АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАТЫСҚАН

844

0

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАТЫСҚАН Ел тарихындағы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс – Алаш қозғалысы деп аталды. 

Деректерге сүйенсек, осы кезеңде қазақ даласында патшалық Ресейдің пәрмені күшейе түскені байқалады. Мәселен, Ресейден көшіп келіп, қазақ жеріне қоныс­тану­шылардың күрт арта түсуі де отаршыл биліктің түпкі мақсатын танытқандай еді.  Себебі, нақ осы тұста қазақтардың негізгі күнкөрісі – төрт түлігі тең жайылған құнарлы жерлерден ығыстырылуы белең алды. Бір сөзбен айтқанда, тұрғылықты халықтың өрісі тарылды.

Ен даланы еркін жайлап, ата қонысында алаңсыз күн кешіп жатқан халықтың ендігі жерде өзін-өзі сақтап қалуы және де ұлт ретінде аса маңызды моральдық құ­қық­тары мен материалдық құн­ды­лық­тарын  қорғау үшін саяси тұрғыда күресу мәселесі туындады.  Бұл орайда ұлт мүддесі үшін ұйыса білген қазақ зиялыларының бастамасы өз деңгейінде нәтижесін берді.

Тарихи деректерге зер салсақ, Бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылдың  21-26 шіл­десі аралығында Орынбор қала­сында өтті. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам адам қатысқан. Халел Досмұхамедұлының төраға­лығымен өткен осы съезде сол кезеңдегі елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты 14 мәселе қаралды. Олардың қата­рында: мемлекеттік құ­ры­лыс, Қазақ автономиясы, жер мәселесі, халық милиция­сы, оқу, сот, дін мәселелері бар. Сондай-ақ, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бү­кіл­ресейлік мұсылмандар ке­ңесі, Қазақ саяси партиясын құру төңірегіндегі мәселелер қаралып, нақты тұжырымдар айқындалды.

Осынау тарихи оқиғаның бел ортасында жүріп, ұлттық мүддені көздеген маңызды мін­деттерді жүзеге асыруда алдыңғы саптан табылған жер­ле­сіміз Серқұл Алдабергенов жайлы жалпы көпшіліктің біле бермейтіні рас. Елбасының тапсырмасымен дәл қазіргі таңда  іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған өлкеміздің тарихын танып, сол тарихтың түзілуіне себепкер болған тұлғалар жайын тереңірек білуді міндеттейді.

«Арыс» баспасынан Ғ.Әнес, С.Смағұло­ваның құ­рас­­­тыруымен 2009 жылы шық­­­қан «Алаш. Алашорда» эн­цик­лопедиясында С.Алда­бер­геновтің өмірбаянының то­лық нұс­қасы жазылған.

Алаш қозғалысының қай­рат­кері Алдабергенов Серқұл 1883 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылдық округінде дүниеге келген. Жөлекті орыс-бұратана мектебінде, одан әрі 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегізжыл­дық гимназияда білім алады. Мұнда оқи жүріп, «Суды пайдалану және жерді игеру» маман­дығын игеріп шыққан ол туған жері Төменарыққа келіп, ел ісіне араласады. 1904-1912 жылдары Перовскіде уезд бас­ты­ғының орынбасары, 1912 жылы Төменарық болысының бас­қарушысы болып сайла­нып, сол елді мекеннің әлеу­меттік-экономикалық мәсе­ле­­лерін шешуге белсене үлес қосады. Ташкентте М.Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, С.Өте­генов, Қ.Қожықов, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов, т.б. ұлт зиялыларымен бірге саяси жұ­мыс­­тарға араласады.

С.Алдабергенов 1917 жыл­­­­дың 21-26 шілдесі күн­дері Орынборда өткен Бірінші Жал­пы­­қазақ съезіне Сырдария облысының атынан қатысқан болса, осы жылы 8-11 қазанда Түркістанда өткен Сырдария облысы мұсылмандар съезінде Құрылтай жиналысына баратын өкіл ретінде сайланған. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен Екінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысынан қа­тыс­қан. Одан кейін, 1918 жылы 5-9 қаңтарда Ташкентте өткен Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысып, территориялық тұ­тас­тыққа қол жеткізу идея­сын көте­рушілер арасында болды.

Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін Перовск уездік атқару комитетіне мүше болып, жер бөлімін басқарады. 1930 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтің көмегімен ату жазасынан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кет­кен. Ал 1935 жылы 25 нау­рызда ЧЧХК-нің айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер ау­дарылған. Одан кейінгі тағ­дыры белгісіз.

Жоғарыда айтылған де­рек­терді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсынның «Алаш қозға­лы­сының қайраткері» ма­қаласы толықтыра түседі. Онда былай дейді: «Тарихи әдебиеттерде Алаш партиясына мүше немесе оған тілектестікте болған 500-ден астам жеке тұлғалардың есімі белгілі. Бұл сан алдағы уақытта одан да ұлғаюы әбден мүмкін. Осы аталған әрбір тұлғаның өмірбаяны қалпына келтірілсе, Отан тарихының мазмұны бұрынғыдан да толыға түсер еді. Әзірге Алаш қайраткерлерінің басым бөлі­гінің тарихи өмірбаяны қалпына келтіріле қойған жоқ. Тарихшылардың назары ауа қоймаған сондай алашшыл тұлғалардың бірі – жерлесіміз Серқұл Алдабергенов. Түр­кістан уезінде туып-өсіп, Түр­кістан өлкесіндегі Алаш қозғалысына белсене ара­лас­қан Серқұлдың өмірі мен қызметінің өнегесін тіріл­ту бүгінгі күнгі рухани жаң­ғыруға қызмет етеді.

Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серқұлдың Алаш қоз­ғалысының белсенді өкілі бол­ғандығын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қыз­метін ғылыми тұрғыда қал­пына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өз­бек­стан Республикасының архив­те­рінде және Қауіп­сіздік ко­ми­­тетінің архивтерінде сақ­таулы».

Иә, ұлт тарихынан ойып тұрып орын алатын Алаш қозғалысы көтерген ұлттық мүдде, елдік ұстаным мә­се­лелері қай уақыт тұр­ғысынан қарасаңыз да мемлекет үшін маңызды болып қала бермек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<