Әкем айтқан әңгіме

1335

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткізді. Біздің бабаларымыз Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны, аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді басынан өткізді. Осының бәрі халықтың есіне сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс.

Алапат ашаршылықта алғашқы кезеңде 1921-1922 жылдары нәубәттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлымдықтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді» деген болатын. Сол зұлмат нәубет заманды бастарынан өткізген ашаршылық жылдарындағы ақиқатты әкем айтып отыратын еді. Сол әңгімені мақалаға арқау еттім.


Жиырмасыншы ғасырдағы жаңа қоғам алып Одақты ме­кен еткен халықтардың күн­көріс тіршілігі, ұлттық ерек­шеліктеріне, тұрмыс жағдайына қарамай, жекенің малын түрт­кіледі. Кеңес үкіметінің жүр­гізген саяси науқаны ортақ қо­ғамдық меншік дегенді бұ­рын-соңды көрмеген халықты ашаршылыққа ұшыратты. Бұл науқаншылық малмен күн көр­ген қазақ халқына ауыр ти­ді. Малынан айырылған қан­дас­­тарымыз ашаршылыққа ұшы­рады. Тарихшы ғалымдар «1920-1929 жылдары 1 млн 200 мың адам көз жұмса, тек қана 1930-1933 жылдары 2 млн 279 мың адам аштықтан өліп, 1 млн-ға жуық қазақтар шет елдерге кеткен. Қазақ даласындағы 40 млн малдан, 4 млн қал­ған» де­ген деректерді келті­реді. «Қа­зақ даласына Қазан төң­керісі соқ­пай өткен» деген респуб­лика­ның басшысы Голо­щекин ел­де жекенің малын тәр­кілеу, нау­­қанын өте пәрменді жүр­гізді. Сая­си нау­қанның белсен­ділігі сондай, бұл жұмыс шаруашылығы бас­­қалардан көш ілгері орталық Ре­сей ай­мақтарына қарағанда Қа­­зақ­станда бұрын аяқталды. Бұл ұлтқа нәубет әкелген, аштық жылдары еді. Аузын арандай ашып келген аштық өңірлер мен әрбір отбасын қамтыды.


Сол жылдары Сырдың ор­талық аймағын мекендеген біз­дің елдің халқы да ашар­шылыққа ұшырап, бірсы­пы­расы оңтүстікке, көрші елге ауды. Дегенмен де, ірге көтер­мей, «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп, дарияның, көл­дің балығымен, тоғайдағы аң-құспен күн көріп, қиын уақытты бастан өткізгендер жай­лы әке­леріміз айтып оты­ратын.


1932-1933 жылдардың қы­сы қатты суық, қары қалың болды. «Жұт жеті ағайынды» де­гендей, жекелерден ұйым­дастырылған қоғамдық мал қо­ра-қопсы, жем-шөптің жоқ­ты­­ғынан, бағып-күту­дегі тәжірибенің жетіс­пе­у­і­нен қырыла бастады. Со­­ны­­мен малды серіктестік­тер­дің мүше­леріне пайда­лануға бере бастады. Сол кездері ха­лық ақыны Төлеу­бай Үркім­ба­евтың қоғамдық мал­ға де­ген нем­құрайлылықты сы­­нап, «Социалистік Қазақстан» га­­зе­тіне «Сатанның сары ата­ны» деген фельетоны шық­ты. Фельетонда сары атан Са­танның жеке меншікте бол­ған кезде екі өркеші бала­дай, жүні жылтыраған ойсыл қа­раның аруанасы болғаны айтылады. Қоғамдық меншікке өткеннен кейін, сары атан әр­кімнің жетегінде жүріп жүдеп-жадағанын, қыста ықтырма, жейтін шөп, жем жоқ, өлуге кел­генін, белсенді бригадир Но­ғайбаевтың қоғамның күш көлігін жұмсаудағы қатыгез­ді­гін сынайды. Қайтадан егесі Сатанға қайтарылғаны, атан­ның егесіне айтқан зарын, көр­ген озбырлығын, мұңын жаз­ған болатын.

Фельетонның құдіреті ғой, Үкімет қоғамдық малды ұжым­дастыру, оны пай­далану, кү­тім жасаудағы кем­шіліктерін көріп-біліп, рес­пуб­лика бойынша тек­серулер жүргізіп, осы жұмысқа жаңаша бетбұрыс жасаған еді.
Қоғамдық малдың қыры­луы, жекеге қайтарылып бе­ріл­гендердің күйсіздігі елді күй­зелт­кенін жарықтық әкем ай­тушы еді.


– Сол жылдары өзі ашар­шы­лықтан қалжыраған елдің үс­тіне батыстан, солтүстік жақ­тан оңтүстікке бет алған бос­қындар өтіп жатты. «Аштық не жегізбейді» дегендей, олар бас-көзге қара­май, үйлерге кіріп, қолға ілінгенді қома­ғайлана жеп, жұта беретін. Аштықтан, ұзақ жолдан денелері ісіп кет­кен жандардың кім еке­нін айыру мүмкін емес еді. Ұрсаң да, ештеңеден тайы­нып қорықпайтын. Осындай бос­­қындардан қолдағы бары­мызды аман алып қалуға күш салатынбыз. Кейбіреулерінен «Қай жақтан келе жатырсыңдар, қандай ел боласыңдар?» деп сұрасақ, жауап бермейтін, сөз­ге сараң болатын. Баса-көк­теп кіріп, барыңа қара бат­пақша жабысатын, осындай әре­кет­теріне қарап, оларды «қара батпақтар» деп атап кеттік.

Бұл сөзді кешегі күнге дейін бір нәрсеге жабылып жатқандарға қарата айтып, «қара батпақша жабылыңдар» деуші едік. Сөйтсек олар батыс пен терістік жақта ашаршылыққа ұшырап, оңтүс­тік­ке, Сыр бойына ауған қа­зақтар екен.


Әлі есімде, ауылдағы Бә­йімбет деген кісі өрімдей екі қызды бір пұт тарыға айыр­бастады. Кейін заман түзелгенде естідік. Сол бір пұт тары бір қауым елдің күніне жарап, ашаршылықтан аман алып қалыпты. Ал екі қыздан өр­біген ұрпақ (аттарын атамай-ақ қояйын) ауда­ны­мыздың елді ме­кендерінде біз­бен бірге өмір сүріп, тір­шілік жасап келе жат­қанын біле­міз.


Сол жылдардың қысы бола­тын. Таңертеңгілік шәй ішіп отыр едік, есіктен кіре құлаған көрші жамағайын ағамыз менің атымды атап: «Бір жеті болды тіске басатын ештеңе жоқ, аштықтан бұралып өлу халде жатырмыз, мынау сендердің қыстау қора-қопсыларыңды ай­налып, қолыма не түсер екен деп шығып едім, қардан омбылап әлім кетіп, осы үйге әрең жеттім. Мына шоқ шең­гелдің түбінде бір қоян қардан омбылап секеңдеп қаша алмай жүр, шырағым, өлтірмесең, со­ны маған атып бер, біз түгелдей қырылатын шы­ғармыз» деп өкі­ріп жылап жі­берді. Мен де мыл­тығымды алып, айтқан жеріне бардым, бір ор қоян қалың қарды ом­былап секеңдеп жүр екен. Атып алып ағаға бердім. Ол ал­ғысын жаудырып, батасын беріп, рақметін айтып, сорпа жа­сатыпты. Сол кісі кейін қар­тайған кезінде әкемнің жақ­сылығын «Әуелі құ­дай, екін­ші сол қарияның арқа­сын­да аман қалдық» деп үнемі айтып отыратын. Әкем­нің аға­сы Қази деген кісі аудан ор­­талығы Қармақшыда қыз­метте жүргенде Ресейден мех­заводқа келген орыс инже­нерімен дос болып, әкеме мыл­тық әкеліп берген екен. Содан ауылда мылтығы бар алғаш­қы аңшы болған. Әкем жа­саған жақсылығын көп айта бермейтін. Жақсылық іс жата ма? «Аштықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпейді» деген емес пе? Шалт қимылдайтын қарулы кісі болатын. Ауыл тө­ңірегіндегі «Табан көл», «Астау көл», «Лайөзек», «Көкшиелі» көл­дерінен балық аулап, аң-құс атып, аштыққа ұшыраған отбасыларына қамқорлық жа­сағаны, халық аузында кешегі күнге дейін айтылып жүрді. Көнекөз қариялар ертеректе «Кәрімнің мылтығы, Байназар ұстаның балғасы күнімізге жа­рады» деп отыратын.


Кейіннен әкем бастаған аң­шылардың колхоздың жоспа­рын орындаудағы жұмыстары – өз алдына әңгіме.


– Есекті отын тасуға, міне­міз, оны ешкім есепке алмайды. Күз түсе босатып жіберген бо­ла­тынбыз. Қараша айы, есек үйге оралмады. Аштықтың ара­ны ашылып тұрған кезі еді. Қо­лыма мылтығымды алып, қоян, қырғауыл қағайын, есе­гімді іздейін деп Тауланбай жаққа шығып кеттім. Серіктес­тіктің еккен бидай атызы бо­латын. Атыздың ата жабы ішін­де бауыздалып, үстін са­бан­мен жапқан есегімді көр­дім. Бәрін де ойластырып, қол­дан жасаған. Үйге келіп, іңір түсе мылтығымды алып, жап­тың бойындағы қамыстың ара­сында аңдып отырдым. Ме­нің әрекетімнен қорқып, ағам Дүйсенбай да со­ңымнан еріп, бақылаумен болды. «Ит төлеуі – бір күшік» дегендей, мұны аштан өліп бара жатқан бір пақыр істеген шығар. Ақымақтық жасама» деумен болды.


Қараңғы түсе ауыл жақтан келе жатқан екі адамның сұлбасы көрінді. Олар өзара сөйлесіп «Осы жер емес пе?» деп есек жатқан жерге келіп, «міне» деп іске кірісе бастағанда, мылтықты олардың басы­нан асыра атып жібердім. Дауыс даланы жаңғыртты. Осы кезде олар «Ойбай, Кәрім аға, өлдік» деп өкіріп жылап, дала­ны басына көшірді. Біз де тұрып қасына бардық. Сөйт­сек, ашар­шылық жылдары ау­ыл­ға келген ағайындардың жи­ен­дері екен. Пақырлар жы­лап-еңіреп, «кешіре көрің­дер» деп аяғымызға жы­ғыл­ды. Сонда олар: «аға­­лар-ай, аш­тық не жегіз­бей­ді, не істет­пей­ді. Ха­рамға да қол салдық қой» деп еңі­реумен болды. Дүй­секең: «Жағдайларыңды ай­тып сұра­саңдар да беретін едік қой» деді. Біздің де кеу­ліміз босап, «Сендерге бұ­йырған несібе шы­ғар» деп үй­ге қайттық, – деп әкем әң­гімесін аяқтаған еді.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<