Әлемнің дамыған елдерінде атақты адамдарын – ұлы ақындары мен жазушыларын, ғалымдарын, музыканттары мен суретшілерін, т.б. түбегейлі зерттеп білу жолға қойылған. Талай ғасыр өтсе де, күн тәртібінен түспей, заман сұранысы, уақыт талабына сай жаңа бір қырынан қарастырыла береді. Олардың өмірі мен шығармашылығын былай қойғанда, тіпті отырған-тұрғаны, ішкен тамағы, ұнатқан, араласқан адамдары, өзіндік әдеттері мен мінездеріне дейін жазылып, үлгі етіледі, насихатталады. Айталық, немістер өздерінің Дантесі мен Гейнесін, француздар Мопасаны мен Бальзагін, ағылшындар Шекспирі мен Байронын, орыстар Пушкині мен Толстойын жан-жақты түбегейлі қарастырған, әлі де зерттеуде.
Қазақ халқы да мұндай тұлғаларға бай. Осы бағыттағы зерттеулер бізде де жүргізіліп келеді. Оған фарабитануды, абайтануды, шоқантануды, шоқайтануды, алаштануды, т.б. айтуға болады. Енді, міне, солардың қатарына Ахметтану да қосылуда.
Бұл күнде бүкіл ел болып 150 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Ахмет Байтұрсынұлы кім? Осы сұраққа жан-жақты жауап беріп, оның өмір жолы мен шығармашылық кезеңдерін жүйелеп зерттеу – осы күннің өзекті мәселесі.
А.Байтұрсынұлының уекипедиялық, энциклопедиялық, ғылыми-танымдық анықтамалықтар мен оқу құралдарында берілген өмірі мен шығармашылық жолына назар аударсақ, оны туған жері Торғайдан бастап, білім алған қаласы Орынбор, алғашқы еңбек жолы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда басталғаны, одан Семейде түрмеде болғаны, одан қайта Орынборда газет шығаруы, Ташкентте, Алматыда институтта сабақ беруімен жалғастырып хронология жасайды. Бір қызығы, өмірі мен шығармашылығына арналған мұнан да басқа шағын мақалалардан бастап үлкен көлемді зерттеулерде оның Қызылордада өмір сүрген жылдары туралы айтылмайды. Ол кезеңді үнемі аттап өтеді не ұмыт қалдырады. Бұл біздіңше, А.Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылық жұмыстарын зерттеудің әлі де бір ізге түспегенін, жүйеленіп болмағанын, өмір белестерінің белгісіз жақтарының көп болуымен түсіндіріледі. Соның ішінде, әсіресе, біз нысана етіп отырған А.Байтұрсынұлының Қызылордадағы кезеңі мүлде қарастырылмаған деп айтуға да негіз бар. Бұл біз ұсынып отырған тақырыптың өзектілігін танытады.
Қазақ – ұшы-қиыры жоқ кең далада көргені мен естігенін қағазға түсірмей, ойына тоқып, ойындағысын көркем сөзбен құлағының құрышын қандырып шебер жеткізе білетін, кітап, қағаз жинамай, сөз жинаған халық. Сол себептен болар, арғы Қорқыт және Асанқайғы аталарымызды былай қойғанда өткен ғасыр саңлақтары, Алаш арыстары, соның ішінде А.Байтұрсынұлының көп дүниесінің өзі әлі де қағазға түспей, жүйеленіп зерттелмей келеді.
Ахметтану ғылымының негізін өзінің замандас інілері М.Əуезов, М.Дулатов, С.Сəдуақасұлы, Е.Омаров, С.Сейфуллин, Т.Шонанов сынды қазақ мəдениетінің тарландары қаласа, көпқырлы еңбегін жан-жақты бағалаған орыс түркітанушылары Е.Поливанов пен А.Самойлович болды. Кейін Кеңес заманында белгілі түркітанушы ғалым, академик А.Кононов 1974 жылы шыққан «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов (дооктябрьский период)» деген еңбегінде кітаптың бір бетін Ахмет Байтұрсынұлына арнап, қысқаша өмірбаяны мен негізгі еңбектерін, ол туралы жазылған əдебиеттерді көрсеткен екен.
Енді мақала көлеміне қарай А.Байтұрсынұлы туралы өз замандастарының жазған жазбаларына шолу жасап өтейік. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ақаңның елу жылдық тойы (юбилей)» деген «Ақ жол» газетінің 4 ақпан 1923 жылғы 270-санында жариялаған мақаласында былай депті: «Осы күнде Ақаң Орынборда. Басынан кешкен толқынды күндер сақал-шашына ерте күннен-ақ ақ кіргізіп, бетіне әжім түсірсе де, әзірше дені сау, жас күннен көңілі сүйген қызметі болғандықтан, Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқытушысы болып жүр. Мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады» деп оның 50 жастағы мерейтойы қарсаңындағы келбеті мен қызметінен хабар береді. Ал М.Әуезовтің мына сөзі А.Байтұрсынұлының кемеңгерлік тұлғасын дәл ашады: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын».
Халық ақыны, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері С.Сейфуллин «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» атты «Еңбекші қазақ» газетінің 2 ақпан 1923 жылғы 64-санында Манап Шамил деген бүркеншек атпен жариялаған мақаласында А.Байтұрсынұлына баға беріп былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлы – қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патшаның арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып даусын шығарған кісі. Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп жарлы табының ғана намысын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады.
Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».
А.Байтұрсынұлының қазақ халқына сіңірген таудай еңбегін XX ғасыр басында Ресей академиктері А.Самойлович («Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы», 1919, «Түрік халықтарының əдебиеті», 1919), Е.Поливанов («Қырғыз-қазақ жаңа (Байтұрсынов) орфографиясы», 1924), А.Кононов («Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы», 1924), Н.Яковлев («Əліпби құрылымының математикалық жүйесі», 1928) зерттеулерінде атап өткен. Алаш қайраткерлері Е.Омарұлы, М.Дулатұлы, Т.Шонанұлы еңбектерінде А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасына əділ баға берілген. Айталық, академик А.Самойлович 1931 жылы Мәскеуден шыққан «Литературная энциклопедияға» А.Байтұрсынұлының өмірбаяны мен шығармашылығы туралы және ол жасаған қазақ алфавитін берген 3 беттік мақала жариялаған. Сол мақалада ол А.Байтұрсынұлына мынадай баға береді: «Народник-националист Байтурсынулы является и первым выдающимся казахским ученым-лингвистом. Он – реформатор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики и основатель теории казахской литературы».
Мәскеуден 1974 жылы шыққан «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов (дооктябрьский период)» деген сөздікте академик А.Кононов А.Байтұрсынұлы жөнінде бір беттік материал береді. Онда оның туған жылы, туған жері, білім алған орны, қызметі туралы айта келіп, мынадай сипаттама береді: «Автор усовершенствованной казахской азбуки, созданной на основе арабского алфавита, им же написаны (на казахском языке) учебники по фонетике, синтаксису, и этимологии казахского языка, а также по теории словесности и истории культуры. Все перечисленные труды написаны по-казахски».
Н.Яковлев «Математическая формула построения алфавита (Опыт практического приложения лингвистической теории)» атты көлемді мақаласында А.Байтұрсынұлының жасаған қазақ жазуын «интуитивті түрде ойлап табылған алфавит» деп бағалайды: «…Тем не менее применение тождественного способа сокращение числа букв в алфавите к одному из тюрко-татарских языков, а именно к казахскому (бывш. киргизскому), полностью сохранившему закон так называемого «сингорманизма» – способа, интуитивно изобретенного одним из местных культурных работников-казаков, Байтурсуном, и примененного вслед за ним Н.Тюрякуловым в его проекте латинской графики, дает новые поле для совершенно безупречного употребления выведенной формулы». Бұл мақала алғаш рет Мәскеуден шығатын «Культура и письменность Востока» деген журналда 1928 жылы басылған екен. Кейін ол Мәскеуден 1970 жылы шыққан А.Реформатскийдің «Из истории отечественной фонологии» жинағында жарияланған.
Профессор Е.Поливановтың 1924 жылы Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің бюллетенінде жариялаған «Новая казак-киргизская (Байтурсуновская) орфография» деген көлемді мақаласында қазақтардың басқа түркі халықтарынан бақыттырақ болуы емле жасауда, атап айтқанда, араб алфавитін қазақ-қырғыз тілінің дыбыстық жүйесіне фонетикалық тұрғыдан өте ыңғайлы әрі икемді бейімдеген, жалпыға бірдей танылған және іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан Байтұрсынов графикасына байланысты деген баға береді.
Қазақ Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтың 1967 жылы академияның президиум мүшелері мен қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің институт басшыларына А.Байтұрсынұлын ақтау жөніндегі ұсынысы: «Мен президент болғалы қай жерге барып, қанша халықпен кездессем де, Ахмет Байтұрсынұлының осы кезге дейін неге ақталмай жүргені туралы сұрақ қояды. Содан кейін ол кісі жайында бірсыпыра деректермен танысқанымда, оның өзінің де, əкесінің де патша үкіметінен зəбір көргеніне, ал Кеңес үкіметіне қарсы не істеген ісі, не айтқан сөзі жоқ екеніне көзім жетті. Жалғыз жазығы – Алаш үкіметінің құрамында болғаны екен. Ал оны кезінде Кеңес үкіметі кешіргені де белгілі. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін аты аталмай, еңбектері жабық қорларда сақтаулы тұрғаны түсініксіз. Сондықтан сіздер мақұл көрсеңіздер, орта буын ғалымдарынан (аға буынды да, жастарды да қоспай) комиссия құрып, айқай-шусыз жан-жақты зерттесек. Комиссияның қорытындысы дұрыс болса, жоғары құзырлы мекемелердің алдында ұсыныс жасауға болар еді».
Академик Рабиға Сыздық – ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы жазып, оның ақталуына бірден-бір үлес қосқан ғалымдардың бірі. Ол былай дейді: «Ахмет Байтұрсынұлының оқу-ағарту ісі мен білім-ғылым саласында істеген қызметі тарихымызда теңдесі жоқ феномендік құбылыс болды деп айта аламыз. Бұған ХХ ғасырдың алты миллиондай қазаққа алғашқы және соңғы ұлттық жазу таңбасын (алфавитін) жасап бергені, қазақ балаларының өз мектебінде оқуларына күш салып, ана тілінің әліппесі (Оқу құралы) мен бастауыш білім сатысына арналған тұңғыш оқулықтарын (Тіл-құрал) жазуы, сауат аштыру әдістерін (Баяншы) ұсынуы, кейінірек (1926 ж.) әдебиеттануға арналған кітап («Әдебиеттанытқыш», мұны бұрын болмаған ғылыми монография десек те, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған тұңғыш оқулық десек те болады) жазғаны дәлел».
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болған заңғар жазушы Ә.Кекілбаев: «…А.Байтұрсынұлы – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Йассауи, Қорқыт, Асанқайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер. Ол рас. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталған алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт пен Асанқайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді. Фараби мен Иассауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады. Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Иассауидің заты түгілі, атына қанық емес еді» дейді.
Ә.Кекілбаевтың осы айтқан тұжырымына назар аударсақ, ол мектеп оқулықтары мен энциклопедиялық анықтағыштарда айтылып жүргеніндей тек ағартушы ғана емес екенін аңғаруға болады. Біздің бұл ойымызды белгілі ғалым Б.Қапалбек те растайды: «Маған Ахмет Байтұрсынұлы ағартушы деген қалыпқа сыймайтын сияқты көрінеді де тұрады. Басында «Маса» болып шағып, «Қырық мысалмен» түртіп қазақ санасына саңылау берген шығар. Бірақ тек ағартушы дегенге келісу қиын енді. Иә, А.Байтұрсынұлы тек ағартушы емес. Қазақ әліпбиін түзіп, жазу жүйесін жасады, онысы бүгін де жарамды болып тұр. Әліппе жазды, онысын 110 жылдан соң қайта қолданбақшы болып әкеліп жатырмыз. Термин жасаудағы, сырттан сөз алудағы ұстанымдары бүгін де өзекті. Жасаған пән сөздерін қолданып келеміз, қолдана да береміз. Демек ол – ғалым, реформатор, ұлт азаттық қозғалыстың көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері». Басқаша айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы – жан-жақты ғаламат тұлға. Санамалап айтар болсақ:
1. Өнер адамы (ақын, аудармашы, күйші, әнші)
2. Салауатты өмір салтын ұстанған жан
3. Қазақтың білім беру жүйесін құрған ақылман
4. Білім мазмұнын қалыптастырушы әдіскер
5. Қазақ ғылымының (тіл білімі, әдебиеттану) негізін салған реформатор ғалым
6. Мемлекет қайраткері (Халық ағарту комиссары, Академиялық орталықты құрушы)
7. Мәдениеттанушы («Мәдениет тарихы» деген зерттеу кітабының авторы)
8. Сыншы (әдебиет және өнер туындыларына баға беріп, пікір жазған)
9. Баспа ісін ұйымдастырушы («Қазақ» газетін құрып, таралымын 8 мың данаға жеткізген)
10. Көсемсөзші (журналист, алғашқы ұлттық газеттің бас редакторы)
11. Халық мұрасын жинақтаушы («Ерсайын» жыры, «23 жоқтау», қазақтың әні мен күйін жинап бастырған)
12. Алашорда үкіметін құрушы («Алаш» партиясының бағдарламасын жазған)
13. Қазақ радиосын алғаш құрушылардың бірі және т.б.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығының хронологиясын берген әртүрлі энциклопедиялар мен анықтағыштарда, арнайы ғылыми зерттеулерде оның Қызылорда қаласында тұрған кезі, ондағы қызметі мен шығармашылығы туралы дерек мүлде жоқтың қасы. Дегенмен осы тақырыпты зерттеу барысында біздің қолымызға түскен Р.Имаханбеттің Ахмет Байтұрсынұлы: ғұмырбаяндық деректер. «Алаштың Ахметі» еңбегінде және Б.Алиева, С.Жауымбаевтың «Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» e-history.kz сайтында жариялаған мақаласында А.Байтұрсынұлының Қызылордада болған уақыты және қызметі көрсетіліпті.
А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты осы берілген мәліметтерді жинақтай, топтай айтсақ, оны үшке бөлуге болады:
1-кезең. 1895-1909 жылдары 13-14 жыл бойы бала оқытты (Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы кезеңі).
2-кезең. 1913-1929 жылдары газет-журнал беттерінде, мəслихат-жиындарда қазақ даласындағы оқу-ағарту жайын кеңінен сөз етті, ұсыныстар жасады (Орынбор және Қызылорда, Ташкент, Алматы кезеңі).
3-кезең. 1929 жылғы шілдеден 1931 жылдың қаңтарына дейін Мəскеудің «Бутыркасында» отырады да содан соң Архангельск облысына жер аударылады. Бұдан ол мерзімінен бұрын босап, 1934 жылы қайтып оралады. Бірақ бұл бостандық та қысқа болды. Небəрі үш жылға жетер-жетпес уақыттан кейін 1937 жыл 8 қазанда қайтадан қамауға алынып, ақыры атылады (Алматы кезеңі).
Сонда А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамы мен ғылымына еңбек етіп, тер төккен кезеңі бірінші және екінші кезеңде болса, екінші кезең ішіндегі 1925-1928 жылдары Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында тұрып, ұлт жұмысының көшбасында болған уақыты екенін көруге болады. Сондықтан оны болашақта арнайы зерттеудің маңызы байқалады.
А.Байтұрсынұлы шығармашылығының Қызылорда кезеңіндегі Қазақ халық ағарту институтындағы оқытушылық қызметінен бөлек, өзінің үзбей айналысқан ғылыми шығармашылығының шыңы ретінде танылатын «Тіл-құрал» атты оқулық кітабы бірнеше рет толықтырылып, өңделіп, қайта басылып отырған. Жалпы бұл еңбек алғаш 1914 жылы Орынборда жарық көрген. Көлемі 53 бет. Кейін ол әр жылдарда толықтырылып, жазылып отырған. Мысалы, 1915 жылы (Орынборда, көлемі 120 бет), 1918 жылы (Ташкентте, көлемі 32 бет), 1920 жылы (Ташкентте, көлемі 96 бет), 1920 жылы (Қазанда, көлемі 104 бет), 1922 жылы (Ташкентте, көлемі 90 бет), 1922 жылы (Ташкентте, көлемі 96 бет), 1923 жылы (Орынборда, көлемі 128 бет), 1923 жылы (Орынборда, көлемі 46 бет), 1923 жылы (Орынборда, көлемі 68 бет), 1924 жылы (Орынборда, көлемі 48 бет), 1924 жылы (Орынборда, көлемі 128 бет), 1924 жылы (Орынборда, көлемі 67 бет), 1925 жылы (Қызылордада, көлемі 39 бет), 1925 жылы (Қызылордада, көлемі 122 бет), 1925 жылы (Қызылордада, көлемі 73 бет), 1926 жылы (Қызылордада, көлемі 39 бет), 1927 жылы (Қызылордада, көлемі 39 бет), 1927 жылы (Қызылордада, көлемі 122 бет), 1927 жылы (Қызылордада, көлемі 73 бет), 1927 жылы (Қызылордада, көлемі 73 бет), 1928 жылы (Ташкент-Қызылордада, көлемі 72 бет).
Осы мәліметтен көріп отырғанымыздай «Тіл-құрал» Қызылорда қаласында 1925 жылы 3 рет, 1926 жылы 1 рет, 1927 жылы 4 рет және 1928 жылы 1 рет, барлығы 9 рет жарық көрген. Осылармен қоса А.Байтұрсынұлының «Тілжұмсар» – бастауыш мектепке арналған оқулық кітабы да 1928 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген. Сонымен бірге А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» хрестоматиясы Қызылорда қаласында 1926-1927 жылдары екі рет басылып шыққан. «Әліпби, жаңа құрал» оқулық кітабы Қызылорда баспаханасынан 1926 жылы жарық көрген. Сондай-ақ, «Әдебиет танытқыш» еңбегі де осы Қызылорда қаласында жазылып, жарық көрген. А.Байтұрсынұлының қазақ халқының басында болған қайғылы оқиғаларды сипаттайтын өзгеше бір жыр өрнегі 23 жоқтаудың басын құрастырып, «Жоқтау» деген жинағы да Қызылорда кезеңінде жазылып, басылуы – үлкен маңызы бар тарихи факт.
А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми-ағартушылық қызметінің Қызылорда кезеңіне қатысты мәліметтер өте аз және оны арнайы зерттеу де әлі жолға қойылып, жүйеленбеген. Біз өз зерттеуімізде әзірше қолымызда бар екі нақты мәліметке сүйендік. Оның бірі – Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және «Шындық шырағы» атты естелік еңбектері. Екіншісі – Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві материалы (184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс).
Гүлнар Міржақыпқызының естелік еңбектерінде А.Байтұрсынұлының Қызылорда қаласына қалай келгені, қайда орналасқаны, қызметі туралы көрген-білгенін айтады: «Қызылордаға келісімен орналасқан үйіміз Ерғали Қасымов төренің үйі болатын – Садовая, 7. Кейін Селиверстова, 17. Үйдің бір бөлігі Байтұрсыновтың семьясына қарайтын да, ал екінші бөлігінде біздер – Дулатовтың семьясы тұратынбыз… Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша А.Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз.
Астана 1928 жылдың жазында Алматыға ауыса бастағанда А.Байтұрсынов өзінің жұмыс істеп жүрген оқу орнымен бірге көшкен-ді. Босаған үйдің орнына Ерғалидің інісі Ибрагим Елікейұлы Қасымовтың семьясы көшіп келген-ді».
Гүлнар Міржақыпқызы естелігінде мынадай бір қызық мәліметті Міржақып пен Ахмет арасындағы диалог арқылы береді:
Міржақып:
– Оу, ағасы, осынша кешігіп келуіңізге қарағанда, төтеннен қырсық-кедергі болған жоқ па?
Ахмет:
– Ештеңе де бола қойған жоқ. Өзің білесің ғой, Торғай мен Қызылорданың аралығы шалғай, алыстығынан кешігіңкіреп келуіме тура келді. Оқасы жоқ, әйтеуір жеттік қой. Егер Қостанайдан поезбен шықсам, тез жетер едім, бірақ оның ыңғайы келмеді. Өйткені ауылда өзімнің сақтаулы пәуескем (фаэтон) бар-тұғын, соны Қызылордаға жеткізу үшін көлікпен шықтым емес пе! Келешекте қолымда ат арбам болуы қажеттігін ойладым, қызметіме жаяу бармай, фаэтоныма мініп жүргенге не жетсін! Оны жүргізуге атқосшыны да ала келдім. Бұл жігіт оқымаған, әке-шешесінен жастай жетім қалып, кім көрінгенге жалданып, күнін көріп жүргенін естіген соң, өзіме жәрдемі тиер, атымды бағып, жүргізер әрі оқытайын деп ала келгенім ғой.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы Қызылорда қаласында 1925-1928 жылдар арасында тұрып, студенттерге сабақ беріп, ғылыми және әдістемелік жұмыстармен айналысқан. Оның Қызылордада сабақ берген оқу орны Қазақ халық ағарту институты деп аталды. Бұл институт алғашқыда арнаулы орта оқу орны ретінде 1919 жылы Орынборда ашылған. Мұнда қазақ мектептеріне мұғалімдер даярланды. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты. Оқу орны 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. 1925-1928 жылдары институтта С.Сейфуллин сабақ берген, кейін ректоры болды. 1925-1929 жылдары А.Байтұрсынұлы осы институтта дәріс оқыды. 1928 жылы Алматыда Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) ашылуына байланысты жабылып, қайтадан Қазақ халық ағарту институты (орта дәрежедегі оқу орны) болды.
А.Байтұрсынұлы осы институтта сабақ берген уақытында денсаулығына байланысты 1 рет және басқа да себептерге орай 4 рет студенттерге дәріс бере алмаған. Бұл 1927 жылдың 16-23 қыркүйегінде Қазақ халық ағарту институтына мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің жүргізген актісінде көрсетілген. (Қараңыз: Қазақстан Республикасы Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві. 184 қор. 1-тізімдеме, 17-іс.). Онда жұмыс орнында белгілі-белгісіз себептермен болмаған жағдайларына орай, актінің 8-тармағында көрсетілген денсаулығына байланысты жұмыс орнында болмағанына орай бұрын төленген 2 сом ақшаны, актінің 9-тармағында көрсетілген іссапарда болған күндеріне төленген 254 сом 17 тиын ақшаны және осы актінің 7-тармағында кезекті еңбек демалысына төленген 165 сом 98 тиын ақшаны Ахмет Байтұрсынұлының институт кассасына қайтаруы керек екені айтылған. Бұл дерек 1927 жылдың 29 қарашасы күні мемлекеттік қаржы тексеру бөлімінің инспекторы Зарихиннің қолы қойылған актіде көрсетілген.
Осыған А.Байтұрсынұлы түсінік беріп, тексеру комиссиясының ақпараты жеткіліксіз, толық емес екенін айтады. Сондай-ақ ол өзінің институттағы қызметінен бөлек негізгі айналысып жүрген жұмысы туаралы мәлімет береді: «Менің жұмысым – шығармашылық жұмыс, яғни қазақ ұлтының әліпбиін дайындап жатырмын, бұл жұмыспен бұрын-соңды ешкім айналысқан емес. Қазақ тілінің жазба әдісін, қазақ тілінің әліпбиін, орфографиясын, грамматикасын, қазақ ұлтының сауатын ашу әдістемесін дайындау жұмыстарымен 30 жылдан аса уақыт бойы айналысып келемін. Бұл жұмыспен оқу орнының қабырғасында ғана айналыспаймын, бар өмірімді осы жұмыстарға арнағанмын. Шығармашылық жұмыстарыма көп уақытымды жұмсаймын».
Міне, бұл естеліктер мен архивтік деректер А.Байтұрсынұлының Қызылорда кезеңіндегі халық үшін еңбек еткен ерен тұлға екенін, оның әрбір ісінің мейлі білім беру, мейлі ғылым, мейлі әдістеме болсын бәрі де қазақ үшін, оның ғылымы үшін жасалған таза, былғанбаған ақиқат екенін көрсетеді. Осыдан келесі ұрпақ үлгі-өнеге алуы үшін Ахметтей аталарымыз үнемі әр қырынан насихатталып отыруы тиіс. «Иә, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершегін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес» деген Ә.Кекілбаевтің сөзі жадымызда болуы керек.
А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамы мен ғылымына таза еңбек етіп, тер төккен кезеңі 1925-1928 жылдар, яғни Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында тұрып, ұлт жұмысының көшбасында болған уақыты екенін көруге болады. Сондықтан оны болашақта ахметтанудың арнайы бір бағыты ретінде зерттеу қажет.
Аман АБАСИЛОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<