199 жыл бұрын қабылданған жарғы

734

0

Бүгін – қазақ халқын Ресей империясына толығымен тә­уелді еткен 1822 жылғы «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы жарғы» қабылданған күн. ХІХ ғасырдың 20-жылдарына қарай патша үкіметі қазақ даласындағы хан билігін түбегейлі жоюға әрекеттер жасады. Қазақ хандарының билігін әлсіретіп, қазақ жерінде бас-басына хандар тағайындап, ыдырату саясатын бекем ұстады. 1812 жылы Бөкейді хан сайлап, 1815 жылы Уәлиді хан етіп екіжақтылыққа әкеп соқтырды.

Сонымен қатар, отаршыл империя 1820 жылдары орта жүз бен кіші жүз жерлерін өздерінің әкімшілік басқаруына ыңғайлы етіп бөліп тас­таған еді. Ол кезде француздармен соғысты аяқтап болған Ресей өзін мықты әскери держава ретінде көрсетіп, ендігі босаған әскери күшін отарлау саясатына пайдалануға әбден болатынын білді. Міне, осы себептердің барлығы Ресей үшін қазақ жерін кеңінен отарлауға жол ашты.

Осы жарғы бойынша басқару ісінде көптеген өзгерістер орын алды. Оның мақсаты қазақтарды отарлай түсу болатын. Жарғының 232-255-баптарының аралығы түгелдей қазақтардың ісіне қатысты. Мысалы, 235-бапта қалалық және селолық басшыларға бағынатын қазақтар 5 жылға дейін алымдар мен әскерден босатылатыны айтылған. Бұл қазақтардың көшпелі өмірін сыпайы түрде тоқтатып, бір орталықтан басқаруға жасалған нағыз айла болатын. 5 жылға дейін салықтан босатып, одан кейін ғұмыр бойы бодандыққа ұстау Ресей үшін табылған ақыл болды.

Ал, осы жарғының VІ бөлімі қазақтардың рухани ісін басқаруға арналыпты. Бөлімдегі баптардың негізгі мазмұнында қазақтардың рухани істері Ішкі істер министрлігіне бағынышты азаматтық басқармалардың молдалары арқылы бағынышты болады деп жаза отырып, ресми түрде Орынбордағы мұсылмандардың жиналысына қоспаған. Оның себебі Орынборда жиналатын татар-башқұрт, ноғай секілді түркі халықтармен қазақтардың жақындасып, рухани бірігуіне жол бермеу болатын.

Жарғының VІІ бөлімінің 250-254-баптары түгелдей дерлік медициналық жағдайға арналған. Онда уездік дәрігерлердің қазақтар арасында асқынған аурулар таралғанда шаралар қабылдауға рұқсат етіледі делінген. Қазақтарға әскери немесе азаматтық ауруханаларда қаралуға рұқсат етілді. Айта кетерлігі, медициналық көмек жөнінде қағаз жүзінде жазылған осы заңды кейіннен қазақтардың орысша оқыған, сауатты жандарының өздері ғана жүзеге асырды. Алыстан орыс келіп, қазақты емдемесі анық еді.

Қазақтардың мұсылманша білім алуына бас қатырғысы келмеген патша үкіметі VІІІ бөлімді дала мектептері туралы деп атап, оны бір ғана баппен тәмамдапты. Сондағы айтқаны дала мектептері туралы мәселелер олардың ішкі заңдарымен шешіледі деп қысқа қайыр­ған. Әлі де болса Ислам дүниесі мен көшпенді халықтың дүниетанымынан бейхабар отаршыл үкімет дала мектебін шынымен де «керегі жоқ» мектептердің қатарына жатқыз­ған болатын.

Қазақ жерін ХІХ ғасырдағы асықпай отарлауға арналған «Сібір қазақтары туралы жарғы» халқымыздың рухани істерін ғана басқару емес, ішкі саяси мәселелеріне де араласып, бір-біріне айдап салудың сойқан саясатын қолданған патша үкіметі халқымыздың саяси тұрғыда бірігу факторын да тежеді. Жерімізді губернияға, уезге, болысқа бөліп, іштен шыққан шолақ белсенділерді де өз мүдделеріне жақсы пайдаланды. Бірақ қазақ даласындағы 1837-1847 жылдары орын алған Кенесары, 1836-1837 жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған азаттыққа ұмтылған көтерілістер бұл жарғының түбегейлі жүзеге асуын кешеуілдетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<