Алаштың ардақты ұлы лайықты дәріптелсе игі

84

0

сурет ашық дереккөзден

Биыл – ұлтымыздың ардақты ұлдарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, публицист Сұлтанбек Қожанұлының туғанына 130 жыл.

С.Қожанов – қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек сіңіріп, өшпес із қалдырған ірі тарихи тұлға. 1920-1922 жылдары Түркістан республикасының Ішкі істер, Халық ағарту, Жер шаруашылығы халық комиссары қызметтерін атқарды. 1922-1924 жылдары Түркістан КП комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. 1924 жылы РК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. 1925 жылы ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды. 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-жіп фабрикасының директоры қызметін атқарды. 1931-1932 жылдары БК(б)П ОК аппаратында істеді.

Сұлтанбек Қожанұлы бастаған халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерінің ұлт мүддесі жолындағы күресі нәтижесінде, бүкіл қазақ жері бір мемлекетке біріктіріліп, Қазақ АКСР-ның қалыптасуы аяқталды.

Осы орайда, Сұлтанбек Қожанұлының басқа да белгілі қайраткерлермен бірге ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу жұмысы барысындағы халқымыз үшін атқарған қызметін, Жер-Ана үшін күресін астын сызып тұрып, үлкен мақтаныш сезіммен айта аламыз.

С.Қожановтың Сыр еліндегі еңбектері де өз алдына бір төбе. 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны тікелей басқарды. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Созақ, Түркістан, Жаңақорған, Шиелі, Қызылқұм өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. «Сұлтанбектің шүлен көжесін-ай» деп бұрынғы қариялар кейінге дейін, көздеріне жас алып, естеріне алып отыратын. Есепсіз кісі құрбан болған нәубеттен қанша адам аман қалды. Солардың ұрпағы – біздер, бұл еңбекті ұмытпауымыз керек.

1925 жылы 15-19 сәуір күндері Ақмешіт қаласында Қазақстан кеңестерінің V құрылтайы өтті. Бұл бүкіл Қазақ жері тұтастай біріктірілгеннен кейінгі өткізілген тұңғыш Бүкілқазақтық құрылтай еді. Осы құрылтайда Сұлтанбек Қожанұлының бастамасымен екі тарихи шешім қабылданды. Ол батыл түрде халқымыздың дұрыс тарихи атауын қайтаруды, яғни «қырғыз-қайсақ» атауымен бұрмаланып келген халқымыздың «қазақ» атауын қайтаруды күн тәртібіне қойып, «қазақ» атауын қайтаруға мұрындық болды және астана мәселесін көтеріп, оны қазақ халқы тығыз қоныстанған Ақмешіт қаласына ауыстыруға, астана атауын Қызылорда деп атауға қол жеткізді.

Келесі жылы бұл оқиғаға 100 жыл толмақ!

Сыр елін қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ордасы деп бағалап, өзі бастап отарбамен Орынбордан астананы Қызылордаға көшіріп әкелуі біз үшін үлкен мәртебе.

Соңғы жылдары бас қаламыз кең етек жайып, көркейіп, өркендеп келеді. Көптеген мәдениет ошақтары бой көтеруде. Сырдың бас қаласы мәдениет орталығына айналу бағытында. Сонымен қатар, қаламыздың тарихтан тағылым берер әлеуеті де зор. Ұлтымыз үшін баға жетпес, қайталанбас тарихи шешімдер, ұлтымызға «қазақ» атауының қайтарылуы мен ұлтты дамыту үшін астанамыздың ресей туы тігілген жерден, қазақы ортаға, Қызылордаға көшірілуі, Сыр елі үшін, Қызылорда қаласы үшін баға жетпес абырой. Осы шешімдерге мұрындық болған Сұлтанбек Қожанов бабамыз осы топырақта барынша ұлықтауға лайық тұлға.

Сұлтанбек Қожанұлының 130 жылдығының аясында республика көлемінде көптеген шаралар ұйымдастырылып, аталып өтілуде. Туған жері Ақсүмбеде дүбірлі той өтсе, Кентауда республикалық ғылыми конференция өткізіліп, Астана төрінде 3000 оқушысы бар №64 мектепке аты берілді. Бұл айтулы шаралардың бір парасы ғана.

Қызылорда қаласында С.Қожанов атына көше берілген. Алайда оның ұзындығы 450 метр, бойында елуге жетпейтін үй орналасқан. Көше ортасынан ғимарат салынып, ол екіге бөлінген, жарықтандырылмаған, екі көлік қатар жүре алмайды, көшенің басына кірген көлік артқа жүріп шығады. Заманауи талаптарға сай емес, жетімнің күнін кешкендей жағдайда тұр. Осыдан 15 жылдай бұрын Қызылорда қаласындағы №6 Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі алдына қойылған ескерткіші де қазір тасада қалған.

«Cұлтанбек Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Елі үшін жанын берген рухы күшті, тұлғасы биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны біздер үшін қарыз да, парыз да» деп жазды белгілі қаламгер Б.Қойшыбаев.

Сұлтанбек Қожанұлының 130 жылдығын бүкіл қазақ халқы атап өтіп жатқанда, Сыр елінде де құрмет көрсетіліп, Қызылорда қаласының 100 жылдығы мерейтойына орай қала орталығынан лайықты көше берілсе және ескерткішін қоятын саябақ берілсе, нұр үстіне – нұр болар еді.

Бүгінгі таңда Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және облыс орталығымен қатар аудан, ауылдарға дейін өркендеуіне жағдай жасап, «Сыр – Алаштың анасы» деген абыройлы атты жоғары ұстауға қызмет жасап жүрген ұлтжанды елдің басшылығынан осы ұсынысқа қолдау білдіреді деген сенімдеміз.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

Қызылорда облысының Құрметті азаматы,

Нұрлыбек ҚАЛЕКЕЕВ,

ҚР Ішкі істер саласының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<