Ағалардың шекпенінен шыққанбыз

598

0

Сыр журналистикасында ұзақ жыл еңбек еткен Қайырбек Мырзахметұлы «Сыр перзенті», «Сырда туып, Сырда өстім», «Аманат», «Менің бабаларым», «Ағалар салған жол» атты эссе-повестердің авторы. Жуырда «Көзкөргендер» атты естелігі баспадан  шықты. Қарымды қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, облыстың құрметті ардагерінің көзкөргендер жайында жазған естелігін оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Уақыт шіркін қандай жүйрік еді… Қазір сексеннен асып, тоқсанға қарай қадам бастық. Сәл ой жүгіртсем, есікті ашып жапқан секілді. Елу жылдан астам облыстық басылымда жұмыс істеп, тоғыз редактормен қызметтес болып, бейнеттің рақатын көріп отырған жай бар. Үй немерелермен думанданып тұр. Тілдері тым тәтті, той-думаннан оралсам, «ата, қалтаңда конфет бар ма?» дейді. Содан бірер түйір конфетті қалтаға салу дәстүрі бар.

Біздің қатарымыз сиреп қалды. Әзіл-қалжыңымыз жарасатын Шәкизат, Қази, Өтеген, Әскербек, Айжарық пәни дүниеге аттанып кетті. Сырласатын едік, сыйласатын едік, әзіл қалжыңымыз жарасатын еді. Тағдырға, тойымсыз ажалға кім ара тұрған?! Ажал шіркіннің құрығы ұзын ғой.

Әуелде, қазіргі «Сыр бойы» редакциясы ескі базар тұсындағы Дзержинский көшесінде тұратын. Содан Карл Маркс, Абай даңғылы, енді қазір Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі зәулім ғимаратқа қоныс аударды. Барлық ғимараттарда аға-інілермен қызметтес болдық. Дүниеден өткен ағалар елеусіз емес. Байырғы журналистер Базарбай Сарбасов, Хамза Сыздықов, Зейнулла Жарқынбаев, Тойбазар Елемесов, Орман Нұрхабаев, Құрманғали Ажаров, Жақсылық Бекхожаев, Жақсылық Түменбаевтың атындағы көшелер алыстан жарқырай көрінеді. Өшпеу деген осы болар.

Бір кезде «Сыр бойы» редакциясында өңшең әскерден оралған ағалар жұмыс істейтін. Ішіндегі ең жасы мен, содан соң Дархан, Әбдіхан, Итен болатын. Ағалардың алдынан кесе өтпей, ақыл-кеңесін тыңдадық. Әзілі, аңқаулығы мүлдем қызық, жарасымды болатын. Көкіректе бәрі сайрап тұр. Еске алсақ, бәрі ойға оралатынын қайтерсің.

Байырғы журналист Әбділда Құрманаевтың аңқаулығы өзінше жыр. Көзіндегі көзілдірігін іздеп, шыр-пыры шығатын. Неге? Өйткені, көзілдірік көзінде, соны ұмытып, іздейтін. Біз таң-тамаша қалатынбыз. Ой, кәрілік-ай, басқа түскенде біледі екенсің.

Біздің кеңсеге жақын жерде қалалық парк болатын. Кейде ағалар бас қосып, шөлбасар сыраханаға баратын-ды. Ортада Әбділда аға, Орман, қатарласа Әбсадық, Досмағанбет, Бөлебай ағалар әңгіме-дүкен құратын. Әбділда аға иық тұсындағы талдың бұтағына қамыс қалпағын іліп қойып, одан-бұдан әңгіме қозғайды. Гурьевтің облыстық газетіндегі редакторлық жұмыстан қалай босағанынан, партиялық билеті  бір сұлу бикештің үйінде қалай қалып қойғанынан әңгіме шертіп, бәрімізді күлкіге батырады.

– Әй, Әбділдә, бәрін айтып болдың ба? – деді үзеңгілес досы Әлменов.

– Иә, бұл үзіндісі ғана. Қазір тағы бір әңгімені бастаймын, – деп желпінді Әбділда аға. Сол кезде иық тұсында қамыс қалпағы желмен қозғалды. Әбекең жалт қарады.

– Құрыдың Әбділда, қамыс қалпақ артында бағанадан бері бір кісі сенің сөзіңді тыңдап, кетіп қалды. Сірә, үш әріптің адамы-ау, – деп Бөлебай әңгімемен қағытты. Әбділда аға орнынан атып тұрып, үйіне зытты. Бөлмесінің  терезе тұсындағы бір бөтелке суды қағып салды. Ол су емес, сірке суы еді. Есін жия алмай, емханада ұзақ жатқанын Бөлебай ағаға ренжімей, өзінің аңғалдығын айтатын Әбекең.

Әбділда Құрманаев көп жыл хабар бөлімін басқарды. Бірде телефон шылдыр етеді. Обкомнан «бізге Құрманаев керек еді» десе керек. Сөйтсе Әбекең өзінің Құрманаев екенін ұмытып, бөлмелерді зыр жүгіріп Құрманаевты іздеумен болғанына жабыла күлгеннің куәгеріміз.

Бір адамға көңілі толмай, жұрттың жазғаны ұнамайтын партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Досмағанбет Тасекеев еді. Орыс тіліне сауатты болатын. Редакторға сәл ренжісе қаймықпай сөйлейтін. Бір ренішін былайша білдірген еді. Жауапты хатшы Сыздық Алдабергенов екеуі құрдас. Редактор ағамыздың іссапарда жүргенін пайдаланып, Досекең Әзиз Несиннің «Ақылды есек» деген шағын әңгімесін бірінші бетке салдырып жіберді. Әдетте, мұндай әңгімені бірінші бетке беру сирек еді. Досекең редакторға деген ренішін осы әңгімені бергізу арқылы қарымта қайтармақ болды. Іссапардан оралған редактор «Ақылды есек» әңгімесін неге бірінші бетке бердіңдер?» деп жауапты хатшыны қыспаққа алды. Жұрт «сатиралық әңгіме, Әзиз Несин классик» деп қорғаштап отырып алды. Іс сонымен әрең басылған еді.

Газет Хрущевтің тұсында хатшының ұзын-сонар баяндамасынан босамайтын күн кешті. Таң ата әрең басылып шығады. Кезекші біткендер ертеңіне есін жия алмай тынығады. Бірде мынадай қызық болды. Қомшабай Сүйеніш екеуміз кезекші едік. Түн ортасы ауды, Хрущевтің баяндамасы телетайптан  келмей кешігіп жатты. Содан түн ортасы ауа Қомшабайдың үйіне барып, тынығып, жастыққа бас қойдық. Ұйқыға қатып қалыппыз. Сағатқа қарасақ таңертеңгі тоғыз. «Ойбай, құрыдық» деп Қомшабай екеуміз баспаханаға келсек, газет басылып кетіпті. Түн ішінде редактор Ұзақ Бағаев өзі келіп, қол қойған. Ертеңіне редакторға кірдік. Жағдайды айтып түсіндірдік.

«Ұят жасадыңдар ғой, шырақтарым. Шаршаған шығарсыңдар. Бәрін түсінемін. Келешекте мұндай жағдайға бармаңдар». Сабырлы, мінезге бай редактор Ұзақ Бағаев осылайша бізге зілді қабақ танытпай, бәрін ақылға жеңдіргеніне әлі күнге қайранмын. Әлбетте, ашу әлсіздердің әрекетінен шығады ғой.

Бірде, журналистер күніне орай қабырға газетін шығардық. Журналист Қомшабай  Мырқыға арнап эпиграмма жазды. Мәкең «мені мақтады» деп мәз болып, қуанып, үйіне шақырып, бір ешкісін сойды. Мәкеңді жұрт  тағы мақтады. Ұзақ Бағаев «Сенің қырқың – менің Мырқым» деп көтермеледі. Ақын Асқар «Мырқы десең Мырқысың, жанып тұрған шырпысың» деп одан сайын көтермеледі. Мәкең мәз.

Қомшабай бір әзіл өлеңін айтты. Сол өлең былай басталған еді:

–  Шымырлығы жаңғақтай,

Салмағы бар қаңбақтай,

Мәкеңе салсаң ғұмыры

Қалар еді таң да атпай.

Беймезгіл шашы ағарған,

Әзірейілден жан алған.

Кетпейді-ау қолы жағаңнан,

Қан тамады қаламнан, – деп Мәкеңнің бар болмысын осы шумаққа сыйғызды.

Әзіл-оспақтың көмбесі журналист ағамыз Орман Нұрхабаев болды. Газет кешігетін болса дереу «тұмаураттым» деп жатып алатын. Бірде Орекең кезекшілігінде жұмысқа келмей қойды. Редактор Дархан Сапаровты үйіне шақыруға жіберді. Орекең үйінде кең бөлмеде шай ішіп отыр. 

– Жүріңіз, Ореке, бүгін кезекші боласыз. Хрущевтің баяндамасына орай газеттің кезектен тыс саны шықпақшы.

– Жақсы. Мә, бес сом. Бір бөтелке әкел.

Дархан іргедегі дүкеннен бір бөтелке әкеліп, ортаға қойды. Орекең екеуі жартылықты қақ бөліп ішеді.

– Бағаевқа сәлем айт, Нұрхабаев мас де.

– Ореке-ау, бұл сөзді қалай айтам?

– Айт. Мас екен де. Бүгін туған күні де. Мас адамға газет оқуға болмайды де.

Дархан болған жайды редакторға бүкпесіз айтты.

– Жарайды, орнына басқа жігіттер кезекші болсын, – деп  редактор әңгімені үн-түнсіз қайырғаны бар.

Байырғы журналист, әскери жауынгер, майор Әбсадық Жанұзақов зейнетке шығатын болды. Бар мәзірін жасап, шапан кигізіп, қолына конверт ұсындық. Сәлден соң, Әбекең мінбеге шықты.

– Мені жақсылап зейнетке шығардыңдар. Бәріне рахмет, ризамын. Мен жазатайым өліп кетсем, мұндай құрмет көрсетілмейді. Дүниеден өткен күнгі беретін конверттеріңді бүгін қоса берсеңіздер, – деп қарап тұр. Жұрт ду күлді.

Жаңбыр құйып тұр. Түскі үзіліске шығып жатырмыз. Редакторымыз З.Жарқынбаев «Волгасымен» кеңсе алдынан шықты. Ақын Әбдікәрім Оңалбаев хат бөлімін басқаратын. Зекең екеуінің ауылдары бір-біріне жақын. Бірі – «Жаңаталаптан», Зекең – «Мәдениеттен». Жастық шағы бірге өткен, үзеңгілес. Жаңбыр астында тұрған Оңалбаевқа Закең бас изеді де көлігімен үзіліске кетті. «Жаңбыр құйып тұр ғой, үйіңе жақындатып тастайын демеді» деп ақын ренжіп, бөлмесіне қайта кірді, «Машина зары» деген өлеңін жазды. Редактордың үстелінің үстіне қойып, үзіліске шықпай отырды. Сол өлең былай бастаған еді:

– Жараттың неге тағдыр ақын қылып?

Не пайда берді, кәне, ақылдылық?

Жүргенім міне, менің батпақ кешіп,

Кім менің қадірімді жатыр біліп?

Мансап бер, машина бер, о, жасаған,

Ақылдан айырсаң да тақыр қылып.

Болмаса адамзатты теңе қайта,

Бір дөкей министрге қатын қылып.

Сонда мен жалт-жұлт еткен машинаны,

Мінер ем жекеменшік атым қылып.

Өзім де жұрт назарын аударар ем,

Бойымда болмаса да татым қылық.

Түскі үзілістен кейін Зекең бөлмесіне келді. Үстел үстіндегі өлеңді  оқып, біраз үнсіз отырды. Ақынды шақырып, бір ағаттық кеткенін айтты, кешіріммен қарауын өтінгені бар. Міне, мәрттік! «Ақынды құрметтеу деген осы болар» деп бәріміз ой түйдік.

Бір кеңседе ұзақ жыл аудармашы Қ.Бөршеев, меншікті тілші Сұлтан Қожаниязов ағалармен қызметтес болдық. С.Қожаниязов кейін тілшіліктен Тереңөзектің «Еңбек туы» газетіне қызметке ауысты. Бұл жерде құрдасы Б.Уызбаевпен үстелдес отырды. Әзіл-оспақтың шебері, фельетонист болатын. Сұлтан редакцияның Сырдария, Тереңөзек аудандарында меншікті тілші болып қызмет атқарған жылдары Орман Нұрхабаевқа ылғи телефон соғады.

– Жазғаным газетке шықпай жүр? – дейді.

– Ә, Сұлтан өтінішіңіз өте орынды. Ертеңгі номерге жауапты хатшы Сыдық Алдабергенов сенің төрт мақалаңды бірге салғалы жатыр. Таңертеңгі газетті почтадан күт, – дейді.

Таңертең «Ленин жолын» ашып қараса бүкіл бет Хрущевтің баяндамасы. Сұлтекең Нұрхабаевқа:

– Ау, Ореке, кеше төрт мақалаң ертеңгі газетке шығады деп едіңіз. Бір бет Хрущевтің баяндамасы ғой.

– Ә, онда бұл өтінішіңді Хрущевқа айт, – деп Орекең жауап беріпті.

Бір оқиға есімнен кетпейді. «Шөптің басы қимылдайды» деген сықақ әңгіме жаздым. Әңгімеде Шиелі жақтағы бір сауда қызметкері жаңадан бір үй сатып алған, жетпеген ақша орнына ұн, костюм берген. Бар оқиға осы. Осыған бола Шиеліден аудандық кеңес орынбасары, сауда қызметкері келіп, «Мен үй сатып алдым, ұн, қостюм бергенім жоқ!» деп арызданды. Редактор Н.Уәлиев:

– Осы сықақ әңгімеге жауап жазуымыз керек, Қайырбек, – деді.

– Ау, бұл сықақ әңгіме ғой, – десем, Нұрекең болмайды. Сонымен, «Арал жағындағы бір сауда қызметкері үй сатып алған» деп сықақ әңгімені қайта бергізді. Мұндай да қызық болған.

Әр жылдардағы редакторлар Базарбай Сарбасов, Зейнулла Жарқынбаев, Хамза Сыздықов, Сүлеймен Сейітов, Ұзақ Бағаев, Тойбазар Елемесов, Қалқабай Әбенов, яғни, жеті редактор есімі Қызылорда көшелеріне берілген. Бірге қызметтес болған Құрманғазы Бәкіров, Назым Есімова, Дархан Сапаров ұмытылып барады. Осыларды еске алып, қызмет көрсететін уақыт туды.

Қызметтес болған жылдардағы әр редактордың жұмыс стилі, адамгершілік биіктігі әр қырынан көрінді. Зейнулла Жарқынбаев газет қызметкерін қорғауды мақсат етіп қойды. Ұзақ Бағаев шеберлік мектебін қалыптастырды. Жақсылық Рахматулла жас кадрларға қамқоршы болды. Серік Пірназар журналистер еңбегін бағалауды жалғастырды, Нұрділдә Уәлиев партиялық принципті қатаң сақтады.

Иә, біз аға буынның шекпенінен шықтық. Ағаларды мақтаныш тұтамыз. Өсер елдің өнер ұрпағы тұрғанда олардың есімі мәңгілік сақталары ақиқат.

Осы дүниенің соңғы нүктесін қояр тұста бірер аға есімі естен шығып кеткенін байқамай қалыппын. Журналист, майдангер Әбсадық Жанұзақов, Мәлік Қарақұлов, Шәкір Қайырбеков, қос тілге бірдей Жәкебай Жаңабергенов, содан соң облыстық газетте редактордың орынбасары болған, аудандық газетте редактор, облыстық радиода, газеттегі құпиялықты сақтау басқармасында еңбек еткен Жарылқасын Шөкенов, екі ауданда редактор, облыстық газетте ұзақ жыл жауапты хатшы болған Сыдық Алдабергенов атаусыз қалып тұр. Біздер, шекпенінен шыққан інілері, ағалар есімін жаңғыртуды қалаймыз. Дүниеден өткен ағалар ұмытылуға тиіс емес.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<