АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

6592

1

Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулар мен тың серпілістер тарихи оқиғаларға жаңа тарихи таным бағытында зерттеу мен тың деректер негізінде қайта сараптап зерттеу мүмкіндігін әперіп, Отандық тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің орнын толтырып, болған оқиғалар мен құбылыстарға жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, тарихи шындықты зерттеп, зерделеп жария етіп отыратыны ұлттық зиялылар қызметі арқылы жүзеге асатыны мәлім. Егеменді Қазақ мемлекетін құру жолында ұлттық сананың қалыптасуы мен қазақ ұлтының өткен тарихын, жекелеген тұлғалары мен тарихи үрдістерін шынайы түрде толық қарастыруды қажет етіп отыр. Қоғамда ұлттық зиялы қауым өкілдерінің, саяси қоғам қайраткерлерінің, тіпті ел ішінде танымал болған белгілі мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің есімдері ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңынан басталған кеңестік жүйенің арнайы жүргізген саяси іс-шараларының құрбаны болып кете берді. Кеңестік тарих ғылымы төңкеріске дейінгі жекелеген ұлттық тұлғалардың өмір жолдары мен азаттық жолындағы күресі мен ұлтына арнаған қоғамдық-саяси қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар тұрғысынан қарастырды, зерттеуге тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып, тарихи шындық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді.

ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялыларының ұлттық демократиялық көзқарастары мен тәуелсіздік жолындағы күресін бағалау екі бағытқа бөлінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен Ү өлкелік партия конференциясында Голощекин «алаштықтардың» әрекеттерін «Біз ақпан революциясына дейінгі және одан кейін де басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов және М.Дулатов сияқты ұлтшыл қазақ интеллигенциясы тұрған ұлттық қозғалысты қалай бағалауымыз керек? Сондай-ақ бұл ұлтшыл интеллигенция тобына біздің партияның қазіргі қатынасы қандай болмақ? Түсінікті ғой, жолдастар, ақпан революциясына дейінгі буржуазиялық азаттық қозғалысы, мәселен, Қытайдағы ұлтшыл-буржуазиялық эелементтер бастаған ұлттық революциялық қозғалыс сияқты, объективті революцияшыл болды, ол қазір реакцияшыл, тіптен контрреволюцияшыл. Басқа ештеңе емес» деп қорытты. Ұлт-азаттық қозғалыс интеллигенцияның қызметіне берілген бұл партиялық баға теория жүзінде ұлшт-азаттық қозғалыс идеологиясына және практикада оның иесі ұлттық демократияшыл интеллигенцияға қарсы шабуылға көшуге негіз болған еді. 20-жылдардың екінші жартысында партиялық тапсырма бойынша алаш қозғалысы тарихына арналған А.Бочаговтың очерктері және Мартыненконың құжаттар жинағы жарық көрді. А.К. Бочагов өз еңбегінде қазақ зиялыларын 3 топқа бөліп қарастырды: жоғарғы, орта және төменгі. Мұнда әр топтың мүшелерінің саяси ұстанымдары олардың төңкеріске дейінгі кәсіби деңгейіне, материалдық жағдайына және қоғамдағы иерархиялық орнына қарай бөлді. Жалпы, бұл екі автор да ұлт-азаттық қозғалысқа қарабайыр таптық тұрғыдан ғана келіп қоймай, сонымен бірге қазақ тіліндегі құжаттық материалдарды елемеді, сондай-ақ ашықтан-ашық тарихи деректерді бұрмалай жазды.

Қоғамдық өмірде қалыптасқан жағдайға байланысты ұлт-азаттық күрес зиялыларына қатысты екі көзқарас байқалды. 1933 жылы 8-28 желтоқсан аралығында қазақ марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институттында Алашорданың контрреволюциялық рөліне арналған ғылыми конференциялар өткізілді. Конференцияда Брайнин мен Шафиро Алашорда тарихы бойынша жазып жатқан очерктер кітабы негізінде баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында Меңдешев, Асфендияров, Федоров, Мусиндер ғасыр басындағы зиялылардың қызметін бұрмалап, біржақты түсіндіруге қарсылық көрсетсе, Жангелдин, Құрамысов, Брайнин, Шафиро бастаған екінші топ мәселені тұрпайы социализм тұрғысынан баяндау әдісін ұстанды. 1935 жылы жарық көрген С.Брайнин мен Ш.Шафироның кітабы асығыс, тек ОГПУ-лық деректер негізінде жазылған еңбек болатын. Соған қарамастан бұл кітап алаштық идеологиямен ымырасыз күресті талап еткен Орталықтың ойынан шықпады. Сондықтан да Өлкелік партия комитеті оны, артынша Мартыненко жинағын кітапхана қорларынан алу туралы үкім шығарды.

Қазақ демократиялық интеллигенциясының қоғамдық-саяси қызметін зерттеу 20-30-жылдары осындай деңгейде жүрді, ал 37-38 жылдардағы жаппай репрессиялау саясаты, тоталитарлық идеологияның салтанат құруы бұл мәселенің дербес тақырып ретінде ғылыми зерттеу жұмыстары санатынан ұзақ мерзімге шығып қалуына алып келді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына дейін қазақ зиялыларының қоғамдық саяси қызметі мәселесін арнай зерттеу тақырыбы есебінде алған монографиялық деңгейдегі еңбектер жарық көрмеді. Тек кеңестік құрылысқа арналған еңбектерде зиялыларға қатысты жанама мәліметтер беріліп қалатын.

Академик М.Қ.Қозыбаевтың қазақ ұлт-азаттық қозғалысы мен қазақ интеллигенциясы тарихына байланысты жарық көрген еңбегі мәселені жаңа теориялық-методологиялық тұрғыда талдау қажеттігін көрсетті. М.С.Бурабаевтың 1991 жылы шыққан «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» атты зерттеуі ХХ ғасыр басындағы зиялылардың қоғамдық саяси көзқарастарын зерттеген алғашқы жазылған еңбек. Ғалым К.Нүрпейістің «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегі Алаш зиялыларының рөлін объективті бағалайтын әрі ғылымилығы жағынан құнды болса, М.Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» монографиясында зиялылардың қоғамдық-саяси қызметін, олардың ақпан, қазан төңкерісі тұсындағы қызметін, большевизмге қарсы күресі тарихын ашып көрсетті. Д.А.Аманжоловтың «Казахский автономизм и Россия» атты зерттеу еңбегінде зиялыларымыздың ұлттық-территориялық автономия құру мәселесі терең талқыланды. Т.Омарбеков пен Ш.Омарбековтың «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты еңбегі мәселені қаластыруда жаңа концептуалдық көзқарас ұсынады. Ал Қ.Атабаевтың деректанулық тұрғыда жазылған «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918)» монографиясы алғаш рет қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық көзқарастары мен ұлт-азаттық күресі жолындағы әрекеттерін олардың өздерінің баспасөз беттерінде жарияланған еңбектеріне деректанулық талдау жасай отырып, объективті баға береді.

Алаш зиялыларының ішіндегі бірі әрі бірегейі – сол кезеңде өмір сүріп, өзінің саяси-әлеуметтік көзқарастарын жан-жақты танытқан Мұстафа Шоқай. Оның тарихтағы рөлін ашып беруге көмектесетін еңбектерге тоқталсақ, Қазақстанда Мұстафа Шоқай жайлы ең алғашқы шыққан еңбек Ә.Әлімжановтың жинақтауымен жарық көрген «Түркістанның қилы тағдыры» еңбегі. Ол сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың өмір жолы жайлы да еңбек жазды. А.Х.Қасымжанов та «Ұлы даланың зиялылары» атты монографиясында М.Шоқайдың өмірі мен саяси қызметіне тоқталды. Тарихшы- ғалым М.Қ.Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» атты монографиясында М.Шоқайдың саяси идеяларына тоқталып, жоғары баға береді. Қазіргі таңда М.Шоқайдың өмірі мен қызметі жөнінде құнды еңбек 1997 жылы Стамбулдан шыққан Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың «Естеліктері”. Сондай-ақ, шоқайтанумен айналысып біршама материалдар беретін М.Қойгелдиев, Ә.С.Тәкенов т.б. зерттеушілердің еңбектерін атап көрсету керек.

Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Хазіретәлі Маханұлы өзінің «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» атты еңбегінде оңтүстік өңірден шыққан алаш арыстарының қызметіне деректанулық талдау жасап өтеді. Әсіресе, алаш зилыларының оңтүстік өлкеден шыққан көрнекті өкілдері Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов, Ералы Қасымов, Иса Тоқтыбаев және тағы басқа тұлғаларының қызметін мұрағат құжаттары арқылы ашып көрсетеді. Тағы бір ерекше атын атауға тұрарлық Түркия азаматы Х.Өралтайдың Алаш және Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы тарихына арналған «Алаш – Түркістан түркілерінің ұлттық азаттық үшін күресінің ұраны» атты еңбегі. Ол ертеректе шыққанымен, оның қазақ басылымдарына жарияланып жүрген материалдары туелсіздіктен кейін ғана.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасыр басында ұлтымыздың тәуелсіз болашағы үшін күресіп, большевиктік кеңес үкіметінің отарлық сипатын біліп,

шамалары келгенше оған қарсы тұрған қазақ зиялылары Ресейдің федеративтік демократиялық республика болғанын жақтаған еді. Олардың ұстанған жолдары, атап айтсақ алаш қайраткерлері құрған Алашорда үкіметі де, М.Шоқай басқарған Қоқан автономиясы да қазіргі қазақ қоғамына тура әкелетін жол еді. Олардың тарихта қалар қызметі де осында болмақ.

Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігі мен егемендігін алып дербес құқықтық мемлекет болып қайта құрылғанда, жаңарған мемлекетіміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен, қазақ қоғамы қайраткерлерінің ісі қайта қаралып, әділеттілік орнап, Қазақстан тарихынан күштеп аластатылған қайраткерлеріміз, отанымыздың ұлттық тарихының сахнасына қайта оралып, елімен қауышты. Жалпы алғанда, алаш қайраткерлері туралы біршама зерттеу еңбектер жарық көргені мәлім. Дегенмен, алаш арыстары туралы зерттелгеннен гөрі әлі де болса зерттелмеген мұраның көптігі. Бұл әсіресе тарихшыларға қатысты мәселе. Алаш зиялыларының тіл, әдеби-шығармашылық мұрасын жан-жақты саралауға құлшына кіріскен әдебиетшілер мен тілшілердің тарихшылардан көш ілгері кеткендігі дәлелсіз көрініп тұр. Тарихшы ғалымдар болашақта мақсатты түрде түпсіз қазына іспетті алаш арыстарының күрделі өмірі мен саяси қайраткерлік, мемлекеттік қызметтерін зерттей түсуі қажет. Осы мақсатта мынадай ұсыныстар бергенді жөн көрдік:

1. Әлі де беймәлім алаш арыстарының рухани мұрасын зерттеу және кемел ұрпаққа насихаттау мақсатында тарихи деректі фильмдер түсірген жөн;

2. Алаш зиялыларының рухани мұрасын зерделеп, жоғары және орта мектептің оқу үрдісіне енгізуді қолға алып, арнайы бағдарлама жасаса, өскелең ұрпақ олар жайында жан-жақты біліп, қастерлейтін болады;

3. Педагогикалық колледж, институттар мен университеттерде алаш арыстарының атынан стипендия тағайындау қажет;

4. «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекеттік бағдарламасының аясында алаш арыстарының бұрын-соңды жарық көрмеген қолжазбаларын жинақтап, толықтырып барлық еңбектерін «Шығармалары» ретінде жариялау бүгінгі елімізді, ұлтымызды көрсететін мәдени қадам болатыны анық.

Оспанқұлов Нұрлан,

Қызылорда облыстық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<