Бәбіш молла қалашығы

1794

0

Бәбіш молла  қалашығы Соңғы жылдары Қармақшы ауданында ежелгі және ортағасырлық қалалардың орнына археологиялық зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазба жұмыстары кезінде көне қалалардың орнынан табылған жәдігерлер – біздің мәдениетіміздің өте ерте дамығанының тарихи дәлелі. Осы көне қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы байланысты зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың ежелгі тарихының әлі де айқындала қоймаған тұстарын ашуға мүмкіндік алар едік.
Бұл қазақ халқының Сыр бо­йындағы ежелгі қалалар өрке­ниетінің заңды мұрагері ретінде ата-бабаларының ерлікке, бір­лікке, елдікке ұмтылған өт­кен тарихы мен шежіресіне мақ­та­ныш сезіммен қарауға тәр­бие­лейтіні сөзсіз. Өйткені, же­­рі­мізде әлі күнге құпиясы ашыл­­маған тарих және мәдениет ескерткіштері аз емес. Қазақстан Республикасының материалдық және рухани мәдениетінің тарихында сәулет ескерткіштері мен қала құрылыстары айрықша орын алады. Көне қалалардың орындары, керуен сарайлары, діни орындар мен мешіттер, мав­золейлер, қорымды-мінәжат кешендері – кең-байтақ қазақ даласын мекен еткен байырғы ба­баларымыздың әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени өмі­рінің нақты айғақтары. Мұндай мұралар Қармақшы ауданының аумағында көптеп саналады.
Бәбіш молла қалашығы – Қы­зылорда облысы, Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оң­түстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан, бірнеше қо­ныстардан тұратын кешен. Оған Жаңадария сағаларының ара­сында ендік бағытта 40 ша­қырым және меридиандық ба­ғытта 15-20 шақырымға дейін созылып жатқан үлкен қоныс ортасында орналасқан Бәбіш молла-1 қалашығы және Бәбіш молла-2 (ғибадатхана) жата­ды. Алғаш рет 1950 жылы С.Толс­товтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген.  
Қоныстарды сумен қамта­масыз ететін негізгі магистральді арна Бәбіш молладан оңтүстікке қарай 6 шақырым жерден бастау алады. Осы арна бойынша 3 қоныс орналасқан, бірі – бекініс жанында, екіншісі – солтүстікке қарай 1 шақырым, үшіншісі – оңтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде.
Жаңадария өзенінің оң жа­ғалауындағы төбеде, Шірік Рабаттан жоғары, көне дәуірге жататын білікпен қоршалған тікбұрышты жайлар және құм қорғанның қалдықтары табылды. Солтүстігінде төртбұрышты қамал орналасқан, ауданы 100х100 метр, бұрыштарында және шығыс қабырғасының ор­та­сында кішкентай жұмыр­лан­­ған мұнаралары бар пахсадан жасалған қабырғамен қор­шалған. Қамалдың нысанына төртбұрышты ғимарат қо­сылған. Қамал мен осы ғи­мараттың қабырғаларында хо­резмдік типті, желпуіш тәрізді үш қабатты атыс ойыстары бар. Оның сыртқы қабырғасының оңтүстік-шығыс жағына тағы бір қираған ірі құрылыстың мықты қабырғасы жалғасып жатыр. Ауданы 30х30 метр, қабырғалары 4-5 метр биіктікте сақталған. Қа­мал мен құрылыстың оңтүсті­гінде мықты қабырғамен қор­шал­ған қала аумағы іргелес. Оның қалыңдығы кейбір жерлерде 5,3 метрге дейін жетеді, 39/40х39/40х11 және 43/44х35х9 сантиметр күйдірілмеген кір­піш­тен қаланған мұнараның қа­бырғалары пахсалы жертөле қа­батына орналастырылған. Қала ішіндегі қоныстар оңтүстік-ба­тыс бөлігінде орналасқан.    
Бәбіш молла-1 қалашығының ішінде, негізінде оңтүстік-батыс бөлігінде құрылыс орны көптеп кездеседі. Бөлмелері пахсалық блоктардан қаланған – сыртқы (4 метрге дейін) және ішкі (1,5 метрге дейін) қабырғалары қа­лың­дығымен ерекшеленеді. Қа­зылған бөлмелердің ортасында кішкене тікбұрышты ошақ қатарлары кездеседі. Кешенде қола сынықтары, мал сүйектері, сондай-ақ ескерткіштің орташа қабаттарына тән жерлерге көмілген хумдар кездеседі. Қаз­ба жұмыстар барысында қамал бірнеше құрылыс кезе­ңін өткергені анықталды, хроноло­гиялық шегі б.з.д. IV-II ға­сыр­ларға жатады.
Барлық орындарда тұрғын­жайлар болған. Оларда тұрмыс­тық шұңқырлар, диірмен тас­та­­­рын орнату үшін жасалған қа­­­тарлар, мәдени қабаттарда жан­уар сүйектері және тұрмыстық қыштардың қалдықтары кезде­седі. Бұл қабаттарда табылған қыш ыдыстардың пішіні ерте парфяндық кешендерге сәйкес, ернеуі ішке қарай тартыла келген және шеттері тегіс. Қалған қыш ыдыстар (ернеулері дөң­гелекше келген хумдар мен құтылар, т.б) жоғары мәдени қа­баттарда кездеседі. Кейбір бөлмелер қойма болған, олардан көптеген хумдар табылған.
Қалашыққа тікелей жақын жерде Бәбіш молла-2 жерлеу ғи­мараты орналасқан. Бұл – төрт­бұрышты ғимарат. Ау­ма­­­ғы 21х21, 6 қатар пахсалы блок­­тардан құрылған жер­тө­ле іргетасымен (30х30м) жа­зық­­тық бетінен 7 метр биік­те орналасқан. Бөлмелер күмбез­дермен жабылған және бір-бі­рімен жалғасқан. Крест тә­різ­ді айқасатын және қораға шы­ғатын аркалы есіктері бар жерлеу бөлмелерінен құралады. Жерлеу бөлмелерінің ауданы 4,4х5 метрден 5,3х6 метрге дейін. Ішінде арнайы жерлеуге арналған тақтайларда адам сүйектері табылған. Кейбір бұ­­­йымдар жерленгендердің жо­­­ғары әлеуметтік ахуалын дә­лел­дейді. Қазба жұмыс­тары­ның нәтижесінде табылған ма­те­риалдар кешеннің ең көне ес­керткіштерінің б.з.д. IV-II ғасыр­ларға жататынын анық­тауға мүм­кіндік берді.
Бәбіш молла-2 құрылысы Бәбіш молла-1 қалашығымен ты­ғыз байланысты болғандықтан үлкен қызығушылық тудырады. Екі ескерткіштің ерекшеліктерін олардан табылған қыш ыдыс­тардан байқаймыз. Бәбіш молла-2 нысанының қолмен жап­сырылған және қолөнерлік қыштары хорезмдік жұпыны пішінімен айрықша. Жапсырмалы қыш ыдыстар арасында құтылар, тегештер, хумдар мен хумчалар бар. Бәбіш молладан табылған ыдыстардың барлық түрлері қаңлылар кезеңіндегі Хо­резмде көптеп кездеседі. Өр­нектелген құмыралардың аз­даған бөлігі сазды келген, ұзын және тік ұңғымамен өрнек­тел­ген және саусақпен басып өр­нектелген ірі құмыралар та­былған. Бұл әдісті төменгі Сыр­дарияның жетіасарлық қыш­шылары пайдаланған.
Өткен жылы Ә.Марғұлан атын­дағы археология институ­ты­ның аға ғылыми қызметкері, археолог Ж.Өтебаевтың же­тек­шілігімен Бәбіш молла қала­шы­ғында өткізілген архео­логиялық қазба жұмыстарына Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану му­зейінің қызметкерлері қатысып, қазба барысында анықталған тың деректерді зерделеп ғылыми тұжырымдар жасады. Сондай-ақ, тарихи деректердің дәлелі ретінде табылған археологиялық заттарды көпшілікке кеңінен насихаттау үшін аудандық музей қорына өткізді.
Шаруашылық мақсатта, ас­тық не­месе сұйық заттарды та­сы­малдау, сақтау барысында пай­­­даланылған үлкен көлемді құм­дар шарық көмегімен да­йын­далып, сапалы күйдіріліп жа­­сал­ған. Түсі қызыл, қанық қы­зыл түсті ангоб іздері жақсы сақ­талған. Қысқа мойынды ер­неуі жалпақтанып, сырт­қа қайырылған қимасы дөң­ге­­лек пішінді. Сыртқы беті бұ­­дырланып келген. Ернеу диа­метрлері 36 сантиметр, қабырға қалыңдығы 1,5-2 сантиметр ара­лығында ауытқиды. Бүйірі кең, иығы түсіңкі құмның сыртқа қайырылған ернеуінің диаметрі 54 сантиметр. Кең бүйірінен аузына қарай тарыла түскен құмның ернеу жиегі қатты затпен ті­гінен басу арқылы кертіктеліп безендірілген белдемшесі бар, ұқыпты әрі сапалы жасалған.
Үлкен көлемді құмыралар мен басқа да тұрмыстық заттар­дың жасалу технологиясы мен сапасы біздің заманымызға дейінгі кезеңдерде Сырдария өзе­нінің төменгі ағысы бойын­да өркениеттің гүлденгенін көр­сетеді.
Жоғарыда айтылған экспо­наттар коллекциясы қазіргі таң­да музей залдарына қойы­лып, келушілердің назарына ұсы­нылып, қызығушылық туды­рып отыр.

Т.ЛЕДЕНЁВ,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<