Ақиқаттың жолы ауыр

463

0

Тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген 1986 жыл туралы шындық мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Қазір де саясаттанушылар мен тарихшылар бұл оқиғаның себеп-салдарын, оның тарихи оқиғаға айналуын, қоғамдағы орны мен аталуын жан-жақты зерттеп, тұжырымдар жасауда.

Кеңестік дәуірдің тоталитарлық құрсауынан қорықпай, егемендік пен тәуелсіздікті аңсаған ата-бабаларының қол жеткізе алмай кеткен арманына ұмтылған қазақ жастарының ерлігі дүниені дүр сілкіндірді. 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы орталықтың әміршіл-әкімшіл солақай саясатына қарсы алғаш рет бой көтеріп, демократия жолында құрбан болған ұлтымыздың ұл-қыздарының ерлігі еді.

Кеңес одағындағы достығы жарасқан ұлттардың лабораториясына айналған біздің республикада мұндай оқиғаның болуы социалистік қоғамды төбесінен жай түскендей етті. Орталық «Маскүнемдік пен нашақорлыққа салынған, қоғамның саяси өмірінен тыс қалған бұзақылар мен арнаулы оқу орындарының ұлтшыл жастарының іс-әрекеттері» деп мұздай қаруланған тұрақты жазалаушы әскер күшімен бейбіт шеруге, Мәскеудің республика басшылығына елге белгісіз азаматты тағайындауына қарсы шыққан қорғансыз қазақ жастарын қанға бояды.

Оқиға мұнымен шектелмей, ұлтымызға «ұлтшыл» деген қара күйе жағылып, еліміздің зиялы қауымының басына отызыншы жылдардағы нәубет жақындай түсті. Орталықтың әділетсіздігі мен әміршілдігіне наразылық білдіріп, желтоқсанның үш күнінде алаңға шыққан алпыс мың адамның сегіз мыңы уақытша қамауға алынып, 200-дей адам әртүрлі мерзімге абақтыға жабылды. 1500 адам әкімшілік жазаға тартылды. Мыңдаған студент жазықсыз оқудан шығарылып, қыз-жігіттер жұмыстан қуылды.

Көптеген отбасына қасірет бұлты үйірілді. 1987 жылдың 16 маусымында оқиғаға қатысушыларды жазалау соты өз дегеніне жетті. Қайрат Рысқұлбековті өлім жазасына, Е.Көпесбаев, Т.Тайжұманов есімді екі студентті 15 және 5 жылға, ағаш шебері Т.Тәженовті 15, электрмен дәнекерлеуші К.Күзембаевты 14 жылға соттауға үкім шығарды. Кеңес баспасөзінде жарияланған мәліметтердің негізінде өлім жазасына кесілген Қ.Рысқұлбеков туралы шетелдерде мәлімдемелер жариялана бастады.

1987 жылдың 20 шілдесінде венгр зиялысы Миклош Хартцтың бастауымен, Чехословакияның адам құқықтарын қорғау жөнінде «Хартия-77» атты топтың, Польшада Лех Валенса бастаған елдің көрнекті өкілдері қол қойған «Қ.Рысқұлбековті өлім жазасына кесу дұрыс емес, оған кешірім беру керек» деген үндеулер КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Бас хатшы М.Горбачевқа, бас прокурор А.Рекуновқа жіберіліп, телекөрсетілімдер беріліп жатты. Өкінішке қарай, дүниенің төрттен бір бөлігін алып жатқан қызыл империяның әміршіл жүйесі адам құқықтарын қорғаудағы өркениетті социалистік лагерьдегі елдер өкілдерінің өтініштеріне құлақ аспады, өз шешімінде қалды.

Жазықсыз жазаланған жастарды қорғауға еліміздің абзал азаматтары, ақын-жазушылар Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Сафуан Шаймерденов бастаған қаламгерлер Желтоқсан оқиғасына тым асығыс және ұшқары баға берумен үзілді-кесілді келіспейтінін білдірді. Қарусыз қыз-жігіттерді жазалаудағы адам төзгісіз іс-әрекеттерін айыптады.

Бұл жалаңаш қолмен от ұстағандай еді. Мен сол жылдары аудан орталығындағы №15 кәсіптік-техникалық училищенің  директоры едім. 1987 жылдың шілде айында Алматы қаласындағы саламыз бойынша білім жетілдіру институтына бір айлық курсқа оқуға шақырылдым. Сол жылдың маусым айында «бестіктің соты» деп аталған Қайрат Рысқұлбеков және оның жолдастарының соты аяқталып, үкім ақпарат құралдарында  жарияланған болатын.

Тамылжыған шілденің күні болса да, қала тұрғындарының көңілдері пәс. Көліктегі, көшедегі жүргіншілер артық сөз айтудан қалып, бір-біріне сезіктеніп, сенімсіздікпен қарайтын сияқты болып көрінді. Бұл кезде жоғарының тапсырмасына сәйкес жоғары, арнаулы орта оқу орындарының басшылары өзгертіліп жатты. Білім жетілдіру курсындағы басшы өзгеріп, солтүстік облыстардың бірінен, әлі есімде, Фюсин деген азамат келіпті. Курсқа шақырылғандардың көпшілігі оңтүстік өңірден болып шықты. Шамасы, бізге «тәрбиелік мәні бар» білім беруді мақсат еткен сияқты. Қызметке жаңа келген азамат жұмысқа құлшына кірісіп, оқу қатаң талап пен тәртіп негізінде жүргізілді. Бос уақытымызда Алматыға Ресейден келіп жатқан эстрада әншілерінің А.Пугачева, В.Леонтьев концерттерін бағасы қымбат болса да, бірнеше рет барып көруге тура келді. Курс жетекшілерінің айтуына қарағанда, мұндай шаралар ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті жақындата түседі екен. Оқу негізінен жастарға интернационалдық тәрбие беру мақсатында жүргізілді. Өзара пікір алмасуда қызуқанды оңтүстік жігіттері пікірлерін батыл да ашық айтып жүрді. Осындай күндердің бірінде оңтүстіктің жігіттері ақын Мұхтар Шахановты шақырып, кездесу өткізуге ұсыныс жасады. Бірақ курс басшысы ақынмен кездесу үшін жоғарыдан рұқсат керегін айтып, қарсылық білдірді. Оқуы аяқталуға жақындағанда Жетісай, Шардараның жігіттері ақынды ертіп келіп, кездесу өткізді.

Ақын өзі жайлы, шығармашылығы туралы айтып, өлеңдерін оқыды. Желтоқсан оқиғасына байланысты ойын жасқанбай жеткізді. Сонда айтқаны: «Ерте ме, кеш пе бұл оқиғаға байланысты әділет орнайды» деген болатын.

Кездесуге бір ауыз қазақша білмесе де, басынан аяғына дейін қатысып отырған Фюсин курс тыңдаушыларына уақытын бөліп келген ақынға бір ауыз жылы сөзін айтқан жоқ. Біз Алматыға жабырқаулы күйде барып, ауылға алда әділет орнайтынына сеніммен оралдық. Желтоқсан оқиғасының ақиқатына жету үшін елде қозғалыс басталды.

Қазақ ССР Жоғарғы  Кеңесі 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасын егжей-тегжейлі зерттеп, білу үшін құрған арнаулы парламенттік комиссияның төрағасы болып КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ақын Мұхтар Шаханов бекітілді. Комиссия қыруар жұмыстар жүргізді, жабық есіктер ашылып, құпия құжаттар ақтарылды. Орталықтың, әміршілдік-әкімшілдік жүйенің халқымызға жаққан ұлтшыл деген жаласы мен жазықсыз жазаланған жастарды ақтауға атсалысты.

Ақынның жанайқай сөзі «Уақыт» бағдарламасы бойынша күллі Одаққа тарады. Қазақ халқына ұлтшыл деп тағылған негізсіз айып КОКП Орталық комитетінің 1988 жылғы қыркүйек пленумынан кейін ғана алынып тасталды. Бұл пленум КОКП Орталық комитетінің 1987 жылғы шілдедегі Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасы бойынша қабылданған «Қазақстан Республикасы партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмыстары жөніндегі» шешімін қате деп мойындады.

Желтоқсан оқиғасы жастардың орталықтың шексіз үстемдігіне, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған Кеңес одағы бойынша алғашқы бастамасы болды. Қазақстанның егемендігіне жол ашты.

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<