Қоңырқожа мен Ләтипаның үлкен ұлы Қожахмет 1910 жылы Перовскте дүниеге келген. Алғашқы кәсіби график-суретші ретінде қазақ өнерінің тарихында аты қалған. 1934 жылы Мәскеуде өткен қазақ суретшілерінің тұңғыш көрмесіне қатысқан. Оны Қазақстан халық ағарту бөлімі Тәшкендегі өнер мұражайы жанындағы суретші Розанов жетекшілік ететін студияға жолдамамен жібереді. 1926-1928 жылдары Мәскеудегі Халық ағарту министрі Луначарский ұйымдастырған жоғары мемлекеттік көркем-техникалық шеберханада Кеңестік Шығыс халықтарына арналған курста (ВХУТЕМАС) оқыған.
1931-1938 жылдары Қазақстан Орталық музейінде, Қазақ драма театрында бас қоюшы-суретші болып жұмыс істеген. Осы жылдары бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыт – карикатура мен саяси плакат жанрының негізін салады. Оның жүздеген лингогравюралары ішкі және сыртқы саясаттағы күн тәртібінде тұрған тақырыптарды қамтыды. Суретшілердің «ҚазИЗО» деп аталатын өндірістік шығармашылық бірлестігін ұйымдастыруға қатысады. Көркемөнер галереясының ашылуына ықпал етеді. 1938 жылы әкесінен соң тұтқындалып, 1943 жылы жазылмас дертке шалдығып оралады да, дүниеден өтеді.
Суретшінің отбасында, жеке коллекционерлерде, музейлерде оның 80-ге жуық туындылары сақталған. Қарақалпақ Республикасының музейінде Орал Таңсықбаев тапсырған 14 шығармасы бар.
Құлахмет 1914 жылы Түркістанда дүниеге келген. Тағдыр оған өз бойындағы бар талантын көрсетуді жазыпты. Бұл жағынан ағасына қарағанда Құлахметтің жолы болды. Ол қазақтың кино және театр өнерінің бірінші суретшісі ретінде танылды. Ленинградтағы Үлкен театрдың көркемсурет студиясын бітірген. Қазақ драма театрында, «Қазақфильмде» суретші болды. Кейін қолөнер музейін құрып, басқарды. Отызыншы жылдары ағасы Қожахметпен бірлесіп және жеке өзі Қазақ драма театрында сахналанған «Еңлік-Кебек», «Талтаңбайдың тәртібі», «Отелло», «Атамекен», т.б спектакльдерді көркемдеген. Сонымен қатар Құлахмет Қожықов ҚазЛИТО-ның бас суретшісі болған. Қазақ киносының алтын қорына енген ондаған фильмнің қоюшы-суретшісі. Мәселен «Біз Жетісуданбыз», «Алдар Көсе», «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек», т.б. туындыларда қолтаңбасы қалған.
Нұрахмет әйгілі мүсінші болды. Оның скульптура және монументалистика жанрларында жасаған еңбектері Қазақстанда көптеп кездеседі. Соның бірі – Отан қорғаушыларға арналған монументте өз анасының бейнесін сомдаған. Соғыс мүгедегі болғандықтан, Нұрахмет те өз талантын барлық қырынан ашып көрсете алмады. Ұзақ жылдар төсекке таңылғанмен, артында өшпес мұра қалдырды.
Қоңырқожа мен Ләтипаның кіші ұлы Сұлтанахметтің аты «қазақ киносы» деген ұғыммен қабысып кетті. Өйткені, қазақ киносы туралы әңгіме қозғала қалса Қожықов есімі алдымен ауызға ілігеді. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографиялық институттың, яғни атақты ВГИК-тің Довженко шеберханасында Сергей Бондарчук, Владимир Монаховпен бірге білім алған.
«Қожықов, Монахов, Бондарчук сияқты қан майданды бастан өткерген сарбаздарды курстастары ерекше сыйлаған. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдар ешкімге де жеңіл соқпағаны белгілі. Қысқы каникул кезінде Бондарчук Херсонға, Монахов Днепропетровскіге, Қожықов Қазақстанға қайта алмаған. Асхана жабық, өз есебінен тамақтануға студенттердің қалтасы таяз. Мұндайда тығырықтан жол тапқыш Қожықов екен. Оның бастамасымен үш дос түн жарымында ВДНХ маңындағы соғыстан бұрын отырғызылған шыршалардың төменгі бұтақтарын кесіп, суретші-вгикшілерден бояу алып жаңажылдық әдемі сыйлықтар жасап шығарады. Студенттердің тауары дем арасында өтіп кетеді. Сол жолғы Жаңа жылды Монахов жиі есіне алатын». Бұл – Ресейдің Халық артисі А.Панкратов-Черныйдың естелігі.
Сұлтанахмет қазақ кино өнерінің інжу-маржаны, үкілеп бетке ұстайтын дүниеміз – «Қыз Жібекті» қойған режиссер. Қазақ кино өнерінің бүтіндей бір шоғыры түскен бұл фильм сан ғасыр бұрынғы оқиғаны баяндаса да, мәңгілік махаббатты әспеттеуімен мәңгі жас әрі жаңа. Сұлтан Қожықовтың әйгілі Қажымұқан жайындағы «Бізді танып қойыңдар», «Мәншүк туралы ән» атты фильмдері де алтын қорға қосылған кесек туындылар.
«Қыз Жібек» қырық жылдан астам уақыттан бері экранда жүріп жатса да халықтың бұл кино туындыға деген махаббаты бір мысқал да төмендеген жоқ. Неліктен? Өйткені, онда қазақтың табиғаты мен адамдардың мінез-құлқы, бүтіндей бір халықтың ықылым заманнан бергі ұстанып келе жатқан салт-дәстүрлері боямасыз көрсетілген. Ол тек бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың хикаясы ғана емес, елдік пен бірлікті ту еткен туынды. Өйткені онда қазақтың сан ғасырлардан бергі арманы Төлегеннің аузымен айтылады. Жетімдік пен жесірлік деген тауқыметті өз басынан өткен режиссер «Қыз Жібек» арқылы ата-бабасы мен туған халқының қасіретін бейнелейді.
«Қыз Жібектің» толық мәтінінің экранға шығуына мың сан кедергілер кез болғаны туралы соңғы жылдары ғана айтылып жүр. Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» атты кітабында ол туралы былай делінген:
«Қалың жұртшылық ерте хабарланып, елеңдесе тосып отырған «Қыз Жібек» тағы да ұзақ қырланып-жөнделіп болған соң көрерменіне жол тартты. Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешіп келіп, көз жұмғанша бар күш-қуатын қазақ кино өнерінің өркендеуіне арнаған осы бір жанмен жұмыс істеудің өзі көп дүниені үйретіп кеткендей. Жалпы суреткер өзінің талантын танытып үлгеру үшін көптеген шығарма жасау шарт та болмауы керек. Біздің Сұлтекең «Қыз Жібекті» аспандатып халқына қайтарса, «Қыз Жібек» те Сұлтекеңді көкке көтерді. Осы бір фильммен-ақ ол өзінің шебер режиссер екенін дәлелдеп берді.
Сұлтекең халқының алғысын да, атақ-даңқты да алды. Бірақ фильмнің көпшілік көрерменге ұсынған нұсқасы үшін қатты қиналып жүрді. Айтып-айтпай не керек, бар жан-тәнін, бүкіл дарын, қабілетін жұмсап шығарған адал еңбек, төккен терінің ең бір шұрайлы тұстары Орталық Комитеттің идеологиялық сүзгісінен соң жүнін жұлған тауықтай болып, саясаттың сақылдап тұрған қайшысына түсті. Социалистік реализм әдісін бүкіл әдебиет, өнердің театр, бейнелеу, кино, тіпті хореография сияқты барлық түрлеріне таз кепеш қып кигізіп қойып, «Әй, мынау социалистік реализм әдісіне келмейді-ау» деген күмәнді тұстың бәрін де жонып, жоңқалап отырды. Бір таңғалатыным, қыза-қыза келіп өнеріміздің, әдебиетіміздің Кеңес дәуіріне дейінгі ғасырлар қойнауында жатқан бүкіл болмысына, тарихына да аямай ревизия жасады-ау. Соның бір салқыны «Қыз Жібекке» де тиіп кетті. «Жоғары жақта» отырғандардың пікірінше Кеңес дәуіріне дейінгі қазақ өмірін, тұрмысын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман қылып, сән-салтанатын социализм дәуірінен артық қылып көрсетуге болмайды екен. Төлеген мен Шегенің Қыз Жібекті іздегенде қалың көшті аралап жүріп, «Көш алдына қараса, бір қыз кетіп барады» дейтін тұсына келгенде Сұлтекең «қазақ өмірін тым-тым гүлдендіріп» алыпты. Тізбекті көш керуен қысқарды, тіпті түйе үстіндегі мол жасау-жабдық, көшті айнала сауық құрған қыз-бозбалалар салтанаты пышақ үстінен кесіліп кетіпті. Тағы да қара жерді қайыстырған қалың қолдарды көрсетсек қазақтың бұрын мол болғанын сездіріп алармыз деп қауіптенсе керек, сарбаздар саны да пәлен есеге қысқарды».
«Қыз Жібек» Брюссель өнер институтында көрсетілген кезде «Бүгінгі фильмдер экраннан қатыгездікті насихаттайды, ал мен адамға деген сыйластықтан туған картинканы көрдім, бұл ретте қазақтардан үйренетін нәрсе көп екен. Шығыстан жан сергітер самал жел ескендей» деген баға алыпты.
Өнер несімен өңіршең? Халықтың жан дүниесін нұрландырып отыруымен. Үнемі сұлулық әлеміне жетелеп, адамдардың бір-біріне деген жетелейтін алғаусыз сезімдерін насихаттайтын туындының ғұмыры мәңгілік. Міне, осындай қадау-қадау дүниелер туғызған қазақ өнеріндегі Қожықовтардың шығармашылығы мен өмірі әлі талай зерттеулерге негіз болуы тиіс. Өйткені ашылмаған ақтаңдақтар жеткілікті.
(Соңы. Басы өткен сандарда).
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Мақалаға Сәуле Қожықованың «На перипетиях времени» естелігі, Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні» кітабы дереккөз ретінде пайдаланылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<