Алапат ашаршылық туралы ақиқат

1056

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 10 қарашадағы «Саяси құғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы осы бағытта тәуелсіздік жылдарында басталған жұмыстарға жаңа серпін берді.

Кеңестік саяси құғын-сүргінмен қатарлас айтылатын бір нәубет-халқымыздың жартысын жалмаған сұрапыл аштық жайлы.Аштық-жылау мен сықтаудың тақырыбы емес,ұлттық бірлік пен сананың, елдік байып пен сабақтың өзегіне айналуы тиіс. Биыл 1921-22 жылдардағы ашаршылыққа – 100 жыл. Бұл тақырыпта отандық ғалымдардың ғылыми, архив деректерімен екшеленген мақалалары жарияланып келеді. Атап айтқанда, әл Фараби атындағы Қазақ ҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Талас Омарбек деректерінде 1921-1922 жылдардағы архив деректері бойынша Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Торғай губернияларына кірген Батыс Қазақстанда халық 1917-1923 жылдар аралығында 981384 адамға кемігенін, «алапат аштық 1921-1923 жылдар арасында аталған өңірде ауыл халқының саны-31,4 пайызға азайды», -деп көрсеткен. Жазушы Смағұл Елубай «Ұлы даладағы ұлы апат»тақырыбындағы баяндамасында 3 ашаршылық кезеңі болғанын, біріншісінде 1918-1919 жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болса, екіншісінде 1921 жылғы ашаршылықта 1 млн 700 мың қазақ қырылды делінсе, Парламенттік комиссия қорытындысы бойынша 1931-1933 жылдары ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны-2 млн 300 мың делінсе,өзге ұлт өкілдерінің шығыны 200 мың адамды құраған деп баяндайды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д,. профессор Зиябек Қабылдинов Нұр-Сұлтан қаласындағы мұрағат қорын негізге ала отырып, 1921-1922 жылдардағы аштық себептері мен шығынына тоқтала отырып,алдағы жүргізілетін ғылыми зерттеу жұмыстарын жергілікті жерлерден архив материалдарын негізге алып, ашаршылықты көзімен көрген адамдардың естеліктерін топтастыру керек деп ұсыныс білдірді.

Тарих ғылымдарының кандидаты,жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Ұлттық апат :үш дүркін ашаршылық» баяндамасында 1917-1933 жылдары төрт жарым миллион қазақтың өмірін жалмаған апатты әліде зерттеп, адам шығынын әлі де нақтылауға ғалымдарды тартуға назар аударды.


31-мамыр- Саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп аталып келеді. Аштық қасіреті туралы айтқанда, Б. Майлиннің «Күлпәш» ,Ж.Аймауытовтың «Даладағы наурыз»,С.Елубайдың «Ақбоз үй», Ж.Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі»,Т.Әбдрахманованың «1932 жыл» әңгіме,поэмаларын айтамыз,бұл шығырмалар теңіздің тамшысындай болғанымен, алапат аштықтың себебін ашатын ақиқат жолды көрсетеді.

Ашаршылық – өте күрделі және терең тақырып. Бұл бүгін еске алып,ертең ұмыт болатын дүние емес. Ашаршылық халқымыздың көптеген шаңырағын шарпып өтті,ол қазіргі күнге дейін санамызда жаңғырып тұр. Сондықтан ашаршылық апатын бүкіл ел аумағы бойынша зерттеуге аудандық,облыстық,қалалық мұрағаттарында архивте сақталған қор материалдарын толық зерттеп,нақты аштық құрбандарының санын айқындайтын уақыт жетті деп ойлаймын және осы зерттеуге барлық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар,магистрлер атсалысуы керек.

Қ.Қыпшақбаев,

«Болашақ» университетінің жоғары колледж оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<