Бадрисафа анамызды білеміз бе?

1425

0

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осы орайда Ахаңның жары туралы білетінімізді бөліссек.

Алаш қайраткері, педагог, ұстаз, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ұлтымыздың тіл мәдениеті мен сөйлем, сөздерінің байлығын, қолданысын арттыру  мақсатында бүгінгі күндері қолданып жүрген әріптерді, сол кездері жастарға білім берудің алғашқы сатысын енгізуге күш салған Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың алып азаматы болып қазақ тарихында қалды.

Қайран, арманда кеткен Алаштың қайраткерлері өздері білім алып, азаматтық тұлғасы қалыптасып, саяси сахнаға шыққан патшалық Ресейдің дәуірінде емес, ұлт тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресте, өздері орнатуға атсалысқан жүйенің құрбаны болып, қуғын-сүргінмен өмірлері қиылды.

Алаш қайраткерінің ірі тұлғасы Міржақып Дулатов өзі Ақтеңізде айдауда жүріп А.Байтұрсынұлына жазған хатында «Сендер қайткенде де Мұхтарды сақтаңдар, бізді келешекте Мұхтар ғана қорғайды» десе, өзі де қапаста отырған А.Байтұрсынұлы 1931 жылы Алматы түрмесіндегі М.Әуезов пен Ә.Ермековке «Сендер әлі жассыңдар, біз сияқты саясатта аттарың шығып әйгіленіп қалған жоқсыңдар, біз жаздық, жаңылдық деп, қанша жалынсақ та олар бізге бәрібір сенбейді және түрмеден шығармайды, осы тұзақтың түскені түскен. Сендер қателіктеріңді мойындап ашық хат жазыңдар, бәріміз бірдей өліп кетсек, арманымызды алдағы күнге кім апарады? Екіншіден, сендер ештеңе тындырған жоқсыңдар, халыққа бізді жексұрын көрсету үшін қатесін мойындайтын адамды іздеп отыр. Бұл да – күрестің бір түрі» деп ақыл айтып хат жазған екен. Осылайша олар басын бәйгеге тігіп, ұлтымыздың болашағы үшін қанқұйлы тоталитарлық жүйеге қарсы күрестің алуан түрін пайдаланып, соңғы демі біткенше саяси ұстанымын өзгертпей өткен.

Қайраткерлердің арманы арада жетпіс жыл өтіп, еліміз егемендік алғаннан кейін орындалып, олар елімен қайта қауышты. Қазақ тарихында қара таңба болып жазылған сталиндік репрессия жылдарының зардаптары туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана білдік.

Қазақстанда 100 мыңнан астам адамның қуғын-сүргінге ұшырағаны, олардың 25 мыңнан астамы атылғаны белгілі. Ал олардың туыстары, аналары мен әйелдері, балаларының жазалануы жиырмасыншы ғасырда дүние жүзіндегі өркениетті елдердің ешқайсысында болмаған. Олар Ақмоладағы «АЛЖИР» түрмелерінде азап шекті. Еліміз егемендік алғаннан кейін Алаш қайраткерлерінің әйелдері азап шеккен түрмеде мемориалдық кешен ашылды.

Ахмет  Байтұрсынұлының әйелі Бадрисафаның тағдыры қалай болған еді? Ахаңның өмір жолы, саяси күрестегі тағдыры, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кең көлемде зерттеліп, халқымен қауышты. Атына республикалық институт пен көшелер беріліп, еңбектері жарық көруде. Ал сүйген жары Александра Ивановна туралы деректерді біле бермейміз.

Тарихи деректерге зер салсақ, көнекөздердің айтуынша, Ахмет пен Бадрисафаның арасындағы сүйіспеншілік шынайы, таза да сұлу, сәнді болғанға ұқсайды. Александра Ивановна жары саяси күресте басынан өткізген тар жол тайғақ кешу кезінде қиын уақытты бірге өткізіп, бір-біріне сүйеу болған. Жас Ахмет Алакөлдегі жаңадан ашылған мектепке мұғалім болып келгенде Аманқарағай орман шаруашылығында орманшы болып жұмыс істейтін Александра Ивановнаның әкесінің үйінде пәтерде тұрады. Екі жас осы кездері танысып, соңы үлкен махаббатқа жалғасады. Күйеуі қызмет бабымен Қостанайда, Торғайда болған кездері оның сүйіспеншілігі мен жүрегінің тазалығын, ортасы мен достарына деген адалдығын кешегі күнге дейін замандастары айтып жүрген. Ахаң кейіннен Александра Иванованы «Бадрисафа» деп  атаған. Бадрисафа Ахмет түрме мен айдауда жүргенде өмірдің тезіне шыдап, мықты, ұстамды, қайратты адам болып қалыптасады. НКВД бірнеше рет қыспаққа алып, небір құйтырқы әрекеттер жасағанда да бәріне төзіп, шыдай білген. Ахметке деген сүйіспеншілігі мен махаббатын жоғалтпаған.

Ахмет Архангельск облысының Соловец аралында айдауда жүргенде Бадрисафаны асырап алған қызы Шолпанмен бірге Сібірге, Томск облысына жер аударады. Сол жақта мерзімді уақытын өтеп оралады. 1934 жылы М.Горкийдің әйелі Е.Пешкова арқылы және сол кісінің қолдауымен Ахметті босаттырып алады. Бірақ бұл бостандық ұзаққа бармаған. Қайта ұсталып, атылғаннан кейін де Бадрисафаға іздеу жарияланған. Ол орын ауыстырып, ел арасында жасырынып жүруге мәжбүр болған.

Замандасы Нұрзипа Әмірова 1937 жылы Қостанайда соғыс жылдары өмір сүргенін айтады. Денсаулығынан айырылып, жүдеп-жадаған. Қостанайдың өлкелік музей зерттеушілері Ахмет Байтұрсынұлының жесірі Александровка селосындағы ауруханада қайтыс болды деген деректер тапқан. Ахметтің отбасын жақсы білетін Есімхан Тұрлыбеков шамамен 1947 жылдың қараша айында Меңдіқара ауданының Қаскет қыстағына Александра деген орыс әйелінің келгенін, оны біздің жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлы жақсы білетін Қасым Тоғызақов ертіп жүргенін айтқан екен. Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында академик Зұлхарнай Алдамжар А.Байтұрсынұлы өмірін зерттеп, «Бадрисафа» деген экспедиция құрды. Экспедиция мүшелері Алматы, Орынбор, Томск музейлерінен деректер алуға қол жеткізеді. Осының негізінде 2009 жылы Назира Жәрімбетованың «Егемен Қазақстанда», 2010 жылы «Костанайские новости» газетінде Людмила Фефелованың бірнеше мақалалары жарияланады. Сейдахмет Қабылқанов «Ақ келін» деген пьеса жазып, Қостанайдағы орыс драма театрында «Аманат» партиясының қолдауымен қойылады. Биыл Меңдіқара ауданының Қаскет ауылында Бадрисафа Байтұрсыноваға, оның жерленген жеріне екі ескерткіш орнатты. Тақтаны орнату салтанаты республикалық телеарналардан берілді. Анамыздың көзін көрген кісілер сөйлеп, естеліктер айтты. Халқымыздың басынан кешірген небір зұлмат заманда ерлеріміздің қасында құстың қос қанатындай жарларының болғанын, қиындық пен қуанышты бірге көргенін еске алды. Бадрисафа да Ахаңмен бірге азап көріп, шынайы махаббатына берік болды. Осыны бүгінгі заман жастарына үлгі болатындай кең көлемде неге насихаттамасқа?!

Көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болған «Ақ келін» спектаклі бір облыс көлемінде шектелмей, республика театрларында, көршілес Орынбор, Орск, Томск қалаларында қойылып жатса, кинофильм түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Рысбай Кәрімов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<