«Берия бандасы»: Жазасын өтеген туыстар

832

0

Кең-байтақ қазақ даласы өз тарихында не көрмеді? Дархан пейілді қазақтың біразы аштан қырылып, тағы бірсыпырасы нан іздеп ел кезіп кетсе де, елде қалғаны малынан айырылып, бір үзім нанға зар болса да өзі сияқты аш-жалаңаш, босып келген, өмірінде көрмеген бөгде халықты өзінің бауырындай қабылдап, нанын, жылы төсегін, үй-жайын бөлісті. Әуелі славян кулактары мен казактар, сосын тегі бір туысқан қарашай мен балқар, әзербайжан мен Қырым татарлары, түріктер, діні бір ингуш, шешен, курд, тегі де, діні де бөлек қалмақ пен Еділ бойындағы неміс, поляк, грек, армян, молдаван, сонау Қиыр Шығыстағы корей мен қытай қазақтың қасиетті де киелі даласынан пана тапты.

Кеңестер одағын отыз жыл басқарған, «халықтар көсемі» атанған Сталиннің қазасынан кейін мемлекеттің ішіндегі мемлекет болып есептелген НКВД-ОГПУ-МГБ-МВД-ны басқарған ұлты грузин Берия тұтқындалып, оған сол күні ату жазасы қолданылды. Онымен бірге «Берия бандасы» аталған қылмыстық топтың мүшелері В.Меркулов, Б.Кобулов, С.Гоглидзе, П.Мешик, В.Деканозов, Л.Влодзимирскийге ату жазасы қолданылып, барлығының жұбайлары, т.б. жақындары Қазақстанға арнайы қоныстарға жер аударылды. Бір қызығы, «Берия бандасының» ішінде бірде-бір таза орыс ұлтының өкілі жоқ. В.Меркуловтың анасы, С.Гоглидзе мен В.Деканозов – грузин, Б.Кобулов – армян, Л.Влодзимирский – поляк, П.Мешик – украин ұлтының өкілі. Миллиондаған жазықсыз жазаланған кеңес адамдарын тірі немесе қаза болғаннан кейін жаппай ақтау процесі болып жатқанда мойындарында сол жазықсыз жазаланған миллиондаған адамдардың қаны бар генерал-лейтенант, генерал-полковник, армия генералы кеңестік ең жоғары әскери атағы бар Сталиннің жендеттеріне қатысты ақталу үкімдері шығарылған жоқ.

«Отан сатқындарының отбасы мүшелері туралы» Заңы, басқа да нормативтік актілерге сәйкес «халық жауларымен» бірге олардың отбасы мүшелері де сотталып, қоныс аударылуға тиіс болатын. Бұл санаттағы істерді «үштік» пен «екіліктер» қарады. 10 маусым 1934 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті (ЦИК) қаулы шығарып, онда әскери округтар мен флоттар әскери трибуналдарға әскери қызметкерлер мен азаматтық тұлғалардың ішіндегі Отанын сатқандарға қатысты істерді қарауға құқық берілді. 1937 жылғы Саяси бюро шешімімен Отанын сатқандардың әйелдері 5-8 жыл лагерьлерде жазасын өтеуге тиіс болды. Сол кездегі қатаң кеңес заңнамасына сәйкес Отанға опасыздық істегендері үшін әскери емес қызметкерлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Бұл санаттағы жазасын өтеуші егер жазасын өтеуден жалтарса, онда оның бүкіл отбасы мүшелерінің дүние-мүліктері, үй-жайы кәмпескеленіп, елдің солтүстік аудандарына қоныс аударылатын. Олардың жасөспірім балалары Мәскеуден тыс жерлерге интернат, балалар үйіне жолданатын. Отбасы мүшелері қатарына сотталушының әкесі, шешесі, күйеуі, зайыбы, ұл-қыздары, аға-апалары жатқызылды.

Осыған байланысты Л.Берияның барлығы 16 адамнан тұратын жақындары, олардың қатарында анасы, әйелі, апалары, ағалары, енесі, жезделері, немере ағалары мен қарындастары, олардың шешелері, қарулы күзетпен Краснояр өңірі мен Свердловск облысына, Қазақстанға қоныс ауыстыруға мәжбүр болды.

Жақында шаң басқан архивтерді ақтарып, сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезіндегі бірнеше тарихи құжаттарды кезіктірдім. Бұлар кезінде «аса құпия» құжаттар қатарына жатқызылып, бірнеше ондаған жылдар жалпыға танысуға берілмеген. Тек бірнеше лауазымды адам ғана танысқан. Бүгінде құпиялық маңыздылығы жойылған. Құжаттар «Берия бандасының» белсенді мүшелері, халық жаулары С.Гоглидзе мен П.Мешиктің жақындарына тікелей қатысты.

Енді осы құжаттарды зерделеп, мазмұнына тоқталып өтсек.

«Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің  Қызылорда облысы басқармасы бастығы полковник П.И.Караваевқа

1954 жылдың 21 қыркүйегіндегі №9/3-10380, №2409 нұсқау

КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті (КГБ) мен КСРО Прокуратурасы шешімімен сіздің облысқа халық жауы Берия мен оның сыбайластарының отбасы мүшелері жер аударылған.

Атап айтқанда, Қазалы ауданының Қазалы қаласында Мешик Софья Ильинична мен Мешик Варвара Мартыновна;

Қазалы ауданының Задарьинск МТС-да Гоглидзе Евлалия Фёдоровна. КСРО Ішкі істер министрлігінің 8/IХ-1954 жылғы №8260ЗП түсіндірмесіне сәйкес бұл тұлғаларға КСРО Министрлер Кеңесінің 1954 жылғы 5 шілдедегі №1439-649 с мен КСРО ІІМ-нің 16VII-1954 жылғы №00597 бұйрығының 5 тармағы қолданылады.

Сізден жоғарыда көрсетілген тұлғаларды жер аударылғандардың арнайы есебіне алуды, оларға белгіленген тәртіппен жеке істер арнауды, олардың ай сайынғы міндетті тіркеуден өтуді қамтамасыз етуді, бұл туралы ай сайынғы есебін әр есепке алынғанға екі дана №1 «Д» формадағы есеп карточкасымен бізге жолдауды сұраймыз.

Бұл тұлғалардың жеке істеріне олардың КСРО Ішкі істер министрлігінің 6/IХ-1954 жылғы №8250/ВЛ нұсқауына байланысты арнайы жер аударылғандардың есебіне алынуына негіз болатындығы туралы анықтама тіркеуді тапсырамын.

Қазақ ССР Ішкі істер министрінің орынбасары, полковник Николаев

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің «П» бөлімінің бастығы, подполковник Никулин»

Ескерту: құжаттарда тек тегі көрсетілген, өз аттары, әкелерінің аттары көрсетілмеген.

«Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысы басқармасының  бастығы полковник П.И.Караваевқа

1954 жылдың 25 қыркүйегіндегі №9/3-10565, №2409 нұсқау

Біздің осы жылғы 22/IХ №9/3-10378 нұсқауымызға қосымша сіздің облысқа жер аударылған халық жауы Берия мен оның сыбайластарының отбасы мүшелеріне КСРО ІІМ-нің «П» бөлімінің осы жылғы 16/IХ №44/4-33464 нұсқауына сәйкес жер аударылғандар жеке істерінде болуы тиіс:

– ІІМ органдары (біздің №9/3-10378 форма анықтамамызда көрсетілген) әкімшілік қадағалауға негіз;

– Жақын туысқандар тізімі мен мекен-жайы көрсетілген анкета;

– Құқықтық ереже мен бекітілген тәртіптегі (КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің №35-1945 жылғы қаулылары) жариялау қолхаты;

– Қоныс орнынан қашу немесе рұқсатсыз тастап кету жауапкершілігі туралы қолхаты;

Бұл тұлғаларға қатысты жолданған тыңшылық құжаттарды олардың жеке істерінде бөлек папкада сақтау керек. Оларды арнайы жер аударылғандар қатарына жатқызып, статистикалық деректерде №1 формаға сәйкес шартты түрде 1954 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы КГБ мен КСРО Бас Прокуроры шешімімен жер аударылғандар қатарына жатқызуды».

«Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің «П» бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Никулин

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің «П» бөлімінің бөлімше бастығы, подполковник Медянов

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің 4-арнайы бөлімінің бастығы, полковник Хамидуллинге

1954 жылдың 13 желтоқсанындағы № 9/10-5795 нұсқау

Арнайы қоныстанушылар С.И.Мешик, В.М.Мешик пен Е.Ф.Гоглидзеге қатысты №1, №1 «Д» нысандағы толтырылған есеп карточкалары мен қараша айының статистикалық мәліметтері жолданады».

«Қызылорда облысының ІІМБ 4 бөлім бастығы майор Бикинеев.

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысы басқармасының  бастығы, полковник П.И.Караваевқа

№9/3-1170 ХII ай (күні көрінбейді) 1954 жылғы нұсқау

Арнайы қоныстанушылар С.И.Мешик, В.М.Мешик пен Е.Ф.Гоглидзеге қатысты толтырылған есеп карточкаларын жолдау туралы бұған дейін 1954 жылдың 22 қыркүйегінде жолданған №-9/3-10380 санды нұсқаудың орындалуын жеделдетуді сұраймыз.

Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің 4-арнайы бөлімінің бастығы, полковник Хамидуллин»

Иә, жоғарыдағы құжаттардан білгеніміздей Берияның қандықол жендеттері С.Гоглидзе мен П.Мешиктің жақындары Қазалыда жазасын өтеген. Қазалы аудандық архив қызметкерлерінің айтуынша, бұл ғимараттар әрине қазір жоқ, сақталмаған.

Сонымен қатар архивтен табылған Қызылорда облысында орналастырылған арнайы қоныстанушыларды тіркеуден өткізу туралы 1955 жылғы кестеге сәйкес Сырдария ауданында орналасқан 4 лагерьде 4425 қоныс аударушы болған. Басқа аудандар мен Қызылорда қаласында бұл көрсеткіштер төмендегідей: Аралда 3/1953, Шиеліде 3/3271, Қармақшыда 1/1019, Жалағашта 1/466, Тереңөзекте 1/807, Қазалыда1/1299, Жаңақорғанда  1/1449, Қызылордада №597 Орталық лагерьде 1024, №598 Кірпіш зауыты лагерінде 1522, №589 Ет комбинаты лагерінде 911, №600 Плотина құрылыс лагерьге 968 қоныс аударушы жазасын өтеген.

Сондай-ақ, Грузия КСР-нан келген арнайы қоныстанушылардың Қызылорда облысы аудандарында орналасуы туралы анықтама бар. Бұл құжатқа сәйкес 1956 жылдың 6 айындағы мәлімет бойынша Қазалы ауданында 100, оның 40-ы Қазалы қаласында, 19-ы Абай колхозында, 28-і Амангелді колхозында, 8-і Мұратбаев колхозында, 3-уі Сталин колхозында, 2-уі Жаңақазалы қыстағында. Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал колхозында 173, Сырдария ауданында 51, оның барлығы 1-Май атындағы колхозда, Шиелі ауданында 263, оның 45-і «Авангард», 50-і «Большевик», 44-і «Гигант», 16-сы «Үлгілі», 16-сы «Төңкеріс», 18-і «Ақтоған, 34-і «Ортақшыл», 14-і «Жөлек», 8-і «Телікөл», 11-і «Бәйгеқұм», Жаңақорғанда – 256, оның 37-сі «Красная Звезда», 125-і «Төменарық, 74-і Жаңақорған қыстағында, 1-уі Қызылорда қаласында тіркелген.

Жоғарыдағы құжаттарға қарағанда Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі мен Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысы басқармасының арасында хат алмасуға негіз болған Қызылорда облысының Қазалы ауданына қоныс аударылған «Берия бандасының» белсенді мүшелері, халық жаулары С.Гоглидзе мен П.Мешиктің жақындары болған. С.Гоглидзенің әйелі, Гоглидзе Евлалия Федоровна, 1898 жылы туған, тұтқындалғанға дейін Мәскеуде тұрған, жұмыс істемеген. П.Мешиктің анасы Мешик (Раппопорт) Варвара Мартыновна, 1875 жылы туған, тұтқындалғанға дейін Мәскеуде тұрған, зейнеткер, әйелі, Мешик Софья Ильинична, 1918 жылы туған, Мәскеуде тұрған, жұмыс істемеген.

Қазақ жерінде қиын кездерін өткізген Мешиктердің жазасын өтеп шыққаннан кейінгі тағдыры белгісіз. Бір қызығы, Гоглидзе ханымдар, шешесі мен қызы беріге дейін өмір сүрген. 1984 жылдың 29 қазанында Мәскеу түбіндегі Малахов қыстағында белгісіз ұрылар терезеден кіріп, пәтердегі екі егде әйелдің басынан кірпішпен ұрып өлтіріп кетеді.

Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы пәтердегі хрусталь, фарфор сервиздер, вазалар, антикварлық әшекей бұйымдар түгел екенін көріп таңғалысады. Жүргізілген жедел тергеу шараларының нәтижесінде тонаушылар Крекшин мен Апухтин анықталып, олардан алтын, күміс, платинамен толтырылған чемодан айғақ зат ретінде алынды. Ал осынша байлықтың иесі жәбірленушілерге келсек, олар Қазалыдан Мәскеуге қайта қоныс аударған генерал С.Гоглидзенің шешесі мен қызы болып шығады. Әрине, мұнша байлықты олар Қазалыдан апарған жоқ, отыз жыл НКВД-да басшы қызметте істеген кездегі жинағаны. Кезінде баласы атылып кеткеннен кейін Бас прокурор Р.Руденкоға, Г.Маленковқа, Н.Хрущевқа арызданып жүріп жинақ кассасындағы 160 мың сом 16 жыл үй қызметінде жүрген адамдардың жалақысы екенін жариялап, дүние-мүлкін тәркілеуден сақтап қалған. Қаза болғанда әйелі 84 жаста екен, ал шешесінің жасы белгісіз.

Құжаттарға сенсек, «халық жауларының» жақындарын сол кездегі талап бойынша қатаң бақылауда ұстағандары көрініп тұр. Орындау үшін жолданған барлық нұсқауларға тиісті бастықтар белгі қойған.

Белгілі Украина құқық қорғаушысы А.Шлаенның зерттеуі бойынша С.Гоглидзе екі рет үйленген екен. Бірінші некедегі зайыбымен 1934 жылы ажырасқаннан кейін байланысын мүлдем үзген. Бұл некеден туған ұлы Владимир Гоглидзе 1954 жылы қамалып, Қазақстанға қоныс аударылған. Басқа ұлы Виктор Гоглидзенің айтуы бойынша Владимир 1972 жылы Батумиде қаза болған.

Енді жақындарын тар жол, тайғақ кешуге мәжбүр қылған С.Гоглидзе мен П.Мешиктің кім болғанына, олардың қысқаша өмірбаянына тоқталып өтсек.

Сергей Арсеньевич Гоглидзе 1901 жылы Грузия КСР-да дүниеге келген, әскери атағы генерал-полковник. Берияның ең сенімді өкілі, жақын серіктерінің бірі, көмекшісі, қамқорлығына ие болған, оның көмегімен лейтенанттан генерал-полковникке дейін өскен. Грузиядағы жаппай қудалаудың жетекшісі. Ол 1920 жылдары Ташкентте кешкі орта мектепте оқып, Түркістан майданының революциялық трибуналында істеген. Одан кейін Бүкілодақтық төтенше комиссиясы (ВЧК) әскерлерінің саяси хатшылық бастығы, ВЧК Мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) комиссары, кейін Кавказ шекара қызметінде Л.Бериямен танысып, М.Фрунзе атындағы Әскери академияда білімін жоғарылатып, саяси бөлім бастығы, бастықтың саяси орынбасары, шекара күзеті басқармасы мен ГПУ бастығы, ОГПУ-дың Кавказ КСФР-дағы уәкілі, Грузия НКВД-ның басқарма бастығы болған. 1934 жылы әуелі ЗСФСР ішкі істер Халық комиссары (ең жас екінші дәрежелі комиссары). Грузия НКВД үштігінің төрағасы, Ленинград облысы бойынша НКВД басқармасының бастығы. Ежовтың сенімді адамдарынан НКВД-ОГПУ орган аппаратын тазартуда белсенділік танытты. КСРО ЦК ВКП мен Халық комиссарлары кеңесінің (СНК) Молдавиядағы уәкілі ретінде КСРО-ға қосылған Бессарабиядан кеңес үкіметіне қарсы элементтерді жер аударуға жетекшілік етті. Гоглидзе Молдавия мен Украинадан революцияға қарсы белсенділерді, буржазия партиялар мүшелерін, помещик, бұрынғы полицей, жандарм, патша үкіметі мен румын әскерінің офицерлері, ірі сауда, кәсіп иелері мен олардың отбасыларын жер аударуға Сталиннің рұқсатын алған. 1941 жылдың 12-нен 13 маусымына қараған түні Қазақстан (Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда), Коми, Краснояр аймағына, Омск, Новосібір облыстарына 30 мыңнаң аса адамды мәжбүрлеп көшіруге жетекшілік етті. Одан кейін Хабаровск аймағы мен Қиыр Шығыс бойынша НКВД басқармасының бастығы, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігінің (МГБ) өкілі, КСРО МГБ теміржол және су көлігі бас күзет басқармасының бастығы, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрінің орынбасары болды. «Дәрігерлер ісін» қадағалады. Аздаған уақыт Өзбекстан МГБ министрі лауазымында болып, қайтадан Мәскеуге оралып, КСРО МГБ министрінің орынбасары ретінде 3-басқарма (қарсы барлау) бастығы міндетін, кейін министрдің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 1953 жылы Сталиннің қазасынан кейін біріктіріліп қайта құрылған Ішкі істер министрлігінің 3-басқарма (кеңес армиясы мен әскери-теңіз флотының қарсы барлау қызметі) бастығы болып тағайындалды. 1953 жылы 3 шілдеде Берия тұтқындалған кезде Герман Демократиялық Республикасында іс-сапарда жүрген жерінен ұсталып, Мәскеуге жеткізілді.

Павел Яковлевич Мешик 1910 жылдың 23 желтоқсанында Украинаның Сум облысында дүниеге келген. Әскери атағы генерал-лейтенант. Ақталу үкімі шықпаған. 1932 жылы ОГПУ қатарына алынып, ОГПУ-дың жоғарғы мектебін аяқтаған. КСРО НКВД Мемлекеттік қауіпсіздік бас басқармасының экономика басқармасының, 3-басқарманың (қарсы барлау) жедел уәкілі, НКВД тергеу бөлімі бастығының, бас экономика басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, 1-бөлімде (өндіріс, тамақ саласы, Халық комиссариаты) қызмет атқарған. НКВД екіге бөлінгенде Украина Мемлекеттік қауіпсіздігі халық комиссары, КСРО НКВД экономика басқармасы мен 7-арнайы (миномёт қару өндірісімен қамтамасыз етуді қадағалау) бөлім бастығы болған. СМЕРШ қарсы барлау бас басқармасы бастығының орынбасары, 1-Украина майданы қолбасшысының орынбасары лауазымын атқарды. 1945 жылы Варшаваға іссапарға жолданып, Польша уақытша үкіметі қоғамдық әкімшілік министрінің кеңесшісі ретінде мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрылуына жетекшілік жасады. 1945-1953 жылдары КСРО Министрлер кеңесі жанындағы 1-бас басқармасы (Семей жерінде жаппай қырып жою қаруын жасап шығару мекемелерін салды) бастығының орынбасары ретінде құпиялық режимді қамтамасыз етумен, объектілерді күзетумен, кадр жасақтаумен айналысты. 1946-53 жылдары атом өндірісімен байланысты ерекше режимді жабық қалалар мен қыстақтарды салу, оған мамандарды тарту, мамандар мен жұмысшылардың орналасуына жағдай жасау, объектілерде өрт сөндірушілер жасақтарын құру, тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету саласына бақылау жасады. 1953 жылдың наурызынан бастап Украина КСР Ішкі істер министрі. Көбінесе өзінің грузин жерлестеріне арқа сүйеп, қасына жинайтын. Л.Берияның серіктестері арасындағы жалғыз украин халқының өкілі. Берияның қолдауымен лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін көтерілген.

Екеуі де – КСРО Ішкі істер халық комиссиариаты ерекше үштігі құрамына кірген арнайы қызметтің белгілі қайраткерлері. Сталиндік жаппай қудалаудың (үлкен террор) белсенді ұйымдастырушысы. Екеуі де Берияның ісі бойынша тұтқындалып, астыртын қастық, шпионаж, тыңшылық жасау, билікті басып алу арқылы Отанға опасыздық жасағаны үшін КСРО Жоғарғы сотының 1953 жылдың 23 желтоқсанындағы үкімімен РФКСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы бойынша ең жоғарғы жаза – өлім жазасына кесіліп, сол күні 21 сағат 20 минутта үкім орындалып, (дүниеге келген күні, 43 жасқа толғанда) атылған. 58-бап – сол кездердегі адамдардың үрейін туғызатын Қылмыстық Кодекстің ең қорқынышты бабы еді.

Кеңес одағының түкпір-түкпірінен тұтас халықтар ата-мекендерінен, үй-жайларынынан айрылып, еріксіз көшіріліп, рұқсатсыз шығуға қатаң тыйым салынған, арнайы күзетілетін жаңа қоныстарда өмір сүрді. Батыста «Түрмелер елі» атанған кеңес мемлекетінде тек «халық жауларының» жақындары болғаны үшін сотталған әйелдер мен балаларға арналған лагерьлердің саны әлі белгісіз. Елімізде бірнеше әйелдер лагерьлері, Ақмоланың түбінде Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің 17-арнайы бөлімшесі атанған, 8 мың тұтқын жазасын өтеген атақты «АЛЖИР» («Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері») болғандығын беріде егемендікке қол жеткізгеннен кейін білдік. Кезінде ату жазасына кесілген арыстарымыздың бірі бес-алты жыл бойы жарын іздеп шарқ ұрғанын, Африканың Алжиріне ондаған жауапсыз хаттар жазғанын, лагерьдің Ақмола түбінде екенін білгенде сол жерде барып өлетінін жаны тебіреніп жазғанын оқып едім.

Өкінішке қарай Сталин заманында миллиондаған кеңес азаматтарының жазықсыздан жазықсыз жапа шеккенін сол кездегі кеңес билігінің басшылары мойындамағаны, түсінбегені қынжылтады. 1937 жылдың 7 қарашасында Ворошиловтің қызмет бөлмесіндегі мерекелік түскі астан кейін халықтар көсемі Сталин «біз тек халық жауларын ғана емес, олардың бүкіл отбасы, тұқым-әулеттерін ең соңғы буынына дейін құртамыз» деген екен. 1970-жылдары жазушы Феликс Чуев В.Молотовтан саяжайында сұхбат алу барысында халық жауларының әйелдері мен балаларының қудалану себебін сұрағанда «олар қоғамнан оқшаулану керек, әйтпесе әртүрлі арыз-шағымдарды таратушыларға айналады, тергеу жұмыстарына кедергі келтіреді» деп жауап берген екен. Сталиндік жеке басқа табынушылық, Ежов, Ягода, Берияның, т.б. халықты жазықсыз соттаған әрекеттері белгілі болғаннан жазықсыз сотталған бұрынғы халық жаулары ақталғаннан кейінгі халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, Сыртқы істер комиссары, Сыртқы істер министрі болған, ел басқарған жоғары тұлғаның жауабы осы.

КОКП ОК-нің 1964 жылғы ақпан пленумында М.Суслов Ежовтың Молотовқа келісу үшін апарған лагерьлерге жөнелтілетін халық жаулары әйелдерінің тізімін көріп, біреуінің тегі, атының тұсына «атылсын» деген белгі қойғандығы оның сол кездегі солақай саясатты өмірінің соңына дейін қолдағанын көрсетеді.

1941 жылдың шілдесінде Батыс майданының қолбасшысы генерал Д.Павлов атылғаннан кейін оның әке-шешесі, әйелі, ұлы, енесі Мәскеудегі пәтерлерінен айырылып, Сібірге жер аударылған. Кейін Павловтың Отанға опасыздық жасағаны үшін емес, шайқаста қорқақтық танытқаны, биліктің әрекетсіздігі үшін үкімге кесіліп, атылғандығы, ал бұл баптар бойынша ол кезде туысқандары қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны белгілі болған.

Ол кездер тіпті тұтқындалғандардың әйелдерінің қатты дауыс көтеріп жылауы революцияға қарсы үгіт-насихат, қастандық деп танылған. Лагерьлерде жазасын өтеуші әйелдердің көпшілігінің жаза мерзімі 1942-46 жылдары аяқталса да, олар Сталин қаза болғанша 1953 жылға дейін лагерьлерде жұмыскерлер қатарында болып, үйлеріне 1958 жылы ғана оралған. Бірақ, қиыншылықтар жалғасқан, сотты болғанға дейін тұрған қалаларына қайтуға тыйым салынған. Үйлері басқа біреулер меншігіне өткен, күйеулері атылған, балаларын интернат, балалар үйінен табу қиыншылықтар туғызған. Оңшыл оппозиция өкілі М.Томскийдің әйелі М.Ефремова 1954 жылы лагерьден оралғасын екі жылдан кейін партияға қайта қабылдауын сұрап арызданады. Бұны естіген Молотов оны лагерьге қайтаруға тапсырма береді. Бірақ Н.Хрущев бұл шешімнің күшін жояды. Осы кезде небір қорлықты көріп қайтқан бұрынғы тұтқын әйел шыдай алмай инфарктен қаза болады.

2000 жылдың 29 мамырында Ресей Федерациясының Жоғарғы сотының әскери алқасы С.Гоглидзе, П.Мешик, т.б. және сыбайластарының туысқандарының оларды ақтау туралы берген арыздарын қарады. Алқа ату жазасына кесілгендер Л.Берияның заңсыз тапсырмаларын орындауға мәжбүр болғанымен олардың мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының жауапты лауазымды тұлғалары бола тұра өздері ұдайы қызмет бабын теріс пайдаланғанын көрсетті. Жазықсыз адамдарды қамап, азаптау, оларға қатысты қылмыстық істерді бұрмалап, азаматтарды заңсыз бас бостандығынан ажырату, көптеген азаматтардың қазаға ұшырауына әкеліп соқтырған аса ауырлататын мән-жағдайлар ескеріліп ақтауға негіз жоқ екендігін түсіндірді. Бірінші саты сот үкіміне Отанға опасыздық жасау туралы айыпты алып тастап, қалған бөлігін күшінде қалдырып, ату жазасы 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды.

Бала кезімде анам Қызылорда қаласының «Шанхайындағы» кірпіш зауытының жұмысшыларына арналған дүкенде сатушы болып қызмет жасаған. Сол дүкенге жиі барғанда кеңес елінің түкпір-түкпірінен келген неше түрлі ұлт өкілдерін көретінмін. Сол кезде анам олардың жер аударылғандар екенін айтатын. Жалпы сол кезде Бұқар еврейлері, шешен, татар, христиан цыгандары, корей, грек, славян, т.б.көптеген этнос өкілдері тұратын. Кейін олардың барлығы тарихи отандарына қоныс аударды. Қап тауынан көшіп келгендердің ұрлық әрекеттері туралы еститінбіз. Олармен шекісіп, төбелесіп, бірге өстік, ешқашан жаман әдеттерін байқаған емеспін. Кейін қызмет істей бастағанда 1980 жылдардың аяғына дейін арнайы контингент қоныс аударушыларды еңбекке баулу, бақылап тұру үшін облыстағы арнайы құрылған комендатуралар жұмысымен жақын таныстым.

Қазір айтылып-жазылып жүргендей, тарихи құжаттарға сәйкес қазақ елі кеңес мемлекетін жайлаған басқа халықтарға қарағанда жаппай қудалауға, қуғын-сүргінге көп ұшырады. Орасан зардап шекті, оның ішінде Сыр елі, Қазалы ауданынан қаншама адам сотталды, атылды. Халыққа қырғидай тиген НКВД-ОГПУ органдары бұл нәубет заманында ерекше роль атқарды. Сол зардап шеккендердің жақындары Берияның қолшоқпарына айналған С.Гоглидзе мен П.Мешиктың туыстары өздерімен бірге бір ауданда қатар тұрып жатқанын, оларға күнделікті азық-түлік тасып, қызмет істеп жүргенін әрине, білген жоқ. Ол кезде құпиялықты қатты сақтайтын, сыртқа шығармаймын деп қолхат берген жергілікті қызметкерлер жұмған ауыздарын ашпайтын. Бұл мәліметтер жеті құлыптың арғы жағында «аса құпия» айдарымен сақталғаны белгілі ғой. Бұндай ақпараттарды жергілікті қызметкерлер білмеуі де мүмкін, ол кезде көбінесе басқа, славян ұлттарынан тағайындалатын бастықтар оларға сенімсіздікпен қарайтын. Мақала жазу барысында Қазалы ауданына қоныс тепкен халық жаулары тұрған үй-жайлар туралы сұрастырғам, бірақ олар бұзылып кеткен екен.

Ата-әжелеріміз өздері аш отырса да, қанатымен су тасыған қарлығаш секілді лагерьдегі тұтқындарға кесек шөкелеген болып, орнына құрт лақтырғанын, олардың аман қалуына септігін тигізгенін алыстағы Германиядағы бұрынғы тұтқын әйелдің қазақ халқына айтылған алғысынан білдік. Шешен қызының «Қазаққа алғыс» атты әні, өзеннің бергі бетіне мәйіт жерлеуге өтуге құқы жоқ шешендер қолынан өзен ортасына келіп, табытты алып жерлегені әлеуметтік желілерді шулатуда. Кезінде «Егемен Қазақстанда» қазақ жеріне қоныс аударып, кейін еліне оралған имам ақсақалдың Грозный музейіне жәдігер есебінде ақтық шүберекке орап тапсырған бір уыс топырақ пен ескіше арабша жазылған хаты туралы жарияланған болатын. Хатта: «Е, Алла! Өздері қиналып отырса да, бір үзім нанын бөлісіп, шешен ағайындарды аман алып қалған қазақ халқына екі дүние қызықшылығы мен жақсылығын нәсіп ете гөр. Қазақтар енді жаманшылық көрмесін… Амин» деп жазылыпты. Періштелердің құлағына шалынсын! Қазақ халқы соғыстан, нәубеттен аман-есен болғай. Жеріне жау көз тікпей, алдыңғы елдер қатарына шықсын деп Алладан тілейік, ағайын.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы, полиция полковнигі

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<