Қазақ елінің тұғыры – Алтын Орда

2107

0

Қазақ елінің тұғыры – Алтын Орда  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» форумында: Алтын Орданың 750 жылдығын, Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде пікірін білдіріп өтті. Қазіргі таңда елімізді туристік мемлекетке айналдыру бағытында жұмыстар жасалуда, екінші жағы Алтын Орданың тікелей мирасқоры екеніміз бесенеден белгілі.

         Әлемнің әйгілі қолбасшысы Шыңғысхан қайтыс болар алдында өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Тұңғышы Жошыға шығысы Ертіс өзенінен батысы Еуропаға дейінгі Шығыс Дешті Қыпшақ жері, Арал, Сырдарияның төменгі ағысы мен Жетісудың солтүстік-шығысы еншісіне тиген болатын. Көзі тірісінде Жошы өз ұлысын тәуелсіз ел етуге ұмтылды. Алайда, белгісіз себеппен өмірден өткен ол асыл мұратына жете алған жоқ. Дегенмен де, Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда Ежен әке арманын орындауды мақсат тұтты. Үлкен ұлы қазақ хандарының атасы Орда Ежен қарашаңыраққа (Ақ Орда) ие болып, жерін ұлғайтты. Ал, Жошы ұлысының толықтай иесі екінші ұлы Батый Алтын Орданы басқарды. 1236 жылы Бату оң қанатты, Орда Ежен сол қанатты бастап шығып, батыс шекарасын кеңейтіп, тәуелсіз ел болу жолында аянбай күресті.

         1269 жылы Қайдудың бастамасымен Талас өзені бойында Жошы, Шағатай, Үгедей әулетінен тараған ханзада, нояндар жиналып құрылтай өткізген болатын. Нәтижесінде Ұлы Моңғол империясы бөлініп, ұлыстар енші алып, шекарасын белгіледі. Алтын Орда Мөңке-Темірдің бастауымен тәуелсіздігін заңды түрде бекітіп, баба арманына қол жеткізді.  Ұлы баба (Жошы) арманын тұғырлы ету жолында Өзбек хан мен Жәнібек ханның атқарған қызметі орасан зор. Өзбек хан ең алдымен, исламды мемлекеттік дін деп жариялап,  ақша реформасын жүргізіп, ірі экономикалық маңызы бар қала орталықтарын дамытты. Сондай-ақ, Еуропа мен Таяу Шығыста сыртқы саясатын аса тиімді жүргізе отырып, Алтын Орданың Батыс пен Шығыстағы саяси-дипломатиялық байланысын нығайта түсті. Жәнібек хан өзі билік еткен тұста Алтын Орданың ішкі және сыртқы саяси жағдайын нығайтуға күш салды. Өздеріне бағынған орыс князьдіктерінен алым-салық жинау ісін бір жүйеге келтірді, территориясын кеңейтуге ұмтылды. Өзбек хан пен Жәнібек хан билік еткен кезең мемлекеттің күш-қуаты артып, дамыған кезең болды. Алайда, Алтын Орда тағына бүлік арқылы келген Бердібектің кезінде құлдырау шегіне жетті. 1359 жылы Бердібектің ажалынан кейін Алтын Орда да аласапыран басталды. Яғни, тақ үшін таласта жиырма жылда жиырмадан астам хан таққа отырды. Бердібек билігінен кейін Батудың ұрпақтарының билігі тоқтады.

         Күйзелген Алтын Орданы қалпына келтіруге Ақ Орда хандары Ерзен мен Мүбәрак және Ұрыс хандар күш салды. Одан әрі Әмір Темірдің қолдауымен билікке келген Тоқтамыс тұралаған Алтын Орданы біріктіріп, Жошы армандаған «Мәңгілік Ел» етуге ұмтылды. Дегенмен де,  Әмір Темірдің жорықтарынан  Алтын Орда  бұрынғы қалпына қайта келмеді. 1480 жылы Алтын Орданың соңғы ханы Ахмет қайтыс болған соң мемлекет ретінде  жойылды.

         Қорыта айтқанда екі ғасыр өмір сүрген Алтын Орда мемлекетінің  тікелей мирасқоры – Қазақ Елі.  Алтын Орданың негізін салушы Жошы хан қазақ хандарының атасы.

                                                                                       Қуандық ҮСЕНБЕКОВ,

                                                                    №110 мектеп-лицей мұғалімі,

                                                                                                  тарих магистрі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<