Алаш кезеңі жайында архив материалдарын зерттеп, сала ғалымдарының еңбегін зерделегенде, ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған ренессанстық құбылыс – Алаш қозғалысының қазақ халқының азаматтық тарихындағы рөлін, қазақ ұлтын дамытудағы тұжырымдамасын былайша пайымдауға болады. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының тарихи миссиясы:
− отаршылдық арбаудағы Қазақ елін оятты;
− қазақ жұртын ұлт ретінде біріктірді, тұтастырды;
− қазақ жұртында алашшылдық сана қалыптастырды, бойына елдік рух сіңірді;
− қазақты еркіндікке шақырды, дербес ел бола аласың деген пікірге сендірді;
− қалың бұқараны ұлтшылдыққа, елжандылыққа, адамсүйгіштікке, имандылыққа баулыды;
− ұлттық баспасөзді тудырды;
− қазақтан тұңғыш депутаттарды шығарды;
− қазақтың тұңғыш жалпыұлттық саяси партиясы – «Алашты» құрды;
− Ұлт кеңесі – «Алашорда» үкіметін сайлады;
− Мемлекеттік-құқықтық атрибуттарды қалыптастырды;
− Алаш милициясын жасақтады;
− қазақ жерінің біртұтастығын сақтады;
− төте жазулы қазақ әліпбиін құрастырды;
− Алаш мектептерін ашты;
− қазақ жазба әдеби тілін жаңа сатыға көтерді, стилін қалыптастырды;
− жаңа мазмұндағы ұлттық жазба әдебиетті өмірге әкелді;
− қазақтың тұңғыш романын, повесін, пьесасын жазды;
− ұлттық гуманитарлық, қоғамдық, жаратылыстану ғылымдардың негізін жасады;
− ұлттық тарих, тіл білімі, әдебиеттану ғылымдарының негізін қалады;
− Абайтану ілімінің негізін салды;
− қазақтың тұңғыш жастар ұйымын құрды;
− ұлттық театрды дүниеге әкелді;
− алғашқы қазақ оқулықтарын жазды;
− қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнын ашты;
− қазақ ғылымын, өнерін, мәдениетін, әдебиетін әлемге танытқан тұлғаларды тәрбиеледі;
− Алаш қайраткерлері құрбандыққа шалынып, патшалық Ресей билігінің, коммунистік Кеңес үкіметінің қазақ ұлтына қарсы жүргізілген экспансиялық, отаршылдық, геноцидтік саясатының зардабын тежеді.
Қазақ ұлтының дамуына, атамекен жер тұтастығының сақталуына, Алаш баласының елдікке жетуіне бағытталған бұл игілікті істің барлығы Алаш қозғалысы аталатын ұлы тарихи құбылыс сипатын тұжырымдап көрсетеді.
ХХ ғасыр басында ел бола аласың, автономиялы жұртқа айналасың деген пікірді қазақ халқының санасына сіңіріп, көңіліне сендірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысының қайраткерлері тағдырлы 1917 жылғы Алашорда ұлт кеңесі құрылғаннан кейінгі кезеңде төрт астананы көріп кетті. Олар: Алаш, Орынбор, Қызылорда, Алматы. Алаш қаласы екінші Жалпықазақ-қырғыз сиезінен кейін Алашорда тұсында сайланса, қалған астаналар Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы тұсында белгіленді. Мерзімі қысқа болса да, тұңғыш орталық болған Семей шаһарының бір бөлігі – Алаш қаласының ұлт тарихындағы орны бөлек. Одан кейінгі екінші астана Орынбор – қазақ қайраткерлерінің Мәскеудегі большевик билігімен келіссөз жүргізіп, мәмілеге келіп, автономиялы жұрт болғаннан кейінгі орталығы. Ал Қызылорда – Түркістан республикасы ыдырап, қазіргі оңтүстік аймақтардың Қазақстанға қосылғаннан кейінгі кезде астана мәртебесіне ие болған тарихи қала. Сондай-ақ Қызылорда – қазақ жұртына өзінің төл қазақ атын қайтарған шаһар.
Қызылорда қаласының ел тарихындағы маңызды орнын көрсеткенде, Алаш қайраткерлерінің ұлт жолында жүзеге асырып үлгерген игі істерінің орталығына айналғанын да ерекше атаймыз. Астана Қызылордадан ауысқан мезгілде Алаш қайраткерлері де қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық биліктен біржола шеттетілді. Қызылордадан астана мәртебесі кеткен кезде, қазақ жұрты оқыған Алаш азаматтарынан қол үзді. Сондықтан Қызылорда Алаш арыстарының табаны тиген, ұлтқа еңбегі сіңген қасиетті топырақ болып саналады. Астана Алматыға ауысқан мезгілде Алаш арыстары жаппай абақтыға қамалып, қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл ретте Алаш қайраткерлерінің қазақ жұртына сіңіріп үлгерген соңғы қажырлы да табанды еңбегі Қызылорда топырағында қалды дей аламыз. Бұл қалада Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Дулатова көрсеткендей, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жағыпар Лапин, Қоңырқожа Қожықұлы, Серікбай Ақайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Әлмағамбет Құрымшин, т.б. азаматтар өмір сүрді. Алаш қайраткерлерінің бірқатары бұл қалада ағартушылық, баспасөз саласында қызмет етсе, біразы кітаптарын, оқулықтарын жарыққа шығарды, ғылыми жиындарға қатысып, қазақ ғылымының қалыптасуына негіз болатын еңбектерін өмірге әкелді.
Алаш қайраткерлерінің игі жұмыстары ішінде Қызылорда қаласында ұлт театрының ұйымдастырылуын ерекше атағымыз келеді. Театрдың өмірге келуі қазақ мәдениеті тарихындағы елеулі із болып саналады. Ұлт театры ұйымдастырылуының бастауында да Алаш арыстары тұрғандығы тарихи шындық.
1925 жылдың қазан айында, осы күннен тура 100 жыл бұрын Қазақстанның әр аймағында тума дарынымен, өнерімен елді тәнті еткен әртістер, өнерпаздар Қызылорда қаласына шақырылды. Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасұлының ұйымдастыруымен Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, атақты күш иесі, балуан Қажымұқан Мұңайтпасов бастаған біртума өнер тарландары қазақ театрының негізін қалады. Осылайша, Сырдария бойындағы қасиетті топырақта қазақ баласына жаңа өнер түрі өмірге келді.
Алайда театр тарихын айтқанда, әлі күнге дейін түзетілмей келе жатқан кейбір ақтаңдақ мәселені де ескерткіміз келеді. Алматы төріндегі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының сайтында: «1926 ж. 13 қаңтарда театр шымылдығы ресми түрде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды. Алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына алғашқы директоры Д.Әділов, шығармашылық қалыптасуына алғашқы режиссер Ж.Шанин көп еңбек сіңірді» деп көрсетілген. Өнер ордасының тарихындағы бұл мәліметті түзету керек екендігі Алаш арыстары ақталғалы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері баспасөзде, ғылыми жиындарда талай мәрте айтылып келеді. Театр шежіресінде Алаш қалам қайраткері Қошке Кемеңгерұлының есімі аталуы орынды, тарихи тұрғыдан әділ болады деп санаймыз. Себебі Мемлекеттік ұлт театры Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен ресми ашылғаны тарихи шындық.
Театр тарихындағы бұл ақтаңдақ жайында Р.Рүстембекова, Б.Қойшыбаев, Д.Қамзабекұлы, Г.Орда есімді ғалымдар жазды. Академик Дихан Қамзабекұлы «Мемлекет театрының туған күні» атты зерттеу мақаласында былай деп көрсетті: «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылы қаңтар айындағы бірнеше санының бірінші бетінде басылған хабарландыру мәтіні төмендегідей: «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан – концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше» (Д.Қамзабекұлы. Руханият. Алматы, «Білім» баспасы, 1997, 207-208 бб.). Халық ағарту комиссары болған қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы театрдың ашылғанына байланысты бірнеше мақала жазды. Олар ресми басылым – «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды. Газеттің 1926 жылғы 24 қаңтарда шыққан «Алтын сақина ойыны туралы» атты мақаласында қайраткер былай деп көрсетті: «Ғинуардың 13-і күні Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Концерт бөлімінде ән салынып, күлдіргі тақпақтар айтылды. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды» (С.Сәдуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Алаш» баспасы, 2003, 270-б.).
Біз ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің театр өнерінің тарихындағы орнын биік бағалаймыз. Сонымен бірге тарихи шындықтың бұрмаланбауын, әділдіктің орнағанын қалаймыз. Біле білсек, Мұхтар, Қошке, Смағұлдар – замандас, ниеттес, қаламдас, дос адамдар болған. Олар да ақиқаттың бұрмаланбағанын тілер еді деп білеміз. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» кітабында М.Әуезов: «Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса… Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» еңбегін қарап өтсін дейміз» деп жазды. Қошкенің қаламгерлігін, Алаш рухында ниеттес жан болғандығын Мұхтар бағалаған. Екі азамат 1918 жылы сәуір айында Омбы қаласында өткен Қазақ жастарының тұңғыш сиезінде танысқан. Мұхтардың тырнақалды мақалалары Қошкенің редакторлығымен Қызылжар қаласынан жарық көрген «Жас азамат» газетінде басылды. Екі қаламгер 1924 жылдың жазында Германиядан келген неміс профессоры Макс Кучинскимен бірге Абай елінде экспедицияда қатар жүрген. Ташкентте 1930 жылы аспирантурада оқып жүрген кездерінде бір күнде тұтқындалып, абақтының азабын екі жыл бірге тартқан. Мұхтар Әуезов бостандыққа шығып, Қошке Кемеңгерұлы қуғын-сүргіннен құтыла алмай Валуйкеге жер аударылып, ақыры 1937 жылдың күзінде Омбы қаласында 41 жасында оққа ұшты.
«Қазақ баспасөзінің қатесін көрсе, Еуропа әйелдері бала тастар еді» деген Алаш көсемі Ә. Бөкейханның сөзі бар. Арада бір ғасыр өтсе де, ұлт театры тарихындағы қатені әлі де түзете алмай жатқанымыз өкінішті. Қаңтар айында ұлт театрының ресми ашылғанына 100 жыл толады. Алғашқы қойылым авторы, Алаш қалам қайраткері Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл болады. Осынау мерейлі жылда М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының сайтында, оқулықтарда, мектеп оқушыларының тест сұрақтарында тарихи шындық дұрыс жазылса деп тілек білдіреміз. Театр шымылдығын ашқан тарихи «Алтын сақина» пьесасы 100 жылдан кейін Қызылорда қаласында тағы да қойылса деп ниет қыламыз.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының
кандидаты





