Бірінші жалпықазақ съезі

6992

0

Осыдан тура 105 жыл бұрын, 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда Бірінші жалпықазақ съезі Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан келген өкілдердің қатысуымен өтті. Съездге Х.Досмұхамедұлы төрағалық, А.Байтұрсынұлы, Ә.Көтібаров, М.Дулатұлы, А.Сейітов хатшылық етті.

Оның қорытындысымен «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарылған. «Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогы деп жүргізулері керек»  деп жазды «Қазақ» газеті сол уақыттағы нөмірлерінің бірінде.

Тағы да осы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді» деп жазыпты.  Зерттеушілер бұл кезеңде қазақ зиялылары ұлттың жоғын жоқтайтын партия құруды көздеген дейді. «Алаш» партиясының тарихына үңілгенде, оның бастауында Орынбордағы І жалпықазақ съезі тұрғанын көреміз. Осы басқосуға қатысты мағлұматтарға зер салғанда, қазақ зиялылары мемлекетшілдік мүддесін айқын танытқаны аңғарылады.

Жалпықазақ съезін шақырып, ұлттық партия құру туралы бастама 1913 жылы көтерілген. Бастаманы көтерген Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалинге Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тоқтау айтқан. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде: «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген қазақтың сөзі бар. Сенің әрбір қадамыңды, әр сөзіңді аңдып отырған билік бар. Жарайды, сендер жалпықазақ съезін шақырасыңдар, онда саясат туралы сөз болмай қоймайды. Соның бәрі биліктің құлағына жетсе, сендердің әрқайсыңды жүргізбейді. Сондықтан бұл әңгімені қоя тұрыңдар. Уақыты келгенде көрерміз» деп жазған екен.

Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, қазақ зиялылары дәл осы І жалпықазақ съезінде сол замандағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтерген. Күн тәртібіне қойылған он төрт мәселе мемлекеттік құрылысқа, Қазақ автономиясына, жер, халық милициясы, земство, оқу, сот, дін, әйел мәселелеріне, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясы, Жетісу оқиғасы, Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберуге қатысты болды.

Тарихшы Тұрсын Жұртбай съезде көтерілген мәселелердің ең негізгісі жер екенін  жазады. «Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді! Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек! Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс! Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет  құрушы  ұлттың  тіл,  дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы тиіс! Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді, яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек: «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады» дейді тарихшы.

Бес күнге ұласқан съезде Алаш зиялылары автономия алу мен тәуелсіздік жариялау туралы пікір таластырған. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Қазақ Республикасы толық тәуелсіздігін жариялау керек десе, Әлихан Бөкейханов бұған көнбеген. Бұл туралы алаштанушылар Мәмбет Қойгелді мен Болат Мүрсәлімнің зерттеулерінде дәлелдер келтірілген. «Әлихан Бөкейхан сол тұстағы қоғамдық-саяси ахуалды өте терең әрі жақсы түсінген. Әлекең былай деді: «Қазақ жерінде қоныс аударушы орыс шаруалары мен орыс казактарының саны басым әрі олардың қолында қару бар. Және билік те солардың жағында. Біз әуелі оларды ішке тартып, «біз сендерді ешқайда қумаймыз, сендерге жаулығымыз жоқ, бірігіп мемлекет құрайық, бірлесіп әрекет етейік» деп оларға түсіндірейік. Сосын барып, тәуелсіздікті жариялайық» деген Әлихан Бөкейхан ұстанымы дұрыс болатын» дейді М.Қойгелді.

Съезд қабылдаған қаулыда жоғарыда аталған жерге қатысты шешімдерден басқа «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын» делінген.

Қаулының «Суд мәселесі», «Дін мәселесі», «Әйел мәселесі» деп аталатын тармақтарында «Осы күнгі қазақтың народный суды жоғалсын. Өзгерілетін судтың орнына қазақ тұрмысына лайық айрықша суд құрылсын. Мағлұматты адамдардан жаңа судтың жобасын жасауға әр облыста суд комиссиясы болсын», «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай, Орал  һәм Закаспий (Маңғышлақ уезі) облыстарының қазақтары уақытша Орынбор муфтилігіне қарасын. Қазақ бөлімінің істері таза қазақ тілінде жазылсын», «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын. Күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болсын. Қалың мал жоғалсын. 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын. 16-ға толмаған қызға һәм 18-ге толмаған жігітке молда неке оқымасын. Молда неке оқырда әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқысын. Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын. Екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алсын. Егер бұрынғы қатыны риза болмай, кетемін десе, басқа байға тигенше бұрынғы байы оны бағып-қақсын. Жеті атаға келмеген жерде қазақ қыз алмасын» деген, тағы да басқа шешімдер қабылданған.

Бірінші жалпықазақ съезі осылайша тәуелсіздікке ұмтылған ерлердің ерік-жігері жария болған, «Алаш» партиясын тарих сахнасына шығарған, ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданған  басқосу ретінде қазақ жылнамасына жазылды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<