«Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!»

11531

0

Соғыстың алғашқы күнінен бастап, біздің облыс жалпы майданның қуатты тірегіне айналды. Бұл, әсіресе, жау қолында қалған, өндірістік қуаты көшірілген қалалардың, Кеңестер Одағының өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының жалпыодақтық экономикаға қосар үлесін толықтыру үшін қажет болды. Сөйтіп қарбалас кезеңнің өзінде бұрыннан бізге бейтаныс өндірістерді игеріп, экономиканың жаңа салаларын жолға қою сияқты міндеттер жүктелді.

Облыстың барлық аудан, колхоздарының жұмыс күшін егінді тез арада жинауға жұмылдырды. Осы мақсатта облыстық кеңес атқару комитеті мен Коммунистік партиясы облыстық комитет бюросының 1941 жылғы 30 маусымдағы қаулысы шықты. Облыстық, аудандық дайындау бөлімдері басшыларына, МТС директорларына тез арада колхоздар мен Машина-трактор станция­сындағы барлық егін оратын,  пішен шабатын құралдарды, трактор, автомашиналарды есеп­ке алып, 1941 жылдың 7 шілдесіне дейін толық жарамдылығын қамтамасыз ету міндеттелді.

Сондай маңызды міндеттердің бірі – КСРО аумағындағы ірі кәсіпорындарға және ауыл шаруашылығы жұмыс­тарына жұмысшы күшін мобилизациялау болды. КСРО ХКК-нің 1943 жылғы 25 қыркүйектегі №1049 қаулысы негізінде Еңбекшілер депутаттарының облыстық Кеңес атқару комитеті №207 өкімімен трактор механиктерін дайындау үшін облыс аудандары мен Машина-трактор станциясынан 10 сауатты тракторист немесе бригадирді Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбек резерві басқармасының қарауына беру туралы өкім қабылданды.

1943 жылы Еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша Қазақстандағы мұнай өңдеу кәсіпшілігіне, Қарағанды көмір бассейнінің көмір шахталары мен Свердловск қаласындағы электр­станция құрылысына және «Аралсульфат» тресіне жұмысшылар жұмылдырылды.

Майдандағы ерлік үлгісі тылда ұласып жатты. Жеткіншектер бұғанасы қатып, буыны бекіместен еңбекке араласып, ел байлығын еселеді. Мектеп партасындағылар тракторға, комбайн штурвалына отырды.

Майдан үшін жасалған қамқорлықтың бірі Қызыл Армия жауынгерлеріне жылы киімдер жинау жұмысы болды. Республиканың бүкіл еңбекшілері жылы киім жинау­ға атсалысып, көп жерлерде киім тігетін, пима басатын, тері илейтін шеберханалар ұйымдастырылды. 1941 жылдың маусым айынан қазан айының 15-не дейінгі мерзімде Отан қорғау қорына облыс еңбекшілері 2 млн 449 мың сомның облигациясын, 916 мың сом ақша жинаған. Сондай-ақ «Қызыл­орда колхозшысы» атты танк колоннасын жасау қорына 16271 мың сом жинап жіберген.

Соғыс уақытында күріш алқаптарының өнімділігін көбейтуге ерекше көңіл бөлінді. 1941 жылдың астық тапсыру жоспарын бес аудан мерзімінен бұрын орындап шықты. Облыс бойынша 170 мың центнер орнына 178,8 мың центнер астық тапсырылды. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев 1944 жылы әр гектардан 172 центнер күріш алып, дүние­жүзілік рекорд жасады.

Майданға көмек көрсету жөніндегі патриоттық бастамаға үн қосқан Қ.Баймағанбетов, Ш.Қоянов, Қ.Пірімов, Қ.Ділімбетов сынды облыс колхозшыларының әрқайсысы майдан қорына 100 мыңнан 325 мыңға дейін ақша аударды. Қызылорда колхозшысы танк колоннасының құрылысына Сырдария ауданы, Қарауылтөбе ауылшаруашылық артелінің 65 жасар колхозшысы Өмір­баев Керуенбай 200 мың рубль салды.

Соғыс жылдарында әйелдер күші мен денсаулығын аямай, жанкештілікпен еңбек етті. Олар соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ шаруашылықтың барлық салаларында майданға кеткен азаматтардың орнын басты. Облыстық партия комитеті 1941 жылғы 3 шілдеде «Өнеркәсіп орындарында, мекемелер мен ұйымдарда маман жұмысшы әйелдер даярлау шаралары туралы» қаулы қабылдады. Ұйымдар мен мекемелерге тез арада өндірістен қол үзбей, қысқа мерзімді курстарда маман жұмысшылар даярлау міндеті қойылды. 1941 жылдың маусымынан желтоқсанға дейін курс бітірген 2357 қыз-келіншек токарь, слесарь, тракторист, шофер, комбайнер мамандығына ие болып жұмысқа орналастырылды.

Облыс әйелдері еліміздің мықты қорғаныс қорын жасау­ға барынша белсенді түрде көмек көрсетті. Эвакуацияға келген балаларды өз қанатының астына алып, олардың қаза тапқан әке-шешелерінің орнын басып туған ата-анасындай қамқорлық көрсетті. Олардың кеудесінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалі жарқырады.

Жеңіске жету жолында қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан соғысы тарихындағы жарқын беттерге айналды. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен  майданда ерліктің үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлерінің  арқасында Жеңіс туы желбіреді.

Соғыстың бар ауыртпалығын қажырмен көтеріп, патриотизм үлгісін танытқан тыл еңбеккерлерінің Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі мен ерен еңбегі туралы архив  құжаттары осылай сыр шертеді.

А.ҚАПАНОВА,

облыстық мемлекеттік

архивінің археографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<