауызбіршілігін нығай­туға үлес қосты.  

Жорық жолындағы жеті жыл

Соғыс ардагері жұбайы Қазына Жаба­ғие­вамен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бү­гінде үлкен ұлы Жомартбек Мақпалкөл ауылындағы қарашаңырақта тұрып жатыр. Қызы Жаннат Жылқыбаева – жары Жар­қынбекпен бірге 8 бала тәрбилеп өсірген Батыр ана. Сырдария ауданы, Амангелді ауылында тұрады. Ал Жұматбек, Жахатбек есімді екі ұлы бозбала шағында өмірден озған екен.

«Майдангерлердің ерлігін есте сақтау, құрмет тұту – қазіргі ұрпақтың парызы. Өскелең буын аталарымыздың даңқты жолын жақсы біліп, Отан үшін от кешкен ерлердің есімін келешекке жеткізуі керек. Бұл, түптеп келгенде, қоғамымыздағы тыныштық пен келісімнің, ел өркендеуінің басты кепілі болмақ. Елімізде Ұлы Жеңістің қадірін ұрпақ санасында қалдыру ниетінде көптеген шаралар атқарылуда. Майдангер әкемізді еске алу шаралары өткізіліп, туған ауылынан көше атауы берілсе деген тілегім  бар» дейді Ж.Жылқыбаева.

Қандай қиыншылық болса да алғы шептен көрінген соғыс және еңбек ардагері Кеңшілік Жылқыбаев 2006 жылы 84 жасында дүниеден өтті. Атамыздың өмір жолы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуге өнеге болары сөзсіз.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<