Ауғановтар әулеті

714

0

Бұл күндері ауылда көнекөздер азайып, майданнан оралған жауынгерлердің үрім-бұтақтары ғана қалды. Өшпес із қалдырған ағалардың есімі ұмытылмақ емес. Біз тұратын «Ақсуат» атты ауылдық округтегі бірнеше көше майданнан оралып, пәни дүниеге аттанғандардың есімін иеленіп тұрғаны көңілге қуаныш әкелгендей болады. Солардың есімдері көзге оттай басылады, тағзым етесің.

Ауғановтар әулетінен сұрапыл соғысқа үш азамат аттанды. Олар Тәуірбай, Сыздық, Әбубәкір еді. Сыздық хабарсыз кетті, ал Әбу­бәкір «Жаңатұрмыс» колхозынан әскерге шақырылғанда отыз­ға жетпеген болатын. Жо­ғар­ғы командованиенің резер­він­­дегі бесінші танк армиясында зеңбірекші болғаны туралы «Боз­дақтар» кітабының 14-бетінде мә­­лімет бар. Жауынгер Сталин­град шайқасында ерліктің үлгісін көрсеткен, 1941 жылдың 21 қа­­рашасында Сталинградтың Ха­лын­ковск хуторында болған шай­қаста ерлікпен қаза тапқан. Қазақ жауынгері Әбубәкір Ауға­новтың ерлігіне бас иген тұр­ғындар ху­тордағы 220 метр биіктікте ор­наласқан далалық туысқандар бе­йітіне жерленгенін мақтаныш етеді. Ерліктің өшпес шежіресіне айналғанын әлі күнге әңгімелейтін көрінеді.

Ағайынды үшеудің екеуі Сыздық, Әбубәкір ағалар елге оралмады, ұрпақ сүймеді. Ең үлкені Тәуірбай Ауғановтың көрер жарығы бар болар, 1943 жылы туған жері «Жаңатұрмысқа» оралды. Аяғынан жарақаттанып, екінші топтағы мүгедек болып туған жерге оралған бойда колхоздың сан салалы шаруашылығына белсене араласты. Үш жылдай тауарлы-сүт фермасын басқарды. Мал басын көбейтуге, өнімдерді молайтуға үлес қосты. Сауыншылардың жа­ңа легін жасақтады. Бақташы Ха­­мит­бек Манабаев, Сейтқали Бай­қа­дамов, сауыншы Салиха Бек­тасова сынды өз ісінің майтал­ман­да­ры­ның мектебін құрды. Іскер, ұйым­дастыру қабілеті жоғары майдангер Тәуірбай Ауғановқа жергілікті басшылар колхоздың қой фермасын басқаруды ұсынды.

Ол басқарған қой фермасы бірер жыл болмай жатып, ауданның алдына шықты. Көш­пелі қызыл тудың бірнеше рет жеңімпазы атанды. Қой саны 13 мыңға жетіп, бригадалар көбейді. Шопандар Мұқан Махмұтов, бригадир Теңгеш Ақмырзаеваның із­денімпаз, іскер тәжірибелері бас­қаларға үлгі ретінде насихатталды.

Жауынгер Тәуірбай жасы ұлғайған сәтте басшылықтан өз еркімен босанып, бірыңғай мал бағумен айналысты, қой санын көбейтуге үлес қосты. Соңынан жастарды екінші тыңды игеруге шақырды. Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізуге шақырған сол кездегі шұбартаулықтардың бастамасын іліп әкеткені әлі күнге жыр-дастан.

Еңбек майталманы 1960 жылы зейнеткерлікке шықты. Марапатқа толы еңбектері бағаланды. Дүние­ден 1969 жылдың 8 тамызында өтсе де, еңбеккер бейнесі ел жүрегінде әлі күнге сақтаулы тұр.

Ауылда Ауғановтар әулеті, одан тараған ұл-қыздан өрбіген не­мере-шөберелер – бір-бір ша­ңы­рақ. Бәрі ол өз еңбегімен таныл­ған кәсіпкерлер, бірі – ұстаз, бірі – механизатор, тағысын тағы­лар. Абай атамыз айтқандай, өшпей-тұғын артында із қалдырған Ау­ғановтар әулеті көбейе бергей деп тілек айтамыз.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<