Ақшұбар мылтық білтелі…

1345

0

Әңгіме Отыншыұлы Жылқаман батыр жайлы болмақ. Батырдың ата-тегіне келер болсақ, Кіші жүздің аға баласы алты Әлімнің бірі Шектіден тарайды. Шектіден – Шыңғыс, Өріс, Баубек туса, Баубектің үлкені Жақайымнан – Ақбура, Тоқбура, Ағыс пен Көгіс өрбиді. Көгістен 4 бала дүниеге келсе, соның Торжымбайынан – Көшімбет тарайды. Осы Көшімбеттен – Мәмбетқұл, Қарабатыр, Ораз туады. Қарабатырдан – Байшаған, одан біз әңгімелеп отырған батырдың атасы Нұралы, Нұралыдан Жылқаман батырдың әкесі Отыншы туады.  Жылқаман бабамыз 5 әйел алған екен. Солардан Есқұл, Досқұл, Тілеуқұл, Қауқай, Әлмен және Дәрмен деген балалары болыпты.

Жақайымнан шыққан бұл батыр бабамыз бүкіл ғұ­мырын  Сыр бойын, Арал, Шал­қар аймағын, одан әрі Атырау тө­ңірегін сарттардан, ес­тек­терден (башқұрттар – Н.М.), қарақалпақ пен түрікмендердің шапқыншылығынан қорғаумен өткізген. Жылқаман батыр Арал өңірінде өмір сүрген, ал бейіті Қарақалпақстанға қа­расты Қоңырат атырабындағы «Малшы» деген жерде деп кел­дік. Бұған қоса, оның ту­ған және өмірден озған жыл­да­рында да сәйкессіздіктер орын алып келді. Біз келтірген бү­гінгі мәлімет соңғы табыл­ған заттай деректерге сүйе­ніп беріліп отыр. Мәселен, бір­қатар деректерде Отыншыұлы Жылқаман 1712 жылы туып, 1796 жылы 84 жасында қаза болды делінеді. Кейбіреулер оны 96 жас жасаған деп бол­жам айтады. Расында, ол 1712 жылы өмірге келіп, 1790 жылы 78 жасында бақилық болады. Алайда, 1998 жылы батыр құл­пытасының Бөгеннен та­былуы көп жайға қайта қа­рауға итермелейді. Әрине, бұл мәліметтер нақтылық үшін қажет. Олардағы аз-маз сәй­кессіздіктер Жылқаман ба­­ба­мыздың батырлығына еш­қандай көлеңке түсіре ал­майды. Себебі, оның батыр­лығы өзінің көзі тірісінде-ақ елге аңыз болып тарап кет­кен. Бабамыздың ерлік мұ­расын Н.Қосжанұлы сияқты жыршылар қағаз бетіне, ең ғажабы ұрпақ жадына өшпес­тей қылып, жазып қалдырған.

Танымал жазушы Айжа­рық Сәді­бекұлының өткен жы­лы «Қазалы» газе­тінде жа­рияланған «Жылқаманның ар­­маны» деген мақаласында оның ал­ғашқы батырлығы жайлы мәлімет беріледі. Оқи­ға былай болған екен. Елдің шексіз құрметіне бөленген Құлан абызды тұтқиылдан жа­саған шабуыл барысында баш­құрттар өлтіріп кетеді. Абыздың кегін алуға аға­йын­дарымен бірге жас батыр Жыл­қаман да аттанады. Баш­құрттармен кездескенде олар­дың Күтір есімді баты­рымен Жылқаман жекпе-жек­ке шы­ғып найзаласады. Жыл­қаман Күтірді шаншып өл­тір­генмен, оның да най­за­сының ұшы  бұның санына қадалып қалады. Абыроймен елге оралған ба­ласын Жылқаманның шешесі өзі емдейді. «Мұны көтергенде жыланның етіне жерік бол­ғанмын. «Жыланды қырық кессе де, кесірткелік әлі бар» деген аталарымыз. Тірі келді, енді өле қоймас» деп найзаның ұшына арқан байлап, аяғын баласының санына тіреп тұрып денедегі найзаның ұшын күш­пен суырып алыпты.

Нұрмағамбет Қосжанұлы­ның (1897-1937) «Сартай ба­тыр» дастаны бар. 1725-1726 жылдары жоңғар шапқын­шылығы кезінде Ақшұбарды иелен­генде Жылқаман 13-14 жас шамасындағы жас жігіт екен. Ел аузында айтылып кел­­ген жырда: «Жақайымнан шық­қан Жылқаман, ақшолақ мыл­тық асын­ған» деп келеді. Жылқаман батыр Ақшолақ деп аталатын мылтығын асы­нып, жауға аттанғанда жасы 13-те екен. Үш жүздің басы тү­гел қосылып, ұлы жорық­қа аттанар алдында көптің қа­расына ерген балаға көзі түс­кен Ұлы жүз батыры Қар­шыға мырс етіп: «Кіші жүз олжаны көбірек қарпып қалу үшін ойын баласына дейін аттандырыпты ғой» деп әжуа­лапты. Сонда, Жылқаман «мен олжа үшін келгенім жоқ, жаумен жағаласқалы келдім. Сенбесеңіз, дәлелім міне» деп жауап ретінде садағы­мен Қар­шыға батырдың дулыға­сындағы үкісін атып түсіреді. Содан бастап сан мәрте жо­рықтарға қатысып, атағы ел ішіне кең тарала бастайды. Кезінде  Жылқаман батыр жас Жанқожаны үнемі жаны­нан қалдырмай алып жүрген» екен. (Ө.Жолымбетов «Ақ­шұбар­лы Жыл­қа­ман батыр». Сыр бойы газеті. 29.04.2004 ж.)

Сыр топырағының қаһар­ман пер­зенті Жылқаманның әсіресе,  «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дүрбе­леңі тұ­сында кеңірек таныла бас­та­ғаны дау тудырмайды. Осы­нау бір ала­сапыран отты жыл­дардағы жас ба­тырдың ел қорғаудағы ерліктері мен мергендік қасиеті Нұрмағамбет Қос­жанов қалдырған «Сартай батыр» дастанында:

«…Ақшұбар мылтық білтелі,

Білтенің ұшы қызыл шоқ

Дәріге шоқты түртеді.

Жоңғардың қалың жеріне

Ақшұбарды сілтеді.

Түтінін қосып түтінге,

Даусына даусын тіркеді.

Қалың жерге келгенше,

Шұбардың даусын іркеді.

Оқ тиген жоңғар оңдалап,

Жан-жағына үркеді». Осы соғыс­та «Қанша оқ шығар­дың?» деп сұра­ғандарға мерген «100 оқ аттым» деп жауап берген екен. Сонда мергеннің жалғыз өзі бір ұрыста шама­мен 100-ге жуық жауды жай­ратқан. Қорғасыннан құйыл­ған оқтарын екі ұртына да са­лып алып жүретін «қызық» әдеті де бар екен батыр­дың. Жоғарыдағы жырдың маз­мұ­нынан-ақ от қару деп аталған мылтықтың қазақтар арасында көп қолданылмайтыны көрі­неді.

Қалыбаев Аманкелді де­ген аза­мат­тың «Таңшолпан» жорналының 2009 жылғы 1-нөмі­ріндегі «Шектіде Жылқа­ман­дай батыр өткен» атты ма­қа­ласынан мынадай оқи­ға желісін оқуға болады: «Аралдан 25-30 шақырымдай «Қылышсор» деген жерде Капитан Гарбердің ке­руенін тонауға қоршап алады. Керуеншілер дереу қорғанысқа көшеді. Сөйтем дегенше олар­дың 2 солдатын Жылқаман атып түсіріп үлгіреді. Бұлар­дың екпінінен сескенген ке­руеншілер ақ жалау көтеріп, келіссөз жүргізуге шақырады. Тараптардың келісіміне сәй­кес екі жақтан бір-бір мерген шығып, нысана ретінде қо­йылған 5 түйір теңгені атып құлатуы тиіс. Кім көп тигіз­се, сол тараптың шарты орын­далуы керек. Орыстың мергені атқанда теңгелердің екеуі ға­на құлапты да, Жылқаман мерген барлығына тигізіпті. Нәтижесінде ке­руеннің жарты­сын, әсіресе, мылтықтар тиел­ген жүкті қазақтар жағы алып қалыпты. Бірқатар дерек­тер­де 1853-1858 жылдары Есет Кө­тібарұлы мен Жанқожа батыр­дың көтерілістерінде әлгі мыл­тықтардың қолданылғаны ай­тылады». 

Осы екі мысалдан от қару­дың қазақтар үшін қаншалық­ты маңыз­ды жаңалық болғанын білуге болады. Жыл­қаманның мергендік рөлі де осында. Ол бабамыз бұрынғы соғыс амалдары мен тәсілдерін ең бастысы, соғыс құралдарын өзгертетін уақыт жеткенін, сол арқылы қорғаныс қабілетімізді бірнеше есе арттыруға бола­тынын дәлелдеп берді. Мыл­тық тек қазақтарға ғана емес, бүт­кіл дүние жүзіне зор жа­ңалық әкел­гені баршамызға белгілі. В.О.Ключев­скийдің (орыстың әй­гілі тарихшысы – Н.М.) сөзімен айт­қанда, мылтық пайда болғанға дейін «көшпенділер тарихтың дырау қам­шысы болды». Көріп отыр­ғанымыздай, «мылтық пайда болғанға дейін».

А.Сейдімбек ағамыздың жаз­баларында мынандай пі­кір бар. «Отты қару пайда бол­ғанға дейінгі мыңдаған жыл­дық адамзат тарихында ат жа­лында өскен көшпелілер ең қаһарлы күш болғаны күмән тудырмайды…

«…Еуразияның ұлы дала­сында мыңдаған жылдар бойы текетірес күй кешкен оты­­рықшылар мен көшпе­лі­лер арасындағы қарсылық 18- ғасырда өзінің шырқау шы­­ңына жетіп еді. Нәтиже­сінде көшпелілер жеңілді. Жоқ, же­ңілген көшпелілер емес, же­ңілген көшпелілер сис­темасы болатын. Технократтық даму бел алды. Бейнелеп айтсақ, қалың жауға қаймықпай қар­сы шабатын Алпамысты қо­лында тапаншасы бар шибұт самогоншы тырс еткізіп атып тастайтын заман туды. Салт атты көшпелілер өркениетінің басынан бақыт құсы осылай ұшты. Олар тарих сахнасына атпен шығып, ат үстінен түс­пеген қалпы тарихтың еншісіне айналды» деп топшылайды.

(А.Тарақты  «Бал­та­лы, Бағаналы ел аман бол».  Алматы, 1993 ж. 45-бет.)

 Осы тұрғыдан келгенде Жылқаман бабамыздың мыл­тық қаруын наси­хаттауын сол заманғы соғысу стратегия­сын­дағы жаңалық деп қабылдаған әділетті болар еді.

Белгілі өлкетанушы Өмір­зақ Жолымбетовтің «Сыр бойы» газетінің 2004 жылғы 29 сәуірдегі нөмірінде «Ақшұ­барлы Жылқаман батыр» тақы­рыбында мақаласы шықты. Онда автор батыр бабамыздың құлпытасы табылғанын, ен­ді­гі жерде оның туған-қайт­қан жылдары жайлы нақты мәліметтің табылғанын және батырдың соңғы жорығы жайлы баяндайды. «1789 жылы қарақалпақтар Жылқаманның туысқан, үзеңгілес ағайыны Жылқайдар батырдың ауылын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Сол тұста 77 жастағы Жылқаман Сыр шектілерін бір тудың ас­тына жинап, ағайынның ке­гін алуға қарақалпақтарға жо­рыққа аттанады. Осы жо­рықта 18 жасар Жанқожа қара­қалпақтың Тықы батырын өл­тіреді» дейді. Бұл жерде болар-болмашы түзету кел­тірген жөн болар. Жанқожа баба 1774 жылы өмірге келген. Егер Жылқаман бастаған қа­ра­қалпақтарға қарсы кек жо­рығы 1789 жылы болса, онда Жанқожа – ол тұста 15-16 жас­тағы жас жігіт. Сонымен қатар, аталған мақалада Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми экс­педициясының нәти­желі жұмыс жасағаны айтылады. Мысалы, «1998 жылы атал­­мыш уни­верситеттің ға­лым­­дары Арал теңізінің кеп­кен табанына жүргізген экспе­­ди­­циясы барысында бір қорым­ның ор­нынан Самарқанның көктасынан қа­шалған құл­пытас тапты. Араб қарпімен жазылған белгі құлпытастың Жылқаман батырдыкі екенін анықтады. Онда батырдың туған, өлген жылдары 1712-1790 деп көрсетілгенін» кел­тіреді. Өз тарапымыздан қоса­рымыз автордың ҚМУ ғы­лыми экспедициясы деп отыр­ғаны қателік. Аралдың ту­малары, жас ғалымдар: араб­танушы А.Тұрғанбаев, фи­лологтар А.Оңғарбаев, Н.Нұр­маха­новтардың өз ынта­сымен барған ізденіс сапар­лары. Аталған құлпытас Бө­ген ауылының маңындағы «Тұяқты сордың» басынан та­былғанын  айта кетуіміз қажет. «Араб қарпімен жа­зылған құ­лыптасты осыдан бір ғасыр бұрын Байшағанның білікті ақса­қалдары Орынборда жа­сатыпты. Ұзын­дығы – 1 метр 10 см, ені 30 см». 

Ел жадындағы әңгі­ме-де­ректермен қатар ресейліктер­дің мәліметтері мен соңғы кез­де өлкетанушыларымыз тап­­қан материалдарға сүйене отырып, Жылқаман бабамыз­дың ба­тырлығын сипаттайтын бір­қатар іс-харекеттерді тө­мен­­дегіше топтастыруға бола­ды:

– Сартай батырмен жаста­йынан бірнеше рет жоңғар-қалмақтармен бол­ған шешуші ұрыстарға қатысып, мер­гендік танытуы;

– Хиуа ханының тұтқы­нына түскен 500 сарбазды бір өзі барып мәмілегерлік ше­берлігімен қоса жеке басының батырлығы арқасында құт­қа­рып алуы;

– Қазақтың хас батыры Сы­рым Датұлын қоқандық­тар­дың қоршауынан асқан ер­лік танытып босатып алуы;

– Жасы 80-ге таянған ша­ғында ұран шақырып, қол бастап туысы Жылқайдар ба­тыр­дың кегін қайтару үшін қарақалпақтарға қарсы Шек­тінің ортақ қолын басқаруы.

Арал ауданында журна­лис­тика саласында көп жыл қызмет еткен ұлтжанды жур­налист Құндыз есімді за­ман­­дасымыздың «батырлы­ғына даналығы сай Жылқаман ба­тыр бабамыз ақ  сауытын шеш­пей, ат үстінде елін қор­ғап, ұрпағына ұшан-теңіз жерді ама­натқа қалдырған. Хал­қы­ның жоғын жоқтап, намысын қуған. Арада үш ғасырдан астам уақыт өтсе де Жылқаман батырдың ерлікке толы есімі ел аузында сақталып келеді» деп суреттеген дерегінен баба рухын құрметтеуге  арналған жігерлі жолдарды оқуға бо­лады.  (Қ.Дәуітова  «Жылқаман батыр». «Толқын» газеті.  19.10.2006 жыл, 3-бет.)

Батырдан өмірден өтерінде «Қан­дай арма­ныңыз бар?» деп сұраған­да «Ақшұбар мылтығымның тү­тінін түнініне қоса алсам да, дауысын дауысына қоса алма­дым. Арманым – сол» деп жауап берген екен мерген бабамыз.

Сөзімізді қорытындылай келе, өзі 78 жыл өмір сүріп, оның 60 жылдайын туған елін қорғау үшін ат арқасына өткіз­ген Отыншыұлы Жылқамандай батыр, мерген бабамыздың қандай құрметке де әбден лайық тарихи тұлға екенін тағы қайталап айтқымыз келеді.

Н.МЫҢЖАС 

тарих ғылымдарының кандидаты,

 «Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<