Жүректің төріндегі асыл бейне

1177

0

Уақыт шіркінде өлшем жоқ. Аққан жұлдыздай зымыраған, зулаған өмір. «Өткен уақыт үнсіз мүлгиді, келер уақыт баяу жылжиды, ал бүгінгі күн құйындай ұйытқиды» деген қанатты сөз рас екен. Кеше ғана ортамызда күндей күлімдеп, жаздай жадырап жүрген жан бауырымыз, жарық жұлдызымыз Сәуле Қуанышбекқызы Тойшыбекованың бақилық болғанына да бір жылдың жүзі өте шығыпты…

«Жас қартаймақ, жоқ ту­мақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек, басқан із, көрген қызық артта қалар, бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деп хакім Абай айтқандай, өзекті жанға өлімнің де хақ екенін біліп, өз-өзімізді жұбатқымыз-ақ ке­леді. Алайда, өмірдегі ең асы­лыңның, ең аяулы жан-бауырыңның жалындап тұр­ған шағында мезгілсіз о дү­ние кете баруы өкініштің ең үл­кені де шығар. Берекелі от­басының ұйытқысы, адал жар, асыл ана, сүйікті әже атанған Тойшыбекова Сәуле өзінің ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиетімен, елі­не, ағайын-туысына деген кір­шіксіз махаббатымен біздің жүрегімізден орын алады.

Сәуле Қуанышбекқызы 1961 жылы 13 шілдеде сол кездегі Оң­түстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жарты-төбе кеңшарының Аққолтық бөлімшесінде Қуаныш әкеміз бен Маруся шешеміздің отба­сында дүниеге келді. Қазақы дәстүр бойынша үйдің тұң­ғышы болғандықтан әрі сол кезде Маруся анамыздың әке-шешесінің қалған балалары бірінен соң бірі тұрақтамай, шетіней берген соң ата-ана­сы Сәулені нағашы ата-әже­сінің тәрбиесіне беруді ұй­ғарады. Киелі Созақ өңі­рі­нен тараған Уызбай Жанта­сов атамыз бен Маржан Ізті­ле­у­ова әжеміз Сәулені өз бала­сынан кем көрмей, бар ме­йірім-шапағатын төгіп, қа­нат­тыға қақтырмай, тұмсық­тыға шоқыттырмай, мәпе­леп өсіреді. Сәуле сол ауыл­дағы Ш.Уәлиханов атын­дағы орта мектепке барып, алғыр­лығымен, білімге деген құш­­тарлығымен көзге түсті. Қайда жүрсе де қатарының алды болу, жаңалыққа, жаңашыл бас­тамаларға құмарлық қа­сиеті Сәу­леге өзінің туған әкесі Қуа­ныш­бектен дарыған болар. Өйткені, Қуанышбек әкеміз орта мектепті алтын медальмен бітіріп, ҚазМУ-дың экономика факультетін қы­зыл дипломмен тәмамдап шық­қан дарынды, қабілетті жан еді. «Ақыл мен қайрат жол табар» дегендей, қарапайым ауыл­дан шық­қан қаршадай қыз кезін­дегі Қазақстанның ең үлкен білім шаңырағы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік уни­верси­те­тінің Заң факультетіне оқуға тү­се­ді. Студент Сәуленің ал­ғыр­­лық, не нәрсенің болса да байыбына барып, бабын кел­тіре орындайтын ұқып­ты­лық қасиеттері жоғары оқу орнын үздік аяқтауына сеп­тігін тигізеді. Көп кешік­пей жас маман өзімен бірге оқыған қы­зылордалық Тұрсы­матов Мей­рамбек деген аза­матпен көңіл жа­растырып, отау құрады. «Жігіттің бұл жалғанда арманы көп, егер де тең болмаса алған жары» деп ертедегілер бекер айтпаған болар. Бір жоғары оқу орнын бітіріп, заң саласының ма­ман­дық иесі атанған ерлі-за­йыптылар бірін-бі­рі тәрбие­леп, бірін-бірі алға же­телеп, бақытты, бақуатты ғұмыр кешті.

Жүректің төріндегі асыл бейне

Сыр өңіріне келін болып түс­кен Сәуле сексеуілдің шо­ғын­дай жайнап, түрлі меке­ме­лерде заң бөлімдерін бас­қарып, білік­тілігімен, білі­мімен көзге түседі. Бірнеше мәрте үздік мамандардың байқауына да қатысып, кандида­турасы Жо­ғарғы Сотқа жауапты қыз­метке де ұсынылады. Алай­да, білікті заңгерлер сол кезде Қызылорда облысында да тапшы болғандықтан, Сәуле Қуаныш­бекқызы еңбек жо­лын Сыр елінде әрі қарай жал­ғас­тыруды ұйғарады. Ол осы салада табан аудармай қызмет етіп, өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақ Агроқаржы ұйы­мы облыстық филиа­лы­ның бөлімшесінде заң бө­лімінің меңгерушісі болып іс­теді. Жолдасы Тұрсыматов Мей­рамбек ағамыз облыстық ішкі істер департаментінде жауапты қызметтер атқарды. Алайда, жа­уапты қызметтің ауыр жүгі оның денсаулығын айналып өткен жоқ. Мейрам­бек ағамыз жалындап тұрған шағында қайтыс болды. Үй­дің бар ауыртпалығы мен ба­лалардың болашағы үшін жа­уап­кершілік Сәуленің нәзік иығына түсті.

Адамға ерекше қасиет, телегей-теңіз дарын бергенде Алла тағала соған сай мінезді беріп те мырзалық таны­тады екен. Сәуле Қуаныш­бек­қызы қиындық атаулыға мойымайтын, жарқын бола­шақ­тан үмітін үзбейтін ермі­незді, елжанды, парасатты да пайымды әйел еді. Ол бір әулеттің отанасы ғана емес, сол қарашаңырақтың барын мол етіп, ырысын тасытып отырған аяулы жан болатын. Көздерінің қарашығындай қы­лып өсірген алтын асықтай ұлдары  Бауыржан, Руслан, Біржан, Нұрлан, Ерке­бұлан есімді балаларының асыл анасы, мейірімді ақылшысы, ар­қасүйері бола білді.

Орасақ та, жаннат, ішік, құндызға,

Баласақ та, айға, күнге, жұлдызға.

Ана соның бәрінен де ардақты,

Одан асқан құдірет жоқ ұл-қызға! –

деп ақын жырлағандай, бала­лары да ата-анасының ақ сүті мен маңдай терін ақтады. Үлкен ұлдары Бауыржан ата-анасы­ның жолын қуып, Қазақ Мемле­кеттік университетінің Заң факуль­тетін бітірді. Қа­зіргі таңда Қызылорда қала­лық прокуратурасында про­ку­рордың орынбасары қыз­ме­тін абыроймен атқаруда. Ал екін­­ші ұлы Руслан өз қала­уы­мен Алматыдағы Ас­фен­­дия­ров атындағы Қазақ ме­ди­­цина­лық Ұлттық универ­ситетін бітіріп, туған жері Қызыл­орда қаласын­дағы ау­ру­ханада кар­диохирург болып, елдің алғысын арқалап жүр. Нұрлан болса, Қорқыт ата уни­верситетінің мұнай-газ фа­культетін бітіріп, мамандығы бойынша мұнайшы болып ең­бек етеді. Еркебұлан да әке-шешісінің жолын қуып, сол университеттің заң факу­льтетін үздік аяқтап, диплом алып шықты. Қазіргі таң­да құқық қорғау саласында қыз­мет етеді. Біржан кәсіппен ай­налы­сады.

Айналасындағылар төрт құбы­ла­сы тең Тұрсыматовтар әуле­тін зиялы, тәрбиелі отбасы деп қадір тұтады. «Еңбек бәрін де жеңбек». «Адамды адам еткен – еңбек». Бұл әулеттің ұстанған өмірлік қағидасы да осы болатын. Сәуленің өзі де әрдайым «үйіміздің бере­кесінің болуы алдымен осы адал еңбектің арқасы» деп үнемі айтып отыратын. Сол адал еңбек үйдің ұйытқысы Сәуленің үлкен істерді үнсіз істейтін қарапайымдылығына, қолы тиген нәрсені жайнатып жіберетін қа­сиетіне ұласып, ерекше өң беріп тұрушы еді. «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін қолы ашық, көкірегі ояу, ұр­пағына асыл Ана, ағайынға қамқоршы, пана бола білді. Амал не, «Сарқылмайтын суат, тар­тылмайтын бұлақ жоқ, тамыры суда тұрса да, уақы­тысы жеткенде, қура­майтын құрақ жоқ» демейтін бе еді Әйтеке би. Жаратқанның жа­зымына шара жоқ дегені­мізбен, сағыныш сезімі көңі­ліңді кернейді, қимастық күйін тербейді. Сәуле көзі тірі болса, биыл шілденің 13-де асқаралы 60 жасқа толар еді. Орнында бар оңалар. Құдайға шүкір, Мейрамбек мен Сәуленің со­ңындағы ұрпағы барда олар­дың жарқын бейнесі біз­дің жүрегіміздің төрінен мәң­гілікке өшпек емес. Осы бір сағынышты Сәуле бауы­рымның өзі сүйіп оқитын ақыны, қазақ поэзиясының падишасы Фаризаның мына бір жыр шумақтарымен аяқ­тағым келеді.

Мегіл бұршақ жаныңа салып таңба,

Қайратыңнан қайысып, налып қалма,

Сені іздейтін аға бар тарыққанда,

Інілер бар дем берер жабыққанға.

Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың,

Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Ерлан Қуанышбекұлы

Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<