БАЛА ТЫНЫМБАЙ МЕН ДОСБОЛ БИ

1335

0

БАЛА ТЫНЫМБАЙ МЕН ДОСБОЛ БИ Тынымбай би 1842 жылдың шамасында дүниеге келген. Жалағаш топырағында туған Тынымбай би туралы ел аузында әңгімелер көп-ақ. Соның бір-екеуі былай айтылады.
Ұзақ сапармен жолаушылап келе жатқан бір керуен Қаратаудың табынында аял­дамақ боп түйелерін шөгере бер­генде шешіліп кеткен шойын қазан тасқа тиіп қақ бөлініп қалады. Ошағын ұстап қалған он бес шақты кісінің ішінде бала Тынымбай да келе жатады. Енді қайтпекпіз деп тұрғанда жақын маңда ауыл бар екені белгілі болады. Бұл ауыл орта жүзде сөз жүйрігі атанған Досбол датқаның ауылы екен. Көлденең көк аттыға қазанын кім бере қойсын. Тығырықтан қалай шығу керек? Оның жолы сөз сыйлап, уәжге тоқтайтын Досболмен тілдесу ғана. “Қазан сұрауға мен барайын” дейді бала Тынымбай. Үлкендер осыған келісім береді. Бала ауылға кірісімен сұрастырып бірден датқаның үйіне түседі. Есіктен еңкейіп сәлем бере:
– Уа, тақсыр, біз бір жүрген  жолаушы,
Намазымыз бар да, азанымыз жоқ,
Ошағымыз бар да, қазанымыз жоқ.
Түркістан алдымызда,
           Ақме­шіт артымызда,
Ала қоятын базарымыз жоқ, – дейді тақпақтап. Датқаның осы айтылғанды да құп көруіне болар еді. Бірақ ол сөзі келісті баланы онан әрі сөйлетпек болып:
– Уа, жолаушы,
Жол үстінен кім өтіп, кім келген жоқ,
Мына бізде де қазаннан басқа ермек жоқ.
Жарылқаушы жалғыз құдай деген бар,
Сұрағанды құдайдан басқаға бермек жоқ,
– деп жауап қатады.
Сонда бала:
– Сұрағанды береді бар болса егер,
Сұрағанға бермейді тар болса егер.
Ел ішінде қазансыз кім қалады,
Жалғыз құдай жарылқап, жар болса егер,
 – дейді.
– Бәрекелді, балам. Көзіңнің шырағынан бір елдің билігіне жарайтын нұр төгіліп тұр екен, – деп сонда датқа қара қазанына қосып ақ батасын да беріпті.
Осы әңгімені кей жерде Төле би атамызға қатысты айтып жүр. Ол дұрыс емес. Себебі Төле би атамыз Досболдың алдына бала болып бара алмайды. Досбол датқа 1790 жылдары, ал Төле атамыз 1663 жылы өмірге келген. Екеуінің арасында 127 жыл айырма бар. Ал Досболдың Тынымбайдан 52 жас үлкен екенін оңай есептей аласыз. Яғни, біз айтып отырған сөз тікелей Тынымбай биге қатысты тарихи дерек.

***
 Он екі-он үш жасар Тынымбай қыр асырып уақ мал жайып жүреді. Малдың азығы өрісте, түс болды, қойшым тамақтансын дейтін қой-ешкі бар ма. Сондықтан малшы өзек жалғарын өзімен ала жүреді. Сондай бір түс әлеті болса керек, бала Тынымбай қалтаның жібін шешіп, аузын талқанға толтыра бергенде қырдың қалқасынан шыға келген екі-үш атты:
– Әй, қойшы бала, бұл кімнің ауылы? – деп сұрапты.
Сөйлейін десе, талқанға қақалады, сөйлемейін десе, сұрап тұр. Не істерін білмеген Тынымбай аузын жұмған күйі талқанды тілімен талмап бақырайып тұра береді.
– Мынау неге сөйлемейді-ей?! – деп әлгілердің бірі оған қамшысын үйіре төнеді.
– Мылқау шығар, – дейді бірі. Сөйтіп ат басын бұрып, тебіне бергенде аузынан талқанын шығарып тастаған бала, әлгі кісілердің артынан:
– Ақсақалдар, сөйлемегенім мына жыртық қалтадағы тал­қанымнан ауыз тиіңіздер деп айта алмай әдеп сақтап тұрғаным еді. Хан емес, қараша көрінесіздер, талқанымнан дәм татсаңыздар, жөн-жосық білісер едік, – деп қалтасының аузын ашыпты. Кіш­кентай бала тақылдап тұр­ғасын әрі дәм созғасын әлгілер талқаннан бір-бір уыс алып, ауызға тастап жібереді. Дәл осы сәтте бала:
– Ал өздеріңіз қайдан келе жатырсыздар? – дейді.
Ауыздары құрғақ талқанға толған аттылар қапелімде сөйлей алмай тұншығып қалады.
– Ау, неге үндемейсіздер, мылқау боп қалғаннан саумы­сыздар, – деп бала қиялап жүре беріпті.
Баланың тапқыр, қарымта әрекетіне басын шайқаған үш аттының бірі “Түбі осы баланың билік, шешендікпен аты шығып, осы оқиға арқылы біздің де дерегіміз келер заманға өтетін шығар” депті. Сол кісі көреген екен, ой шотын әрі-бері қағып байқасақ, сол бір үш атты мен бала Тынымбайдың қыр астында тілдескен күнінен бері жүз елу бес жылдай уақыт өтіпті. Ал аттың үстіндегі үш адамды жерге қаратқан сол бала Тынымбайдың тапқырлығын паш еткен оқиға шынында да бүгінгі бізге жетті.

Дүйсенбек Аяшұлы,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<