Тарих дегеніміз – халықтың тұрмыс-тіршілігі, басынан кешкен оқиғалары, ғылымы мен білімі, этнографиясы мен демографиясы, экономикасы мен мәдениеті, салты мен дәстүрі, басынан өткені екенін ескерсек, Ұлы даламызда ілгергі заманда өмір сүрген, бізге олар туралы шындық аңыз болып жеткен тұлғалар жетіп-артылады. Соның бірі әрі бірегейі – Кішкене баба Есенәліұлы.
Есенәліұлы Кішкене бабаны тануды онымен замандас болған, Үйсін Қарашаұлы Бәйдібек баба мен Домалақ (Нұрила) анамыз, сондай-ақ бабаның өзі туралы шежірені зерделей отырып, тұлғалық бейнесін аша түсетін деректер арқылы қаузап көрмекпін.
Бәйдібек баба мен Нұрила ана туралы деректер шежірешілер мен жазушылардың еңбектерінде кездеседі. Соның бірі – Даниярбек Дүйсенбаевтың 1991 жылы Алматының «Мұраттас» баспасы шығарған «Домалақ ана» атты кітабы. Онда Бәйдібек 1356-1419, Нұрила 1378-1456 жылдары яғни ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрді делінген. Бірақ тарихшылар бұл деректің жаңсақ екенін нақтылаған. Ал жазушы Еркінбек Тұрысов: «1996 жылы Бәйдібек бабаға арнап салынғалы жатқан кесененің құрылыс алаңындағы қазба кезінде, төрт құлаш жер астынан, бағзы бір замандағы қабір (саркофаг) мәйітханасының қабырғасы көрінгені жайлы хабар жетіп, бас сәулетші Ұ.Садырбеков, Шымкент облысының әкімі Зауытбек Тұрысбеков үшеуміз құрылыс басына жеттік. Табылған қабірдің қышы Тараздағы Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун кесене күмбездеріндегідей болғандықтан, Бәйдібек баба Қарахан дәуірінде, Х-ХІ ғасырлар тоғысында өмір сүрген деген тұжырым жасалады», дейді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Еркінбек Тұрысовтың тағы бір жазбасында Шығыс, қазақ және батыс далаларын тұтастырған Ұлы далада 556-576 жылдары Ұлы Түрік қағанатының қанатын жайғызып, дулы Естемес хан билік құрған кезден кейін, қағанаттың қазіргі қазақ даласы аумағындағы бөлігі оның үлкен ұлы Қараша ханның қарамағына өтіп, 30 жылдай мемлекет басқарып, одан соң билік Үйсін Қарашаұлы Бәйдібек бабаға өткені жазылған. Еркінбек Тұрысовтың 2010 жылы Алматының «Нұрлы Әлем» баспасынан шыққан «Бәйдібек» атты тарихи хикаятының 6-11 беттеріндегі алғысөзінде: «604 жылы 74 жастан асқан Қараша хан Тараздың түбінде қытайлармен өткен қырғын соғыста қайтыс болып, сол кезде 18-20 жастағы Бәйдібек мемлекет билігін өз қолына алып, қытай басқыншыларына соққы беріп хан сайланған» деген дерек келтірілген.
Осы үш деректің қай-қайсысына қарасақ та, Бәйдібектің үшінші әйелі Нұриладан туған Қоңырмен ақ некелі болғандығынан, Шектіден шыққан Есенәліұлы Кішкене бабамыз Бәйдібек бабамыздың замандасы әрі сол уақыттағы бүкіл Ұлы жүз Үйсінге танымал һәм беделді тұлғалардың бірі болған деген тұжырымға келуге негіз тудырады.
Кішкене бабамыздың жерленген жері туралы тұспалдар жайында Қазалының Бекарыстан би ауылында 100-ге келіп қайтыс болған Асан Қабақ Смағұлұлы 2012 жылы жазда айтып еді. «Өзбекстаннан Қазақстанға қарай созылып жатқан «Әлімтауындағы» екі төбеге Кішкене мен Палуан аталарымыз жерленген деп ағам Мырзағұлдың баласы Балташтан естігем» деді ол. Бұны нақтылай түскен тағы бір дерек, Жиеней Бек Ерғанатұлы: «институтта бірге оқыған, «Әлімтау» етегіндегі «Әлімтау» ауылында тұратын Ергешов Жарылқасынның үйіндегі дастарқанда Әліммін дегенімде, тоқсаннан асқан әкесі «Әлім деген батыр болды. Ол онда сенің атаң екен-ау», деп еді дейді. Бұл тау, біздің арғы бабамыз Әлім жайлаған тау болса, ол жерге Кішкене мен Палуанның жамбасының тиюі әбден мүмкін сияқты емес пе?!
Тарихшы Жаңаберген Якияұлы мен журналист Салмат Қалуұлы жазған «Құрымбайлар шежіресі» деген 2004 жылы шыққан кітаптың 16-бетінде: «Көнекөз қариялар Кішкененің зираты Кентау қаласынан 70 шақырым жерде. Басында арабша жазылған құлпытасы тұр» дегенді айтады. Тарихи әңгімелерде Кіші жүз ол кездері Созақ, Түркістан, Сауран, Ташкент қалаларын қоныстанған. Олай болса, қарттардың Кішкененің зираты Кентау маңында дегені дұрысқа келеді», деп жазылады. Асан Әлимұса Досқожаұлы 2014 жылы күзде «Жаңақорған» шипажайында демалған Айдарбек ұрпағы Жиенбай Жұмағазиев, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовке жаңақорғандық қарияның «Кішкене бабаларыңның бейіті Созақ ауданы Қаратау совхозында. Ол Жаңақорғаннан 70-80 шақырым» деп жоғарыдағы «Құрымбайлар шежіресіндегі» тұспалды қайталайды.
«Құрымбайлар шежіресі» мен Досқожаұлы Әлимұса айтқан деректерге жуықтайтын тағы бір әңгіме: «Қоңыр, Құланбике аналарымыз бен Кішкене баба үшеуі де Домалақ (Нұрила) ананың қазасына барғанда кейінірек ауырып, қайтыс болып, сол өңірде жерленген» делінетін аңыз. Ал Ү.Түктібаев ауылындағы Асан Мергенбай Қожаниязұлы аянмен 2011 жылы Бегім ана мұнарасы маңынан Кішкене бабаның жерленген орнын тауып, төртқұлақ және ескерткіш тақта орнатып, ас берген. Сондай-ақ Ақан деген баласының: «Біз төртқұлақты салып болғанша, сол маңда сағымданып, құландар жүрді» дегені сол құланның Кішкене туралы аңызда оның жылқысының ішінде жүретінін еске түсіріп, бізді осында бір сыр жоқ па екен деген ойға қалдырады.
Кішкененің өзі туралы айтар болсақ, еш жерде қолжазбалары сақталмағанмен, елден жинап, жазып жүрген Машарап Әлиұлы мен Қаратай Қуаңбайұлынан көшіріп алған Омардың немере інісі Айтбай Тоқсанбайұлының ұсынуымен халық ақыны Шораяқұлы Омардың «Сөйле, тілім жосылып…» деген атпен Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының этнофилология лабораториясы және «Шораяқұлы Омар» қоры, немересі Тұрсын Шайқықызы мен журналист Шәкізат Дәрмағамбетовтың саралауымен 1995 жылы Алматының «Рауан» баспасынан өлең, терме, толғау-дастандары енгізіліп шығарылған кітаптың 61-бетінде:
«Нағашым – атышулы Кішкене еді,
Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.
Тағамның тал түстегі саясына,
Бес Бозғұл, алты Әлім түстенеді», деп дәріптеледі.
Кішкене бабамыз туралы өлеңнің бұл нұсқасы 2009 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Р.Бердібаев төрағалық еткен редакциялық алқаның сараптауымен шыққан Шораяқтың Омарының терме, толғаулар, өсиет-мысалдар, айтыстар мен дастандары жинағында да қайталанып, Кішкененің аты танымал, батыр һәм халқына сәулесі мол бай, қайырымы мен қамқорлығы алты Әлімге аян екені суреттеледі.
Біз әңгімеге арқау етіп отырған Кішкене бабамыз ұрпақтары ұлықтауға лайық, мемлекеттік тұрғыда танып-білуге тұрарлық тұлға деп санаймын.
Шарафадин АЛТЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы
Астана қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<