Бала би Досболдан үлкен еді немесе балабитану түйткілдері

1241

0

Халқының тағдырын батырлар қызыл қанға боялған найзаның ұшымен, шешендер қызыл тілдің күшімен қорғаған. Халық аузында осындай шешендер – Досбол би мен Балаби есімі қатар аталады.

1811-1875 жылдары өмір сүрген Сыр бойының би-шешені Бименбет Есенәліұлы – Қоқан хандығының датқа лауазымын иеленіп, туған жерін хандықтың қатал билігінен арашалап келген тұлға. Жасыннан билік айтып, дау шешіп Балаби атанған. Досбол мен Балаби мұрасын ұлтымыз екі ғасырдан астам ұрпақ тәрбиесіне жаратып, атадан балаға аманаттап келеді.  

Қазақ әдебиетінде балабитану деген мәселе қолға алынбаған. Себебі, тарихта 1808-1864 жылдар аралығында билік құрған Қоқан хандығы туралы деректер таптаурын, тар көлемде белгілі. Егер осы хандық билікте отырған 29 ханның бәрі ашып жазылса, қазақтың небір тұлғалары тарих бетіне атойлап шығады. Балабидің мемелекеттік қызметінің көрінбей, тек шешендік сөздерінің ғана сақталуында осындай сыр жатыр. Қадыр ақынның: «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дейтін өлең жолдары да – шовинист тарихшыларға қарата айтылған наразылық.

Дегенде, көптеген зерттеушілер сол кезеңдердің шындығы Ферғана, Орынбор, Ташкент, Санкт-Петербург секілді ірі қалалардың мұрағаттарында жатыр дегенді айтады. Болашақ зерттеуші ғалымдар осы мәселеге мән беруі керек. 

Балабитану мәселесін жалпы мектепке жүктемесе де жергілікті мектептерде қосымша сабақ немесе үйірме есебінде жүргізуге әбден болады. Себебі, оқушы біріншіден өзінің туған жерінің тарихын тереңірек біле түседі, екіншіден шешендік өнерге келгенде Жиреншеден де, Төле биден де кем түспейтін ақыл мен нақылдың бұлағынан сусындайды.

Бізге жетіп отырған би өсиеттері көлемі жағынан тым мардымсыз. Бұл – өкінішті. Бидің ел аузындағы данышпандық белгісіндей болып қалған сөздері бұрын көп еді, қазір аз, бірақ, жоқ деп ешкім де айта алмайды. Халық қазынасын іздейтін жастар интернет иіріміне түсіп кеткен. Алайда, интернет қанша жауласа да, ол халық жадын өшіруге қауқарсыз. Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады» деген сөзді тегін айтқан жоқ. «Көн қатса қалыбына келеді» дегендей, қоғам жаттандылықтан әбден қатып семгенде өзінің әуелгі бастауын іздейтіні анық.

Жаңағы біз айтқан ел ішіндегі сөздерді студенттер мен жоғары сынып оқушылары қызығып жинайды. Оларға филологтар мен әдебиет мұғалімдері фольклорлық экспедиция ұйымдастыру керек. Ел іші – кеніш, Оңтүстік өлке, өзіміздің Шиелі мен Жаңақорған ауданының ауылдарындағы қарт кісілер есті сөздерді жақсы біледі. Әр күн сайын бір қария өз кеудесіндегі халықтың қаншама мұра қазынасын өздерімен бірге мәңгілікке алып кетіп жатыр,  әрине, өкінішті-ақ.

Тәуелсіздігімізді алғанша талай би-шешендердің аты айтылмай келді. Айтылғандарының өзін кім екен деп саралап жатқан жан болмады. Тек «былай депті» деген сөздерін ғана місе тұтты. Мәселен, кеңестік дәуірде Балаби мен Досболды бір адам деп танып, «Балаби Досболдың сөзі» деген тақырыптармен түрлі шешендік сөздер жарияланған. 

Ендігі бір деректер Балабидің әкесіне қатысты. Балабидің әкесі Есенәлі туралы біз ақтарған біраз баспасөз беттерінде оның Төле бимен қатарлас екені айтылады. Мысалы Балабидің 200 жылдығы қарсаңында «Шиелі-Шұғыла» газетінде (2011 жылдың 28 қазаны) жарық көрген «Балаби шешен» атты мақалада «…Есенәлі Төле бимен қатарлас, досжар адам екен», – делінген.

Ұлы жүз биі Төле – 1663 жылы дүниеге келіп, 1756 жылы қайтыс болған тарихи тұлға. Шежіреден білгеніміздей, 1811 жылы өмірге келген Балабидің төрт ағасы бар, сонда Есенәлі бабамыз әрі кетсе, 1750 жылы өмірге келген болады. Ол кезде Төле би 87 жаста емес пе? Ендеше, Төле би мен өмір есігін енді ашқан Есенәлі қалайша қатар, дос-жар бола алады?

Осындай жаңсақтықтар Балаби айтыпты деген шешендік сөздермен бірге де жүр. Мысалы мына бір оқиғаны алайық.

«Сырым бір жылы Орта жүзге барғанда, сол елдің Балаби деген биіне кез келеді. Сырым мен Балаби екеуі көп әңгімелеседі. Балаби Сырымға бірнеше сұрау қояды» деген сияқты сөздерді бірнеше баспасөз бетінен кездестірдім.

Сырым Датұлы 1753 жылы өмірге келіп, 1802 жыл дүние салған.  Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Ал, Балаби бабамыз 1811 жылғы, яки, екеуі бұл жалған дүниеде кездеспепті. Жазушы, зерттеушілеріміздің осы қарапайым арифметикаға жүгіне алмағаны ма?

Мына бір әңгіме тіпті қисынға келмейді. «Досбол қартайып жасы сексенге келгенде бір топ кісінің ішінде отырып:

«Кәдімгі қара нарға тас артқандай,

Бір жағынан бір жағын баса артқандай.

Бір өзіме түсіп тұр сексен кісен,

Ұл бар ма мұны менен босатқандай, – депті. Отырғандар мұны шеше алмапты. Сонда Балаби:

– Қара нарға тас артқандай дегені – кәрілік, енді ауырламаса, жеңілдемейді. Сексен кісені – сексенге келген жасы. Босататын ұл бар ма дегені – сөз мәнісін ұққандарың бар ма дегені ғой, – депті.

Досбол Балабиге батасын беріпті».

Дәл осы әңгіме «Жұлдыз» журналының 1985 жылғы 5-санында (201-бет) жарық көрген. Негізі Шиелі өңіріндегі кәріқұлақ, көнекөздердің бәрі де Балабидің Досболдан үлкен екенін айтып кеткен. 

Былтыр бюджет есебінен атап өтілуі тиіс мерейтойлар тізіміне Досбол Қорлыбайұлының 220 жылдығы да қосылыпты. Демек, Досбол биді 1800 жылы туған деп есептейді. Себебі, дереккөздерде осылай жазылған. Ол дереккөзді кім жазды, қандай нақтылыққа сүйенді, бұл жағы беймәлім. Біздің білетініміз – Досболдың жасы Балабиден кіші. Досбол биді 1800 жылы өмірге келген деп, кейінгі зерттеулер үшін Балабидің туған жылын да амалсыз кейін шегеруге тура келеді. Бұл тарихқа жасалған қиянат емес пе?

 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<