Азаттыққа ұмтылған арыстар

903

0

1930 жылдың наурыз айында Қызылорда округінің Қармақшы,  Тереңөзек, Аламесек және Қазалы  аудандарында әлеуметтік-саяси жағдай шиеленісіп кетті. Бұл аудандарда биліктің бассыздығынан ығыр болған жұрттың Қарақұмға қарай көшіп кетуі жаппай сипат ала бастады.  Оларға Ырғыз бен оңтүстік аудандардағы көтеріліске қатысқандардың аман қалғандары  да келіп қосылып, қарсылық көрсетушілердің жаңа тобы қалыптасты. Мұнда Жұмағазы Бәйімбетов, Қожбан Жұбанов басқарған көтерілісшілердің әскери жасақтары құрылды.

Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, орташаларды, кейде тіпті кедейлерді де кулактар қатарына жатқызу, жұртты мал-мүліктерінен айырып және дінге тыйым салғандықтан, Сыр бойы халқы да кеңестік жүйеге қарсы көтеріліске шықты. Соның бірі 1930 жылы  Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан басқарған көтеріліс еді.                           

Жұмағазы молда Бәйімбетұлы Бұқарадағы діни медреседе білім алған.   1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты «Қарабөгет» деген жерде №1 ауыл тұрғындарының жиынында сөз сөйлеп:

– Бұл жыл өте ауыр болды. Тіпті орташалар мен кедейлерді байлардан ажыратпай аса ауыр салық салды. Енді, міне, колхоз ұйымдастырып, оған бізді күштеп мүше етіп, малымызды және дүние-мүлкімізді тартып алмақшы. 1928 жылы байларды тәркілеген кезде, біз өкіметке ешқандай кедергі жасағанымыз жоқ. Ендігі жерде  түгелдей барлығымызды тәркілегісі келеді. Бізді ислам дінінен бас тартуға итермелейді. Ауданнан келген уәкілдердің діни жолмен жүруге қарсы екенін, олардың мешіттерді жаптырғанын  өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Мұндай өкіметтен не күтуге болады? Ертең барлығымыз бірігіп Қарақұмға көшуіміз керек. Сол жерде біз Кеңес өкіметінен қорғанамыз, – деген.

Жиналғандар жергілікті үкімет пен уәкілдерден  Қарақұмға қаша көшу туралы шешімге келді. Іле-шала аталған ауылдардан 700-дей қожалық жаппай көшті. Жол-жөнекей кедергі жасамақ болған жергілікті кеңес партия қызметкерлері табанда тұтқындалды. 17 наурызда көтерілісшілер Жұмағазыны өз орталарынан хан етіп сайлады. Оған кеңесшілер болып Ысқақ Әлмағамбетов, Сағит Күздікбаев, Оразбай Омарбаев, Беріш Байбақтин, Мешітбай Қыпшақбаев, Бұқарбай Қожамжаров, Жанұзақ Тәженов бекітілді. Көтерілісшілер қатары күн санап өсті. Оларға біртіндеп Баймағамбет Талқанбаев, Кенжебай Тыныштықов, Тілеуғали Ахметов бастаған көтерілісшілердің жаңа топтары барып қосылды.

«Босағалы» деген жерде Бұқарбай деген кісі бастаған 50 қарулы, ал жалпы саны 150-дей шаруа көтерілісшілер қатарын және толықтырды. Жұмағазының тобы орналасқан тұстан шамамен 25 шақырымдай қашықта «Тұздақ Қараүңгір» деп аталатын жерде Пірмағамбет Лаубаев және ағайынды Нұрхан мен Жұмаш Қараевтар басқарған көтерілісшілер жол бойындағы құдықтарды құмға толтырып, із жасыруға тырысқан. Жұмағазы Орынбордан, Қызылордадан, Ташкенттен, Орскіден жіберілген жазалаушы отрядтарға қарсы күресте шебер ұйымдастырушы ретінде көзге түсті.

Қуғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7 сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Ал қызыл әскерлерден 2000-дай адам топтасқан еді. ОГПУ мәліметтеріне қарағанда олардың 300-дейінің қарулары болған.

Пірмағамбет Лаубаев – Сыр бойының әйгілі батыры Қашқынбай Кемелұлының немересі. «Жолбарыс батыр» атанған Қашқынбай батыр – Хиуа, Қоқан хандықтарының озбырлығына қарсы шыққан айтулы ер. ОГПУ деректеріне сенсек, Қарақұмдағы көтерілісшілердің жалпы саны 5000 адамға жеткен. Ізге түскен жазалаушылардан құтылу үшін 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған.

1930 жылы 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік  комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚАЗОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар көтерілісшілерді қаруын тапсыруға көндірді. Келіссөзге Жұмағазы Бәйімбетов, т.б. қатысты. Олар үкімет алдына 7 шарт қойды.

Талаптардың ішінде, әсіресе, дінге бостандық беру және осында дін басқармасын ұйымдастыруға мүмкіндік жасау, онан соң осы мақсатты жүзеге асыру үшін өздерінің Уфа қаласына барып-қайтуға рұқсат беру бар. Үкімет комиссиясы бұған да рұқсат берді. Жұмағазы Байымбетов, Оспан Ақмолдин, Тілеуғали Ахметов құрамына енген діндарлар делегациясы Қызылорда округтік атқару комитетінің төрағасы Жүнісов қол қойған заңды куәлік алды. Бірақ мемлекеттік комиссия берген бұл уәделердің бәрін голощекиншілер көп кешікпей-ақ, көтерілісшілер қаруын тапсырып, тараған соң-ақ аяқасты етті. 30 мамырда Жұмағазы Байымбетов өзінің 8 кеңесшісімен бірге тұтқынға алынды.

1930 жылы Қарақұмда болған халық көтерілісіне басшылық еткен ол тергеуге берген жауабында былай депті: «Ақпан айында ауылда жаппай конфескелеу мен еріксіз коллективтендіру басталды. Кәмпескелеуге байлармен қатар орташаларды, тіпті кедейлерді де жатқызды. Оның үстіне ауылдың үштігі намаз, ораза және басқа да діни жораларды ұстауға тыйым салды. Осының барлығы ауыл тұрғындарының арасында наразылық тудырып, аяқастынан толқулар болып, ол көтеріліске айналды. Арада екі күн өткен соң Қармақшы ауданынан бізге Пейіс деген кісі келіп: «Сіздерді жоюға Қарақұмға екі қарулы отряд келе жатыр» деді. Мұны естіген ел жиылып, жиналыс жасап, мені өздеріне дінбасшы етіп сайлады. Келесі күні-ақ келіп үлгерген қарулы отрядпен ұрысқа түстік. Біз оларды арнайы қоршауға  алғанымыз жоқ, тек қана қорғандық. Көтерілісшілердің қолдарында ағаш, таяқтар мен суық қарулар болғаны рас. Осы ұрыстан кейін біздің  қолымызға үш винтовка, бір пулемет, бір найза және бірнеше мініс ат түсті. Осыдан кейін Алматы қаласынан бізге үкімет комиссиясы келіп, келіссөздер жүргізді. Шарт бойынша қолға түскен қару-жарақты соларға бірден табыс еттік».

Жұмағазы ханның және басқаларының іс-әрекеттері объективті түрде дәлелденбесе де, халықтың үрейін ұшыру үшін 1930 жылы 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен саяси бас басқармасы үштігінің үкімімен олар түгелдей ату жазасына кесілген. Тек Жұмағазыға шығарылған үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. 1931 жылы көкек айының 16-сы күні Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза табады. Осы қанды оқиғадан бері 92 жыл уақыт өтті. Жұмағазы молда әлі ақталмады, ұрпақтары да жоқ. Қостанай облысында әпкесі болған. Ол кісіден жұрағат бар ма, белгісіз.

Сарманқожа деген жерге бекінген көтерілісшілер саны 1930 жылдың шілде айында 400-ден 1000 қожалыққа дейін өсті. Жұмағазы тұтқындалғаннан соң, бір жарым айдай уақыт өтісімен табын, қыпшақ, алтын, шөмекей руларының өкілдері жиналып, Айдаров, Қайранбеков және басқалары Мыхымбай Төлебаевтың баласын сүндетке отырғызу тойын пайдаланып, жиналған жұрттың келісімімен батыр Қожбанды хан сайлаған. Оған ауыл ақсақалдары мынадай міндет жүктеген: 

1. Ә.Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссиясының алдына қойылған 11 пункттен тұратын Жұмағазының талаптарын жүзеге асыру.

2. Қарақұм жеріне келген қызыл әскерге қарсы тұрып, жеңіске жеткенше күресу.

Батыр Қожбан өзіне кеңесші етіп торғайлық Әшірбек Махамбетовті, Мірәлі Рамазанқұловты және Қабыл Жанбосыновты тағайындаған. Бұл кеңесте Ержан деген кісі болған, әкесінің есімі белгісіз. Сосын барып Қожбан хан елден аң аулайтын мылтықтар жинап, мергендерін қаруландырған. Сөйтіп, сарбаздарының санын екі мыңға жеткізген. Кеңес өкіметі 1930 жылы тамыз айында оларға қарсы Біріккен саяси бас басқармасының оперативтік топтарымен қоса пулемет, винтовка және гранаталармен қаруланған арнайы дивизион жіберген.

Айта кеткен жөн, аталған шаруалар көтерілістерін басуға қатысқан жазалаушы әскер бөлімдері де болғаны ресми құжаттардан белгілі. Олар: 8-атты әскер дивизиясының 43, 44 және 45-атты әскер полктері, осы дивизияның байланыс мектебі, ұлттық атты әскер эскадроны, ОГПУ әскери отрядының 62-дивизионы, жеке байланыс эскадроны, атты-таулы батарея, атты-саперлік эскадрон, 8, 38-атты-артиллериялық дивизиондар, Орта Азия әскери округінің радиостанциясы, химиялық бөлімі, Қарсақпай коммунистік отряды. Бұлар таяқ, найза, шоқпар және жарым-жартылай аң аулайтын мылтықтармен қаруланған батыр Қожбан ханның сарбаздарымен 1930 жылдың желтоқсан айына дейін Қарақұмда бірнеше рет ұрысқа түскен. 21 тамызда қақтығыстар кезінде, 9 қызыл әскер өліп, 4-і жараланды.

Қожбанның 26 мергенінің ең жасы Ізжан Дөсекбайұлы болған. Сондай-ақ Созақбай батырдың баласы Қашақ мерген де бар. Дерегімізге қоса мынадай дәлелді мәліметті келтірейік: «Созақбайдың Қашақ деген баласы кешегі Арқада, Қарақұмда болған ұлт-азаттық ұрыста Қожбан ханның мергені болып орыстарға қарсы соғысып, орыс полковнигімен қылыштасып, оны өлтіреді. Өзі құлағынан жараланып үйіне келеді. Салбырап төменгі ұшына ілініп тұрған құлақты тоғыз жасар Нақап інісінің баласы Қасымханға ұшынан ұстатып бәкімен өзі құлақты кесіп алады». Кейін Қашақ мерген Созақбайұлы ұсталып 5 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады. Ал Әбдіраман мерген қолға түсіп, Қарауылтөбе ауылының маңайында атылған.

Шешуші шайқас 1930 жылы 8 желтоқсанда «Көжебай» сайында болды. Көтерілісшілер күші тең емес ұрыста талқандалды. Қожбан батыр бастаған 24 көтерілісші алғаш қашып шықса да, көп кешікпей Сарысу ауданы жерінде қолға түсті. Қарсыласу кезінде олардың 4-і өлтірілді. Жазалаушы отряд мүшелері негізінен қазақ ұлтынан емес.

Осыдан кейін Сыр бойында болған көтеріліске қатысқан халықты жазалау басталды. Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Алдын ала тергеу барысында 195 адам қылмыстық әрекеттері дәлелденбеген соң жауапкершіліктен босатылған. Қалған  220 адамға мемлекетке қарсы қылмыстар жасағаны үшін айып тағылған. Тергеудің аяқталуына санаулы күн қалғанда процессуалдық тәртіпке сыймайтын жолдармен қосымша тағы 7 адамды жауапқа тартқан.Ұзын саны 227 адамды соттан тыс Біріккен саяси бас басқармасының үштігі 1930 жылы 19 қазанда жазалаған. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген, 108 адам бас бостандығынан айырылып, әртүрлі мерзімге концлагерьлерге жіберілген.

Әмірхан Бәкірұлының «Мұстафа Шоқай» атты кітабындағы атылған адамдардың тізімінде Сыр бойына белгілі әулет Медет батырдың баласы Сүйінқара батырдың інісі, елге беделді Шоңмұрын бай және оның ержүрек баласы Қайраш бар. Қарт Шоңмұрын 1930 жылы Қызылорда қаласының түрмесіне қамалғаны рас, бірақ атылған жоқ, өз өлімімен дүние салады. Өйткені түрмеден әкесінің сүйегін алуға Қармақшыдан 1905 жылы туған Сақып деген баласы және оның досы, шөбере бауыры, құрдасы, Уәлі бидің немересі Ахметбек Уәлиев келген. Сақып пен Ахметбек бұл кезде 26 жастағы жігіттер екен. Енді ойға келесің, «неге Сақып Шоңмұрынұлы түрмедегі ағасы Қайраштың да сүйегін алып шықпаған?» Жауабы – түрмедегі атылғандарды бір жерге тастайды, жерлейді, олардың сүйегін туысқандарына бермейді, яғни Қайраш атылған. Сондықтан ол кісінің есімі атылған адамдардың ішінде, ал Шоңмұрын түрмеде қайтыс болғандықтан, ол кісінің де есімін атылған адамдардың тізіміне қосқан.                                     

Шоңмұрынның мүрдесін алып шығуға Ахметбек, Сақып інілерімен бірге Сыр сүлейі, ақын, молда Іскендір Байсүгірұлы да барып, Қызылорда қаласындағы «Сыр сүлейлері» шағын ауданындағы көне қорымға жерлейді. Бес жылға сотталғандардың ішінде Уәлі бидің немересі Әбдірәсіл Байзақов бар. Ол Жосалыда қызметте болған, Семей қаласына сотталып кеткен. Ұрпақтарында ақталды деген құжат жоқ. Әмірхан Бәкірұлының жоғарыда аталған кітабында бес жылға бас бостандығынан айырылған адамдардың тізімінде есімі бар.

Байзақ (Байұзақ) Уәлі би баласы 1932 жылы сотталып, Ырғызға жер аударылып көшірілген.  Содан бері 90 жыл өтті әлі ақталған емес. Ұрпақтары Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Тараз, Шымкент қалаларында, Қармақшы ауданында тұрады. Кеңес үкіметінен де, кейін де ақталды деген арнайы құжат алған емес. Байзақ бидің бейіті Қорқыт ата қорымында. 

Қарақұм көтерілісіне қатысқандардың бірі – Әптіхан ұста.  ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген,  бір құлақты шиті мылтық жасаған.

Сол кезде алтын еліне діни-ағартушылық қызметімен тегі қожа Ахметбек ишан Биқожаұлы келеді. Кейін алтындар арасында діни-ағартушылық қызметпен айналысқан соң Ахметбек  ишан Алтынқожа  аталып кетеді. Алтынқожа  Биқожаұлы  – діни қызметкер. 19 жасында Өзбекстанның Үргеніш қаласындағы діни оқуға түскен. 14 жылдай оқып, ишан дәрежесін алған. Елге оралып Қармақшының «Қызылтам» елді мекенінде мешіт ашады. 1902 жылы Уфа қаласында өткен алашордалықтардың ІІ Думасына Қармақшы уезінен делегат болып қатысқан. 1929 жылы кеңес органдары дүние-мүлкін кәмпескілеп, Қармақшыдан туған ауылына көшіп келеді. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін  құрбаны болып, 10 жылға сотталып Ресейге жер аударылды.

Көтеріліс құрбандарының бірі Жүсіп қажы Базарұлы репрессияға ұшырап, Ырғызға жер аударылады. Шөмішкөл маңайында қайтыс болған. Осы уақытқа дейін ақталған жоқ. Шұңғыр батырдың ұрпағы Жұмабай Мұстафаұлы  палуан, аңшы, молда болған. 1932 жылы аштық кезінде Тәжікстанның Қорғантөбе деген аймағында 1952 жылға дейін тұрған. Осы өлкеде палуандығымен аты шығады. 1952 жылы Өзбекстанға көшіп келіп, сонда қайтыс болды. Көтерілісшілердің арасында Шұңғыр батырдың ұрпақтарынан атақты Жүркей ұста болған.  Бұл кісінің баласы Бәку кейін Сырдария ауданы, қазіргі Нағи Ілиясов ауылында өмір сүреді. 

Сыр бойы сүлейлерінің арасында шоқтығы биік тұлғалардың бірі Сейітжан сал Бекшентайұлы Қарақұмдағы көтерілісшілерге дем беруші деген жаламен 1937 жылғы желтоқсанның 18-де қамалып, алдымен 10 жылға сотталады. Кейіннен ісі қайта қаралып, 1938 жылғы ақпанның 16-да атылады. Содан 51 жылдан соң 1989 жылы ақталып, өлендері баспасөз беттерінде жариялана бастады. Сол қанды оқиғаларға биыл 92 жыл болып отыр. Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтың ардақты ұлдарының елі, ислам діні, ар-намысы үшін жанын пида еткен ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс.

Бақытжан АХМЕТБЕК,

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<