Ашхабад қасіреті

970

0

 Мыңдаған құрбандық ала келетін, кісі бойында қорқыныш пен үрей тудыратын табиғи зұлматтың бірі – зілзала. Адамзаттың даму тарихына үңілсек оның тудырған зардаптары өлшеусіз. Тіпті ол туралы деректерді ертедегі грек, қытай, жапон жазбаларынан кездестіруге болады. Шын мәнінде ғылыми тұрғыда зізаланы тіркеу XIX ғасырдың орта шенінен басталған. Сонымен зілзаланы тудыратын себептер қандай? Ғылыми деректер оның бірнеше түрін алға тартады.

  Басқасын қайдам, біз үшін ең қауіптісі – техногендік сипаттағы зілзала. Ол әдетте адамдардың табиғат заңдылығын өрескел бұзуымен айқындалады. Айталық, жерасты ядролық сынағын өткізу, су қоймаларының ернеуінен шығып, мұнай және газ өндіруде технологиялық әдістердің бұрмалануы. Табиғат өзіне қарсы бағытталған «мейірімсіздікке» осылайша «жауап» қайтарады. Ал, ең өкініштісі, әлемде бүгінге дейін зілзаланың қауіпін сейілту үшін алдын-ала болжам жасау мүмкіндігі барынша шектеулі болып отырғанын ойға сіңірудің өзі қорқынышты.

Мәселен, осыдан біршама жыл бұрын Душанбеде жер сілкінді. Апаттан мыңнан астам қаза тапты. Мұнан өзге біздің Ташкент, Арменияның Спитак пен Ленинакан қалаларындағы және басқа да жерлердегі зілзала туралы аз-кем түсінігіміз бар. Соғыс салған ылаң аз болғандай, шағын халыққа халыққа үлкен нәубет әкелген, бүгінде бейтарап саясатымен біз үшін беймәлімдеу жолмен «желе жортып» келе жатқан Түркіменстан астанасы Ашхабадтағы 1948 жылғы дүмпу туралы не білеміз? Енді соған тоқталайық.

  Осы 1948 жылдың 6 қазаны – түркімен ағайындардың аза тұту күні. Мұндай қайғы-қасіретті кім күткен? Сол күні түнде Кеңес Одағының тарихында өзінің қуаты мен зардабы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген зілзала әп-сәтте күллі қаланы жермен-жексен етті. Түнгі он екі жарымда бар болғаны он секунд ішінде Ашхабат пен оның төңірегіндегі елді мекендер жер жастанып қала берді. Рихтер бағанасы бойынша оның күші 9-10 балға жеткен. Оған дүмпудің 1000 шақырым аумақты шарпып өткенін қосыңыз. Ашхабад қаласы бейнелі түрде айтқанда жер астына сіңіп кеткендей еді. Нәтижесін тілмен жеткізіп көріңіз: қала өз діңгегінен 2,5 метрге жылжып, сол сәтінде 80 мың адамның өмірін жұтты. Біршама уақыттан кейін-ақ осыншама адам жан азабынан жарық дүниемен қоштасты. Статистикалық деректердің әу бастан белгілі себептермен «кешігіп» жүретін әдеті емес пе, кейінірек 198 мың ашхабадтықтардың 176 мыңы қаза болғаны анықталды.

  Бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді өздерінше пайымдаған астана түрмесінен аман қалған 300 қылмыскер астаң-кестеңі шыққан дүниенің әлек-шәлегін шығарып жатты. Оған көрші республикалардан баскесерлер келіп қосылды. Тонау мен кісі өлтіру бұрынғыдан да өрши түсті. Дәрменсіз милиция отрядтары амалдың жоқтығынан өз қатарларына еріктілерді тарта бастады. Жоғарыдан түскен бұйрық бойынша жазалау шаралары сол сәтте жүзеге асырылып, жыл соңына қарай сипаты жағынан қауырт жағдай алған оқиға біршама сейілгендей болды.

  Республика экономикасына мықты соққы болып тиген соғыс зардабына мына қасіретті қосыңыз. Соғыс жылдарында сан мыңдаған ұлынан айрылған түркімен халқы айналасы бірнеше ай ішінде қайғы-қасіретке оранды. Ғимараттардың 98 проценті жермен-жексен болды.

  Мамандардың пікірі мынаған саяды. Сол кезде түкімен астанасының құрылысы негізінен шикі кірпіштен тұрғызылған. Мәскеуден келген сарапшылар өз тұжырымдарын білдірді. Егер… құрылыс талаптары сақталған жағдайда осындай дәрежедегі қирауға жол берілер ме еді? Бір қызығы қалада екі тас үй ғана аман қалған. Оның бірі ХІХ ғасырдың соңында патша бұйрығымен салынған ғимаратта республиканың орталық комитеті мен банк орналасыпты. Екіншісі тұрғын үй. 1936 жылы республика жазушылары үшін арнап салынған ғимарат негізінен толық сақталды. Ескерткіштер қатарынан 1927 жылы тұрғызылған Ленин мүсінінің аман қалуы да ғажап.

  Ашхабадты жаңадан түлету үшін сол кездегі дәстүр бойынша одақтың түкпір-түкпірінен мамандар мен құрылысшылар ағылып келді. Ғимараттардың зізалаға беріктіген барынша назар аударып, құрылыс талаптары шегіне дейін орындалды.

  Кеңестік дәуірдің өзіне тән тағы бір құпиясын айтпай кетуге болмайды. Ашхабад зізаласынының зардаптары туралы кеңес баспасөзі жұмған аузын ашқан жоқ. Тәртіп осылай болды. Ал, шындығында әділдік үшін, басқасын былай қойғанда тағылым алу үшін ақиқаттың айтылуы ауадай қажет емес пе? Ресми деректер болған оқиғаны жұмсартып, тігісін жатқызып көрсетуге тырысты. Баспасөзде бар болғаны туысқан республикалардың түркімен халқына бауырмалдық көмегі туралы хабарлар қылаң беретін.

  Қасіреттің зардабын жұмсартып немесе боямалап көрсету, өкінішке орай бүгінге дейін жалғасын тауып жататыны түсініксіз. Айталық 2000 жылдың алты желтоқсаны күні 22 сағат 10 минутта Ашхабадта тағы да жер дүмпуі тіркелгенін қалың жұртшылық біле ме екен? Осы уақытта облыс орталығының батыс жағындағы Небит-Даг жоталарының бірінде тағы да қатты жер сілкінісі орын алды. Жергілікті баспасөз 8 балл зізаланы беті шімірікпестен 6 балл деп көрсетті.

  Тағы да шындыққа жүгінейікші. Ашхабадқа жуық жерде едәуір ғимараттар қираған. Тіпті әскер бөлімі орналасқан бір ғимаратта адам шығыны болғаны жөнінде де айтылады. Ақиқатқа жанаспайтын осындай деректерді оппозициялық және кейбір шетелдік ақпарат құралдары таратып жатты. Егер жергілікті баспасөз әдеттегідей үнсіз қалмағанда осындай қаңқу сөздерге жол берілер ме еді?

  Зілзала зардабы Бакуде, Саратовта, Мәскеуде де сезілген. Міне, табиғат құбылысының әзірге адам болжап болмаған құбылыстарының сипаты осындай. Ғалымдардың пікірінше жыл сайын әлемде күші жағынан әртүрлі 60 мыңға жуық жер дүмпуі болып тұратын көрінеді. Күн сайын болып жатқан болмашы жер ауытқушылығын сөз етудің өзі артық болар дейміз. Жалпы алғанда Түркіменстанда жер сілкінісі жиі тіркеледі. Өйткені ол сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Осыдан қорытынды шығарған болуы керек, республика үкіметі оған қарсы шараларды қазір белсенді түрде жүргізуде. Соңғы 10 жыл ішінде салынып жатқан құрылыстар осының дәлелі болса керек-ті. Сәулеті жағынан жаңа талаптарға жауап беретін мұндай ғимараттар зілзала зардабын анағұрлым жеңілдетуге мүмкіндік береді.

  Өткеннің ащы сабақтарын әрдайым ұмытпауға тиіспіз. Ең бастысы – одан қорытынды шығару барлығынан да маңызды дер едік.                                                                                                  

Ж.АҚСАҚАЛОВ   
 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<