Жырау мұрасы жайлы монография

1945

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлзира Оралованың «Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Базар жырау бүкіл қазақ жұртының руханият дүниесінен ерекше орын алатын Сыр сү­лейлерінің басында тұр. «Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты жаңа кітап – жырау шығар­ма­шылығы туралы екінші мо­но­графия. Іс-ша­рада Бағдат Кәрібозұлы кі­тап­та жыраудың тол­ғаулары мен дас­тан­дарының әдебиет тари­хын­дағы өзіндік орнын, ерек­шеліктерін бү­гінгі әдебиеттанудың талап-тал­ғамына сәйкес зерделенгенін атап өтті.

– Базар жырау шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаевтың назарын аударған. Сәкен Сейфуллин «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау» десе, Мағжан Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» деп, Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған, – деді Бағдат Кәрібозұлы.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан белгілі ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов толағай тектес толғаулар тудырып, «жыраулардың жампозы» атанған Базар жырау есімінің өзі өмір сүрген уақыттан бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес екенін атап өтті.

– Заман өзгерген сайын уақыт ағымына ілесіп, халық санасы да жаңғырып отырмақ. Осындай тұстарда тарихымыздағы таңдаулы тұлғалардың жас ұрпақ жадынан ұмытылып кетпеуіне күш салу – ғылым мен мәдениеттің міндеті ғана емес, аға ұрпақтың адамгершілік парызы да, – деді ол.

Сондай-ақ, жиынға Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев қатысып, Сыр сүлейлерінің көшін бастап кеткен даңғайыр жыраудың шығармалары туралы ойларын ортаға салды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<