Ізім-ғайым жоғалған әйгілі тұлғалар

552

0

Ізім-ғайым жоғалған әйгілі тұлғалар Бәрі танып, бәрі білетін, бәрі көрсе құшақ жая қарсы алатын кей тұлғалардың өмірі шым-шытырыққа, шешілмеген жұмбаққа толы-ақ. Қисынға келмейтін құпиялары да жетерлік. Тіпті бір күнде ізім-ғайым жоқ болып, жұрт көзіне көрінбей кеткен жандар да аз емес. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар. Ертеректе із-түзсіз, хабар-ошарсыз кеткен тұлғалардың қайта оралуы ақылға қонбайды енді. Өмірлерінің соңғы сәттері қалай өткенін зерттеушілер ғана болжап айтады. Енді бір тұлғаларды ағайын-туысы, дос-жарандары бір күні оралар деп үміттенеді. Тағдыр… 
Қазақ әдебиеті тарихында да ізім-ғайым жоғалған бір жан бар. Ол – Әділ Ботпанов. 1996 жылы шілде айында үйінен шығып кеткенде ақын 27 жаста екен. Содан бері одан ешбір дерек жоқ.  – Оның қандай адам екендігін, қандай дарын иесі екендігін бірден-ақ аңғарғанмын. Ақын үшін бұрқыратып жазудың түкке де керегі жоқ. Мақсат ол емес. Тек ақынның артында аз болса да, оқуға лайықты жыр қалса, болды. Қазақта Әділдей із-түзсіз жоғалған ақын жоқ. Әділ – жалғыз»,  – деп еді ақын Темірғали Көпбаев 2013 жылы Әділдің «Өмірзая» атты кітабы шыққанда. Ақынның артында қалған жары, бір ұл, бір қызы бар. Олар Әділдің жолына әлі күнге дейін үмітпен қарайды. – Әдекең өте дарынды кісі еді. Ол өлең жазғанда ерекше бір ойға шомып отыратын. Өлеңге адал кісі еді. Бүгінде бір ұл, бір қызы өсіп келеді. Әдекеңе берілген өлең жазу құдіреті оның балаларына дари қоймады. Әйткенмен олар әкелерінің жырларын оқып, жаттап жүреді, – дейді ақынның жары Гүлсім Ботпанова. Мөп-мөлдір жырларын жаудырған Әділ Ботпанов «Қарашығым» деп қабырғасы қайысқан әкеге ғана емес, «Әдекем» деп қайғы жамылған жарға ғана емес, «Әкешім» деп жәудіреген балаларға ғана емес, «Қара өлеңім – қасиетім» деген қазаққа да керек. Әділдігі рас болса мына өмірдің, қазақ қайта Әділімен қауышса екен…
 Әлем тарихына көз сүзсек те, бір дерегі болмай кеткен танымал тұлғалар аз емес. Соның бірі – кинематографияның атасы саналатын Луи Лепренс. Ол қазіргі кинокамераның алғашқы прототипін жасаған тұлға. Өнертапқыш 1890 жылы ізім-ғайым жоғалған. Луи Лепренс жоғалатын күні Бурждан Дижонға пойыз арқылы келуі керек болған. Алайда күтіп алуға барған достары оны таппаған. Пойызда болмай шыққан. Құжаты, сөмкесі ештеңесі табылмаған. Полиция бар деректер бойынша іздегенмен, жоғалуының жұмбағы ашылмады. Өз-өзіне қол жұмсау, бәсекелестердің қастандығы, ұрлау және ағасымен ақша үшін тартысы деген төрт дерек бойынша қылмыстық іс қаралған. Бірақ бірде-бірі нақтыланбай кеткен. 2003 жылы Париж мұрағатынан полицейлер суға батқан адамның суретін тапқан. Сырт келбеті Луи Лепренске ұқсас болып шыққан.
Әйгілі поляр зерттеушісі, жиһанкез Руаль Амундсеннің тағдыры да жұмбақ жағдайда қиылды. 1928 жылы «Италия» дирижаблін іздеуге шыққан ол Баренц теңізі маңында апатқа ұшыраған деген деректер бар. 2009 жылы норвег саяхатшысы отырған ұшақты іздеу тағы басталады. Бұл жолы да олар қандай да бір деректерге қол жеткізе алған жоқ.
«Кішкентай ханзада» деген шығарманы әлем жұртшылығы жақсы біледі. 265 тілге аударылған. Қазақ тілінде де бірнеше рет басылып шықты. Ал осы шығарманы жазған француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери де із-түзсіз кеткен жандар қатарында. Ол жазушы ғана емес, ақын, эссе жазудың шебері болды. Одан өзге кәсіби ұшқыш болатын. 1944 жылдың шілде айында ұшағымен қоса ізім-ғайым жоқ болды. 40 жыл өткеннен кейін барып қана, 1998 жылы Марсель қаласы маңында балықшы оның білезігін тапқан. Араға 2 жылы сала ол мінген ұшақ та табылды. Ешқандай да жау шабуылы ізі байқалмаған.
Америкалық саясаткер, кәсіпкер, 1974-1977 жылдар аралығында президент болған Нельсон Рокфеллердің ұлы Майкл да жұмбақ жағдайда жұрт көзінен таса болды. Саяхатшы әрі зерттеуші болған 23 жастағы Майкл Жаңа Гвинеяға аттанады. Жолда қайықтары аударылып, жағаға жүзіп шыққан. Кейіннен экспедиция мүшелері одан көз жазып қалған. Нельсон Рокфеллер ұлын табуға бар күшін салғанмен, таба алған жоқ. Кей деректер бойынша ол адам жейтін тайпалардың қолынан қаза тапқан көрінеді.
 Әйгілі ғарышкер Юрий Гагарин өлімінің де ақиқаты әрқилы айтылады. Әйткенмен Алексей Архипович Леоновтың айтқаны шындыққа саятындай.
  – Сол күні Жуковский аэродромынан ұшқан Су–15 ұшағы қойылған ережелерге бағынбай, өзімшілдік танытып, жолдан шығып кетеді. Ұшақ бұлт арасында Гагарин отырған ұшаққа 10-15 метр жақын келеді де, оны бағыттан ауытқытып жібереді. Тұтқиылдан пайда болған ұшақты көрген Гагарин жылдамдығын арттырып, нәтижесінде апатқа ұшыраған, – дейді. Мұндай оқиғаларды тізбектей беруге болады. Біз осы жерден аяқтағанды жөн санадық.

Дереккөз: massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<