65 жыл бойы ашылмаған хат

533

0

65 жыл бойы ашылмаған хатӘдеттегідей жұмыста отырған сәтім еді. Түстен кейінгі уақыт болатын. Қызметкерлер отыратын кабинетке «Ғанибай үйі керуен сарайының ішінен хат тауып алып едім» деп бейтаныс жігіт кірді. Біз де қызығушылық таныта кеттік. Өзін таныстырды, аты-жөні – Төлеуов Ерлан Төстікбайұлы, 1988 жылы туған, Қызылорда қаласының тұрғыны, «Қазреставрация» мекемесі Қызылорда филиалының реставраторы болып қызмет жасайды екен. Қазалы қаласында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіш – Ғанибай үйі керуен сарайының ішкі бөлмесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде табылған хатты музейге тапсыруға келіпті.
Хатты алғаш болып реставратор Ерлан өзі ашқан екен.
– Кәдімгідей желімделгеніне дейін сақталған, – деп таңырқай айтты.
Негізі көне әрі құнды, бағалы бір зат қолыңа тисе, өзгеше бір сезімде боласың.
Сыртқы хатқалтасының ұзындығы – 10,9 сантиметр болса, ені 15,4 сантиметр екен. Төртбұрышты, көкшіл түсті хатқалтаның жоғарысына қара түсті үшбұрышты ортасында жұлдызшасы бар мөр түскен. Онда «Солдатское письмо, Бесплатно» деген жазу бар. Көк түсті сиямен хатқалтаның жоғары жағына «КазССР» деп, асты сызылған, әр сөз жаңа жолдан «Кзыл-Ординский обл. ст. Казалинск. Казалинский Зооветтехникума  Искакову Ж.» – делінген. Хатты алатын адамды жазғаннан кейін, астын иректі сызықпен сызып, әр сөз жаңа жолдан «г. Чкалов (областной) Почтамт. Войсковая часть №73879-Б От. Ибраева К.» делінген.
Бұл әскери борышын өтеп жүрген Қали Ибраевтың студент досы Наушабай Искаковқа жазған хаты болып шықты. (Ғанибай үйі керуен сарайы 1937-1971 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауыл шаруашылығы техникумы болған.) Хатты алып оқи бастадым қолтаңбасы көркем әрі анық жазылған екен және таза қазақша. Төртбұрышты дәптер қағазына жазылған. Сияның түсі күлгін тартып өзгергені болмаса, қағаз қаз қалпында, тек кей жерлері сарғайған. Хатта:
Амандық хабар!
Наушабай қалай, денің сау, қатар жолдастарыңмен бірге ойнап-күліп, оқуың­ды оқып жатқан боларсың. Сондай жақсы жағдайда болуыңа тілектес Қали ғой.
Наушабай сенің 25/ІІІ-күні жазған ха­тың­ды алып, амандығыңды естіп қуа­нып қалдым. Қалай оқуды жақсы оқып жа­тырсың ба, есен болғанша оқуыңды біті­ріп, зоотех болып шығып халқыңа адал қыз­мет ет. Абай, Жұбатқанның дендері сау, оқып жатыр ма, хат жазуды бұл мыр­­залар ұмытқан болу керек, үйткені көп­­шілік жер және негізгісі еркін ғой, неге де­сең аңды еркін жүріп аулап, сол аңның қы­зығымен жора-жолдасты ұмытқан ғой, кө­ріп тұрған көз жоқ ұмытуға болады сосын.
Арты бір бірлі бола жатар деп ойлайтын шығар онысы да дұрыс мырзалардың.
Мен де денім сау қатар жолдастарыммен бірдей, сеніп тапсырған үкімет пен партияның  міндетін ойдағыдай атқарып жатқан жағдай бар.
Жағдай бірқалпы.
Қасымдағы жолдас­тарым­ның да дендері сау ойнап жатыр.
Басқа көп айтарым жоқ амандықпен қауышайық деп сәлеммен ағаң – деп, қолтаңбасы мен «7.04.1955 жыл» – деп күнін қалдырған.
Бұл хаттан көп нәрсені ұғынуға болады. Бірақ, досының жазған ізгі хатын не себепті оқи алмады екен деген ойда қалдым. Екі достың тағдыры мені қатты қызықтырды. Екеуін мүмкін тауып қалармын, мүмкін ұрпақтары бар шығар деген оймен ғаламтордан аты-жөндерімен іздеп едім, таппадым. Облыстық, аудандық архивтерге жаздым, «бұл кісілер туралы ешқандай да мәліметтер жоқ» деген жауап келді. Қали Ибраев пен Наушабай Искаков туралы қандай да бір мәлімет мен үшін өте маңызды болды, бірақ өкінішке орай ешқандай мәліметтер таба алмадым. Бұл хаттан түйгенім адал, кіршіксіз достық болды, шынайылық пен құрмет, тілге деген құрмет, өзге елде жүрсе де өз тілінде таза, қатесіз жазуы болды.
«Достық» туралы  нақты ой айтқан философ А.Шопенгауэр өзінің «Өмірлік данышпандықтың афо­ризм­дері» деген  еңбегінде: «Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу  деген сөз.  Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өр­көкіректік қасиеттерін жояды» деген. Күн­делікті өмірде көңіліңе шапағатты сәу­ле­сін шашып, төрт құбыламызды тең ете­тін айналамыздағы достарымыздың басы бұзылмасын.

Алтынай ЖАДЫРАСЫНОВА,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері.
Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<