Әбілқайыр хан ордасын тіккен Арал

1777

0

Еліміз ата-бабаларымыз армандаған егемендікке қол жеткізіп, ұлттық рухымыз жаңа деңгейге көтерілген тұста Арал қаласындағы көше атаулары өзгере бастады. Соның әдепкі бастауында қаланың қақ ортасында Горький атын алған үлкен көшеге Әбілқайыр хан есімінің берілуі тұр. «Батыр ортақ, би ортақ»дейді ғой дана халқымыз.

Шынымен де, Әбілқайыр хан жалпы алты алаштың қилы кезеңді тарихында үлкен орын алған, қазақ қоғамына өлшеусіз еңбек сіңірген батыр, қарымды қайраткер болған өр тұлға. Оның ел мен жерге сіңірген еңбегі қазір жан-жақты терең, жаңаша зерттеліп, әділ бағасы орынды беріліп жатыр. Қалай болғанда да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ үлкен көшеге Әбілқайыр хан есімінің ешбір жалтақтаусыз, әп дегеннен берілуі – өңір басшылығының көреген де батыл, оң шешімі болғаны айдан анық. Енді бүгін қолға қаалм алғанда, Әбілқайыр ханның өз дәуірінде әбжілдікпен атқарған, қазақ халқы үшін басын қайбір қатерге де тіккен ұланғайыр тарихи орнын таразылау – біздің мақсатымыз емес. Тек ұлы тұлғаның, қазақтың дана да дара ханының табаны қасиетті де киелі туған жеріміздің топырағына тигені айтуға тұрарлық жай. Біршама уақыт Арал теңізінің жағалауын, қалың бұйратты құмын орда тігуге лайық деп тауып қоныс етуі – жерлестеріміз үшін мақтаныш тұта айтып жүретін, назар аударып ұрпаққа ұлағат ететін тарихи айғақ.

Хан ордасының Арал аймағынан орын табуы тарихы мыңдаған жылдарға созылатын өңіріміздің бұл да бір жарқын да шежірелі парақтары болғандығы сөзсіз. Ұлы оқиғалардың Арал өңірімен байланысты болуы болашақ елжанды ұрпақ тәрбиесінде, патриотизмнің бір негізі – өлкетану сабақтарында жастардың құлағына құйып, санасына сіңіріліп отырса құба-құп. Бұл – отаншылдық сезімнің нық қалыптасуына мызғымас себеп болатыны рас.»Кіші жүздің баһадүр батыры, халық қамын жеген ханы Әбілқайыр Арал аумағын қоныс еткен екен» деп, дерек іздеп, тарихи зерттеу еңбектерді, баспасөз материалдарын қарай жүруімізге түрткі болған жай – даңқты жерлесіміз, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің газетке берген бір сұхбатында айтылған факт.

Өзімен әңгімелесіп отырған қаламгерге Әбең:


– Арал маңын біраз жыл Әбілқайыр ханның мекендегенін білесің бе? – деп тосын сұрақ қойып алады да, айтқанына қызығушылық танытқан сұхбаттасына:


– Бұл жайлы анық-қанығына жетіп, терең білгің келсе Әбіштен (Кекілбаевты айтады) сұра. Ол Әбілқайыр ханның қилы заманда Арал алқабындағы құм ішін ордасы қонған қыстау еткенін көзбен көргендей етіп түсіндіріп, жылдарына дейін айтып береді, – дейді.

Бір өкініштісі, журналист енді кездесіп, әлгі жайды анықтаймын деп жүргенде Әбіш Кекілбаев аяқ асты дүниеден өтіп кетеді. Тамаша білімпаз, қазақ даласының арғы-бергі тарихын жақсы білетін жазушы өзімен бірге қаншама деректерді алып кетті десейші! Сол мағлұматтар, дәйекті деректер халыққа жеткенде ғой деп ойлайсың.
Әйтсе де, біз ақтарған тарих кітаптарында Әбілқайыр ханның Арал маңы Қарақұмында орда тіктеп тұрғаны, құтты қоныс қылғаны туралы азды-көпті жазылып, ғылыми тұжырымдалып жүр екен. Сол жазбаларды негізге ала отырып, жерлестерімізді сол бір жылдарға назар аудартсақ деп отырмыз.

Кейбір күмәншілдердің қасаң тарихи түсінік-танымдарын сейілтсек дейміз.
Әбілқайыр ханның бірнеше әйелі болған. Кіші жүздегі Дербісәлі деген белгілі сұлтанның қарындасы Бопай сұлу – ханның екінші әйелі. Екеуінің арасында анау-мынау қиссаға бергісіз шынайы махаббат болған. Олардың бір-біріне деген ғашықтығы туралы аңыз әңгімелер қалған. Әбілқайыр жас кезінде кедейлеу болған.

Алайда Бопайды алу үшін оның әкесінің малын баққан екен. Бопай әкесінен рұқсат сұрағанда, кедей жігітке бергісі келмеген әкесі: «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 ақ сұр ат әкелесің, әйтпесе қызымды бермеймін» деп шарт қойған. Ғашықтық дертіне күйіп жанған Әбілқайыр бір ай іздеп таба алмаған малды жанашырлық көрсеткен Жәнібек батыр санап береді, өзі барып құда түседі.


Төренің қызы Бопай келін боп түскен соң Қажы сұлтанның (Әбілқайырдың әкесі) шаңырағына құт-береке қона бастайды. Әбілқайырдың да тасы өрге домалайды. 1709 жылы билер кеңесі Қарақұмда құрылтай жасағанда, оны ақ киізге көтеріп, Кіші жүздің ханы сайлайды. Осылайша ол Ресей империясымен қақтығыс уақытында, қалмақтармен бітіспес шайқастар тұсында қазақ елінің бір бөлігін басқару құрметіне, сеніміне ие болады.

Қазақ тарихындағы 1710 жылдардан басталған жоңғарларға қарсы күрестің сәтті жүре бастауы осы мезеттен басталуы кездейсоқ емес. Әрі әскери қолбасшы, әрі хан ретінде сол дәуірдің үлкен саяси тұлғасы болып қалыптасты.
Бүкіл Кіші жүздің ханы болған Әбілқайырдың ордасы бір деректерде Арал теңізі маңындағы Борсық құмында болды, 1711 жылы сол жерде қыстап шықты делінеді.


Қажы сұлтанның және оның туыстарының балалары Арал теңізінің солтүстік жағын қыстап, жазда Торғай, Ырғыз өзендерінің жоғарғы жағында, яғни Ембі өзеніне жақын жерлерді жайлайтын. Белгілі тарихшылар Самат, Шолпан Өтениязовтар:

Әбілқайыр хан ордасын тіккен АралӘбілқайырдың өз басы» атты зерттеуінде: «1704-1711 жылдардағы башқұрттардың Ресей отаршылдарына қарсы ұзақ уақытқа созылған қарулы көтерілісі кезінде Кіші жүзден оларға көп көмек бергендердің бірі Әбілқайыр еді. Сол көтерілістің ең күшті болған кезі, 1708-1709 жылдарда Әбілқайыр сонау Арал өңірінен 300 мың әскерімен келіп, башқұрттарға көмектескен еді. Сонда ол қарақалпақтардың 100 жігітін өзімен ала келеді… Сондықтан башқұрт халқы хан көтермекші болды… Башқұрт көтерілісіне көп жәрдем еткен Әбілқайыр батыр өз әскерімен 1709 жылдың күзінде Арал жаққа қайтып кетеді» деп уақыт мөлшеріне дейін нақты жазады. Демек атақты Әбілқайырдың ел басына бұлт үйірілген қиын шақта қаншама сұлтандардың ішінен таңдалып, би-бектердің сенім білдіруімен хан көтерілуін біздің өңірімізбен байланыстырған жөн екенін көріп отырмыз. Соған қарағанда, Арал қаласы темір жолы бойында, вокзалға қарама-қарсы беттегі Әбілқайыр хан ескерткіші сол бір тарихи сәттердің шынайы ескерткішіндей боп көрінеді. Сол ескерткіш алдына осы оқиғаны еске қалдыратындай тақта орнатылса құба-құп болар еді. Өңір тарихын байытып тұрар еді.


Бұдан кейінгі ондаған жыл қазақ тарихында «Елім-айлаған» ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманына тура келген аласапыран кезең еді. Тарихта жазылғандай, Әбілқайыр ханның ордасы, айналасы әр кезеңде қазақ даласының әр тұсында өмір сүреді. Жоғарыда аты аталған тарихшылар аталмыш еңбектерінде тағы да былай деп жазады: «1723 жылы жоңғар шапқыншылығы басталғанда, яғни жау Түркістанға дейінгі жерді аз күнде басып алғанда ол (Әбілқайыр) Аралға жақын жердегі ордасынан көп әскермен шұғыл батысқа аттанады. Оған тез арада Ресейдің көмегімен баса-көктеп батыс жақтан кіргелі отырған жоңғарлардың одақтасы қалмақтарды тоқтату керек болды. Сондықтан ол алғашқы жойқын соққыларды қалмақтарға беріп, оларды Жайықтан әрі Еділге қуып тастады».


Иә, Әбілқайыр хан алдымен халқымыздың басындағы ауыр жағдайды көріп, жоңғарлардың негізгі күшімен ендігі жоспарын нақтылап алды да, аз уақыт ішінде өзіне тән батылдықпен өзіне қарасты рулардан әскер жиып, Арал өңірінен Батыс Қазақстан жеріндегі шайқасқа 20 мың қолмен аттанған болатын. Демек қазақ тарихының өмір не өлім деген қаһармандыққа толы сәттері біздің өңірден бастау алып жатты.


Тарих кітабына үңіле қарасақ, Әбілқайырдың Бопай ханымнан туған бес ұлы Нұралы, Ералы, Қожақмет, Айшуақ, Әділдің де табанын Аралдың ыстық топырағы сүйген деген десек болады. Бес ұлы да Арал маңын Әбілқайыр хан ордасы қылып мекендеген 1710-1723 жылдары туған екен. Кейін бірінен соң бірі Нұралы, Ералы, Айшуақ әр жылдары Кіші жүздің хандары боп сайланған. Яғни ата жолымен жүріп қай-қайсысы да өз қазағына қалтқысыз қызмет еткен, елдік жолдың даңғылынан таймаған.


Әбілқайыр қысталаң заманда орыс отаршылдарына беріспей де, керіспей де өзіндік саясатын ептілікпен жүргізген. Дендеп, тұмсық тіреп келе жатқан патша өкіметінен Арал теңізі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысы тұсынан орда болатындай қала салып беруді сұраған өтініші болғаны белгілі. Ханның орыс шептерінен алысырақ тұрғысы келген бұл әрекеті туралы қазақ жерінде болған ағылшын саяхатшысы Джон Кэстль өзінің жазбаларында жазып кетеді.


Міне, осылайша бүкіл өмірінің ерлікке толы айтулы бір кезеңдері Арал өңірімен байланысты болған қолбасшы, елдің көшін бастаған хан Әбілқайыр 1748 жылы 63 жасында қайтыс болғанша мезгіл-мезгіл Еділ-Жайық бойындағы атамекенінен жырақ көшіп, орыс империясынан алысырақ тұруды мақсат етіп, біздің өңірімізге келіп қоныстанған екен.


Арал өңіріндегі тарихтың бір көрнекті беттері осы деп ойлаймыз. Өйткені Әбілқайыр хан – қазақ жері мен Орта Азия, қазақ-жоңғар, қазақ-орыс елдерінің тарихи қатынастарында айналасы санасып, мойындап отырған тарихи ірі тұлға. Және де біздің билік орындары, музей мамандары, өлкетанушылар, қаламгерлер әрдайым Әбілқайыр ханды еске түсіріп, оны айғақтап тұратын ескерткіш, белгі, басқа да шаралар өткізіліп тұрады деп санаймыз.


Арал аудандық архивінің басшысы, өлкетанушы азамат Болатбек Қуатов мынандай бір жайды әңгімелеп бергені бар.


– Осыдан біраз жыл бұрын іссапармен Аралқұм ауылына барғанмын. Ауыл ақсақалы Матығұл Құлназаров менің жөн-жобамды сұрап білген соң: «Әкең Қыстау ертеде менің әйелім босанып жатқан үстіне келіп, бұрыннан жақсы сыйластығы болғандықтан бір күміс ерін сыйға тартып кеткен. Ер көнеден келе жатқан ескі үлгіде болатын. Қайдан алғанын білмеймін, өзі де айтқан жоқ еді. Кейін ауылға көне жиһаз, ұлттық бұйымдар жинап жүрген Батыс Қазақстан облысының музей қызметкерлеріне беріп жібердім» деген еді. Сол күміс ердің атақты Әбілқайырға тиесілі екенін ғылыми қызметкерлер анықтаған. Қазір музейде «Әбілқайыр ханның күміс ері Аралдан алынған» деп жазулы тұр.


Міне, бұл да Арал өңіріне хан ордасын тіккен Әбілқайыр хан мен оның ұрпақтарынан ғасырлар көшінен бізге жеткен бір із сорабы болар…


Қазақ жерінің біртұтастығын сақтауға, бір орталыққа бағынған қуатты қазақ хандығын құруға бар күшін салған, жан-жақтан анталаған жаулардан Отанын қорғаған Әбілқайыр ханның Арал өңірімен байланысты өмір кезеңдері туралы білетіндеріміз молая түседі деген сенімдеміз.

Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<