«Бір өзі комбинаттың – жарты қала»

638

0

1959 жылы 25 тамызда Орталық партия комитеті мен Кеңес үкіметі, Қазақстан Орталық партия комитеті, Министрлер кеңесі «Қызылорда облысының экономикасы мен мәдениетін жақсарту туралы» қаулы қабылдады. Орта Азия мен Қазақстан бойынша Қызылорда қаласында «Сыр бойының сары орманы» атанған қамысты шикізат ретінде пайдаланып, халық игілігіне жұмсауды, одан картон, жібек, мал азығы, жем-шөптік ашытқы, тағы басқа халық шаруашылығына аса қажетті өнімдерді өндіру үшін алып құрылыс ЦКК – целлюлоза картон комбинатының құрылысы басталды.

Бұл құрылысқа «Бүкілодақтық екпінді комсомол-жастар құрылысы» деген айдар тағылды. Орталық партия комитеті тағайындаған директорлар Карпов, Васильев, Красавщиков, Анапиянов алғашқы жылдары еңбек етті. Одақтас республикалардан, ірі қағаз-картон комбинаттарынан білімді-білікті мамандар, инженер-техниктер, шеберлер жіберілді. Директорлар ұйымдастыру, комбинаттың салынуы, жұмысшылармен қамтамасыз ету, олардың орналасуы, тұрмыс-тіршілігі, жағдайы, комбинаттың болашақ мамандарын дайындау, алғашқы өнімдерін шығару, тарату сияқты жұмыстармен айналысты.

1960 жылдан бастап комбинаттың негізгі нысандары құрылысы басталды. 1959 жылдан теміржолдың екі жағында, қаланың көптеген жерінде тез салынатын барақ үйлер, жатақханалар, қамыс-шиден уақытша делінген екі қабатты 8, 16, 24, 32 пәтерлік үйлер, кірпіштен екі қабатты, дайын қабырғалардан төрт қабатты үйлер, №10 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі салынды. Құрылыс қарқынды жүрді.

Соғыстан кейінгі халықтың жағдайы нашар еді. Еңбекақы деген аудан, ауылдық жерде болмайтын. Үндеуді естіген Одақ жастары, әртүрлі ұлт өкілдері, өз облысымыздың аудан, ауыл, колхоздардан мыңдап, жүздеп қаламызға келді. Келген жастардың білімі, мамандығы, құрылыс туралы түсінігі болмаса да, ынта-жігері, мақсат-мүдделері, болашақ армандарына жету ниеттері жоғары еді. Өмірден өз орнын, екі қолға бір күрек табуды ойлаған жігіттер мен қыздар ата-аналары, ел-халқы, қоғам, партия, комсомол алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, өздерінің азаматтығын көрсетуге, ұлы Абай атамыз айтқандай дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануға дайын екендерін дәлелдеуге келді.

Әр ұлт өкілдері, қазақ комсомол жастары комбинат басшылығының жылы қабылдауынан кейін дайын тұрған оншақты ерлер, әйелдер жатақханасына орналастырылды. Комсомол, кәсіподақ ұйымдары халықтар достығы, еңбек орны, тәртіп мәселелеріне қатаң қарайтын. Үкімет пен партияның мүмкіндіктерін әр жас өз болашағына барар даңғыл жол деп түсінді деуге болады.

Комсомол жастар комбинаттың іргетасын қалаудан бастады. Бетоншы, арматуршы, монтажшы, ағаш ұстасы, кран, трактор жүргізушілері не керек бос жүрген жан болмайтын. Қыздар ер жігіттерден кем жұмыс атқармады. Құрылыстың «Алғашқы қарлығаштары» деген құрметті атаққа ие болды. Кадр бөлімі жастардың білімдерін сұрыптап, сабақ беретін мұғалімдер кестесін жасады.

Жігіттер жүрек қалауымен басқа ұлт қыздарына үйленіп, отау құрды. Қазір олардың ниеті де, жаны да қазақ. Қазақ қыздары да сүйгендеріне тұрмысқа шығып, бақытқа бөленді. Комбинат басшылығы міндетті түрде той ұйымдастыратын. Аты – «Комсомолдық той». Сыйлық отбасылық жатақханадан бір бөлме, бесік, әдемілеп оралған емізік, бөлме жабдығы, достардың шын ниеті болатын.

Жаны жомарт, жанашыр, уәдеге берік, адал, сабырлы, салмақты сол кездегі жігіттердің әрқайсысы бақытқа лайық еді. 1961 жылы керекті мамандар дайындауға жастарды Ленинград, Свердловск, Омск, Волжск, Краснокаменск, Соликамск т.б. қалаларға оқуға жолдамамен жіберді. Жетекшілері комсомол жастардың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіндегі кемшіліктерді көрсете алатындай дәрежеге жеткен еді. Адал, мансап үшін емес, жұмысшылар мәселесін өз мәселем деп қарайтын олар ел алдында зор беделге ие болды, сондықтан басшылық та, жастар да құрметтеді.

Қамыстан целлюза алып, одан картон жәшік шығару – инженер-техниктерден білім, тәжірибені және өз мамандығына деген сүйіспеншілікті талап ететін қиын технологиялық процесс. Машина қосылған алғашқы тәулікте 300 мың текше метрден аса қамыс өңделді. Комбинат алаңына 120 мың тонна қамыс дайындалған. Оны тасуда өзен қатынасы үлкен рөл атқарды. Теплоход капитаны Вершинин, Писаненко, Хабибулин ерекше еңбек етті. Комбинатты шикізат қамыспен қамтамасыз ету үшін 1800 адам бар сегіз өнеркәсіп бірлестігі құрылды.

1964 жылы комбинатта төрт цех: орталық пеш, целлюлоза заводы, қышқыл, картон-қағаз цехтары жұмыс жасады. Қараша айында жұмысын бастап халықты қуанышқа бөледі. Алғашқы жылы комбинат 73 мың тонна целлюлоза, 70 мың тонна картон өндірді. 1966 жылы гофра жәшік цехы, 1969 жылы макулатура цехы, целлюлоза-картон өндіретін бас корпустағы құрылыс монтажшыларды керекті детальдармен қамтамасыз ететін техникалық цех пайдалануға берілді. Маңызды магистральдар мен кабель каналдарының құрылысы аяқталды. 1965 жылы ашытқы заводы іске қосылды. Осы жылы 730 мың тонна целлюлоза, 70 мың тонна картон, 45 тонна ашытқы, 37,5 мың дана гофра жәшігі алынды. Комбинаттың өндірістік қуаты жыл санап өсті. Қамыс қалдығынан жылына 10 мың тонна жем-шөптік ашытқы жасалып, ауыл шаруашылығына жіберілетін. Өндірілген өнімді облысымызға, еліміздің барлық қала-аудандарына, Мәскеу, Саратов, Ленинград, Орта Азия төңірегіне жөнелтетін.

Өндіріс қуатын, өнім көлемін арттырумен қатар тұрғын үй, әлеуметтік-тұрмыстық құрылыстар қарқынмен жүріп жатты. 500 орындық «Бумажник» қазіргі М.Ералиева атындағы Мәдениет үйі, №8 кәсіптік-техникалық училище, Краснокамск техникалық институтының филиалы – техникум, «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша «Радуга», «Универсам», алаң, ескі базар, Гагарин, Титов есімдерін берген шағын аудандарда 1290 пәтерлік 65 үй, 700 орындық жатақхана, қонақ үй, жеке үй саламын деушілерге өтініші бойынша жер комитеті мен кәсіподақ комитеті жер телімін берді. Өтініш беріп үй саламын десе, арнайы құрылыс бригадасымен, материалдармен қамтамасыз ететін.

1967 жылы комбинатта екі мыңдай адам еңбек етті, 76 адам жоғары білімді, 124 адам орта арнаулы білімді, 66 практикант жұмыс істеді. Айына екі рет еңбекақы төленеді. Азық-түлік, басқа да тұрмыстық қажетті заттар дүкендері, клуб, би алаңы, үлкен кітапхана, оқу залы, үш балабақша, өз алдына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖКО), жұмысшыларды етпен, көкөніспен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылығы, екі жарым мың шаршы метр жылыжайы болды. №10 разъезде дария жағасынан «Бумажник» саяжайына жер ашылып берілді. Жұртшылық көкөніс, жеміс-жидек егуге, салауатты өмір сүруге, балаларын еңбекке баулуға мүмкіндік алды. Кәсіподақ ұйымы жол қатынасын реттеуді қатаң бақылайтын.

Комбинат тәулігіне үш ауысыммен жұмыс істейтін. №3 емхана күндіз-түні жұмыс атқарды. Жылына бір рет 12-24 күнге демалыс үйлеріне, шипажайға, басқа қаладағы ауруханаларға жолдама беретін. Емхана ішінде емдеу, сауықтыру бөлімі күндіз-түні жұмыс істейтін. Асханалар жұмысшы-қызметкерлерге адал қызмет атқарды. Сонымен қатар «Еңбек» ерікті спорт қоғамында мыңнан аса мүше болатын, олардың жартысы разрядты спортшылар еді.

Комбинат жұмысшы-қызметкерлерінің балалары оқитын №10, №173 орта мектептерді қамқорлығына алып, жөндеу, қаржы, маман жағынан көмектесіп, тығыз байланыста болды. Сол заманда қала мектептерінің алдыңғы қатарында еді. «Бумажник» мәдениет үйінде саяси, мәдени-көпшілік іс-шаралар жиі өткізілетін. Комсомол жетекшілері спорт секцияларын, әртүрлі үйірмелерді, оқушылар, жастардың, тұрғындардың уақытын тиімді пайдаланып қызықты кездесу кештерін, концерттер ұйымдастыратын. Еңбек озаттары, майдангерлер шақырылған кездесулер жастарға үлгі беретін. Сондай кездесулерден кейін Ш.Қойшыбаев, Ш.Бектұрғанов, Қ.Бексейітова, С.Дастанов, К.Мұстафаев, С.Алдабергенов, Ө.Аймаханов т.б. техникумда білім алып, кейін комбинатта қызметкер болды. Жастарға өсіп-өніп, өркендеуге, жарқын болашағына даңғыл жол ашылды.

Жолдамамен оқуға жіберілген жастардың алды 1-2 жылда, кейінгілері 3-5 жылдан кейін қайтып оралды. Дайын цехқа дейін 16 цех жұмыс істейтін. Мамандығы, қабілет-ынтасы бойынша ең төменгі разрядпен жұмысқа қабылданды. Қастарында тәлімгер ұстаздары болды. Қыздар цехтарға  әр ауысымдағы лаборант жұмысына орналасты. Жігерін, білімін өздері іргетасын қалаған комбинатты көркейтуге, өркендетуге белсене, құлшына кіріскен жастарға оның әр кірпіші, әр сатысы, әр цех пен ондағы еңбек етіп жүрген адамдар қымбат және өте жақын болды. Оқып келген жастар бір-екі жылда Одақтың комбинаттарынан келген мамандарды алмастырды. Қызылорданың қамысы алып комбинатты шикізатпен қамтамасыз етуге жетпеді. Сырдария суы азайды. Комбинат Ресей жерінен әкелінетін ағашқа, Одақ көлемінен тасылатын макулатураға алмастырылды.

1977 жылы 6 қаңтарда комбинат аты (ЦКЗ) целлюлоза-картон зауыты болып өзгертілді. Кейін Орталық комитет тағайындаған жергілікті білімді экономист Н.Попов комбинаттың директоры болды. Ұзақ жылғы адал еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» т.б. орден-медальдармен марапатталды.

Комбинатта кадр іріктеуде білім мен біліктілігі, қоғамдық, елдік, ұжымдық іске қабілеті, жауапкершілігі есепке алынатын, бағаланатын. Ұлты, ағайындық-туыстық қатынасы есептелмейтін. Облыстық, қалалық партия комитеті атқарушы органдардың сөзі жүрмейтін. Төрт мың адамы бар, үш жүзден асатын коммунисі бар, отыздан аса ұлт өкілінен тұратын комбинат тек Орталық комитетке бағынатын. Директордың кемшіліктерін партия бюросында талқылайтын мүмкіндігі болатын. Ол кезде партия қатарындағыларға көзқарас жоғары еді. Жауапкершілігі биік, адал, жастарды алға жетелейтін. Бұрынғы белсенді комсомолдар бәрі дерлік партия қатарына қабылданды. Жас буын комсомол қатарына келді.

Н.Сейтенов, Ж.Сейтімов, Р.Можей, К.Есжанов, Ә.Жусаруб, М.Ахметов, Қ.Дайрабаев, Е.Сейдалиев, Ж.Әбдіқалықов, Ж.Әубәкіров, Е.Керейтбаев, А.Баймағанбетов, Д.Ким, И.Оспанов, С.Қылышбаев, Б.Пірімбетов, Т.Тоғызбаев, Б.Қайранов, Ж.Көшкінбаев, С.Жұмаханов, Хвон, Тхя, Юн, Лапшин, Т.Сералиев, И.Жетербаев, Тимофеева т.б. директордың орынбасары, өндірістік, қаржы, құрылыс, кадр, шаруашылық жалпы комбинатты қолдарына алу мүмкіндігіне жетті. Басшылар не құрылыс жұмысшыларының ұрлаған-жырлағаны, жымқырғаны туралы естімедік. Тәртіп сақшылары, халық жасақшылары өз істеріне таза, адал ар-ожданымен қызмет істейтін.

Бұл тыныштықты аңсаған, өздерінің де, балаларының да бақытын, өмірін тілеген жандардың арманының нәтижесі деп білемін. Сол жастар  сабырлы, рақымшыл, қанағатшыл, бәсекелестіктен аулақ, қарапайым еді. Кеуде көтеру, мақтаншақтықты, қызғаныш сезімін бойына сіңірмеген отбасы, ата-ана, мектеп ұстаздары, пионер, комсомол ұйымы жалпы қоғамға мың да бір рахмет!

Ұжымдағы түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүрдік. Бір ауаны жұтып, бір аулада балаларымызды өсірдік. Бір-бірімізден үлгі-өнеге алып, жақсыдан үйрендік, жаманнан жирендік, жақсы болуға жәрдем бердік. Отбасы құндылығы, бала – біздің болашағымыз, үлкендер – қамқорымыз, бауырлар – тынысымыз, халқымыз – асыраушымыз, қоғам – алға жетелеушіміз деп өсіп-өндік.

1972 жылы тазалау қондырғылары, 1978 жылы 86 мың тонна қағаз жасайтын қуаты бар машиналар іске қосылды. Украина машина жасаушылары минутына 420 сантиметрлік 200 метрдей картон өндіретін алып машина жасап берді. Ұзындығы 140 метр, биіктігі төрт қабатты үйге тең. Комбинатта денсаулыққа зиян мамандықтарды жете меңгерген, өз ісіне адал, жауапкершілікті жоғары ұстайтын мыңдаған адам абыройға бөленді.

М.Лукачева мен аға кесуші Ә.Ізбасаров бір машинамен сағатына 10 тоннаға дейін жарма шығарды. Қышқыл цехындағы қышқыл әзірлеуші Н.Әжетов бір ауысымда 120 текше метр сапалы қышқыл шығарды. А.Сергеева басқаратын ауысым жұмысшылары 14,6 тонна өнімнің орнына 30 тонна өнім беріп, жоспарды артығымен орындады. Краснокамск техникумында білім алған Ш.Қойшыбаев гофра цехында жұмысшы болудан бастап цех бастығының орынбасары, кейін цех бастығы, цех партия ұйымының басшысы, еңбегі көзқарасы, принципшілдігі арқасында «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болды. Осы цехқа жастай келген Ә.Арушаева «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Целлюлоза заводында еңбек еткен Т.Әшірова облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан ЛКСМ-ның съезіне делегат, Орталық комитет мүшесі, бірнеше медальдармен марапатталды. Осы заводтың жұмысшысы К.Мұстафаев білімді, қағаз қайнатудың қыр-сырын меңгерген азамат еді. «Құрмет белгісі»  орденімен марапатталып, Қазақстан компартиясының соңғы съезіне делегат болып қатысты. Кейін целлюлоза цехының бастығы болып тағайындалды.

КДМ-ның сеточнигі Т.Таспенов қалалық партия комитетінің бюро мүшесі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер болды. Қышқыл цехының жұмысшысы В.Қостарев «Октябрь революциясы»  орденімен марапатталды. КДМ цехының шебері жас маман, еңбек екпіндісі С.Смағұлов 1980 жылы Мәскеуде өткен фестивальға қатысу құрметіне ие болды.

1960 жылы Қармақшыдан комсомолдық жолдамамен құрылысқа келген Еламан Керейтбаев комбинаттың іргетасын қалау кезінде бастауыш комсомол ұйымының жетекшісінің бірі болып, 1961 жылы Волжск қаласына оқуға жіберілді. Кейін Қызылорда пединститутында физика бөлімін бітірді. Комбинатта еңбек ете жүріп Ленинград технологиялық институтында техник мамандығын игерді. Білімге құштар жас әскер қатарына шақырылып, сол жақта партия қатарына өтті. Комбинатқа қатардағы шебер, кешкі техникумға мұғалім болып орналасты. Көпшіліктің ұсынысы бойынша комбинаттың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жұмысшылардың сан түрлі тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін шешуде өзінің белсенділігін, жан-жақты білімін, әділдігін көрсетті. 1979 жылы комбинат коммунистерінің конференциясында бірауыздан партия комитетінің хатшылығына сайланды. 1982 жылы облыстық партия комитетінің ұйымдастыру, партия жұмыстары бөліміне нұсқаушы болып ауыстырылды. 1984 жылы Қызылорда тоқылмайтын маталар фабрикасының директоры болып тағайындалды. Комбинат өндіріс саласында еңбек ете алатын, жұртшылықпен қарым-қатынаста қарапайым, жауапкершілігі зор, әділ, ұжым тірлігін жақсы білетін жан-жақты мамандарды дайындайтын мектеп болды. Ө.Мұхамедиев, Е.Керейтбаев, Ж.Сейтімов, Т.Есқазиев, К.Есжанов, Чунихин т.б. азаматтар қала, облыс партия комитеттері мен атқару орындарына тартылып, абыройлы қызмет атқарды.

Комбинаттың мыңдаған еңбек екпінділерінің бірі өзімнің отағасым Мырзалы Құдайбергеновке арнайы тоқталғым келеді. №15 разъезд Керкелместен 1958 жылы әскер қатарына шақырылып, 1961 жылы алып құрылысқа жолдамамен келді. Сол жылы жастарды жан-жаққа жіберген кезде ылғи әскер қатарынан келген жігіттерді іріктеп, директор Карпов «сендерді комбинаттың жүрегі саналатын целлюлоза заводына қайнатушы-варщик мамандығын игеруге Соликамск қаласына жібергелі отырмын. Комбинаттың таза, сапалы өнім шығаруы целлюлозаға байланысты. Аға сержант Құдайбергенов, абыроймен білім алып келуіңе тілектеспін. Сендер келгенше завод салынып бітеді» депті. Әскери тәртіппен «құп болады, жолдас директор» деген Мырзекең сол орында 25 жыл еңбек етті. Денсаулыққа зиянды заводта, кейін цехта 1993 жылға дейін жұмыс атқарды. Ұжым, тұрғындар, партия, үкімет алдында зор құрметке бөленді. Тәртіп, тәртіп тағы да тәртіп дейтін. Бесжылдықтардың бәрінің жеңімпазы, «Еңбек ардагері», «Қағаз-картон министрлігінің озаты», «Құрмет белгісі», «В.Лениннің 100 жылдығы» медалі, «Ленин» орденінің иегері, депутат, партия комитетінің бюро мүшесі, пленум мүшесі, облыстық кәсіподақ комитетінің хатшысы болып сайланды. СССР-дің 50 жылдығы құрметіне Карелиядағы «Алтын варка», Октябрьдің 60 жылдық мерекесіне ұйымдастырылған «Достық варкасында» Қазақстан атынан шетел варщиктерімен жарысқа қатысып, кәсіби біліктілігін, шеберлігін көрсетті. Адал еңбегі, ел-қоғам алдындағы жұмыстары бағаланып, 2013 жылы Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Әуелі Алла, халықтың батасы, елдің тілегі, ем-домның арқасында 84 жасқа келіп, мәңгілік мекеніне аттанды. Жалынды жастық шағын, жігер-қайратын, білім-біліктілігін беріле, адал-ниетімен жұмсағандарды, өнімін бүкіл Одақ көлемі пайдаға асырған, қолданған Сыр елі мақтан тұтқан, бір өзі жарты қалаға айналған, бір уақытта төрт мыңдай адамды жоғары жалақымен қамтамасыз еткен, бос сенделіп жүруге мүмкіндік бермеген, облыстағы өніркәсіп мекемелерінің флагманына айналған, республика өмірінде облыс, қала тарихында елеулі орын алған Қызылорда картон-қағаз комбинаты (ЦКК-ЦКЗ), дүниеден озған, қазір өмір сүріп жатқан азаматтар жайлы айтқым келді. Үлкен кәсіпорын, адал еңбек, достасқан, бауырласқан өміріміз, бірлік-тірлігіміз, қуанышты саналы, сапалы өміріміз қазіргі жастарға сабақ болары анық.

Алтын ҚАЛИАКПАРОВА,

зейнеткер.

Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<