Аспан мен жердің арасындағы көпір – адамзаттың жарқын жетістігі. Жер кіндігі – «Байқоңыр» – ғарыш айлағы өткен ғасырдың теңдессіз жаңалығы. Қармақшы топырағы аумағында орналасқан ғарышкерлер қаласының іргетасы 1955 жылы қаланған.
Кеңес Одағы құрамындағы 15 республиканың арасынан Қазақстанға таңдау түсуі тегін емес еді. Ғалымдар зымыран ұшырудың қауіпсіздігін, айлақтан елді мекендердің қашық болуын, ұшырылған ракетаның қайта оралған кездегі қону аймақтарының ыңғайлылығын ескерді. Сондай-ақ, тоғыз жолдың торабы мен автомобиль жолдары да ғарыш алаңының көмекші және қызмет көрсету нысандарына қолайлы жағдай туғызды. Бұл артықшылықтар әлі де ел үшін өз жемісін беруде. Әлем көз тіккен шаһарға өткен аптада арнайы барып, тарихы мен бүгінін біліп, болашағы жайлы ой қорытып қайтқан едік.
Аспан қақпа ашқан күн
Байқоңыр қаласына кіріп келе жатқаннан-ақ қоңыр үйлер, сұр жолдар, сонадайдан көрінген ракеталар бейнесі тарихты сайрап айта жөнелгендей күй кештік. Бір қызығы, қала тарихымен қала көшелерінде жүріп-ақ таныса беруге болады. Мәселен, айлақтан тұңғыш зымыран 1957 жылы ұшырылды және бұл сәтті қадам болған еді. Ол әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны саналады. Оның басты және көмекші объектілерінің жалпы ауданы 6717 шаршы шақырымды құрайды. Дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндірген бірегей оқиға әлем назарын өзіне аудартты. Сөйтіп, алғаш рет Жердің жасанды серігі кеңістікке шығарылды.
1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихында елеулі оқиғасымен есте қалды. Бұл күні тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен орбитаға аттанды. Бертін келе де ғарыш кеңістігін бағындыруда бірқатар тың бастамалардың көшбасшысына айналды. Атап айтсақ, Байқоңырдан байланыс мақсатында пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» және «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» сықылды ғарыш кемелері, күннің, айдың, Шолпан жұлдызының алғашқы жасанды серіктері және «Салют», «Мир» орбиталық стансалары әлем көгіне көтерілді.
Алаңды салу барысында Байқоңыр қаласы өмірге келді. Оған ресейлік азамат, техникалық инженер Г.Шубников жетекшілік етті. «Қала әкесі» атанған Шубниковтің атында осы күні көше және ескерткіш бар.
Ғарыш айлағын салуға қазақстандықтар да білек сыбана араласты. Олардың қатарынан сала қызметкерлері Қ.Тоқмұхамедов, Б.Межіғұлов, Т.Уәшов, К.Әбілғазин, М.Құлымгереев, Қ.Нұрмағамбетов, тағы басқалары болыпты.
Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстарының ішіндегі ең бір сүбелісі – 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілуімен тығыз байланысты. Ел тарихына алтын әріптермен жазылған айтулы күнде қазақ жұртшылығының қуанышында шек болмады. Мұнан соң бұл бақытты ғарышкер Талғат Мұсабаев Ресеймен бірлескен жобада 3 мәрте яғни, 1994, 1998, 2001 жылдары қайталап, ғарыш ғаламын игеруде қазақ баласының ешкімнен кем түспейтінін дәлелдесе, үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов кеменің бортинженері ретінде ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка және даниялық астронавт Андреас Могенсонмен бірге 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесімен көкке самғады. Тәуелсіздігіміздің тәңір берген сыйындай болған ғарыш кеңістігіне қазақтың үш бірдей азаматының самғауы – халқымыздың басына қонған бағы. Үш ғарышкер де Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» жоғары дәрежелі атағын алғаны ел жадында әлі күнге сақтаулы.
Байқоңыр ғарыш айлағы 1991 жылы Қазақстанның иелігіне өтті. 1993 жылдан Ресей Федерациясына жалға берілді.
Әлеуметтің әлеуеті
Байқоңыр қаласының болашағы зор. Қажетті инфраструктура дамуда. Уыты күшті зымырандарды таза экологиялық зымырандармен ауыстыру жұмыстары жүріп, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы салынып жатыр. Сондай-ақ, газдандыру жұмыстары шешім тапқан. Бірнеше әлеуметтік нысандар қазақстандық стандартқа көшіріліп, «көгілдір отынға» қосылып, көңілі жылып отырған ағайын Байқоңырда баршылық. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртаймен пікірлескенімізде анық аңғардық.
– Байқоңыр қаласында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жеке қабылдаулар және құқық қорғау органдары басшыларының қоғамдық қабылдаулары өтуде.
Қабылдауға келушілер көтерген мәселелер жіті бақылауға алынып, тиісті сала басшылары заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізуде.
Қазір қалада 57,4 мың адам тіркелген, оның ішінде 40,6 мыңы Қазақстан Республикасының, 15,5 мыңы Ресей Федерациясының және 1,4 мың басқа мемлекеттердің азаматы.
Бұл жерде айтып өтетін басты мәселе, қалада өндіріс орнының болмауына және кәсіпкерліктің әлсіз дамуына байланысты жаңа жұмыс орындарын құруда қиындықтар тууда, – деді Қайрат Нұртай.
Осы орайда, қалада жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде көрсетіледі. Жыл ішінде тұрақты жұмыс орындарына 281 адам орналастырылған. Оған қоса «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 50 тұрғынға 69 млн теңге сомасында қайтарымсыз грант берілген.
Өз кезегінде, Қызылорда облысының әкімдігі РФ жалға алған «Байқоңыр» кешенінің объектілерін жалдық құрамнан шығару және әлеуметтік қамсыздандыру мен кәсіпкерлік объектілерін ашу үшін облыстың коммуналдық меншігіне беру бойынша тұрақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, әкімдік жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін жалдан шығарылған 9 нысанды мүдделі инвесторларға беру бойынша жұмыс жүргізуде.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру және негізсіз көтеруге жол бермеу мақсатында жыл сайын Байқоңыр қаласының аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Бүгінгі күнге дейін Арал және Қармақшы аудандарының шаруа қожалықтары мен «Байқоңыр» ӘКК-ның тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткен. Оған 150 тоннаға жуық өнім ұсынылған. Ал ертең қалада Қазалы ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Өнімдер нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылады.
Білімдегі белес
Қалада 12 мектеп бар. Оның ішінде 5 мектеп қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Оқушылардың жалпы саны – 8933.
Айта кету қажет, Байқоңыр қаласының ерекше статусына байланысты туындайтын өзекті мәселелер «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралады.
«Қазақстан тарихы» – ҰБТ-да міндетті пән. Осыны ескере отырып, аталған Үкіметаралық комиссияның 8 және 9-отырыстары шеңберінде Байқоңыр қаласында орналасқан РФ орта мектептерінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша факультативтік сабақтар ұйымдастыру туралы бірлескен шешім қабылданған. М.Янгель атындағы №7 орта мектебінде осы пәндер факультатив ретінде оқытылуда. Басқа мектептерге аталған пәндерді оқыту бойынша облыстық білім басқармасы жұмыс жүргізуде.
Сондай-ақ сәуір айында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың облысқа жұмыс сапарының нәтижесімен «Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының 2023-2026 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша жол картасы» бекітілген еді. Жол картасында жалпы 29 іс-шара қаралған.
Сонымен қатар, қалада Қазақстан Республикасының білім стандарттары бойынша 3 балабақша жұмыс істейді.
Қазақстандық стандарт бойынша білім беру ұйымдарының санын арттыру жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады.
Денсаулық діңгегі
Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері қалада көпбейінді аурухана жұмыс істейді. Мекемеде 105 стационарлық орын бар, жалпы ауруханаға 43252 тұрғын тіркелген.
– Аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, қазақстандық азаматтарға барлық қажетті медициналық көмектер көрсетілуде.
Қаланың көпбейінді ауруханасында гемодиализ орталығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орталық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Байқоңыр қаласының медициналық ұйымдарын дамыту бойынша жол картасын әзірлеуде, – деді Қ.Нұртай.
Құрылыс пен инфрақұрылым
«Жұлдызды қалада» 351 көпқабатты үй бар. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2021 жылдан бері Байқоңыр қаласының 7 «А» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері жаңғыртылған. Жұмыстар 2024 жылы жалғасады.
Қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелерін жіті тексеру жоспарланған. Тиісті жұмыс тобы құрылып, Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысының елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы қалаға іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін де газдандыру жұмыстары басталған еді. Қазір Ақай ауылына газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі тұрғын үйлерді табиғи газға қосуда. Төретам кентін қосу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мәдениет мәйегі
Қалада қазан айынан бастап «Қызылорда» телеарнасының корреспонденттік пункті ашылды. Әріптестеріміз Байқоңыр қаласындағы маңызды оқиғалар мен өткізіліп жатқан іс-шараларды республика көлемінде насихаттайтын болады.
Оған қоса қалада жастарға қолдау ерекше екені сезіледі.
– Қалада мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру облыс әкімдігінің тікелей бақылауында. Облыс әкімі мен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы «Байқоңыр қаласының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітті. Облыс жастарын зымыран ұшырылымына және ғарыш айлағына экскурсияға әкелу, қала жастарын Қызылорда қаласына тәжірибе алмасу бойынша апару шаралары жүргізілуде, – деді Қайрат Нұртай.
Мұнда ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу мәселесінде ең басты жағымды жаңалық бар. Ол – Республика күніне орай қаланың 4 көшесіне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілуі.
Мәдениет ұлтты тәрбиелейді. Қалада тұрақты түрде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерттік ұйым өнерпаздарының ауқымды көшпелі концерті өтіп тұрады. Өнерпаздарға деген қала тұрғындарының ықыласы ерекше. Сонымен қатар, барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелер назардан тыс қалмайды.
Түйіні тарқаған түйткілдер
Биыл 6-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өткен. Онда сарапшылар облыс әкімі ұсынған мәселелерді қарады. Оның ішіндегі ең басты мәселе Байқоңыр қаласына кіру-шығу тәртібін жеңілдету туралы еді.
Жоғарыда атап өткендей, Байқоңыр қаласы ерекше статусқа ие. Қаланың тұрмыс-тіршілігі мемлекетаралық келісімдермен реттеледі. Осыған орай, қалаға туристерді тарту және мұнда кіру тәртібін жеңілдету мақсаты назарға алынған. 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап пилоттық жоба шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Байқоңыр қаласына кіріп-шығу тікелей бақылау-тексеру пункттерінде жүзеге асады. Рұқсат беру құжаттарын ресімдеу үшін тұрғындар енді мекеме жағалап, сарсаңға түспейді.
Айта кететін тағы бір мәселе, қаладағы кәсіпкерлік қызмет ресейлік салық заңнамасы бойынша жүргізілуде. Бұл қалтаға салмақ салады. Кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту мақсатында қазақстандық салық заңнамасы бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мәселесі пысықталуда. Бұл тұтынушы үшін нарықтағы бағалардың тепе-теңдігіне әсер етеді және бизнес секторын нығайтып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<