Қызылорда облысындағы Асанас қалашығында кешенді археологиялық қазба жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазба жұмыстары Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Оны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Қазбаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізіп жатыр. Жергілікті археологтар күшімен аршылған маңызды нысандар ұзақ мерзімге сақтауға алынады. Одан табылған жәдігерлер облыс музейлерінің қорына өткізіледі.
«Асанас қалашығы – Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі. Сондықтан археологиялық зерттеу бұдан кейінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген. Жоба бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізбесінде жинақталған. Асанас – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 48 шақырым жерде жатыр. Көне қала Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан 8 шақырым қашықтықта орналасқан», – деп мәлім етті ғылыми-зерттеу орталығы мамандары.
Еске сала кетсек, көне Жанкент қалашығының орнында ежелгі үйдің бірі қалпына келтірілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<