Бір суреттің тарихы

502

0

Осыдан 30 жыл бұрын қыркүйек айында кезекті еңбек демалысына шығып, Талдықорған облысындағы «Қапал-Арасан» атты санаторийде демалдым.

Қарама-қарсы орналасқан үлкен ғимаратқа кім де болса назар аудармай кетпейді. Қызметкерлерден «бұл не үй?» деп сұрағанымда:

– Бұл резиденция, Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев демалып жатыр, – деді.

– Ол кісіні қалай көруге болады?

– Кешкісін, алтыдан кейін санаторий ауласында демалып жүреді, сол кезде көруге де, кездесуге де болады, – деді санаторий қызметкерлері.

Айтылған уақытта сол маңда болдық. Кездесудің сәті түсті. Нұрлан деген Қазалының жігіті екеуміз барып сәлем бердік. Сəлемімізді жылы жүзбен қабылдаған Димекең:

– Жігіттер, қай жерден келіп демалып жатсыңдар? – деп сұрады.

Біреуіміз Жалағаш ауданынан, екіншіміз Қазалы ауданынан екенімізді айттық. Осылай әңгімелесіп тұрғанымызда Аман деген азамат келіп қосылды. Ол Қызылорда қаласынан келгенін айтты. Сол жолы Нұрлан екеуміз Димекеңді ортаға алып суретке түстік. Біз болғанша демалушылар Димекеңді айнала қоршап алды. Олар да Димекеңмен суретке түсуді одан әрі жалғастырды. Күні бойы Димекең демалушылар арасында болды. Содан кейін көрінбеді, шамасы, демалысы бітіп қайтып кетсе керек.

Бізбен демалушылардың ішінде Қызылорда қаласындағы Қазақ теміржолына қарайтын мектеп-интернаттың мұғалімі Аман деген азамат (фамилиясын ұмыттым) әлденеше рет Димекеңнің демалыс бөлмесіне шақырумен барып, ән салып бергенінің куәсі болғанымыз бар-ды. Ол мектеп-интернатта музыка пәнінен сабақ береді екен. Баянда ойнап, халық әндерін нәшіне келтіріп орындайтын.

Әр заманның өзіне лайықты тау тұлғалы азаматтары болған. Ондай азаматтарға халық өз бағасын берген. Қазақ халқының тарихында Д.Қонаевтың аты ұмытылмастай болып жазылды. Солай қала бермек. Халықтың берген бағасынан артық баға болмайтынына тарих куә.

Мемлекет басшысының 16 наурыздағы Жолдауы халқымыздың рухын асқақтатып, елдік туын көкке көтерген ерекше Жолдау болды. Әр тармағы, әр жолы жасампаздық бағдарға, үміт пен мақсатқа толы.

Еліміздің кең байтақ жерінде жаңа әкімшілік өңірлердің, атап айтқанда Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының шаңырақ көтеруі сөз жоқ, ерекше тарихи оқиға болды.

Сондай-ақ болашақ Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы ұлтымыздың ардақты перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атымен аталды. Алматы қаласы бары ескеріліп, жаңарған облысқа Қонаев есімі берілсе да артық емес.

Дінмұхамед Ахметұлы өткен ғасырдың 1936 жылы ол кезде қазақ баласының қолы жете бермейтін Мәскеудегі Түсті металл институтын бітіріп, Балқаштағы «Қоңырат» руднигінде еңбек жолын кен қазатын машинаның машинист-механигі, шеберінен бастаған. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ірі кен басқармасының өндіріс басшысы болды. Ұзақ жылдар республика Үкіметі басшылығын, Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды. Димекеңнің тұсында біздің республикамызда өнеркәсіп кешендері кеңінен қанат жайып, аграрлық сала өркендеді. Егіс далалары мен мал шаруашылығында 2 мыңнан астам совхоз бен 500-ге жуық колхоз жұмыс істеп, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосты. Қапшағай, Теміртау, Рудный, Степногорск, Риддер, Хромтау, Балқаш, Қаратау, Кентау, Ащысай, Текелі, Ақсу (Ермак), Ақтау (Шевченко), Екібастұз сияқты сан салалы өнеркәсіп қалалары тікелей Дінмұхамед Ахметұлының бастамашылығымен, қамқорлығымен бой көтерді. Жоғары оқу орындарына, ғылыми институттарға жол ашылып, ғылым өрістеп, өркендеді. Өнер, мәдениет, әдебиет жаңа тыныс алып, талантты буын өкілдерінің шығармалары жарық көре бастады.

Президент өз Жолдауында да, одан бұрынғы сөздерінде де бүгінгі жаңа кезеңге бет алып тұрғанда жеткен жетістіктерді сақтап, бағалай білудің маңызына айрықша назар аударып келеді.

Барлық іс-әрекет тек адалдықпен, мейлінше әділдікпен атқарылуға тиіс. Халық игілігіне адал еңбек еткен арда перзентіміздің бірегейі –  Дінмұхамед Қонаев.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<