Базилиус Мартельдің тағдыры

444

0

Тағдыр тауқыметімен Базилиус деген неміс азаматы Жалағашқа қоныстанған. Мартель Базилиус (Борис) Петрович 1906 жылы Саратов облысы Энгельс ауданы Ленинское селосында дүниеге келген. Кеңес өкіметі құрылған және одан кейінгі жылдары Повольжеде қолдан ұйымдастырылған ашаршылық болғаны мәлім. 1921 жылғы ашаршылықтан Мартельдер отбасының қожайыны Петр дүние салады. Бористің шешесі екінші рет тұрмысқа шыққан кезде есейіп қалған бозбала нағашыларының қолына кетеді. Нағашылары да өздері сияқты орташа отбасы санатында. Солардың қамқорлығымен Борис рабфакті (жұмысшылар факультеті) бітіреді. Білімге құштар бозбала бұдан кейін Саратов педагогикалық университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын үздіктер қатарында бітіріп шығады. Саратов педагогикалық училищесін­де тарих пәнінен дәріс береді. Осында жүріп 1936 жылы партия қатарына қабылданады да келесі жылы репрес­сияға ұшырайды.

Сталиндік зұлмат кесірінен көпте­ген ұлт, этнос, диаспора өкілдері мен миллиондаған азаматтар қу­ғын-сүр­гіннің тау­қыметін тартты. Ұлттар мен этностар этноцидке, гено­цидке ұшырады. Туған жері мен ел-жұртынан айырылып, қызыл қырғынның құрбандығына ілін­ген тұтас халықтар мен жа­зықсыз азаматтардың тағдыры өте мүшкіл еді. Әлбетте, олар­дың ішінде әділ жазасын алған қылмыстылары да болды, бірақ араны ашылып іске қосылған репрессия машинасы кеңес азаматын азамат дегеннен гөрі күдікті, айыпты, қылмысты деген айбарды ұстанды. Бүткіл елде түрменің жазылмаған заңы орнады. Елде көрші көршінің, туыс туыстың үстінен арыз жазу белең алып, бір дастархан басында отырған әке-бала, ағайын-бауырдың өзі бір-бі­рі­нен сескенетін, қорқатын жағ­дайға жетті. Туған әкесін қанды билікке ұстатып, сатып кететін Павлик Морозовтардың заманы туды.
Репрессия зиялы қауымға қырғидай тигені мәлім. Әсіре­се, саяси сауатты, ұлт, мемле­кет мүддесіне жанашыр еркін ойлы азаматтар қанды құрыққа ілініп, атылып, итжеккенге айдалып жатты. Өлімнен аман қалғандары каторгалық жұ­мыстарға жегілді. Ол жақтағы лагерьлерде адам төзгісіз қара жұмысқа салынды. Түрмелерде денсаулығы нашарлары күн санап қырылып жатса, мықты азаматтар ауруға шалдығып, елге аман-есен оралғандары са­наулы-ақ болды.
Жазықсыз ұсталған Мартель Базилиус ату жазасынан аман қалғанымен үштіктің үкі­мімен жиырма жылға сотталады. Сібірдің қалың орманында таңның атысынан күннің батысына дейін тал кесуге жегілді.
1941 жылы басталған со­ғыс Бористің өміріне өзгеріс енгіз­ді. Лагерьде қолынан іс келетіндерді іріктеп, ішкі ай­мақтардан Сібірге көшіріл­ген зауыттардың біріне танк құ­растырушы етіп ауыстырады. Бұл зауытта соғыс аяқталғанша жұмыс істеген соң қайтадан бұрынғы орнына жөнелтіледі.
Адам баласы қаншама қиын­дыққа ұшыраса да өз бола­шағына әркез үміт­пен қарайды. Өлім аузында жатқан пенде де өмірден үмітті. Жарақаты ауыр кісі айығып кететініне сенеді. Ұзақ мерзімге сотталғандар жазасын өтеу мерзімі аяқталған соң бостандыққа шығуды армандайтыны және рас.
Отбасын құрып үлгірмеген Борис жиыр­ма жыл мерзімі аяқталған кезде жасы елу бірге толады. Адам өмірі қызық. «Қы­рық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, ажа­лы келмеген пенде сол алапат майданның бел ортасында жүріп те өмір сүруін жалғастыра бермек. Бәлкім, бұл өмірге деген құштарлықтан, махаббаттан болар. Басқа төнген қауіп-қатерге қарамастан адамды өмір сүруге жетелейтін сағым секілді жалт-жұлт еткен үміт оты.
Алыстан сағымданған сол жарық отын жүрегінде сақтай білген Борис те өзі сияқты тағ­дыр тауқыметіне тап болған ма­хаббатын жолықтырады. Ан­­то­нинаның да жазықсыз айып­­талып, осында жазасын өтеп жүр­геніне екі жыл толған еді. Бористен он тоғыз жас кіші ол – түркітілдес чуваш жұр­тының қызы. Чебоксары қаласында бухгалтерлер даярлайтын кооператив техникумын бітірісімен, өз мамандығы бо­йынша жұмысқа тұрады. Жұ­мыс істегеніне бір жыл тол­маған жап-жас қыз аш бөрілердің жемтігіне айналып кете барды. Елдегі аласапыран уақытта «үкімет мүлкін талан-таражға салды» деген айып­пен каторгаға айдалады. Әділетсіздік құрбаны болған Имукова Антонина Тарасовнаға 1946 жылы жалған айып ілініп, түрмеге түседі. Тағдыры болар, арада екі жыл салып өзі сияқты осында жазасын өтеп жүрген Бориспен танысады. Мерзімін аяқтаған Антонина 1951 жылы бостандыққа шы­­ғады. Борис болса Сталин өлген соң амнистияға ілініп, қалған мерзімін Қазақстанға қоныстанушы ретінде жалғай­тын болады да сол айдаумен 1953 жылы Жалағашқа табан тірейді.
Жалағашта техникалық ма­мандық­тар сұраныста болған­дықтан осы аудандағы мекемелерде слесарь, токарь болып жұмыс істейді. Антонинамен хат алысып тұрған Борис арада екі жыл салып оны Жалағашқа келуге көндіреді. Екеуі осында бас қосады. Ерлі-зайыптылар Валентина, Александр есімді екі перзент сүйеді.
Өмір бойы ұстаздық етіп, бейнетінің зейнетін көріп отыр­ған Валя апай:
– Әке-шешем жалған айыппен жа­заланғаны үшін үкіметке қапалы болып өтті. Дүниеден көшкенше «Өмі­ріміздің онда­ған жылын түрмеде жазықсыз жапа шеккеніміз үшін үкімет біз­ден кешірім сұрамады да, ақтамады да. Отбасымыздың ойраны шықты. Үкіметке қарсы ешқандай топта бол­ғанымыз жоқ және ешбір теріс пиғылда емес едік. Біздің еш айыбымыз жоқ-тұғын» – деп, 1982 жылы әкем, арада алты ай салып анам да көз жұмды. Ата-анамның дүние салғанына қырық жылға таяды. Он бес республика тә­уелсіздік алған соң көптеген азаматтар ақталды, есімдері ұлықтала бастады. Бірақ, ата-анамның, әсіресе әкеміздің репрессия құрбаны болғаны жөнінде және ақталғаны жө­ніндегі интернеттен не басқа да ақпарат көздерінен еш дерек таба алмадық.
Ел тұрмысы қиындап кеткен 90-жыл­дардың ортасында көптеген аза­маттар жұмыссыз қалғаны мәлім. Сол уақытта мен де жұмысымнан айы­рылып қалған едім. Жұмыссыздарға төленетін жәрдемақыға ілі­гуің үшін аптасына бір рет жұ­мыспен қамту мекемесіне барып қол қойып тұру керек. Әйтпесе, жәрдемақыдан құр қаласың. Несін жасырайын, сол қол қою психологиялық тұрғыдан маған аса қиынға соқты. Өйткені, әкем 1953 жылы Жалағашқа келіп аудан­дық милиция бөліміне бес жыл қатарынан аптасына бір рет қол қойып қайтатын. Қоғамнан оқшауланған, адамдардың се­німсіздігіне ілінген, жаныңды жаралайтын сол қол қою рә­сімі әкеме өте ауыр тиетін. «Қол қоюға барып-қайтқан әр­бір қадамымды басқан сайын жүрегіме ине қадалғандай күй кешемін. Жазықты адам бұн­дай рәсімге қуанбаса еш өкіне қоймас, ал еш айыбы болмай жазаланған адамға бұдан асқан қорлық жоқ шығар. Кей кездері Жалағашта жүріп қол қойғаннан гөрі итжеккенде тал кескенім (лесоповал) жақсырақ еді, – дейтін әкем.
Жұмыссыздық жәрдемақы­сын алу үшін қол қойған сайын әкемнің басынан өткені есіме түсіп, бір жарым ай бойы сол мекемеге бармадым. Жәрдем­ақыдан айырылдым. Әлеуметтік қиындыққа шы­дауға болар, бі­рақ мен үшін әрбір қол қою рухани тұрғыдан өте ауыр жаза болды.
Анам өмір бойы Жалағаш­тағы да­йындау және байланыс мекемесінде есепші болып қызмет атқарды. Ал әкем қол жұмыс істегенімен мамандығы ұстаз болатын. Кезінде Григорий Ставкин орыс мектебін басқарып жүрген кезде әкемді тарих пәнінен мұғалім болуға талай шақырған, бірақ әкем оған көнбеді.
Жалағашта неміс отбасылары саусақпен санарлықтай ғана еді. Отбасымызбен осында соғысқа дейін өмір сүріп жатқан Щмальц, Шауберт, Шерман, Шернагель және Сакс отбасыларымен туысқандай ты­ғыз араластық. Бас қос­қан­да немісше шүйіркелесе жө­нелетін, әсіресе үлкендер жағы. Барлығы да неміс тіліндегі газет-журналдар алатын. Мы­салға, біздің үй орысшадан бөлек неміс және чуваш тіл­де­рінде газет-журналдарға жа­зылатын. Анам комхоздың бастығы Трофим Ефремовты көргенде қуанып қалатын. Себебі, оның да ұлты чуваш еді. Екеуі өз тілінде ұзақ-ұзақ шүйіркелесетін.
Жалағашта әкем РТС, комхозда, ауруханада слесарь болып жұмыс жасады. Алған мақ­тау қағаздары сақталмай қал­ды. Бір жылдары жұмысын үлгілі атқарғаны үшін Мәскеу қаласында өткен арнайы көр­меге қатысып қайтты. Әкем қайтыс болғаннан кейін Са­ратов педагогикалық универ­ситетінің құрылғанына 75 әл­де 80 жылдық мерейтойына орай сол оқу орнынан арнайы шақыру билеті келгені есімде.
Отбасымызда мен тұрмысқа шыққан жылы қайғылы жағдай болды. 1978 жылы әскерден келген інім мотоцикл апатына ұшырап, дүние салды. Ұл­дың қазасы әке-шешеме қатты тиді, білем. Көп ұзамай олар да дүниеден озды. Осы қазада бір кісінің біздің отба­сымызға жасаған жақсылығын айтып өтпекпін. Қайтыс болған інімді жерлеу рәсімінде үрлемелі ор­кестр траурлы марш тартып марқұмды бейітке дейін шы­ғарып салуымыз керек. Бұл – біздің дәстүріміз. Бірақ, жазғы каникул кезі болғасын ба, аудандағы оркестр музыканттары әр жаққа демалуға кетсе керек. Әкем мен туысқандар жан-жаққа хабарласқанымен еш нәтиже шықпады. Сонымен, інімді оркестрсіз шығарып салатын болдық. Мәйітті шығаруға жиырма минуттай қалғанда белгілі музыкант Жұма Данилов үйге көңіл айтуға келді. Жағдайдан хабардар болған ол үрлемелі оркестр жігіттерін он бес минуттың ішінде жинап алып келді де, інімнің жерлеу рәсімі өз уақытында өткізілді. Ол кезде Жұма әуез мектебінде қатардағы ұстаз болатын. Сол жақсылығын ата-анам ылғи айтып отыратын, – деп Валя апай әңгімесін аяқтады.
Мартельдер негізінен бес ағайынды болған. Екі әйелден Петр алты бала сүйіпті. Олар­дың төртеуі ұл болса, Базилиус ортаншысы екен. Ауда­нымыздағы бас-аяғы бес-алты ғана неміс отбасыдан қазір қал­ғаны жалғыз Валентина Борисовна.

Марат Ақмырзаұлы.
Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<