Аралап қайтайыншы сар даламды

1091

0

Қазақ даласының әр төбесі – тұнған тарих. Тілін тауып сөйлете алсаң, әңгімешіл. Жер әңгімешіл болған соң, онымен етене өскен ел әңгімешіл. Бұл мақалада жер тарихы жайлы әңгіменің алғашқы парағын ашуға талаптандық. Әрі қарай зерттеймін, зерделеймін деген көкірегі ояу, көзі ашық елжанды ұланға жолашар жасадық. Өйткені өз елінің, жерінің тарихын білген өрен ғана еліне, жеріне қызмет ете алады. Жалпы жер-су аттарын жердің табиғи бедері мен бейнесіне байланысты ел-халық береді. Осы аймақта ғұмыр кешіп аты қалған арда азаматтардың, кеңестік кезеңде мал шаруашылығымен айналысқан малшы-шопандар мен байлар, елге тұтқа болғандардың атымен аталған, тарихи оқиғаға байланысты қойылған болып жіктеледі.

Көктемдегі «Сарысудың» мол суы шайған өзеннің қолтық-қолтығы көкке оранып кілемдей құлпырады. Көгі ат шашасын жапқан жайлауды жайлаған Найман – мал  мен жаннан тілеуі болған жомарт жан.  Сән-салтанаты келіскен бай үйіне ат басын бұрып шөлін қандырып,  түстенбей кететіндер некен-саяқ. Бүгінгі жүргіншінің жөні бөлек. Үстінде киім деуге келмейтін жамау-жамау лыпа ілген бір міскін табалдырықтан аттай бере талықсып, арқасын босағаға сүйеп отыра кетті. Сусын ішіп жан шақырған жігіттің Созақты бетке алып қалың тама ағайындарына қашып бара жатқаны белгілі болды.

Байдың екі баласының жаз шыға  серілік құрып, той тойлаудан қолы босап шаруаға қарайлайтын уақыты да жоқ. Барар жерінде ет жүрегі елжіреп күтіп отырған жақыны жоқ, жан бағып жүрген кедейді шаруаға жегіп, байдың қолы ұзарып сала берді. Еп-себі бар жігіттің қолы тиген жұмыс оясын тауып орындалып жатты. Ауылдағылар Құл атап кеткен бұл жігіт тамағы тойып, киім бүтінделген соң тыйланып бір көрім зіңгіттей жігіт болып шыға келді. Шаруа жайын Құлға табыстаған байдың көңілі демделіп:

Аралап қайтайыншы сар даламды

– Таңдаған қызыңды айттырып отау үй етемін. Тек қалауыңды айт! – деді Құлдың  арқасынан қағып.

Құлдың қалауы ажары мен ақылы асқан байдың қызы Айманда. Қыз да кетәрі емес. Күндердің күнінде Айман Құлға:

– Еліңе барып, бетімді ашып, ағайынның үйінен оң босаға аттап, келін болып түсейін. Әкем босаға аттаған соң батасын берер, – дейді.

Жараулы екі атпен азық-түлігін сайлаған екі ғашық түн қараңғысын жамылып, жолға шықты. «Сарысудан» Сырға құлайтын көш жолынан қиястау кетіп, із тастап батысқа бет алды. Таң ата қыз бен жігіттің қашқаны белгілі болып, бай қуғыншы аттандырды. 

Бесін ауа ауылдан алпыс шақырымдай ұзаған екі жас түскі асты ала бергенде қуғыншылар да жетіп тап басады. Құл қата тиген соққыдан сол жерде жантәсілім етеді. Іздеушісі жоқ Құл бейбақ шала-шарпы көміліп, төмпешік болып қала берді.

Қаныпезерліктің белгісіндей болып, Сыр мен қырдың  қиылысар тұсы – Кемердің бір биіктеу тұмсығы «Құл» аталып тарихта қалды.

Озбырлыққа жаны төзбеген нәзік ару Айман он-он бес  шақырым жүргеннен соң, ол да үзілді. Сүйгеніне қосыла алмай қор болған Айманның жан тапсырған жері «Айман», әрірегі «Айман сор»  аталады.

«Обалы» – аумағы он шақырымдай болатын қазан шұңқырдың табанындағы бұлаққа дейін бес шақырымдай болатын Табиғат-ана ойып орнатқан алып аңғар. Көкиірім «Сарыапан» бетіндегі оба «Ана белгісі» аталады. Ол – қыр мен Сырға атағы бірдей жайылған Ахмет ишан Оразайұлының анасы қайтыс болғаны жайлы қаралы хабарды естірткен жер.

Ұлы дарияның бір арнасы «Көксу» су жолы бойындағы көлдерді толтырып, дарияға қайта құятын кездері болған деседі қариялар. Сол кезде Тағай Әлпейіс ұста «Көксуға» көпір салады. Сол көпірдің аузында отыратын Оспан Тағайдың атымен «Оспан көпірі» аталып кетеді. «Сәдірдің сарайы» аталатын бұл мекен – бізден бұрын өткен талай жолаушының шаршаса түнеп, шөлдесе шөлін басқан, екі дүниенің сауабының егініне дән сепкен Сәдірдің сарайының орны. Сыр қазақтарын егіншілікке үйретіп, Арқа мен Сырдағы жолдың бойында малға да, жанға да жағдай жасап сарай салдырған, темірден түйін түйген кезінде Жолбарыс соққан бұл жер туралы талай аңыз әңгімеге жастай қанық едік.

Қаладан 38 шақырым шыққанда қыр мен Сырдың шекарасында «Дарбаза» құмы кездеседі. Созылып жатқан құмтөбенің ортасында жол өтер қақпасы бар жотадан асқан соң жер бедері өзгеріп сала береді. Одан әрі 40-50 шақырымға созылған әйгілі дариялықтың тақыры басталады. Ұзындығы бірнеше шақырымға созылар айтақыр көктемде қар суымен қақ болып шеті-қиыры жоқ айдын көлдер шалқып жатады. Аттың тізесінен аспайтын қақтың арасы, ойдым-ойдым құмтөбе, арал-арал бұйратты раң, жусан, арпақан ерте көктеп, малдың аузы көкке тиіп, тіпті қунап кетеді.

Одан әрі тақырдан шақырымдай болатын қашықта топырақ үйіп, жолаушыға белгі болу үшін «Үштаған» жатыр. «Бекшенің құмын» асып, Қызылордадан 53 шақырым шыққанда «Шұңқыркөңіне» құлаймыз. Төңкеріске дейін арқан бойы терең құдығы сексеуілмен шегенделген, кейін бетон құдығы болған, екі жағында бір көш жерге дейін су жоқ. Талайлардың шөлі қанып, түнеп аттанатын бұл мекен елсіз болмаған. «Шұңқыркөңіне» жеткен соң қозы көш батысқа бұрылып, «Жыңғылдықаққа» бет түзейміз. Бұл жерде екі айдай қой төлдетіп барып, тағы қырға беттейміз. Өткен ғасырдың 65-жылдарына дейін жер от, төрт түлік қыстан күйлі шыққан жылдары «Айман» асып барып тоқтайтын көш малдың жайымен осы арадан бөлек-бөлек отар болып, төл төгіні науқанына кірісіп кетеді.

«Қатынқұмы» деп аталатын жерге дейін ферма малшылары тыйланып алған соң «Сарысуды» бет алып жаз бойы малдың жайымен көше береді.

«Сөктің құмы» – «Қызылорда-Жезқазған» жолының жетпіс алтыншы шақырымындағы құмтөбенің аты. Қырдағы найман ағайындар Сыр бойына керуен тартып базарға мал сатып азық-түлігін алып, еліне қайтар жолда осы құмға ерулейді. Сыр бойындағы ағайындар дайындаған тары сөгінің дәмі ауызынан кетпеген бай тарыны шикілей жейді. Мол қарбытып жеген сөк асқазанға түсіп, күпті болып жантәсілім етеді. Арыстай азаматтың жығылған жері «Сөктің құмы» аталып кетеді.

Бір көштік жерден көзге шалынатын биік төбе – «Қалмас». Кезінде таң атқаннан жолаушының бір қапталынан көрініп тұратын болғандықтан, осылай аталып кеткен. Әсіресе, жоқ іздегенге таптырмайтын мекен. Айнала күншілік жер көрінетін тақырлы жазық. Кейін мол сулы скважина қазып, қыр мен Сырдың арасына жол шеккен талай жолаушының қажетіне жараған. Басында көлік тұрағы, асхана, жатағы бар аялдама бекетіне айналған.

Одан әрі «Қарамола» аталатын алқап басталады. Дариялықтың тақыры аяқталып жер оты, қалың шөбі, жыңғыл бұталары қалыңдай түседі. Шығысы «Телікөл», батысы «Батпа-Зәуре», «Тайлақты» қуып барып «Қосшыңырау» арқылы Қармақшының тұсынан ұлы дария – Сырдарияға құлаған сулы, нулы өлке.

Одан әрі жер бедері өзгеріп, қырдың кемері басталады. Жері жусан мен баялыш өскен жазық жон. Осы жонға жете алмай қос қарашоқат болып, қос мұңлық Батпа мен Зәуре жатыр. Кемердің басында баяғы әңгіме еткен Сәдірдің ғашығы Күзембикені Ақтай болыс інісі Тайлаққа қалыңын төлеп алып берген. Екі балалы болғанда Сәдір ғашығын екі салт атпен Сырға қайта алып қашады. Бұл қорлыққа шыдамаған Тайлақ атына міне шаба жөнеледі. Сол шапқаннан шауып келе жатып аттың шылбырын мойнына тұзақ етіп салып, өзін аттан лақтырып, тымақтай тастап жібереді. Кемердің басындағы жалғыз мола – Тайлақтың моласы. Сол жер «Тайлақ» аталып кетеді.

Тағы бір аңыз Тайлақ атты аңшы жігіт болыпты деп айтылады. Қырға атағы жайылған Тайлақ көбіне қақпанмен қасқыр аулайды екен. Бірде қасқырды індетіп, ізіне түсіп келіп апанына кезігеді. Қақпан басып әуелі құртқасын қолға түсіреді. Көзі жылтырап жатқан бөлтіріктерін алмақ болып апанды қаза бастағанда, опырылып құлап, аңшы бөлтіріктермен бірге топыраққа бастырылып қайтыс болады. Арқандаулы атты көріп келген ізшілер  сол жерге жерлеп кетеді. Аңшының қорымы «Тайлақ» аталып кетеді. Осы жерде «Қарамола», «Қызылтам» «Құланбай тамы» қорымдары бар. Кейін Құланбай күмбезі жөндеуден өтіп, мемлекет қамқорлығына алынған тарихи ескерткіштер санатына жатқызылды.

Жолдың оң жағы – «Телікөл» алқабы. Жолбарыс жортқан ну қамыс тоғайлы «Телікөлдің» бір шетінен екінші шетіне жүрдек атпен бір күнде зорға айналып жететін еді дегенге кейінгілерді сендіре қою қиын.

«Сарысуды» «Сегіз сай» мен «Телікөл» тел еміп, қатар жатқан көл болғасын «Телікөл» деп атаған деп топшыладық. «Жерінің аты – елінің хаты» энциклопедиялық анықтамалығы «Телікөл» – бір заманда екі өзен «Шу» мен «Сарысу» құйған ортақ көл мәніндегі атау» деп жазады. Төркіні телу. Көлдің жоғарғы жағында Түкі Найман Қаратай Әжінің қыстауы мен Ахмет ишан қыстауы, мешіті қатар жатыр. Қаратайұлы Қожасбай мен Ахмет ишанқызы Бибіараны үйлендіріп құда болған жандар. Міне, текті ұрпақтардың жалғасы 1910 жылы осы «Телікөлде» туып, кейін Қазақстанның халық жазушы, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақ Совет энциклопедиясының тұңғыш бас редакторы болған Мұхамеджан Қаратаев еді.

«Обалы» мен «Орыс қазғанға» дейінгі аралықта «Көкиірім Сарыапан» деп аталатын ұзындығы жиырма шақырым болатын терең аңғар жатыр, жағасы толған бұлақ. Сол бұлақтың бойында бесарықтық Ұзақбай Көрпебаев деген шопан бір жаз қой төлдетіп, жайлады. Көктемде қой төлдем кезінде жас төлдеген қой бір бөлек, қозылары аяқтанғаны бір бөлек, әлі туа қоймағаны бір бөлек жайылып, шаруа бір қолын екі ете алмай жататын қарбалас шақ. Ауыл маңында кеше ғана туған қозылы қойды бұлақ басына суармаққа айдап келе жатқан осы үйдің келіні Гүлмира қасқырды көріп абдырап қалды. Айқайлайын десе, дауысы шығар емес. Таяқ тастам жерде қара үйдің алдында екі баласы қаннен-қаперсіз ойнап жүр. Жары Қажақ та қой қайырып қыр асып кеткен бе, көріне қоймады. Бір жағы жас төлдеген мал, бір жағы өз ұрпақтарын жазым ете ме деп, жаны мұрнының ұшына келіп ышқынған ана бұлақ басында жатқан ескі құманды ала сала қасқырға ұмтылды. Қасқыр бір қапқанда балтырын жырып өтті. Қайта айналып қаппақшы болған қасқырды қара құстан ескі құманмен соғып үлгірді. Үрей мен ұрпағы үшін жанталасқан ананың соққысының қатты болғаны сондай, қасқыр сол жерде үзіліп түсті. Шабуылдап атасы да, жары да келе қалды. Қарапайым жас ана Гүлмира «қасқыр соққан келін» аталып кетті.

Одан әрі бір жоннан асамыз. Көлемі бұдан да үлкен ойпаң, ұзыны жүздеген шақырымға созылған тереңге құлдилай бересіз. Бұл жер 1966 жылы көктем айында орыс мамандары скважина қазғандықтан, «Орыс қазған» атанған. Бір жаз бойы бес-алты отарға суы да, жер жайылымы да еркін жететін құнарлы алқап жатыр. Оның батысында «Ақша қалған», «Өтеп қазған» аталатын мол сулы бұлақ, апандар бар.  «Ақша қалған» жайлы аз-кем әңгіме қылайын.

Тағайбек, Аман деген ерлі-зайыпты шопанмен ұзақ жылдар бойы жаз жайлауы, қыс қыстауымыз бірге болатын. Он бала өсіріп-тәрбиелеген шаруа баққан момын жандар еді. Тағайбек – анасы Қаншайыммен жалғызілікті өскен Таздар руының жігіті. Қаншайым әжеміз самаурынға шай қойғанда шоқты жалаң қолымен жылдам салып қайнатып жатқанын көріп, үйге айтып келетінбіз. Сол әжеміз үйді көшіруге келгендермен асығыс тиеп, жүкті сілкілеп қағып жүргенде орамалға түйген бір бума ақша жұртта қалып қояды. Шопандардың айлығы молайған кез. Сарысу бойына көшкен Тағайбек ертеңіне таң қылаң бере жүрдек атымен жетсе, ақша жұртта жатыр екен. Осы оқиғадан соң бұл жер «Ақша қалған» деп аталады.

«Өтеп қазған» жайлы айтсақ, ашаршылықтың ащы дәмін татқан ел қатты күйзеліске ұшырайды. Халық бірді екі ете білетін пысық жандардың арқасында аман қалды. 1935 жылы аудан басшылары бір топ малшыны Ақтөбеге мал айдап әкелуге аттандырады. Алыс сапарға аттанған алты-жеті кісінің бірі Өтекең екен. Бес-алты айда арып-ашып айдап жеткізілген малды аудандағы барлық колхоздарға бөліп береді. Біздің шаруашылыққа тиесілі болған елу бес саулық, бес қошқар Өтекеңе сеніп тапсырылып, өз төлі есебінен көбейту міндеттеледі.

Одан әрі «Серке сойған» аталатын құдық бар. Біздің нағашымыз, баяғы шопан Өтекең соғыстан кейін көбейген қой  фермасының меңгерушісі кезінде шұрайлы жерге құдық қазып су шығару үшін Сәтбай әкемізді бас қылып Арғынбек, Әбді, Әбдамитті қосып жеті-сегіз кісіні қалдырып кетеді. Орталай Әбдамитті ас-ауқат дайындауға, аң аулауға шығарып қойса керек. Арада бір аптадай уақыт өткенде оның қақпанына мүйізі қарағайдай үлкен киіктің серкесі түседі. Алдына таудай етіп текені өңгеріп келген шақта құдық түбінен су да көрінеді. Сөйтіп құдық «Серке сойған» аталады.

Ілгеріде әңгіме болған «Обалының» солтүстік шығысына қарай жаз жайлауымызға ат басын бұрайық. «Киров» совхозында мал баққан бізге жезде болып келетін Мұқан ақсақалды ел-жұрт «Мұрт Мұқан» дейді. Соғысқа дейін «Тасарық» шаруашылығында партия ұйымының жетекшісі болған ардагер аға соғыста да бірнеше орден алған. Қыр мен Сырға беделі асқан Мұқан Махмудов мал шаруашылығын дамытуға қосқан еңбегі ескеріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапаталды. Ол кісінің жайлауы да «Мұрт Мұқан» аталады.

Одан әрі «Есімсейіт құдығы» аталатын жылқышының жайлауы. Қызылорда қаласынан 154-шақырымда «Қыздың моласы» деген жер атауы бар. Жезқазған жолының батысындағы төбе басындағы қорым туралы әңгіме әртүрлі болып келеді. Соның бірінде Арғын Ағыбай батырдың інісі, «Айнакөлдің» болысы Әйеке даулы мәселеге байланысты Сырға келген сапарында Бұдабай ақынмен дос-жар болады. Қырда шешек, қызылша шығып, Ағыбайға аталас бір әулеттен 30 бала өледі. Аурудан қорыққан Ағыбай қызы Зәурешті Сырға көшіріп жібереді. Жолда сол аурудан Зәуреш те қайтыс болады. Біздің ауылда партком хатшысы болып еңбек еткен Бабаш Жөкенов өз естелік кітабында 1961 жылы көшершілікте бір қойшының әйелі бала үстінен қайтыс болып, сол қыздың моласына жерленгенін жазады. Қабірді қазуға барған Дүтбай Мәмбетов деген кісі аузы мұқият жабылған құтыдан табылған қағазды ашып оқығанда ескіше жазумен «1880 жылы. Ағыбайқызы Зәуреш» деген жазу шыққанын баяндайды.

Ал біздің ауылдың малшылары шегенделген құдықтан су ала барған қыздың, опырыла құлаған топырақ астында қалғандықтан «Қыздың моласы» аталған деп әңгіме етеді. Осы жерден бастап «Қыздың шұбары» басталады. Шұбар – көделі, бұталы болып келетін жерге қойылатын атау. Ал «Қыздың шұбарында» одан әрі «Шұбар төбеде» сексеуіл, жыңғыл өскендіктен жер алыстан алақат болып көрінеді. «Шұбардың» оң жағы жыланша ирелеңдеп «Сарысу» өзенінің бір сағасы «Жыланды», мол сулы артезиан құдығы сорға құйып жатқан «Сорға» жалғасады.

Әрі «Құрмаштың бауы», сары даланың қақ төрінде сағыммен сырласып тұрған «Қалыбай бауын» бетке аласыз.  ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, атақты шопан Қалыбай Баймырзаевтің балалары Жүсіпбек, Әлібекпен бірге жасаған кереметі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Құлан дүз далаға түрен тидіріп, бауырын идіріп, жемісін сыйлап, исі қазақтың жақсы мен жайсаңдарына топырағын сүйдірген көреген әкенің өнегесі, ұрпақ өміріне үлгі боларлық сауапты ісінен қалған бір белгі.

1986 жылы Қызылорда облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков «Сарысу» мал жайлауының жай-күйімен танысу үшін өзен бойындағы «Қалыбай бауына» ұшағын қондырып қонақжай ағаның дастарханынан дәм татты. Азаматтардың еңбегіне риза көңілмен бұл отбасы мүшелерінің өтінішіне орай сол кезеңдегі тек кеңшар басшыларының қолы зорға жететін «УАЗ-469» жол талғамайтын жеңіл көлігін сыйға берген-ді.

Жезқанғанға баратын күре жолды бойлай «Шұбартөбеге» иек артамыз. «Қарағайлы» сол қанаттан қол бұлғап көлбеңдейді. Ертеде қарағай бөренемен шегенделген құдық «Қарағайлы» аталып кетеді. Кеңес үкіметі кезінде бетон құдық қазып, басына қырқым пункті салынып, жазда халық көп жиналып, бір қауым ел тіршілік кешкен жер. Күре жолдың 186-шақырымы тұсы Ахметжан шопанның жары, дастарханы қонақтан арылмаған Бекбай апайдың құрметіне «Бекбай жайлауы» аталып кетеді. Жонда Ахметжан жайлаған бірнеше құдық оның есімімен аталады. Осы өлкеде «Сарысу» өзеніне дейін «Октябрь» колхозының малшылары атымен аталатын «Аяп құдық», «Насрад құдық», «Байзақ құдық», бір жылы ел сайлауға жиналған құдық «Сайлау құдығы» аталып кете береді. Осы құдықтардың күншығыс бетінде «Сарысу» өзенінің «Аққұм» түбінен саға тартып «Күбілі» сайы он-он бас шақырымға созылып келіп «Қаракөлге» құяды. Көктемде мол су «Күбілінің» батыс бетіне жайылып бұл өлке су жайылған соң ерекше сұлу көрінеді. «Күбілінің» жағасы менің туған жерім болғандықтан ерекше ыстық. Балығы тулаған «Қаракөлге» шомылып жылда бір жасап қалатын қуат алып аунап-қунап қайтатын туған жердің орны бөлек. «Күбіліні» бойлай «Сарысуға» бет түзесеңіз, жазық даланың шетін көмкеріп биік құм төбелермен, биік шоқаттармен қоршалып тұрады. Осы құм төбелелердің бөктерінен Ташкеннен, Шымкенттен пісімшілік кезеңінде шыққан жүк таситын ауыр жүк көліктері өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін Жезқазған, одан әрі асып жататын. Сол жол «Өзбек жолы» аталатын. Оның бойындағы  тегіс алқап, өзен жақтағы терең сай – ертеректе «Сіңіртектің сайы» аталған біздің қырық жыл құт мекеніміз болған жаз жайлауымыз.

Өзен бойын жағалап «Аққұм» аталатын ақ шағыл биік құмтөбеден төмен «Шыбық» деген жер бар. Жылда көктемде қып-қызыл болып жыңғыл көктеп шығатын өлкені халық «Шыбық» атандырып жіберген. Осы жерде «Айқай төбе» деген биік құмтөбе бар. Біздің ферманың есепшісі, зоотехнигі Биқожа Сүлейменұлы таң ата биік төбеге шығып, қырқымға шақыратын. Ескіше сауатты, сыпайы ағаның құрметіне «Биқожаның айқай төбесі» атанып кеткен. Таңғы дауыс ондаған шақырымға жетіп, ауыл-аймақ лезде жиналып, жұмысты атқара беретін ұйысқан елдіктің белгісіндей болып төбе әлі тұр.

«Шыбықтан» жорға мініп шыққан мен жаз бойы мал жайылып көгі қырқыла бастаған «Белең анаға» сүтпісірім уақытта сыдыртып жетіп қалғандаймын. Құмтөбелерді артқа тастап бір белеске көтеріліп келемін. Аумағы атшаптырымдай бозаң тартқан бұл кезең – «Белең ана». «Бұл жер қыпшақ мемлекеті тұсында хан сарайының орны болған. «Сығанақ», «Сауран» қалаларын қыстаса, жазда саялайтын орны болған ескерткіш маңында өзге сарайлар, әдемі күмбез үлгілері сақталған» деп жазады Қазақ Ұлттық энциклопедиясы.

«Сарысу» өзенінің төменгі бойында «Белең ана» ежелгі қала орны орналасқан. Орта ғасырларда өмірін тоқтатқан елеулі сауда қолөнер орталығы» деген Ә.Марғұлан шығармаларында. Көл-көсір, жан-жақты білім иесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Талмас деген әулиенің бәйбішесі – Болған, тоқалы – Белең, кіші тоқалы – Ақбикеш. Болған «Сарысудың» жоғары жағында Ұлытауда, Белең Сарысудың аяғында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған» дейді.

Дала аңызы ақылы асқан Талмас әулие үш әйелін үш жерге орналастырып, желмаясын желдіртіп отырып Қаратаудан ерте Ақбикеш ауылынан аттанып, Белең анаға түстеніп, қонаға Ұлытауға Болған ананың ауылына жететін еді дейді. Белең ана – Жошы ханның екінші қызы, Қашқар билеушісі Арыстан ханның жары. Қашқарлықтар ханды өлтірген соң Белең жесір қалып, әпкесі, Талмастың жары Болған ананың жанына келеді. Болған ана кесенесі Жезқазған қаласының оңтүстігінде «Сарысу» өзені бойында биік төбенің басында орналасқан болса, Белең ана орыс географы, саяхатшысы П.Рычковтың айтуынша, «от озеро Теликуль, в которое впадает Сарысу, до Белен ана был один день езды. Название Белен ана получилось от имени женщины, которая у них считалось светой».

«Сарысу» өзенінің бір сағасы, «Сіңіртек» өңіріндегі «Аққұмның» бір сағасы «Күбілі сай» «Қаракөлге» құяды. Осы жерде көктемгі көші-қон кезінде наурыз айының соңғы күндерінің бірінде дүние есігін ашыппын. Анамның айтуынша, менің туған жерімнен «Белең ана» қозыкөш жер.

Әңгімеміздің тоғысар тұсы «Сарысу» болғандықтан, осы өзенге де тоқтала кетейік. Қатпарлы қазақ тарихындағы талай оқиғаның куәсі «Сарысу» «Сарыарқадағы» «Бұғылы» тауынан бастау алады. Телікөлге дейінгі ұзындығы 800 шақырым. Қарағанды, Қызылорда облысына ортақ өзен көктемде тасып ағып, жан-жағында алқаптарды су шайып, ойлау жерлердегі қарасулар мен көлдерді толтырып, жаз ортасынан ауа ағысы бәсеңдеп, табанында алтын түстес сарыала құмға сіңіп бөлініп қалады. Жезқазған тұсындағы кенді алқаптан өтердегі топырақтың түсі оңғанын көріп, ел Сарысу атап кетсе керек. Қандай өзен-көл болсын, сол жердің топырақ түсінің өзгеруіне орай судың түсі құбылып тұратыны айдан анық қой.

Осы өзеннің «Жармадан» төмен «Аймырза-Бәтеш» аталатын тарихи жер атауы бар. Бұл кісілер найманның Қожас аталығынан тарайтын Жырыққа жатады. Жырықтан Сарыбай, Сарыбайдан Өтеп пен Өтеу тарайды. Өтептен Төлек – Қоңырбай – Сандыбай. Сандыбайдан Ерден. Сандыбайдың Ердені туралы көзіқарақты оқырман хабардар болғандықтан, әңгімемізді Өтеуден тарайтын Байсал, Байсалдан Тілеуқабыл, Тілеуқабылдан Байменге жалғайық. Бәймен бәйбішесінен Бәтеш, тоқалынан Қадірбай, Сәдірбай, Едіге тарайды. Сәдірбайдан Рақымбек. Едігеден Хамитбек (Әбділхамит) – Қоғалыкөлге қоныс аударып, ғұмыры осы ауылда өткен жандар.

Бәйменұлы Бәтеш жастайынан тентек болып өскен, айбынды жан дейді Құрмаш ақсақал. Бәйменнің тікелей ұрпағы болып саналатын қоғалыкөлдік Зейнолла Хамитбекұлы жас та болса өткен тарихты зердесіне тоқып өскен. Бәтеш жасы он алтыға келгенде әкесінен енші сұрап, «Бар малды қақ бөлеміз, жартысы менікі, жартысы үш балаңмен саған қалады» деп талап қояды. Бәймен баласына сол кезден бастап қырын қарайды екен. Торғай жағының кісісі тартып алып кеткен ауылдасының жүйрік атын бір тойда танып, төбелес қылып тартып әкеледі. Осы кезден бастап Жырық Найман елі «Теңіз толқыса көбігі бетіне шығады, ел толқыса тентегі шетіне шығады» әкесі шеттеткенімен, елге пайдасы тиді ғой деп Бәтешті қолдай бастаған екен. «Телікөл» мен Жезқазғанға дейінгі аралықтағы үш жүз шақырымға созылған «Қызылжыңғылға» болыс болып осындай беделінің арқасында сайланады. Болыс кезінде көп игілікті шараның басы-қасында болған Бәтеш «Сарысу» өзенінің бойына су диірменін орнатып, өздері еккен арпа- бидайды тартып, халқына ұн етіп берген. Татардан молда ұстап, бала оқытқан. Өзбек, татар ұсталарына қыстау, үй-жайлар салдырған. Су диірменінің бертінге дейін өзеннің жарқабағында тұрғанын біздің тұстастарымыз әңгіме етеді. Татар молданың ақылымен төрт түлік малды алтынға айырбастап, кәмпеске қарсаңында ағайынды төртеуінде жетпістей ғана жылқы қалып, орта шаруа ретінде тәркілеуге ілінбей қалған. Бәтеш 46 жасында кәмпескеге жетпей қайтыс болды дегеніне қарағанда 1882 жылдары дүниеге келген. «Бәтеш қыстауы», «Бәтеш төртқұлағы» жайлы Ұлттық энциклопедияда күйдірілген қыштан салынған әсем ғимараттардың суретімен берілуі Бәтештің өз замандастарынан озық туғанын айғақтаса керек. Мен де бала кезімде «Аймырза-Бәтеш» қыстауын, қорымын өз көзіммен көріп, сызбасын сызып алғанмын. Көшпенді ғұмыр кешкен қыр қазақтарын отырықшылыққа бейімдеп, егін салып әсем ғимараттар тұрғызуы айтарлықтай оқиға еді. Құрылыстың асқан шебердің қолынан шыққанын көріп таңғалғанмын. Кейін Бәймен қайтыс болғанда «Сарысу» бойындағы «Бәйменнің қарақасқасы» деген қорымға аманаттап жерлеген. Қардың көбесі сөгілген соң, Түркістанға апарып жерлеген де осы Бәтеш еді. Қазақтың хандары мен батыр-билерінің мәңгілік жаны жай тапқан жерге жерлеуі Бәтештің етінің тірілігі мен баяғы алтынға айналған мол дүниесінің арқасында еді.

Бұл өңірге келген жан «Сарысу» өзенінің шығысында алыстан мұнартып, өзіне еріксіз тартатын «Таңбалының Нұрасына» соқпай кетпейді. 1989 жылы осы тарихи өлкені екі-үш күн бойы салт атпен ерқашты болып, шөл қысып аралап  қайтқаным бар-ды. «Қызкеткен», «Қызылмола», «Аққұмның жарынан», «Шақпақтан» астым. «Шақпақтың» басында жылап аққан бұлағы бар аумағы екі-үш гектардай болатын тұз еді. Ертеде қыр халқы жел-құздан айығу үшін апталап басына қостанып тұзға түседі. «Дәретсіз барғанға тұз жақпайды» деп үлкендер әңгіме қылатын. Кезінде қаншама отар қой қаракөл елтірісін тұздауға, асқа қату үшін машиналап тасығанда таусылмаған тұз қазір сорға айналған. Тұз қыста қардың, жазда жауынның жаумауынан азады. Табиғаттың тағы бір шипалы бұлағы тартылып тынды. Одан әрі «Таңбалының Қаратұзы» аталатын ұшықиыры жоқ тұзды жанай өтіп, «Таңбалының Нұрасына» ат шалдырдым. «Нұрадан» төмен қарай суағар жыралардың қабырғасы қалың тасқабырғаларға салынған сурет жазулардан көз тұнады. Кейінгі кезде қашап жазылған есімдер. Өткен ғасырдан сыр шертетін таңба белгі көріне қоймайды. Сол жыраның бірінен ағып жатқан бұлақ суына атымды суарып, ас-суымды ішіп, жоғары өрлеп сай-саланы аралап келемін. Кейінгілер аяқасты болып, трактормен сүрілген таңбалы тастың бір бөлігін ақ силикат кірпіштің ортасына қалап өріп, кісі бойы көтеріп қойыпты.

Осы мақаланың барлық оқиғасының тоғысар тұсы – «Сіңіртек жайлауы». «Жалқұмды» жағалап келіп «Майлытонға» ат басын тірейік. Терістігі биік «Жалқұм» ұзыннан-ұзақ өзен бойын алыстан қоршап, жалғасып кетеді. Құмтөбелердің арасынан құмға көмілген қара қойтастардың ұшырауы бір заманда бұл жерде биік таулар болғанын әйгілесе керек. Уақыт тезіне ұшырап құмға айналған құмтөбенің ойында «Ойшұрық», «Қыршұрық», «Қилыбай тамы», «Насрадқұдық» аталатын құдықтар, Ахмет ишан мазары жатыр. Алты Алашқа аты мәлім Бағаналы Наймандағы алты ата Ақтаздан тарайтын Тіней батырдың сегізінші ұрпағы Ахмет ишан (1861-1926) өз заманында Арқа мен Сырға өте ықпалды кісі болған. Дін, білім, ағарту, денсаулық істері бойынша абырой иеленген. ХХ ғасырдың басында қазаққа нәубет болған оба, құрт ауруының емін білген. Көшпенді өмір жағдайында ота жасап, талайдың ажалына араша болған жан. Қазақ ғылымына үлесі зор ұрпақ өсіп-өнген әулет туралы шығармаларды көзіқарақты оқырман оқыған болар. «Майлытонның» биік сары құмына шықсаңыз, алыстан мұнартып «Төсбұлақ» тауы көрінеді. Жақын жерде жеке-дара «Жетімтау» тұр.

Алла тағала өз құдіретін көрсету үшін табиғатты жаратуда таңғаларлық құбылыстарды паш етеді. Алыстан мұнартып тұрған алып тау жақындағанда тек жота болып шыға келеді. Айнала қуаң тартқан боздалада таудың орта тұсы көкпеңбек болып көзге ерекше көрінеді. Аяқ бассаң, баланың еңбегіндей былқылдаған жасаң жерден түрткен  шұқырға су жинала қалады. Кетпен алып жиналған судың көзін ашып, жылға қазсаңыз, төмен қарай жөңкіле жөнелуге дайын. Төсі ылғалды осы жотаның «Төсбұлақ» аталуы заңды. Төмен қарай құлаған су отарға еркін жететін мол сулы өлкеде бұдан басқа «Бақабұлақ», «Балабұлақ» кездеседі.

1973 жылы әлі мектеп бітірмеген кезім. Тетелес ағайым Сырлыбай екеуміз түйе іздеп, «Төсбұлақтағы» аманкелділік түйекеш Әбсаттар ақсақалдың үйіне түнедік. Әбекең «геологтар «Төсбұлақтың» ұшар басынан киттің қабырғасын тауыпты» деп әңгімелеп отырды. Бағзы замандарда шалқыған теңіз болған өлкенің ашылмаған сыры әлі көп екеніне сонда көзіміз жеткен-ді.

Одан әрі «Борлысай» асып, өзен бойындағы «Көкалажардан» өтіп «Ақши» аталатын алқапқа асасың. Ерте көктемде бір үйір жылқымызды айдап тастап, күзде Сырға көшерде бір-ақ қайыратын «Ақшиге» ауыл болып қостанып барып, ши тартуымыздың өзі бір жорық. Даланың аң-құсы, балығын аулап апталап жатып, бүкіл ауылды орап тастайтындай қанат-қанат ши артып келіп аналарымызды қуантар едік. Ала жаздай ши тоқуды іні-қарындастарымызға үйретіп, ұлттық қолөнердің дамуына хал-қадірімізше үлес қостық. Қой қосақтау, сауу, ірімшік, құрт дайындау ауыр еңбек болғанымен, нәрлі тағам, өнегесі мол қазақы дәстүр. Көштің сән-салтанаты ше? Айта берсе, әңгіме таусыла ма?! Қазақы көшпелі өмірдің ең соңғы буыны біз болғасын, кейінгіге өнеге болсын, кәдеге жаратсын деп әңгіме еттік.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бесарық ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<