«Байқоңыр» – ғарыш тарихының бастауы

1331

0

ХХ ғасырдағы ұлы оқиғалардың бірі де бірегейі – адамзат тарихындағы алғашқы ғарыш айлағы «Байқоңырдың» ашылуы.

«Байқоңырдың» іргесі 1955 жылы ғарыш алаңын салуға байланысты қаланған. 1966 жылы 21 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Ленинск қыстағы Ленинск қаласы болып өзгертіліп, Қызылорда облысына қарасты қалалар қатарына енгізілген болатын. Ал 1995 жылы 5 желтоқсан күні облыс әкімінің  №85/98 шешімімен Ленинск қаласы Байқоңыр қаласы болып өзгертілді.

Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді.

1957 жылдың 4 қазанында «Байқоңыр» ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ал 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. «Байқоңырдан» Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Союз» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыс жүргізуге арналған «Протон», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын «Молния», «Горизонт», т.б жасанды Жер серіктері ұшырылды.

1991 жылғы 2 қазан. Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылған бұл күні «Союз ТМ-13» кемесімен  тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты. Осы ұшырылым барысында республиканың бірінші ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асты, ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болып жерге оралды. Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының батыры, «Халық қаһарманы», сондай-ақ, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы  берілді.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Ол «Гиннес рекордтар кітабына» енген. Осы күнге дейін Т.Мұсабаев секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген. Ғарышкер – «Халық қаһарманы» атағының, «Отан», 1-дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.

Айдын Айымбетов 2015 жылы 2 қыркүйекте «Байқоңырдан» халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Ол ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. Кеңістікті игеруге сіңірген аса зор еңбегі, көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін А.Айымбетовке 2015 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Алғашқы ғарыш сапарынан бері 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми-зерттеулер жүргізді.

Тәуелсіз Қазақ елінің ең үлкен жетістіктерінің бірі – ғарыш кеңістігін игеру екені сөзсіз. Осы жолда күні бүгінге дейін қыруар жұмыс атқарылып, қазақ ғалымдары өлшеусіз үлес қосуда.Осылайша ғылымның ең озық саласы елімізде көкжиегін кеңейте бастады. Қазір «Байқоңыр» ғарыш айлағы қазақтың ғана емес, әлемнің игілігіне айналды.

Облыстық архив қорынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<