Базар жыраудың әдеби мұрасы

1112

0

Базар жырау толғауларының тақырыбы саяси-әлеуметтік мәселелерді де қамтиды. Жыраудың көңілін алаңдатқан ел бірлігі мәселесі – оның толғауларының басты тақырыптарының бірі. Оның «Жамиғы қазақ бір туған», «Түбі туыс байтақ ел» делінетін толғауларын бірнеше қырынан ашып көрсетуге болады. Біріншіден, бұл толғауларда қазақ толғаулары үшін дәстүрлі тақырып – ел бірлігі мәселесі жырланады. Бұл тақырып Асан Қайғыдан бастап бері қарай Шалгез, Бұқар және басқалар түгелдей жырлап келе жатқан, авторларының тек өнерпаздар ғана емес, «титул» иелері, хандар мен бектердің ақылшы-кеңесшілері болып келе жатқанын дәлелдейтіндігімен құнды. Жыраулар поэзиясының тақырыбы кәкір-шүкірді, ұсақ-түйекті емес, ел, жер, отан тақырыбындағы ірі мәселелерді көтереді. Бұл елдің қоғамдық құрылысы, мемлекеттік жүйесі, тұрмысы қалыптастырған тарихи жағдайлармен тікелей байланысты саяси аренаға белгілі бір әлеуметтік топ ретінде шығып, орнығып, бекіп қалған жыраулардың қазақ қоғамындағы әлеуметтік тұрғыдан алғандағы орны мен беделін көрсетеді. Базар жыраудың бұл тақырыптағы толғауларында да адам типтері сан алуан қырларымен ашылып отырады. Базар жырау танымы бойынша ел бірлігі сынды үлкен саяси-әлеуметтік мәселеде адам факторы шешуші орынға ие. Мұндай өлеңдердің идеясы – «түбі туыс байтақ ел, бірін-бірі сатпайды» делініп жырланатын үлкен жыраулық үрдіс пен ақындық пафостан көрінеді. Базекең мұрасындағы соқталы, сүбелі жырлар туған тақырып та осы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Сыр өңіріндегі әдебиет өкілдері шығыс әдебиетінің дәстүріне ерекше ден қойып, шығыстың классикалық әдебиетінің үздік туындыларын нәзира дәстүрімен немесе шығыс сюжетіндегі аңыздар мен ертегілерге өз жандарынан қосып қисса-хикаяттарды дүниеге келтіріп отырған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, әсіресе, Сыр сүлейлері шығармашылықтарында небір ғажайып үлгілі, көркемдігі қамшы салдырмайтындай туындылар шығыс әдебиетінің дәстүрі негізінде дүниеге келіп, оқырмандарын тауып, халық арасына кең тарай бастаған болатын. Біздіңше, шығыс әдебиеті дәстүрінің қазақ даласына алғаш келуі мұсылман дінінің тарала бастаған уақытынан, яғни VІІІ-ІХ ғасырлардан бергі кезеңді қамтиды. Алғашында ертегілер, аңыз-әңгімелер күйінде ауызша таралған мұндай үлгілер кейіннен жазба әдебиет туындыларына айналып отырады. Мұндай туындылардың көпшілігі негізінен шығыс әдебиетінің дәстүрінде дүниеге келгенімен, мазмұндық, тақырыптық, пішіндік сипаттары жағынан төлтума туынды, қазақ әдебиетінің шығармаларына айнала отырып туған әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес болып қосылады. Сыр сүлейлерінің бұрын жарияланған және жарияланбай келген шығармаларының негізінде осы айтқандарымызға көптеген дәлелдер келтіре алар едік. Түптеп келгенде әдебиет дамуында болатын мұндай тоғысу, түзілу процесін тек Сыр өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің басынан өткен жағдай деп қарауға әбден болар еді. Біздіңше, орыс, батыс әдебиеттерінің қазақ әдебиеті мен өнеріне шығармашылық әсер-ықпалын әңгімелеумен бірге, шығыс халықтары әдебиеті мен өнерінің әсіресе шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрінің қазақ халқының әдебиеті мен өнеріне игілікті әсер-ықпалдарын да зерттеу-зерделеуді жүйелі түрде жүргізіп отырудың мезгілі жетті. Осы орайда, қайта қаралуға тиіс, бар-жоғын түгендеп алып барып, барынша жаңаша бағымдайтын әдеби мұраларымыз – Сыр сүлейлерінің шығармашылығы болатынын тағы да қайталап айтамыз.

Сыр толғауларының мазмұны мұң-шерді, ішкі дүние сырын, түрлі сезімдерді айтудан тұрады. Алғашында арнау, мадақтау, сынау, тұқырту мағынасында айтылған толғаулар әдебиет дамуына ілесе келіп, әдебиет өмірімен біте қайнасқан күйінде қазақ поэзиясының жаңа жанрлық түрлерінің өсіп-жетілуіне жағдай жасады. Бұл Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасына ғана емес, жалпы қазақ әдебиетіне тән сипат болды. Профессор Ә.Қоңыратбаев Абай өлеңдерінің 70%-і  толғаулар болғандығын жазады. Осы ойды кейіннен кәсіби, жазба әдебиетке тұтас көшкен Сыр сүлейлері әдеби мұрасының маңында да айтуға болады. Қоғамдық өзгерістерге байланысты немесе әдебиет өміріндегі ауысу-түйісулер уақытында жанрлар мен жанрлық түрлердің табиғатында  жаңару, жаңғырулар, тіпті өшу, жоқ болу сияқты үдерістердің болып тұратыны заңдылық. Толғау – табиғаты мен тегі, болмысы жағынан лирикалық поэзияның үлгісі болса, онда сезімнің жырланбауы мүмкін емес. Қазақ әдебиеттануында толғау үлгілі поэзиямызды негізінен авторлық шығармашылыққа жатқызған. Бұл дұрыс та. Демек, авторы бар поэзияда белсенді қызмет атқаратын сол автордың өзі. Ал автор – әдебиет үшін объект емес, субъект. Әдебиет теориясының негізін салушылардың бірі В.Белинскийдің айтуы бойынша «лирикалық поэзия – таза субъективті поэзия» делінеді. Субъектінің яғни, автордың туындысы болғандықтан толғау мазмұнында шалқар сезім, терең ой, мұң-шер, тебіреніс, толғаныс бәрі де болады. Автор не ақын, жырау белсенділік атқаратын бұндай қызметте көпшілік жағдайда ойдан, ақылдан гөрі сезімнің көбірек жырланатыны түсінікті болса керек. Бұрынғы зерттеушілердің ізімен сыр толғауларын айрықшалап, топтастырып қарастырып отырғанымыз сондықтан.

Базар жырау:

«Мен күпшек сынды тел күрең,

Төсімнен тартса жетпейтін,

Жуандықтан айылы.

Осы отырған әлеумет,

Жел сөзіммен көңіліңді ауласам,

Болады қанша айыбы?», – дейді.

Жырау осы үзіндінің алғашқы үш жолында өзі туралы айтады, бұл жыраулық «мен» – дәстүрлі, «күпшек санды күрең» ауыстыруы арқылы жасалған жыраудың бейнесі. Қыран құс, жүйрік ат, бұлар қазақ поэзиясы үшін  дәстүрлі бейнелер, басқалар сияқты Базар жырау да тым асқақ, шығандап кетеді, өзіне сенімді, рухы берік. Ал енді осы «мендер», тұлғалық «мендер», өнерлік тұрғыдан болсын, өмірлік тұрғыдан болсын өз кезіндегілерге де, кейінгілерге де үлгі. Өйткені бұл «меннің» ар жағында ұлтын сүйген ұл, өнерпаз жан тұр. Оның айтқаны өзінің ғана емес, бәрінің де айтқанындай. Осы тұлғалық «мендер» арқылы қазақ халқының бүтін бір дәуірінің ұрпақтары тәрбиеленіп отырған. Базар жырау осы отырған әлеумет десе, бұл оның аудиториясы, тыңдармандары, демек толғау мазмұнында өнерпаз бен тыңдарман арасындағы қарым-қатынас жүріп жатыр деген сөз. Ұлы Абайдың «сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзел» дегеніндей, бұл қатынастың өзі шығармашылық психологиясының дерегі мен дәйегі болса керек.

Базар жырау:

«Өзімдей-ақ ұл туар,

Бір кісінің зайыбы,

Жырау боп атқа мінгелі.

Әлім-шөмен баласы

Әңгімеге байыды,

Аузымнан шыққан сөзіме,

Дін мұсылман қайыды.

Риза болмай алдымнан,

Ешкім, сірә, кеткен жоқ

Сөзімнің келсе қайымы», – десе, бұл Базар жыраудың өзі туралы айтқаны ғана емес, жалаң түрдегі жыраулық «мені» емес, бұл жоғарыда айтқанымыздай, шығармашылық психологиясына, автордың шығармашылық лабораториясына тікелей қатысты ой-толғамдар. «Тыңдаушысы болмаса, сөз жетім» дегендей Базар жыраудың, байқағанымыздай, өз аудиториясы, тыңдарманы бар екен.

Базар жырау өзі туралы, жыраулық «мені» туралы айтқан туындыларында көңіл-күйдің әртүрлі пернелерін басып сыр шертеді. Жырау мен тыңдармандары арасындағы қарым-қатынас, өрелі өнер тудырудың Алладан берілген құпия-қазыналары, оны бағалау мен бағалата алудың қыр-сыры, қысқасы жыраулық өнер туралы мол мағлұмат беру – ұлы жырау толғауларының басым бағыттары. Ол «Сөйле десең, сөйлейін» деп басталатын толғауында:

«Көптен бері сағынып,

Бас қосқасын сендермен,

Барымды бүгін сермейін.

Ықыласыңмен тыңдасаң,

Сөзімді пұлдап несіне

Бойымды балап кернейін

Атасы тегін жел сөзден,

Бас-басыңа жетерлік,

Еншіңді неге бермейін»,

– деп, шығармашылық үстіндегі шабыттан, актіден, шығармашылық өнер мен шығармашылық психологиясының әртүрлі жағдайынан хабар береді. Бұл толғаудағы «жел сөз» бұрынғы жырауларда кездескендей әдеби сөз, ақындық сөз мағынасында алынып тұр. Жыраулық өнерде әдеби сөзді, бейнелі сөзді «жел сөз» деп атау дәстүрге айналған. Осы мотив Базар жырау толғауларында әртүрлі қырынан дамытылып отырған.

«Қайда жақсы бар десе,

Қауышқанша құмармын.

Алдарыңда аянбай,

Жанымменен сөйлесем,

Кеуліңе, беглерім ұнармын» 

– деген жолдардан өнерпаздың, жыраудың жан сыры ұғынылады. Бір ескеретін нәрсе, Базар жыраудың осындай шығармашылық күйден, психологиядан сыр шертетін толғауларында жалғыз өзінің ғана емес, жалпы өнерпаздың бейнесі жасалынған яғни, өнердегі Базар жырау бейнесі типтендірілген. Бұл да жыраулық поэзияның, толғаудың өз өміріндегі, тарихи жолындағы жеткен үлкен жетістігі болып табылады.

«Көре алмай халқым сендерді –

Көптен бері көбеңсіп,

Қалыппын тоғым шайқалмай,

Кешіріңдер кемісін,

Алжасы болса сөзімнің,

Ағат кеткен байқалмай.

Қадірімді  білсең қай кезде,

Қажетіңе мен дайын,

Көгендеулі марқаңдай.

Опасы жоқ дүниенің,

Ойласаң, беглер мысалы,

Әуелі қызық, ақыры –

Ат шапқан жиын тарқардай».

Базар жыраудың сыр толғауларының мазмұны жанрлық түр күйінде немесе түрлі тақырыптар қаузалған туындыларында кездесе береді. Оның атақты Бақа биге арналған  «Шөменнің алтын сақасы»  деп аталатын толғауында:

«Жақсы сөзбен ашылар,

Көңілдің қайғы-қапасы,

Жадыңа дұрыстап алмасаң,

Көзіңнің қырын салмасаң,

Қайратты туған, би, аға,

Арлаған Базар ініңнің,

Болмай тұр еркін сапасы»  –деген жолдар бар. Бұл – ұзақ арнау толғаудың алғашқы бөлімінде Базар жыраудың көңіл назы, інінің ағасына айтқан базынасы. Осы толғаудың орта тұсында Базар жырау:

«Мен Балқының Базары,

Сен Төбеттің Назары,

Жақсының жүзі райлы,

Адамға жылы ажары,

Орынсыз мынау дұшпанның,

Батып тұр жаман азары.

Құйыршығын жар соққан,

Дарияның мен бір сазаны.

Кінәсіз күйген ініңмін

Әділдік көрмей әкімнен,

Құр тартып жатқан жазаны» – деп өзі жайлы, өзінің көңіл күйі турасында толғанады. Мұншама эмоцияны: ағасын мақтау мен мадақтау, әділетсіздік пен өктемшілдік туралы айту, өз көңіл күйін білдіру, т.б толғаудың ішіне сыйдыру, бұл бір жағынан Базар жыраудың суреткерлік шеберлігін танытса, екінші жағынан Сыр сүлейлері шығармашылығындағы толғаудың, жоғарыда айтқанымыздай, жанрлық түр тұрғысындағы белгілі дәрежедегі өскен, кемелденген жағдайын да көрсетеді. Әдебиет өміріндегі шығармашылық  даралығы, әдебиет дәстүріндегі орны, өзіндік ерекшелігі, т.б бұндай мазмұндық құбылуларды, өсу, өну үдерістерін бақылау, тану мен таныту ғылым үшін өте маңызды. Себебі, кез келген әдеби тұлғаның суреткерлік қыры дәл осындай тұстарда анықтала түспек. Көркемөнердің ерекше түрі – сөз өнерінің жеткен жетістігі, алған асулары және әттеген-айлары болса, олар туралы да осындай тұста айтуға мол мүмкіншілік туады. Әдебиет дүниесі – жанды процесс, дәл осы қағиданы Базар жырау секілді әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармашылығы арқылы жеке суреткер мұрасы ғана емес, аймақ әдебиеті мен әдебиет дамуының белгілі бір кезеңі туралы, жалпы қазақ әдебиеті туралы, оның іштей және сырттай түлеуі мен түрленуі, жаңарып-жаңғыртулары, оның мазмұнындағы ағымдар, бағыт-бағдарлар, шығармашылық өсіп-өнулер туралы да айта отыру орынды болмақ.

2022 жылы Сыр сүлейлерінің басында тұрған саңлақ жырау Базар Оңдасұлының 180 жылдығы. Тума талант, дарабоз өнерпаз, ұлы жырау Базар Оңдасұлының 180 жылдығын лайықты атап өту әрбір қазақтың, қазақстандықтың, әсіресе, сырбойылықтардың міндеті екені талассыз. Осы орайда облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың басшылығымен алдағы жылы біршама жұмыстар атқарылмақ. Қызылорда қаласының ортасынан Базар жырауға еңселі ескерткіш орнату, шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу, қала, аудандар мен ауылдардағы мектептерге, көшелерге ұлы жыраудың есімін беру облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тікелей жауапкершілігімен атқарылатын игілікті іс-шаралар болмақ. Қандай құрметке болмасын Базар жыраудың өнерпаздық тұлғасы, шығармашылығы барлық жағынан лайық екеніне дау жоқ. Алла ісімізді оңғарсын!

Бағдат Кәрібозұлы,

  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

(Соңы)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<