Әулиенің шарапаты

661

0

Жуырда халық емшісі Ақтолқын Тұрғанбаева қоңырау шалды. Денсаулығым, отбасым туралы сұрап дәйек болып жатыр. Амандық-саулықтан соң Ақтолқын апа қалыптасқан дағдымен әулие Сарқұл қожа бабамыздың аруағына бағыштап мал шалып, құран оқытатынын, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында Жанқожа батыр ауылының сыйлы азаматының бірі, менің досым Қартбай Сатаевтың да жүргенін айтып, асқа мені арнайы шақырып тұрғанын жеткізді. Көзі тірісінде әулие, емшілігімен қабырғалы қауымның ілтипатына бөленген Сарқұл қожа Аққозыұлы баба туралы төмендегі деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн санадым.

Қазалы өңірінің жұртшылығы әулие әрі емші Сарқұл қожа есіміне жақсы қанық. Бабаның кіндік қаны тамған Жанқожа батыр ауылында әулиенің  тікелей  ұрпақтары қоныстанған.

«Aққозыұлы Сaрқұл – XVIII ғaсырдың aяқ кезінде өмірге келіп, XIX ғaсырдa Қонaқкөлмен шектес жaтқaн Жaрықкөлді мекен еткен. Туғaн жері – Қазалы ауданы Aрықбaлық aуылдық округі. Тaрихи шежіреге құлaқ түрсек, ол кісі зікір сaлып, aдaмдaрды емдеген және кәріп-қaсірге қaрaсып, сыйынсa қорғaны болғaн, қинaлғaндa қолдaйтын ұлы тұлғaғa aйнaлғaн aтaқты дa аруaқты кісінің бірі.

Сонaу 1932 жылы қызылдaрдың ГПУ-інен қaшып келе жaтқaн бір кісі: «Уa, Сaрқұл, қорғaп және қолдaй гөр! Өзің көмек бермесең, мен өлдім» деген екен. Сол сәтте дaрияның жaғaсындa ескекті қaйық пaйдa болып, aрғы бетіне өтіп aлғaн.

Сaрқұл қожaның бейітінен 100 метрдей жерде биік төбе бaр. Бұл –оның бaлa оқытқaн мешітінің орны. Ол мешітте де ерекше қaсиет бaр. Сaрқұл қожa өмірден өткеннен кейін мешіт дүкен, кеңсе болғaн. Сол кездегі aдaмдaрдың aйтуы бойыншa, мешіттің есігі өзінен-өзі aшылып-жaбылып тұрaды екен. Оның немересі Пaнaұлы Aбылдa қожa XIX-ХХ ғaсырлaрдa өмір сүрген aтaқты зікірші, қыздырып темір шaйнaғaн, періні мaтaп бaйлaғaн, жын-шaйтaнды зікірмен топтaп қойшa aйдaғaн. Aл оның ұлы Ізтұрғaн дa aуырғaн тісті жaзaтын болған. Бүгінгі таңда Жaнқожa бaтыр aуылындa Сaрқұл қожa мешіті бой көтерген». Дереккөз: Қaзaлы aудaны энциклопедиясы. – Aлмaты: Қазақ университеті, 2016.

Сарқұл қожа бабамыз өмірге келген Жанқожа батыр ауылында туып-өстік. Бабалар рухына деген құрмет, асылдың сынығы, тектінің тұяғын бағалау қанға сіңген дағды. Осы ұстаныммен біздің ауылдың тұрғындары да Сарқұл баба ұрпақтарына ерекше ілтипат танытады. Атамыздың ұрпағы, атақты Әбілда қожаның немересі, марқұм Ізтұрған көкеміздің ұлы Балтабекпен кезінде жұмыстас болдым. Менен бір жас кішілігі бар Бәкеңмен әлі күнге дейін ағалы-інілі  сыйластығымыз үзілген емес.

Аяқ астынан қатты сырқаттанып, жансақтау бөліміне түскенім бар. Жағдайымның  қиындау екенін ақ желеңділер маған айтпаса да, іштей сездім. Ақылы емдеу палатасында  жатырмын. Түнімен қиналып шығамын. Кенет… Басыма бір ой сап ете түссін. Неге олай жасағаныма әлі күнге дейін қайран қаламын. Жанымда күндіз-түні күзетіп отырған жұбайыма Байқоңыр қаласында тұратын Балтабекке телефон соғып, жағдайды түсіндіріп, атаның тұтынған  бір бұйымын сұрауды тапсырдым. Өзім сөйлесуге шамам жетпейтін халде едім.  Аңқылдаған ақпейіл Балтабегім жүз шақырым жерден сол күні жетіп келді. Жанында келіншегі Ақмарал бар. Азық-түлік базарын солайымен көшіріп әкелген бе, сәлем-сауқатқа палатаның ішін толтырып тастады. Ең бастысы, Әбілда атаның өзі киген, тері сіңген ескі шапанын әкеліпті. Мұндай қуанбаспын… Сенесіз бе, сол күні ауруханаға түскеннен бері алғаш рет аздап ас іштім. Қасиетті бабаның киелі шапанын  бас жағыма салып, науқастанған сәттен бері рахаттана ұйықтадым. Біршама күннен кейін ауруханадан аман-есен шықтым. Кейін алғысымды айтып, Сарқұл қожаның немересі Әбілда атамның шапанын  досыма табыстадым.

Ауылдағы үлкендерден Бекарыстан би ауылына қарай өтетін көлік жолын салған жолшылардың  Сарқұл қожаның бейітінің жанына келгенде су жаңа техникалары жиі істен шығып, жұмыстарынан береке қашқанын, әбден қиналған  құрылысшылардың  мал шалып, бабаның аруағына арнап  құран оқытқан соң  ғана істері оңға басқанын  естіген едім. Аруақ сыйлаған азбайды.

Бірнеше жыл бұрын ауыл азаматтарының бастамасы, ел-жұрттың қостауы, халықтың демеушілігімен Сарқұл қожа атындағы әсем, еңселі де замана талабымен үндесетін жаңа мешіт  салынды. Келер жылы тағы бір имандылық іс-шарасы жүзеге асты. Сарқұл қожа бабамыздың бейітінің аумағы мұқият қоршалып, бірқатар жұмыстар жасалды.

Айта кетерлігі бұған дейінгі ауыл орталығындағы Сарқұл қожа мешіті кеңес үкіметі тұсында музыка мектебінің ғимараты болып салынған еді .

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ауылдағы музыка мектебіне деп салынған ғимаратты мешітке айналдыруға көп күш жұмсалды. Кеңшар директоры Берік Бисембаев шаруашылықтан қаржы бөлдірді. Ол тұста ауданда Қожаназар ишан мешіті, қалада Нұрәлі мешіті яғни, екі мешіт ғана жұмыс істейтін. Осылайша аудандағы елді мекендер арасында алғаш рет біздің ауылда ашылды. Мешіт құрылысын ауыл азаматтары жүргізді. Әсіресе, марқұм Оңдасын Ахметов көп еңбек сіңірді. Сол кездегі Қазалы ауданы әкімі Самұрат Имандосов  бастаған ел ағалары мешіттің ашылуына арнайы қатысты, – дейді ұзақ жылдар бойы ауылдағы құрылыс саласына басшылық жасаған, еңбек ардагері Жаңабай Жақсылықов ағамыз.

Мұратбек Бәлкеев есімді ініміз Сарқұл қожа мешітінде тура 15 жыл имамдық қызмет атқарды. Кейін денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауысты. Қашанда биязы қалпынан танбайтын, аузынан Алла, жанынан Құраны қалмайтын Мұратбек ауыл арасында өте сыйлы. Қоғамдық іс-шараларға, ауыл өміріне белсене араласады. Жуырда Сарқұл қожа баба мешітіне жаңа имам тағайындалды.

Тамыздың алғашқы күні халық емшісі Ақтолқын Тұрғанбаеваның мұрындық болуымен Сарқұл қожа бабаға арналып ас берілді. Асқа Сарқұл қожа әулетінің, Әбілда бабамыздың келіні Шекер әже, Жанқожа батыр ауылының ең қарт тұрғыны Әбілмәжүн ата бастаған ауыл тұрғындары мен аудан көлеміндегі елді мекендерден, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан 300-ге тарта адам қатысты. Астың дастарханын Ақтолқын апаның немересі, Алматы технологиялық университетінің үшінші курс студенті  Дінмұхаммедтің көтергенін атап кеткен жөн. Өзінің жазғы демалысы кезінде ауданға келіп, түрлі жұмыс атқарып, маңдай терімен тапқан ақшасын Сарқұл қожа бабаға ас беру дастарханына жұмсаған Дінмұхаммедке талабың оң болсын дейміз. Әжесі Ақтолқын апаның айтуынша Дінмұхаммед дүниеге келерде Сарқұл қожа баба аян берген екен.

Ас беру рәсімінде Сарқұл қожа мешітінің жаңадан тағайындалған имамы Арыстанбек баба рухына құран бағыштап, халық емшісі Ақтолқын Тұрғанбаева мен Қартбай Сатаев көпшілікке ғибраты мол естеліктерді бөлісті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<