«Ашаршылықтың «астары» мен «тысы» атты мақала жайлы

682

0

Қытайлықтар айтыпты деген нақыл сөздер көп. Солардың бірінде «қаншама иероглиф болса да ақ қағаз көтере береді» делініпті. Біздің түсінігіміз бойынша, шамасы қағазға түскен сөздердің жауапкершілігі туралы айтқан болуы керек деп ойлаймын.

Қазір сол жауапкершіліктің тамтығы да қалмай бара жатқан сияқты. Жазғыштар көбейді. Тарих бұрмаланып жатыр. Қайсыбір жылдары украин ра­дикалдары өз елін немістен азат еткен украиндар деп соқты. Тарихты бұрмалау керектігінен, әрине. Соғыс кезіндегі Кеңес Армиясының шартты түрде Украин, Беларусь майдандарымен аталуын сол елдің халқы деп түсінетін болуы керек бүгінгі ұрпақ өкілдері.

Иә, біздің тарихымыз күрделі. Әсіресе, кешегі аға буынның басынан өткен тарих та тап осындай. Ол жөнінде талай жазылды және жазыла да береді. Бірақ қалай жазып жүрміз? Кімдерге қара күйе жағып, кімдерді ақтап жүрміз? Бар гәп осында.

Үстіміздегі жылдың 24 мамырында «Қазақ әдебиеті» газетінде қарт жазушы Ғаббас Қабышұлының «Ашаршылықтың астары мен тысы» атты мақала жарияланды. Мен үшін көптен бері оқылмаған байсалды мақала болып көрінді. Өткенімізге объективті талдау жасапты. «Дүниежүзіндегі бірінші социалистік ел — жас КСРО тірлігінде небір қияметтер болды десек, соның бірі 1921 жылдан басталып, 1933 жылмен аяқталған ашаршылық. Троцкий мен Свердловтың «ұрпақтары» солар бастап жасаған «қызыл қырғынды» түгелдей И.Сталинге аудара салғандарындай, «Ашаршылықты Сталин ұйым­дас­тырды! деп гүжілдесіп жүр», деп жазады жазушы.

Иә, сұмдық ашаршылық болды. Ұжымдастыру ісінде көптеген ағаттықтарға, тіпті қылмыстарға жол берілді. Бұл жөнінде қайталап айтамын, талай жазылды. Ғаббас аға жазушы Шолоховтың Сталинге жолдаған хатын мысалға келтіреді. Ал Шолоховты Сталин жақсы көргендіктен емес, шындықты тура айтатын әділдігі үшін қолдаған. Себебі, ұжымдастыру кезінде Донда орта шаруалар мықтап зардап шеккен. Астықтары тартып алынған. Заңдылық өрескел бұзылған. Көптеген шаруаларға қорлық көрсетілген, тіпті өлтірілген. Осының бәрін айна-қатесіз жазғаны үшін Шолоховтың хаты бойынша сол ауданға Мәскеуден арнайы комиссия жіберілді. Комиссия барлығын анықтады. Бетімен кетушілікке жол бергендер қатаң жазаланды.

Мұндай жағдайлар көптеген жерлерде болды. Қазақстанда да солай. Ал ұжымдастырудың та­ла­бы сталиндік талап осылай ма еді? «Қолхозшылардың үй-жайлары, қора қопсылары құрал саймандары, ұсақ малдары, үй іргесіндегі кәсіби жер телімі өздерінде қалдырылсын» делінген еді Сталиннің нұсқауында. Осының барлығын жергілікті жерде белсенділер көпе-көрнеу бұрмалады. Қылмыстық әрекеттерге жол берді. Мұны саботаж, жай тілмен айтқанда, жүргізіліп жатқан саясатқа қарсы топтың қасақана жасаған әрекеті дейді. Саясат тілімен айтқанда мұндай саботаж үшін қатаң жаза қолданылады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында осындай тап күресінің жүруі заңдылық еді.

Әділіне жүгінсек, халықты совет өкіметіне қарсы қою үшін жер-жердегі троцкийшілдер бай-кулактарды қолдағы байлықтарын қорғауға, билікке бағынбауға астыртын үгіттеу туралы нұсқау берген. Былайша айтқанда халықты билікке қарсы арандатуға дейін алып барған. Соңы ашаршылыққа ұласты. Кейін репрессия басталды. Бұл енді 1928-1937 жылдарға қатысты саясат. Ал 1921 жылғы ашаршылыққа Сталиннің қандай қатысы бар? Ол бұл кезде биліктің маңайында болған жоқ ғой! Бұл енді біздің тарихқа жүгінгендегі пікіріміз.

Автор соңғы жылдары Украинадағы қолдан жасалған аштық жөнінде айтып жүргендерге қатысты өз ойын білдіріпті. Бұл орайда «голодомор» терминін Украинаның президенті В.Ющенко бірінші рет тілге тиек еткенін жазыпты. Ол әзірлеген құжатта Украинада қолдан жасалған аштық болғаны БҰҰ деңгейінде қуатталады. Жалпы, ашаршылық жайында БҰҰ, Еуроодақ, ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдардың құжаттарында «Украинадағы аштық қолдан жасалды» деген ресми ұйғарым жоқ көрінеді.

Ғабекең Кеңес Одағындағы ашаршылықты жазу британдық белгілі барлаушы Роберт Конквестің басты тақырыбы болғанын айтады. Конквестің өз «дәйектемелерінде» Кеңес Одағының ішкі–сыртқы өшпенділері А.Солженицын мен В. Гроссманның кітаптарын, Х.Костюк, Д.Соловей сияқты украиндық ұлтшылдардың шимайларын пайдаланғанын жазады. Бір қызығы, бүгінге дейін Украинадағы аштықтан өлгендердің нақты саны әлі жоқ. Ол кейде 4-пен 25 млн. арасында ауытқи береді.

Тарихтан белгілі, жалпы аштық сол жылдары КСРО-да ғана емес, дүниежүзінің көптеген елдерінде болған. АҚШ, Польша, Румыния, Чехословакия, Испанияда көптеген адамдар ашаршылықтан өлген. Өткен ғасырдың 30 жылдары АҚШ-та 6,5 млн. адам аштан қырылды.

Қабышұлы «Әу баста троцкийшіл болған, меніңше, сол пиғылын жылмақайлықпен жасырып өткен Н.Хрущевтің (бабасы – Перелмутр): – Сталин ашаршылықты әдейі ұйымдастырып, өзіне оң қарамаған халықтарды сөйтіп бағындырды; Сталин елдің, партияның өміріне қатысты өте маңызды мәселелердің көбін айлап ескермей, қарамай отыра беретін», – деп лаққаны бар.

Біздің бүгінгі жазғыштарымыздың біреуі: «Сталиннің орысша тәрбие алғанын, орысша жазғанын, орысша ойлағанын, өзін орыспын дегенін, тіпті, түсті де орысша көргенін баяндап (сірә, екеуі бір төсекте ұйықтап, бір түсті бөліп көріп те жүрген-ау?!), Хрущевтің Сталинге қазақ халқы жайында «жанашырлық пікір айтқаны – ғажап дерек» етіпті. Ал, ол алаяқ «көсемнің жанашырлығы» былай еді: «Мен Сталинге: «Қазақ халқының халі ауыр, аштан қырылу қаупі бар», деп едім, ол: «Сол сары пәлекеттерден сөйтіп құтылмай болмайды», – деді».

Қабышұлы Сталин мен Хрущевтің арасында мұндай диалогтың болмағанын жоққа шығарады. Біздіңше, расында, Сталин Хрущевті саяси ойындарға пайдалану үшін қажетсінді. Атап айтқанда, Хрущев Украинада репрессияны өзі жүргізді. Бұл жөніндегі құжаттарды өзі билік құрған кезде архивтен жойып жіберді. Енді келіп, әлдекімдер Хрущевтің аузымен Сталинді қаралағысы келіп, өзінің судан таза, сүттен ақ бола қалуын өзінше түсіндіруі біздіңше тарихты тағы бұрмалау болып табылады.

Біз өткеннің тарихын оқығанда оны кімдер жазғанына назар аударуымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, бүгінде Сталинді қаралаушылар Бүкілодақтық кеңес атқару комитетінің төрағасы Яков Свердловтың тегіне назар аударса артықтығы жоқ қой деп ойлаймыз. Ғаббас ағаның келтіргеніндей, тарихшы И.Плотниковтың дерегі бойынша оның шын аты-жөні Ешуа Соломон Мовшович. Одан Янкель Мираимович; Яков Михайлович Свердлов болған. Әкесі – Михаил Израилович Свердлов, шешесі – Елизавета Соломоновна.

Енді көзі қарақты оқырман Голощекин, оның тегі туралы жазылғандарды қайта қарап шығуына әбден болады. Сонда тарихқа барынша шынайы көзқараспен жақындауға болар еді.

Жазушы өзінің кейбір жастардың тарихты білмей далбасалап, әр нәрсенің басын түртетініне былайша қынжылады. Ол «биылғы жылдың қаңтар айында біздің интернет сайттардың бір-екеуінің Мирзоянды сағынып жүрген рухани шикілердің әлі де бар екенін байқадым. Жас мөлшері немереммен шамалас журналист жігіт (аты-жөнін атамай-ақ қояйын) Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық жайында айта отырып, Мирзоянды, сонау ағаларынша «мырзажаншылап» «…қолынан келсе, одан да көп жақсылық жасар еді», депті. «Оданда көп жақсылығы» немене екен? Ол бізге ондаған жемтіктесін жетектеп келмей, үйірілген жылқы, табындаған сиыр, отарлаған қой айдап келіп пе? Әлде Голощекин – «қужақтың» астықты, сонша малды тығып тастап кеткенін естіп, іздестіріп тауып, жинаттырып алып па?! «Мырзажаншылдар» Кремльдің одақтас республикалар басшылығына кеңес беру нәтижесінде бізге жан-жақтан аздап болсын астық, мал жеткізіліп берілгенін «білмейді». Олар сол жылдары бізде әлі де болса аман, намысты ағаларымыздың ұсынысымен, тікелей байланысымен Мәскеу құптап, іске асқан кейбір игі істерді де – «Мырзажанның қамқорлығы» деседі. Ой-хой, әсіребілгіштік-ай!…

Ия, ағамыз осылай қынжылады. Дым білмейтіндер көбейіп кетті. Бірақ барлығы жамырап бірдеңе айтқысы келеді.

Қазір Батыста және өзімізде екінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына Сталин мен Гитлердің бірдей кінәлі екенін айтысушылар көп. Тарихқа жүгінейік. 1933 жылы билікке келген Гитлер өзінің әлемді жаулап алуға деген ниетін білдіріп ел экономикасының соғыс жағдайына бейімдей бастады. 1938 жылы Чехословакияға сол кездегі ұлы мемлекеттер – Англия, Франция басшылығының үнсіз келісімімен басып кірді. Сол уақытта фашизмге қарсы тұрған жалғыз күш – Кеңес Одағы ғана болатын. Сталин халықаралық жанжал алдында өзін сабырлы ұстады. Алдымен Польша арқылы Чехословакияға кіріп сол жерде немістермен соғысуды ұйғарды. Одақтастыққа Францияны шақырды. Бірақ ол үнсіз қалды. Ал Польша барлығын жиып қойып, әуе кеңістігінде кеңес ұшақтарын атып түсіретінін ашық мәлімдеді. 1938 жылы Гитлерге қарсы одақтастық соғыс қимылдарына қазіргі мұрағат құжаттарынан мәлім болып отырғандай, Қызыл Армияның Бас штаб бастығы Шапошников 120 кеңес дивиязиясын 5000 мың әскери ұшағы мен 3000 танк қоятынын мәлімдеді. Егер жоғарыда аталған елдер фашизмге қарсы 1938 жылы тізе қосып біріккенде оны жөргегінде тұншықтырып тастауға болатын еді. Барлығы Гитлерді Сталинге қарсы айдап салды. Екі мемлекеттің арасындағы соғысты күтті. Жалғыз қалған Сталин не істер еді мұндайда? «Сендердің қулығыңды көрейін» дегендей ол Гитлермен соғыстың болмай қоймайтынын білсе де, өзара шабуыл жасаспау туралы келісімге келді. Бұл уақытты ұту еді. Бүгінге дейін Батыс тарихқа «Риббентроп – Молотов пактісі» деген атпен енген сол келісімді Сталинді қаралау үшін пайдаланып жүр. Ал өздерінің сатқындығы туралы ләм-мим демейді. Осының барлығын айтып отырғанымыздың себебі жуырда осы пактінің жасалғанына 80 жыл толады.

Біз Сталинді репрессия үшін ақтап ала алмаймыз. Бұл тарихта дәлелденген шындық. Алайда сол тарихтағы басқа шындықтарды ай­налып өтіп, тіпті қараны ақ деуге тіпті хақы­мыз жоқ. Сол себепті Ғаббас ағаның тарихи шындықты батыл жазғанына қолдау білдіреміз. Бүгінгі айтпағымыз осы еді.

Ж.Ақиқатов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<