Тарлан тарихтың қойнауында талайды тамсандырған қаншама сыр жатыр. Елдің беткеұстар сүт бетіндегі қаймақтары қалдырған өнегелі өмір жолы мен ізгілікті ізі көмескі тартып көзден алыс, көңілден таса қалып барады. Халықтың қайраткер ұлдарының бәрін бірдей жарқыратып ел назарына ұсына алмайсың. Себебі, көп жағдай әлі күнге дейін беймәлім. Кеңестік дәуірдегі архив қоры да «өте құпия» деген темір құлыпты ашып беруді күтіп, ішін бермей сазарған күйінде. Қаншама тырбанып баққанымызбен көздеген мақсатымызға қол жеткізу қиын-ақ шаруа болып тұр.
Біз тақырыпқа арқау қылып отырған азамат, қайраткер Сәрсен Оңғаров 1937 жылы «халық жауы» деген ауыр айыппен тұтқынға алынған. Тағылған айып – «ауыл шаруашылығын қасақана жою әрекеттерін жасады». Ақтөбе облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының №18 қорындағы №2041 санды архив іс-құжаттарында осылай деп көрсетілген. 1938 жылдың 15 ақпанында жеке мүлкі тәркіленіп, қылмыстық жазаның ең жоғарғы шарасы – ату жазасына кесу туралы үкім шығарылған. 1959 жылдың 23 қаңтарында КСР Жоғары Соты әскери алқасының қаулысымен Сәрсен Оңғаровқа қатысты үкім тоқтатылып, қылмыс құрамының жоқтығына байланысты іс қысқартылған. Іс құжаттарында фотосуреті сақталыпты. Өте көмескі болғандықтан компьютерлік өңдеу арқылы бет-бейнесін біршама көрінетіндей қылып жобаладық.
Бұл зерттеуіме ол кісінің баласы, ел арасында жырау Тельман атанған белгілі жыршы себеп болды. Туған нағашым Жалпақ Бақтыбаев «Ақшатауда» өмірге келген, кеңес заманының белсендісі болған адам. Бақтыбай мен Оңғар бірге туған. Оңғардан Сәрсен, Сәрсеннен Тельман тарайтын немере туыстар болып келеді. Руы Бердіңғұлдың бір баласы Игіліктің ұрпақтары санатында. Тельманды білетін себебім, 1980 жылдардың аяғында «Аманөткелдегі» өзіне қарындас болып келетін анам Жалпаққызы Сүйкінбикеге сәлемдесіп, қонып кеткені бар. Сол тұста көп нәрсеге мән бермегеніме әлі күнге дейін өкінішім де жоқ емес.
Ақшатаулық жетпіс алты жастағы Шанжархан Жұбатқанов кезінде Тельманмен бірге өсіп, біте қайнасып араласқан. Ол кісінің айтуына қарағанда, Сәрсен Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Арал теңізі портында кеме капитаны қызметін атқарып, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жоғары сенімге ие болған қайраткер жан екен. Арал ауданы сол тұстарда Ақтөбе облысына қарағаны белгілі. Кейіннен аталған аймақтағы Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланғаны туралы елдің әңгімесін алдымызға тартты. «Халық жауы» болып ұсталуының басты себебі – Қазақстан Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұ.Құлымбетовпен бірге суретке түскені. Сол тұста Ұ.Құлымбетовтің де басына қара бұлттың үйірілгені тарихи шындық.
Осы мәселелер жөнінде Ақтөбе облыстық полиция департаментіне сұрау салып хат жолдағанмын. Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының архиві жоғарыдағы баяндалғаннан басқа мәліметтерді бере алмайтынын айтты. Телефонмен сөйлескен бейтаныс қарындастан қызметке тұратын кезде жазылатын өмірбаяны мен бірінші хатшылығына қатысты сұрағанымда шеті ашылғандай болған сұхбаттың өзінен азарда-безер болып шырылдап, ат тонын ала қашты. Кешірім өтініп құпия мәліметтерді бере алмайтынын айтып, ақталуына тура келді. Ал облыстық мемлекеттік архивтің аты-жөнін айтпай хабарласқан қызметкері бірден турасына көшті. «Сіз сұратып отырған Оңғаров Сәрсеннің іс-құжаттары Ұ.Құлымбетовтің ісіне тікелей байланысты. Сол тұстағы басшылықта болған коммунистердің іс-құжаттары жойылып кеткен. Тіпті орталықтың өздері алып кеткен жағдайлары да бар. Сондықтан да еліміздің Орталық архивінен сұраңыз, болмаса іс-құжаттарынан құпиялық белгі алынғанша күтесіз» деп жөн сілтеді. Сұрау салғанымызда Ұлттық архив мекемесінің сақтауында тек қана 1991 жылдан яғни, тәуелсіздік алғаннан кейінгі құжаттар бар екеніне сілтеме жасалды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті туыстық қатынасты растайтын құжаттарды жолдай отырып қана жүгінуге кеңес берді. Төрағаның орынбасары Р.Әлкенов қол қойған хаттың бірінші сөйлемінде Оңғаров Сәрсенді 1890 жылы туған десе, екінші жолдағы қатарда 1894 жылы Ақтөбе облысының «Қарабұтан» (дұрысы «Қарабұтақ») ауылында дүниеге келген деп көрсетеді. Ақтөбе облыстық прокурорының орынбасары А.Құспановтың қолы қойылған ақтау туралы анықтамада 1896 жылғы, Арал ауданының № 5 ауыл тұрғыны деп жазылған. Дәл осындай мәліметті облыстық полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының архиві да бере отырып, тұтқындалғанға дейін «Қарабұтақ» МТС-ның директоры болған деген анықтаманы жолдайды. Қарап отырсаңыз, қым-қиғаш мәліметтер, сонда кімге сенеміз?
Сәрсен Оңғаров пен оның баласы Тельманға туысқан және нағашылы-жиен болып келетін, бүгінгі күні Әйтеке би кентінде тұратын, 1939 жылы туған 86 жастағы Көмекбайұлы Жаңабай ақсақал да Сәрсеннің Қарабұтақта аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанына және «Шабан» түбегіндегі Шыбықшыда (Шыбықшы – Шабан түбектің бұрынғы атауы) дүниеге келгеніне куәлік беріп отыр. Архив анықтамасында және тұтқынның мәліметтері жазылған анкетада «Қарабұтақта» МТС директоры деп жазылған. Ол кісінің өмір жолына қанық, туып-өскен жеріндегі Тельманмен бірге өскен қариялардың айтуы тіпті де бөлек. Негізінде «халық жауы» болып атылып кеткен Сәрсеннің және басқа да коммунистердің құжаттарының жойылып кеткені туралы айтқан архив қызметкерінің мәліметіне сенгіміз келеді. Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басқан кеңестік жазалау машинасының адам айтса сенгісіз сұмдықтарға барғаны да белгілі болып отыр. Сонымен қатар әлдеқашан сүйегі қурап, соңында ұрпақ та қалмаған адамға туыстық қатынасыңды дәлелде деуі де бұрынғы сұмдық заманның елесіндей болып, бермеудің амалын жасаған жансебіл тірлікке ұқсайды.
Ел арасында Сәрсен туралы дерек тым тапшы. Жастау кезінде Дәріқұл жыраумен бірге балық аулаған екен. Дәріқұлға «сен түбінде жырау боласың» депті, себебі, отырған жерінде үнемі ыңылдап, әуенді айтып отыратын көрінеді. Ал Дәріқұл Сәрсенге «сен түбінде қаламның ұшымен күн көресің» деген көріпкелдік болжамын айтыпты. Өмір екеуінің де болжамының тіршілік шындығынан алыс кетпегенін дәлелдеп берді. Дәріқұл Сыр бойына мәлім арқалы жырау атанса, Сәрсен бірінші хатшылыққа дейін көтерілген белгілі қайраткерге айналды. «Қошқар болар тоқтының кеңсірігі дөң болар, адам болар жігіттің етек-жеңі кең болар» деген аталы сөзді Жаратушы иеміз сол асылдарымыздың пейіліне беріп, аузына салған тәрізді.
Туып-өскен жері туралы мәселеге келетін болсақ, №5 ауыл, архив құжаттарына сүйенсек, қазіргі Арал ауданының «Мергенсайына» жатады. Мәселенің шындығы мынадай болып өріледі. Сәрсен Оңғаров «Шабан» түбегінде өмірге келген. Көшпелі өмір салтымызға сәйкес, қазақы ауыл жаз жайлауында «Жалаңаш», «Мергенсай» бетке дейін көшіп-қонғанын үлкендеріміз жиі айтып отыратын. Оған себеп те жоқ емес, анасы Паңғара дәулетін шайқап ішкен бай әулетінің қызы көрінеді. Өмір жолын туып-өскен ауданында бастаған Сәрсен кейін қызмет бабымен «Қарабұтаққа» дейін барғаны мәлім болып отыр. Қаншама жерден құжаттары жоғалып бұрмаланса да, тарихтың шындығы осыған меңзейді.
Полиция департаментінің архив анықтамасында отбасы мүшелері туралы мәліметтер де қамтылыпты. 1937 жылы тұтқынға алынғанда әйелі Жұбай 33 жаста екен. Анасы Паңғара 67 жасқа келіп, пайғамбар жасынан асқанда шектен шыққан орынсыз жаламен перзент қайғысына кездесіпті. Бірге туған бауыры Шұбат 11 жаста деп көрсетілген. Ұлы Трашко (Тұрар) 6 жаста болса, кенжесі Тельман 3 жасар ғана бала екен. Сәрсен атылған 1938 жылдан кейінгі аласапыран кезеңнің әсері болар, анасы Паңғара мен інісі Шұбат, баласы Тұрар туралы ешқандай дерек жоқ. Шамасы «Қарабұтақ» жақта көз жұмған тәрізді. Себебі, елге келмеген және олар туралы сол жерде туып-өскен үлкендеріміз ештеңе білмейді. Әйелі Жұбай ғана Тельманды жетелеп елге жетіпті. Бұл мәліметті көнекөз қарияларымыз да растайды. Жұбайдың бейіті де сол «Шабан» түбегінде жатыр.
Өзі жан-тәнімен беріле қызмет жасап, кеңестік идеяға құдайындай сенген Сәрсен кіші ұлына неміс коммунисі Эрнест Тельманның есімін мұраға қалдырған болса, немере туысқаны Жалпақ ортаншы баласын Сталиннің құрметіне Маршал деп атаған. Жәй ғана сәйкестік пе әлде еліктеу ме, болмаса кездескен сәтте ойласып жасаған тірліктері ме, ол арасын оқырман қауымның еншісіне қалдырдым. Жоғарыда көрсетіліп анкеталық мәліметтерге енгенімен, бұлардың бәрі де бүгінде өмірде жоқ адамдар. «Халық жауының» ұрпақтары ретінде көретін қысым мен қуғынды, тергеп-тексеру, тіміскі әрекеттің барлығын да бастан өткеріп барып, айтар ойын ішке бүккен күйінде сақтаумен кетті. Нағылеті мен наласын сыртына шығара алмай, шерменде күй кешті.
Архив анықтамасына сәйкес, тәркілеу кезінде кейбір жеке құжаттары іске тіркеліпті. ҚАССР 15 жылдығында кеудесіне тағылған төсбелгі, құжаты № 3223 ВКП(б) партиялық билеті. Тәркіленген жеке заттары мен құжаттарының түпнұсқасы істе сақталмаған. Осы арада тағы да жымысқы ойлардың елесі көзге шалынады. Жеке заттары мен түпнұсқа құжаттарының жойылғаны белгілі болып отыр. Неге олар көрсетілмейді? Себеп біреу ғана, мейлінше айғақ қалдырмай, елеусіз дүниелерін қалдыру. Іздену жолындағы әрекетімде қолға мардымсыз ғана деректер түскендіктен, ең болмаса ақтау туралы анықтамасын алайын деп, бірнеше қайтара сұрауыма тура келді. Сондағы айтатындары қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шыққан. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңының 2, 4-баптарына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде мемлекеттік органдар шешімі бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар танылады және ақталған адамдар деп жарияланады. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, 1896 жылы туған Сәрсен Оңғаров саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде және ақталған тұлға болып танылады. Хат соңына Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары А.Құспанов деп қол қойылған.
Әрине, кеш те болса абзал азаматтың, Аралдың ардақты перзентінің есімі жарыққа шықты, ресми түрде ақтау қағазы қолымызға тигендіктен, осы бір жаңалықты туған халқына таныстыруды, өзі қызмет жасаған ортасына, аудан, облыс жұртшылығына жариялауды жөн санадым. Аруағы разы болсын деген ниетпен.
Сәрсен Оңғаровтың кенжесі Тельман көп қиындықты бастан өткере жүріп, атақоныс «Шабан» түбегіне анасымен бірге қоныс тепті. Шалғайдағы жырақ қоныста күн кешкенімен, «халық жауының» отбасы деген қаралаудан құтыла алмады. Әкесі ұсталғанда үш жаста қалған Тельман кейбір қағазда Сәрсенов, Сәрсенбиев болып жазылып жүрген. Бұл НКВД-ның тіміскі әрекеттеріне байланысты болып шықты. Қайталап соға беретіндерден шаршаған Тельман жақын ағайын болып келетін Қожабайдың әкесінің атына Сәрсенбаев болып жан бағу үшін жазылуына тура келіпті. «Бәледен машайық қашыпты» дегендей аласұрған тірлік емес пе? Болмаса қай бала өз әкесінен, өз тегінен бас тартуы мүмкін. Адам баласының ақылына сыймайтын кереғар тірлік болса да, тарихи шындық куәгерлерінің көзі тірі, өзі ірі болып ортамызда жүргені ақиқат.
Елге, ағайын арасына көшіп келіп орнығып, ес жиғаннан кейін Арал қаласында да біршама уақыт тұрақтапты. Кәсіптік-техникалық училищеде оқып, тракторшы-машинист мамандығын меңгергені белгілі болып отыр. Аралда да тұрмыстың жүдеу шағы болғандықтан, біршама қиыншылыққа төзуге тура келген. Осындайда жақсы әкенің шарапатын көрген ел азаматтары Сәрсеннің отбасына көз қырын салып жүруді адамгершілік парыз санаса керек. Кезінде партиялық, кеңестік басшылық орында қызмет атқарған Алданазар Баймағанбетов Тельман мен оның анасына қамқорлығын аямапты. Тарихтың тозаңына әлдеқашан көміліп қалған адами, қайырымдылық пен адалдықтың үлгісіндей болған жалқы мысал елеусіздеу болып, су түбіндегі асыл тастай көзді қарықтырады екен.
Жасынан зерек, өнерге бейім Тельман жыршылыққа ден қойды. Ұстазы Әбілда Маханбетов жыраудан үйреніп, Нұртуған ақынның «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете-Шернияз» дастандары мен Нұрмағанбет Қосжанов жырлаған «Сартайдың» қиссаларын меңгеріп, өзі де танымал болды. Алқалап келген әлеуметтің алдында ұстаз аманатын орындап, Әбілда жыраудың шығармаларын насихаттаушыға айналды және оның негізгі сақтаушы мұрагері деген тарихи бағаны да иеленді. Халқы құрметтеп Тельман жырау атандырды. Әншілігі мен жыраулығы жұртшылықты өзіне баурап алатын деңгейге жетті. Ең бастысы, кеудесін қағатын кердеңдіктен ада болып, өзін жоғары ұстамады. Мен білемін демей-ақ, қарапайым, елеусіздеу ғұмыр кешті.
Алайда адам аласы ішінде деген емес пе? Оның қарапайымдығы мен ақ көңілін пайдаланған әлдекімдер ұстазы Әбілда жыраудың мұраларын қолды қылып, иемденіп кеткені өкінішті тарихымызға айналды.
Өмірдің қиындығы мен азабын бір адамдай-ақ арқалаған Тельман 2003 жылы 10 желтоқсанында суға кетіп, қайтыс болды. Текті әулеттің соңғы тұяғы осылайша өмірден өтіп, тарих жылнамасынан да өшірілді. Бірақ ел жадында, адамдардың санасында сақталып қалыпты. Арал аудандық азаматтық хал актілерін жазатын бөлім бастығы З.Айтжанованың қолы қойылған қайтыс болу туралы куәлігінде де Тельман Сәрсенбаев деп жазылыпты. «Халық жауының» баласы деген қара таңбадан құтыламын ба деген үмітпен басқа адамның атына амалсыз жазылған Сәрсенбаев тегінен өлгенде де құтыла алмаған көрінеді. Үміттің ақталмағаны өкінішті-ақ. Мәселеге тағдырдың жазуы дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ. Бейіті атақоныс «Ақшатаудың» «Шабан» түбегінде.
Тәңірберген ДӘРМЕНОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<