Ресейдегі Уақытша үкімет 1917 жылы 5 наурызда жергілікті жерлерде басқару жұмысымен айналысатын мекемелер құру туралы қаулы шығарып, облыс, уез, болыс және ауылдарда құлаған ескі үкіметтің орнына жаңа басқару орындарын құра бастайды. Бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ даласында да Уақытша үкіметтің билік орындары алғашқы кезеңде азаматтық комитеттер есебінде пайда болды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Асылхан Асуатов ұсынған тарихи деректерге қарағанда, мұндай комитеттерді құруда талай жылдар отарлық езгіде келген елдің зиялы азаматтарының аздығы сезілген. Мысалы, бұл туралы 1917 жылдың маусымынан жарық көрген және алғашқы редакторы М.Шоқай болған «Бірлік туы» газетінде: «Ең алғаш өзгеріс болған уақытта Ақмешіт қазақтары бұл таныс болмаған жаңа бір жолға басшы табайық деп, телеграмма үстіне телеграмма беріп, Петербордан Мұстафа Шоқайды, Термізден Серәлі Лапинді, Самарқаннан Хұсан Ибрагимовты, мұғалім Табанбаевты, Қоқаннан Серікбай Ақаевты, Әндіжаннан Қоңырқожа Қожықовты, Қармақшыдан мұғалім Ибрагим Қасымовты шақырды» деп жазылған.
Қазақ комитеттерi сөз жүзiнде Уақытша үкiметтi қолдағанымен, оның барлық iс-әрекетi ұлттық мүдделерге қызмет еттi. Мұстафа Шоқай Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң құрамына енгiзiлдi. Сырдария облысында ұлттық комитеттерді құру аса қиын жағдайда жүрді. Аштыққа, қырғынға ұшыраған халықтың саясатқа, ел билеуге араласа алмауы үрдісінде кей жерлерде ұлттық ұйымдардың басына бұрынғы атқамінерлер келіп, халыққа тауқымет тарттырды. Осындай себептерге байланысты олар Сырдария облысының кей жерлерінде тамыз айына дейін ұлттық ұйым құруда ымыраға келе алмады. Өлке орталығында қалыптасқан осындай саяси жағдайда жергiлiктi халықтың саясатқа белсендi түрде араласа бастаған өкiлдерi екi саяси ұйым құрды. Олардың бiрiншiсi – қоғамдық-саяси өмiр мәселелерiне белгiлi дережеде консервативтiк бағыт ұстаған «Ғұламалар одағы» (Улема жамиғаты) болса, екiншiсi – қоғамды буржуазиялық демократиялы тұрғыда өзгертуге бейiм тұрған «Ислам кеңесi» едi.
Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында құрылған кейбір ұлттық комитеттердегі жағдайды Ақмешіттегі комитеттердің қызметінен көруге болады. Ол жөнінде М.Шоқай былай деп еске алады: «Мен Ақмешітке келгенде, ол жерде үш ұйым бар болатын. 1. Ақмешіт ұлттық кеңесі – төрағасы Ерәлі Қасымов. 2. Ақмешіт халық өкілдерінің кеңесі төрағасы – Серәлі Лапин. 3. Ақмешіт жұмысшы-солдат кеңесі».
1917 жылдың 2-5 тамыз аралығында Ташкентте Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезі өтті. Съезге Түркістан аймағындағы барлық аудандардан арнайы сайланып келген уәкілдер қатысады. Басқарушы төрағалардың ішінде С.Асфандияров – съездің құрметті төрағасы, М.Тынышпаев – съезд төрағасы, төрағалық серіктікке А.Мангелдин, Ә.Кенесарин, С.Өтегенов, хатшылыққа З.Сейдалин, Ш.Көпсаламов және С.Қожанов сайланды. Осы съезде «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыздардың орталық Кеңесі» құрылады. Сонымен бірге Сырдария облысының орталық атқару кеңесі құрылып, оған мүшелікке С.Өтегенов, Ә.Көтібаров, И.Қасымов, И.Тоқтыбаев, Т.Рысқұлов және С.Қожанов кіріп, бір орталыққа біріккен «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыз атқару кеңестерінің» жұмысын үйлестіруді Сырдария облыстық қазақ атқару кеңесіне жүктейді. Түркістанда бір орталыққа біріккен қазақ-қырғыз кеңесінің төрағалық міндетін алғашқыда И.Қасымов, хатшылық қызметін Т.Рысқұлов атқарса, кейін төрағалық міндетті Ә.Көтібаров атқарды. Ал М.Шоқай осы Кеңестің құрметті төрағасы болып сайланып, оның жалпы жұмысына басшылық жасайды. Сырдария облысындағы ұлттық ұйымдар қазақ-қырғыз Кеңесі деп аталды. Осы съезде қабылданған қаулыда «Түркістан аймағында қазақ-қырғыз кеңесі ашылсын. Ал қазақ-қырғыз кеңестері жоқ облыстарда тездетіп облыстық қазақ кеңестері құрылсын»,-делінеді. Осыған байланысты Сырдария облысында облыстық қазақ атқару кеңесінің төрағасы Ә.Көтібаров, Перовск уезіндегі кеңестің төрағасы алғашқыда Е.Қасымов, кейін Қ.Ибраһимов, Қазалыда А.Жанталин сайланды.
Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында жұмысшы және солдат ұйымдары Черняев уезінде және оның Түркістан бөлімшесінде, Қазалы, Перовск уездеріндегі ең жақсы топтасқан ұйым болды. 1917 жылдың екінші жартысында барлық қазақ облыстары секілді Сырдария облысында да қоғамдық-саяси өмір шиеленісіп, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем ауырлап кетті. Сырдария облысында егін егетін жердің көпшілігіне мақта егілгендіктен, өлкеде аштық басталған болатын. Ашаршылықтың күрт етек алып кеткендігі сондай, аш қазақтардың жағдайы тіпті мүшкіл күйге түсті. Ресейден Түркістанға 30000 пұт астық бөлінгенімен, революцияның салдарынан теміржолдар істен шығып, астықтың бәрі Түркістанға жете алмай жолда тоқтап қалды. 1917 жылдың қазан айының екінші жетісінде Ташкентте «Жамия қоғамы» мен «Ғұламалар қоғамының» шақыруымен «Түркістан және Қазақстан» мұсылмандарының съезіне, сондай-ақ 1917 жылдың 17-20 қазан аралығында Түркістан қаласында (Черняев уезі) С.Лапин мен шымкенттік ишан Садық қожа басқаруымен болған «Ғұламалар қоғамының» Сырдария облыстық мұсылмандар съезіне осы облыстан құрылтай жиналысына баратын депутаттарды сайлау тәртібі ешқандай сын көтермеді. Сонымен қатар Сырдария облысы Перовск уезінде Е.Қасымов басшылық еткен уездік ұлттық комитет пен Қ.Ибраһимов басқарған қазақ депутаттарының кеңесі арасындағы өзара қатынас талас-тартысқа айналып, ауызбірлік таппады. Бұл екі арадағы кикілжің Қазан революциясынан кейінгі уақытта да жалғаса берді. Осындай жағдайда жаңа орыс билік мекемесі – жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесі өкілдері Ақмешіттен Ташкентке дейінгі аралықтағы Жөлек, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және басқа жерлердегі халықты ашықтан-ашық талап, зорлық-зомбылықтарын жүргізді.
1917 жылдың 25 қазанындағы Петроградтағы қарулы көтеріліс ақпан революциясының демократиялық реформаларына үміт артқан ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға үлкен соққы болып тиді. Түркістан өлкесі шаруаларының екінші съезінің делегаттары биліктің большевиктер үстемдік етіп отырған кеңестердің қолына өтуіне қарсы екендіктерін ашық танытып: «Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін Түркістандағы және орталықтағы билік Уақытша үкіметтің қолында қалуы тиіс» деген қаулы қабылдаған еді.
Алайда большевиктер ұйымдастырған төңкерістен кейін елде мүлдем түсініксіз аласапыран саяси ахуал қалыптасады. Бұл жайында А.Байтұрсынов «Қазақтарға Ақпан революциясы қандай түсінікті болса, Қазан революциясы оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Олар алғашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. Қазақ халқымен таныс адамдар үшін қазақтардың бұл революцияларға деген мұндай қатынасы әбден табиғи және түсінікті болатын. Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алуындағы себебі, біріншіден, бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруына, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді» деп сипаттама берді.
1917 жылы 30 қазанда жұмысшы, солдат депутаттары кеңесі өкілдерінің ұйымдастыруымен Перовск еңбекшілері мен жергілікті гарнизон солдаттарының митингісі болып, онда Кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Перовск кеңесі өкімет билігін алғаннан кейін бірін-бірі қолдау қажеттілігі туралы нақты іс-шараларын ұсынып, Ташкент кеңестеріне хат жазды. Өзара көмек көрсетуге келісім жасау үшін Қазалыға бес адамнан тұратын делегация жіберілді. Сөйтіп Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып Кеңес өкіметі Перовскте орнады. Ал Қазалыда қарашаның екінші жартысында өкімет билігі Кеңестердің қолына өтті.
1918 жылдың екінші жартысында Түркістан партия ұйымдарының өлкелік съезі өткізілді. Түркістан компартиясы ұйымының қалыптасуы Перовск және Қазалы партия ұйымдарын күшейтіп, жергілікті жерлерде жаңа партия ұйымдарының пайда болуына әсер етті. Жалпы алғанда, Қазақстанда оның ішінде Сыр өңірінде Кеңес үкіметінің орнауы жергілікті халыққа үлкен озбырлықпен, ланкестік әрекеттермен, алдап-арбаумен тапқан табыстарын тартып алумен көрінді. Большевиктер мен ақгвардияшылардың қақтығысынан мыңдаған адам зардап шекті.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<