Біртуар азамат

1074

0

Биыл еліміздің егемендік алғанына отыз жыл.  Бұл жылдар ішінде қазақтың ұлан-ғайыр даласында қаншама таңғажайып өзгерістер болды десеңізші?! Сарыарқада жаңадан Нұр-Сұлтан қаласы өмірге келіп, құшақ жайып, ел-жұртты, бүкіл әлемді таңғалдырып дамып келеді. Мұндай өзгерістер Қазақстанның әрбір ауылында болып жатыр. Мәселен, бұрынғы Коммунизм совхозы бүгінде  Мөрәлі Шәменов ауылы деп аталады. Ауылдың қақ ортасында ауыл шаруашылығының майталманы атанған Мөрәлі Шәменовтің биік тұғырда орналасқан ескерткіш мүсіні тұр. Оның  артында ауыл мешіті бой көтерген. Жалағаш поселкесінің орталық бір көшесі Мөрәлі Шәменовтің атымен аталады. Ол жайлы мақалалар өзі барда талай рет барлық деңгейдегі газет беттерінде жарияланған, республикалық журналдарда басылған, кітаптардан да орын алған. Ең бастысы, Еңбек ері болмаса да, Еңбек еріндей еңбек еткенін айтып, халық уақытында өз бағасын берген болатын. Бұл баға әліге дейін елінің есінде.   

Кезінде Мөкең ақын Әбділда Тә­жібаевпен сыйластық, достық қа­рым-қатынаста болыпты. Қы­зыл­ор­даға келсе, Мөкеңнің үйі­не соқпай қайтпайтын бол­ған. Екеуін, бірі еңбек ұйым­дастырудың алы­бы болса, екін­шісі – жырдың алы­бы, жа­қын­­дастырған қандай құді­­рет­ті күш екен? Енді біздер өз бі­летінімізді қағаз бетіне түсі­рейік:

1963 жылы Қазақ ССР Жо­ғары Советінің сайлауы болады. Сол жол­ғы сайлауда ақын Әбділда Тәжібаев Қызылорда обылысы Жалағаш ауданынан төрт жылға Қазақ ССР Жо­ғарғы Советінің депутаты болып сай­ланады. Сол кезден бастап ақын ағамыз де­путат ретінде ауданға жиі келетін болды. Бұл жылдар ішінде ол ха­лықпен, еңбек адамдарымен, сов­хоз шаруашылығының тыныс-тір­шілігімен тығыз араласты. Ол өзінің 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдығының бесінші то­­мын­дағы «Жол дәптерінен» де­ген жаз­басында былай деп жаз­ған-ды:

«Жасымда көрген еліме ег­де кү­німде қайта аралас­тым, бала­лығымда атам, анам бол­ған ел, егделігімде де мені қай­та оқытты. Қанша адамдар көр­­дім, қаншалық тіршілік та­ны­дым, сөз үйрендім, күй аң­ғар­­дым, жаңадан өнеге алдым, үлгі алдым, ақыл қостым өзіме. Солардың ішінде маған ұстаз болған­дардың бірі – Шәменов Мөр­әлі деген інім. Ол Жалағаш ауданы Сыр бойындағы «Ком­му­низм» колхо­зының пред­се­дателі еді, мені депу­таттыққа ұсынған да осы колхоз болатын. Бір жылдан соң бұл колхоз «Ком­мунизм» совхозының (орталығы Жалағаш ауданы­ның орталығында еді) бөлім­шесіне айналды. Ал сов­хоз дирек­торлығына жаңағы Шәме­нов Мөрәлі белгіленді. Мөрәлі осы сов­хозды он жылдан аса бас­қарды. Ол 1974 жылы еңбек майданында қайтыс болды.

Адам өлді дейміз ғой. Бірақ оның жарамды істері, жақсы қы­лық, мінездері көпке дейін өлмейді екен. Ол туралы айтыл­ған жақсы сөздер өткен­нің әлі өшпеген жарығы, бүгін де бе­тіңе теуіп тұрған буы сияқты ұзақ сақталады екен. Алып ба­тыр­лық, жойқын ерліктер туралы аңыз-ертегілердің көп жа­сайтыны да сондықтан болу керек.

Мөрәлі туралы да айтылатын жылы сөздер аз емес. Сон­дықтан шығар, маған Мөрәлі бүгін де тірі сияқты.

– Мөрәлі түрегеп жүріп-ақ ұйық­тайды.

– Мөрәлі жолда емделеді.

– Шаршамайтын, шалдық­пай­тын Мөрәлі.

– Ағасызға аға, жағасызға жаға Мөрәлі.

– Мөрәлі айтпайды, айтса қайтпайды.

– Өз ақылың жетпесе, Мөр­әліден сұра.

– Мөрәлі көргенін ұмытпай­ды, естіге­нін ұмытпайды, уәде­сін ұмытпайды.

– Мөрәлі кесірленсе, трактор да қозғай алмайды…

– Иеміз де Мөрәлі, киеміз де Мөрәлі еді ғой.

– Бір жігіт өрге сүйресе, Мөрәлідей-ақ сүйрер.

– Дауылда да тынбайтын, жауында да тынбайтын Мөрәлі еді…

– Темірден қатты, жібектен жұмсақ еді.

– Түсінгіш еді, ісінгіш емес еді.

– Тастай берік, гүлдей нәзік еді Мөрәлі.

– Мөрәлі ұялшақ пен сұран­шақты ұнатпайтын.

– Аянбай жанды, жанып болды да бітті ғой, жігіт! – деседі жұрт Мөрәлі туралы сөз болса. Ол туралы айтылатын күлкілі, көңілді әңгімелер қаншалық!

Екі алыптың достығының құ­пия сыры тереңде жатқандығы жоғарыда айтылған әңгімеден-ақ аңғарылып тұр емес пе?!

Ол жайлы кезінде айтылған әңгі­мелерде есеп жоқ. Мысалы, бір жылдары күлдіргіш артист, әнші Күндебай Жалағаш ауданына келіп, Коммунизм совхозының клубында концерт қоятын болыпты.

Концерт басталмастан бұ­рын сов­хоз директоры Мөкеңе кіріп:

– Мөке, ауылыңа ойын-са­уық көр­сетуге келдім, қанша тө­лейсің? –депті.

Сонда Мөкең:

– Оны концертке билет алып баратын адамдардың қатысуы шешеді,–депті.

Мұны естіп тұрған Күндебай риза болмаған кейіппен:

–Концертке адам келмесе қай­теміз? – десе керек.   

Сонда Мөкең:

– Онда біздің үйден бір қона­ғасыңды жеп, ауылыңызға қайтасыз да, – деген екен. 

Концерт уақытылы басталады, келу­шілер клубқа сыймайды, бұлай болады деп ойламаған Күндебай сахнаға шығып алып, әнге ерік беріп, арасында Мөкеңе арнап:

– Көрмедім ғой Мөрәлідей кесірді,

Сөйлескенде алады екен есіңді.

Көнбей қойды оңаша айтқан саудама,

Билет сатып өткіз деді кешіңді.

Өзі келді бастап жұртын мінеки,

Ән мен күйдің қадірін сөйтіп өсірді.

Ал тыңдаңдар Күндебайды, ағайын… – деген өлең жолдарын табан астында шығарып, әуелетіп, әндетіп, ағылта жөнеліпті. Сол күні Жалағаш аспанында әсем ән қалық­тап, жұртшылық қауым сол кештен алған тамаша әсерлерін ұзақ уақыт жыр етіп айтып жүріпті.

Ұлы Абайдың:

– Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй,–де­ген өлең жолдары осындай сәт­терді еске түсірсе керек.

Хош, сонымен Мөкең жайлы естіге­німізді бір сәт еске тү­сірдік қой дейміз. Ендігі әңгі­меміз оның өмір жолы жайлы. Ал, әр адамның өмір жолы – өзінше бір тарих. Ендеше, сол тарих беттерін ашамыз.

Мөрәлі Шәменов 1916 жыл­дың 15 наурызында дүниеге ке­леді. Оның дүниеге келуінің өзі­нің қысқаша тарихы бар. Әкесі Шәмен он жеті жастағы Айым деген қызға 25 жасында үйле­ніпті. Үйленгеннен кейін бұл отба­сында біраз уақытқа дейін бала болмапты. Содан соң Шәмен оң­түстіктегі Оқшы, Есабыз атты әулие­лердің басына барып түнейді. Сонда олар «Әулиең өзіңнің қасыңда да жатыр ғой» деп аян беріпті. Бұдан кейін өз ауылындағы Түмен бабаның басына барып түнеп, Алладан бала тілепті. Түс көріп, түсіне Түмен әулие кіріп, қолына мөр басылған ақ қағаз беріпті. Көп ұзамай балалы болған Шәмен баласына Мөрәлі деп ат қойыпты.

Сол Мөрәлі 1924-1937 жылдары ауыл мектебінде оқып, 7 клас­тық білім алады. 1931-1933 жылдары Қы­зыл­орда қа­ласындағы педа­го­ги­калық тех­никумда оқиды. 1933-1934 жыл­­­дары мұғалім болып жұмыс іс­тей­ді. 1934-1937 жылдары Өзбекстан Республикасының Таш­кент обылысына қарасты Төменгі Шыршық ауданында гидро­техник болып қызмет ат­қа­рады. 1937-1939 жылдары Жа­­лағаш ауданындағы Қара­кет­кен ауылында поч­та бөлімінің бас­тығы болады. Ар­мия қатарына алы­нып, Ұлы Отан соғысына бас­тан­аяқ қатысады.

Соғыстан аман-есен орал­ған ол 1946-1950 жылдары об­лыстық кәсіподақтар  ұйым­ының төрағасы, 1951-1955 жыл­дары об­лыстық «Ленин жо­лы» газе­тінің меншікті тілшісі және Шиелі ау­дандық «Стахановшы» газе­­ті­нің редакторы болып, абы­ройлы қызмет атқарады. 1955-1963 жыл­дары Коммунизм колхо­зында төр­аға, 1963-1974 жыл­дары Ком­мунизм совхозының дирек­торы болып қызмет жасайды.

Қазіргі М.Шәменов атындағы ауыл­дың іргетасы 1950 жылы «Ел­тай», «Иір­көл», «Белсенді», «Жігер» атты төрт кол­хоздың не­­гізінен Молотов атындағы кол­­­­хоз болып құрылған. 1955 жылы отыз­мыңдықтар саясаты бойын­ша М.Шә­менов осы кол­хозға басқарма төрағасы болып жұмысқа келеді. Ол келгеннен бастап колхоз көшелері жөн­деліп, жаңадан үйлер салынып, аяқсу оңынан шешіліп, ағаш егі­ліп, ауыл аз уақыттың ішінде жаңадан көрініс ала бастайды. Күн өткен сайын мұндағы тіршілік жандана тү­седі. Колхозды Мөкең бас­қарғанға дейінгі кезеңде колхозшылар бір еңбек күнге 1-1,5 келіден ғана бидай немесе күріш алатын. Жаңа төрағаның келуімен еңбек ұйымдастыруда жаңаша жұмыстар іске асырылады. Со­ның нәтижесінде колхоздың есеп-шотына ақша түсетін болады, колхозшылар еңбекақысына ақша алып, дү­кеннен қант, шәй, басқа да қажет тауар алатын дәрежеге көтеріледі. Арада екі жыл өт­кенде Молотов колхозына «Таң» колхозы қосылып, Комунизм колхозы деп аталады. Аудан колхоздарының ғана емес, облыстың беткеұстар шаруа­шылығына айналады.

1962 жылы Жалағаш ауданы тарап, Қармақшы ауданына қосы­лады. Ал, 1963 жылдың мамыр айында Коммунизм колхозы XXII партсъезд колхозымен қосы­лып, жаңадан «Ком­мунизм» ат­ты совхоз ашылады. Сов­ходың ал­ғаш­қы директоры болып Мөрәлі Шәменов бекітіледі.  

Колхоздың совхозға айналуына байланысты қамтитын жер көлемі ұлғаяды, жұмыс істейтін адамдардың да саны артады, атқаратын жұмыстың да көлемі күрделене түседі, шеші­летін мә­дени-экономикалық мәсе­лелер де сала-салаға бөлінеді, басқа да жұмыс түрлері көбейе бастайды. Осылардың барлығын бір жүйеге түсіріп, еңбеккерлерді сол мін­дет­терді шешуге жұмылдыру үшін алдымен совхоздың басшылық буын­дағы кадрлар мәселесін дұрыс шешуден бастау керектігін алдын ала білген совхоз директоры Мөкең бұл мәселені бірінші күннен бастап қолға алады. 

Совхоз үш бөлімшеден тұра­тын-ды. Коммунизм ауылы бірін­ші бөлімше атанып, мең­герушісі  Қор­ғанбек Алмасов, Ақсу ауылы екінші бөлімше атанып, мең­герушісі  Тоқан Боранбаев, Таң ауылы үшінші бөлімше атанып, меңгеруші болып Кәрім Бекмолдаев белгіленеді. Совхоз партия комитетінің секретарлығын Шайзат Төлегенов, кәсіподақ ко­митетінің председательдігін Төлеген Сүлейов атқарады. Сов­хоздың бас агрономы  Жұмағали Дәуітов, бас экономист  Тасқара Байниязов, бас есепші  Әбілда Тайшаев, бас инженер-механик  Сұлтанбек Алдабергенов, гараж меңгерушісі  Байна Наршаев, бас зоотехник  Нәжмадин Ысқақов, бас малдәрігері – Сарымсақ Аппазов, бас гидротехник Толыбек Оспанов, бас құрылысшы болып Базарбай Нау­рызбаев бекітіледі.

Бұлардың барлығы да өнді­рісте ысыл­ған, тәжірибелері жет­кілікті, білікті мамандар болатын. Директор жаңы­лыс­папты, кадрларды тауып қойыпты. Сов­хоз шаруашылығы алғашқы күн­нен бастап, жаңа бағыт алып, дамудың жаңа жолына түседі.

Жалпы Мөкең басшы ретінде кадрларды іріктеу, орналастыру, тәр­биелеу жұмысына аса жа­уапкер­шілікпен қараған. Оның қарамағында қызмет атқарып, кейін ауданның, халық шаруа­шылығының әртүрлі са­лаларында басшылық қызмет ат­қарған азаматтар қатарының жет­кілікті болғаны – оған дәлел. Мысалы, совхоздың партия комитетінің сек­ретарі болған Асанбек Оспанов «Жа­ңадария» совхозына директор, зоотехник болған Нағымар Наз­маханов «Аққұм» совхозына директор, кәсіподақ комитетінің пред­се­дателі болған Төлеген Сү­леев «Калинин» атындағы совхозға директор, зоотехниктік жұмыс жасаған Нәжмадин Ысқа­қов Қармақшы ау­дан­дық Советі атқару комитетінің председателі, Мақсұт Әбдіразақов  Тереңөзек аудандық Совет атқару комите­тінің председателі болып абыройлы қызмет атқарды.

Кезінде Коммунизм совхозы кадр даярлайтын совхозға ай­нал­­ғаны баршаға аян. Бұл да бол­са шаруа­шылыққа жетекшілік жа­саған Мөрәлі Шәменовтің көре­ген саясатын, іс­кер кадрлар мек­тебінің қалып­тасқандығын көр­сетеді.

Жұмысты совхоздың жауап­ты учас­келеріне кадрларды бе­кітіп алудан бастаған ол халық шаруашылығы жоспарларын орын­­дау мәселесін күн тәртібінен түсір­ген емес, ол кезде сов­хозда 986 адам еңбек ететін. Енді осыларды алда тұрған міндеттерді шешуге біркісідей жұмылдыру ең басты мәселе болып қаралды. Еңбекті ұйымдастыру ойдағыдай жүріп жатты.

Алдымен халықтың, совхоз ең­бекшілерінің мәдени-тұр­мыс­тық жағ­дайын жақсартуға баса көңіл бө­лінді. Жаңа үйлер салынып, поселкеде жаңа көшелер пай­да бола бастады. Осы күнгі Н.Мырзалиев көшесіндегі тұрғын үйлердің көпшілігі сол жылдары салынған еді. Жұртшылық оның игілігін әліге дейін көріп отыр.                  

Коммунизм совхозы құрылған күн­нен бастап, орталығы Жалағаш посел­кесі болып шешілді. Әуелгі кезде кеңсе болмай аудандық байланыс бөлі­мінің кеңсесіне орналасады. Өйткені мұнда­ғылар Қармақшыға қосылып, сонда көшіп кеткен еді. Бір жылдан кейін аудан қайтадан құрылады. 1964 жылы көктемде кең­сенің кесегі құйылып, сол жылдың қыр­күйек айында, құры­лыстың басына директордың өзі тұрып, жаңа кеңсені бітіріп, іске береді. Бұл кеңсе кезінде өзінің осы күнгі атындағы көшеге салынған-ды. Қазіргі кезде ол құрылыс үйі пәтері жоқтарға беріліп, онда оннан астам отбасы тұрып жатыр.

Жалпы, совхоз орталығының Жа­ла­ғаш поселкесінен орын алуы, қар­қынды құрылыс жұмы­сының жүр­гізілуі, поселкенің көр­кеюіне үл­кен әсері болды. Мәселен, сов­хоз поселке орта­­лы­ғынан өзінің электр станция­сын, күріш ақтайтын, ұн тар­татын цех­тарын салады. Ағаш өң­дейтін, темір кесетін арнаулы цехтарын ашады. Монша салынып, қо­нақ үйі бой көтереді. Жаңа кітапхана жалпы ха­лық­қа қызмет  көрсетеді. Күндіз-түні радио торабы жұмыс істейтін болады.

1967 жылы 70 орындық ба­ла­бақша іске беріліп, оның мең­ге­рушісі болып, жас маман Ұлданай Тоқпанбетова бекі­тіледі. Осы жылы 200 орындық Мәдениет үйінің құ­рылысы басталады. Оған қаржыны Мәскеудегі Одақтың Кәсіподақ коми­теті беретін болып шешіледі. Оның ол кездегі қысқаша атауы ВЦСПС делінетін. Бұл мәселені де совхоз директоры өзі шешеді. Оған оның бір жылдары облыстық  кәсіподақ комитетін басқарған кезде аталып отырған мекеме басшыла­рымен қа­рым-қатынасының, сый­ласты­ғының жоғарғы дәрежеде болған­дығының да көп көмегі тиеді.

Мәдениет үйімен қатар парк салу мәселесі қолға алынады. Алты гектар жер темір­мен қоршалып, ішіне арық қа­зылып, аяқ су келтіріліп, ағаш отыр­ғызылып, адам жүретін жол­­дар асфальтталып, би би­лейтін алаң жасалып, жазғы кинозалды іске қосып, парк іші жарықтандырылып, поселке хал­қы оның игілігін кешеге дейін көріп келді. Бұл 1968 жылдың поселке тұрғындарының көптен күткен жақсы жаңалығы болды.

Салынған барлық құрылыс объек­тілерін қыс айларында жы­лу­мен қамта­масыз ету мақса­тында орта­лықтанды­рылған жы­лу қазан­дығы іске қосылады. Бұл да ауданда тұңғыш рет іске асы­рылған жаңалық еді.

Осы жоғарыда баяндалған жұ­мыс­тардың басы-қасында ұдайы өзі жүріп, оны аса іскер­лікпен ұйым­дастырып, тиісті мә­се­лелерді уақы­тылы шешіп, жү­зеге асыруда Мөрәлі Шәменов өз заманында ауыл шаруа­шылығы өндірісіне жаңалық енгізуде алдына ешкімді салмаған облыстағы ауыл шаруашылығының нағыз бі­лікті, майталман басшысы атанды.   

Совхоз шаруашылығы екі бағытта жүрді. Бірі – мал ша­руа­шылығы, екіншісі – егін ша­руа­шылығы. 1965-1966 жылдары мал шаруашылығының ба­засы ны­ғайтылып, осы бағыт­тағы құ­рылыс жұмыстары қарқынды жүр­гізіледі. Сол жылдары Мөкең Алматы қаласына барып, дирек­торлардың үш айлық курсында  оқып келген еді. Сол жақтан көрген-білгенін совхоз басшылары мен мамандарын жинап алып айтып, сауын сиыр комплексін салу керектігін түсіндіреді. Сонымен Ахмет базы деп аталатын жер­ден 1967 жылы комплексті түрде сауын базы салынып іске беріледі. Тұңғыш рет ауданда сауын сиырлар агрегатпен сауы­лып, басқа да жұмыс түрлері меха­низммен атқарылатын болады.

Осы жылдың күзінде мал ша­руа­шылығындағы осы жаңа­лықты облыстың басқа шаруа­шы­­лық­тарына тарату мақса­тын­да совхозда облыс­тық се­­ми­­­нар-кеңес өткізіледі. Се­ми­нарға барлық ау­дандық партия ко­­митетінің сек­ретарьлары, ау­дан­дық Совет атқару комитетінің пред­се­дательдері, аудандық ауыл ша­руа­шылығы басқармаларының бас­­­тықтары, барлық совхоз дирек­тор­­лары қатысады. Семинар-кеңесті бас­тан-аяқ облыстық пар­­тия комите­­тінің бі­рінші секре­тарі Хасан Шаях­мет­ұлы Бектұрғанов жүргізеді.

Арада бір жыл өткенде «Боз­тай» атты жерден сол уақыт­тың талабына сай келетін мал бор­дақылау комплек­сінің құры­лы­­сы басталады. Комплекс­тің ұзын­дығы бір шақырым, көл­де­неңі 500 метр болыпты. Осы тер­риторияны айналдыра фундамент құйылып, қамкесектен қабырға тұрғызылады. Фундамент құюға Қа­ра­ғанды қаласынан екі вагон цемент алдырылады. Бұл да Мө­кеңнің тап­қырлығы мен іскер­лі­гінің арқа­сында ойда­ғыдай болып бітеді.

Мал шаруашылығы саласының базасын нығайту бағытындағы жоғарыда айтылған жұмыстармен қатар, басқа да шараларды жү­зеге асырудың арқасында мал өнімдерін өндірудің көлемі ұл­ғайып, сапасы жақсара түседі. Совхоз бойынша өнім өндіру, оны мемлекетке тапсырудың ха­лық шаруашылық жоспарлары жыл сайын артығымен орындалды.

Совхоз құрылған күннен бас­тап, күріш егісіне айрықша мән беріліп, оның өнімділігін арт­­тырудың барлық шаралары жа­салды. Үш бөлімшенің әрқай­сы­сында 2 өндіріс бригадасынан совхоз бойынша 6 өндіріс бригадасы жасақталады. Алғашқы жылы №1 бөлімше 650 гектар, №2 бөлімше 320 гектар, №3 бөлімше 620 гектар, барлығы совхоз бойынша 1590 гектар жерге күріш егіледі. Осы көлемнен 1963 жылы әр гектардан жоспарлы 18 центнердің орнына 21 центнерден күріш алып, мем­­лекетке күріш тапсырудың ха­лық шаруашылық жоспары арты­­ғымен орындалады. Жыл сайын совхоз 460-500 мың сом көле­мінде таза пайда табатын дәре­жеге көтеріледі. 

Ол кезде егін шаруашылы­ғында еңбекті ұйымдастырудың ең төменгі сатысы өндіріс бри­гадасы болатын. Бригада құра­мында күрішшілерден басқа еш­кім болмайтын. Бригаданың жұмысын жақсарту мақсатында оған қажетті техникалар мен машиналар тұрақты түрде бекітіліп берілетін болды. Мұның өзі бригаданың іс жүзінде ешкімге қол созбай, жалтақтамай жұмыс жасауына мүмкіндік туғыз­ды. Бұрын қосымша ақы брига­дадағы егіншілерге ғана төленсе, енді ме­ха­низаторларға да солармен бір­дей төленетін болды. Мұндай жаңалықты өндіріске енгізу, КПСС Орталық коми­тетінің 1965 жыл­ғы қаулысын басшы­лыққа алып іске асырылды.

Совхоздың егін шаруашылығы сала­сындағы бұл жаңалықты облыс­тық партия комитеті қолдап, оны арнайы «Озат тәжірибе мек­тебі» деген тақырыппен плакат етіп шығарып, барлық совхоз­дарға таратады. Жыл сайын кү­ріштік жерді тегістеу басты мә­селеге айналады. Ол үшін ар­найы механикаландырылған бри­гада жасақталады. Ол бригада жерді тегістеумен қатар кү­ріш­тікке су апаратын канал қазу жұмыстарымен де айналысатын. Жыл сайын осы бағытта үздіксіз жүргізілген жұмыс­тың нәтижесінде 1970 жылы күріш егетін жердің көлемі 2000 гек­тарға жеткізіледі. Мұндай көлем­ге күріш егу ауданда алғаш рет Коммунизм совхозында жүзеге асырылады.

Совхоз 1971 жылы 2000 гек­тар жерге күріш егіп, оның әрбір гектарынан жоспарлы 32 центнердің орнына 40 центнерден өнім алып, мемлекетке күріш тапсыру жөніндегі социалистік міндеттемені артығымен орын­дайды. Осы жетістіктері үшін «Ком­мунизм» совхозы облыста бі­рінші болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Соны­мен қатар қолы жеткен ерекше табыс­тары үшін СОКП-ның КСРО Жоғарғы кеңесінің және ВЦСПС-тың «Ескерткіш туы» совхозға мәң­гі сақтауға қалдырылады.

Өндіріс озаттарының еңбек­тері айрықша бағаланды. Күрішші Тұршабек Елеусінов Социалистік Еңбек Ері атанды. Бөлімше мең­герушісі Тоқан Боранбаев «Ең­бек Қызыл Ту» орденімен, кү­ріш­шілер С.Дәулетбеков пен Ә.Ыс­мағұлов Ленин орденімен және 40 жұмысшы-қызметкер ме­дальдармен марапатталды.

Мөкеңнің, Мөрәлі Шәменов­тың басқарушы ретіндегі өзге­лер­­ден ерек­шелігі сол  ізденімпаз­дығы мен жа­ңалыққа жаны құ­мар­лығы ай­рықша болатын. Оның жоғарғы дәре­жедегі іскер­лігі мен еңбек­сүйгіштік қасиеті бірімен-бірі ұштасып жататын. Адам өмірге еңбек жасау үшін ке­леді, ел үшін жасаған еңбек өл­мейтін еңбек дейтін. Оның қолынан Мәскеуден шыға­тын «Сельская жизнь» газеті мен «Плановое хозяй­ство» журналы үнемі түспейтін. Сондағы жаңа­лықтардың ауыл ша­руа­­шылығы өндірісіне қажет-ау де­гендерін енгізбей тыным таппайтын. Өн­діріске енгізгендерінің басты- бас­тылары осы очерктің өн бойында айтылып та, жазылып та отыр.

Жиырма жылдай Коммунизм колхозын, сосын оның Коммунизм сов­хозына айналған кезеңін бас­қарған уақытта оның атын сонау Мәскеу қаласындағы билік басындағылардың тани білуіне қол жеткізген Мөкеңнің ауыл шаруашылығы саласындағы аса талантты ұйымдастырушы, елді еңбекке орнымен жұмылдыра бі­луші, өмірлік тәжірибесі мол, өз заманының дара тұлға­лы азаматы болғандығын көр­сетеді. Мөкең тек ауыл шаруа­шылығының  бі­лікті басшысы ғана емес, дүние­танымы жеткілікті, қаламы қа­рым­ды, жазу қабілеті мол адам болатын. Ағамыздың ондай қабі­леті облыстық «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетінде төрт жылдай меншікті тілші болып жұмыс жасаған ке­зінде айқындала бастайды. Мә­селен, оның «Мен Жанаевпын біліп қой, мә, сөмкемді іліп қой», «Дәнді қара, Дәндіқара салатын әнді қара» және де басқа тақырыптарға жазылып, газет бетіне жарияланған фельетондары жұртшылық назарын бірден өзіне аударып, баспасөз бетіндегі журналистік беделі арта түседі.

Егер ол осы жолмен жүре бергенде сөз жоқ республикаға танымал қаламгер болар еді. Бірақ, оны туған жерінің тұрмыс-тіршілігі, жүдеу шаруашылығы алаңдатпай қой­мады. Ақыры ту­ған жерге деген оның шексіз махаббаты ауылға алып келгеніне, барлық саналы өмірін туған жерге жұмсағанына, елі мен халқы куә болды.

Азаматтың қалың елге танылуына, қызмет бабында табаны таймай, дараланып өсуіне, ша­руашылықтың қай саласында жұ­мыс жасаса да еңбек туын жо­ғары ұстауға қолы жетуіне, жан-жары Ақшонық апамыздың да қосқан үлесін өлшеусіз деуге болады. Себеп бір шаңырақтың ғана емес, бір әулеттің, тіпті бір рулы елдің алтын діңгегіндей абзал анасы болудан артық абырой бола ма,сірә?!

Ақшонық апамыз кезінде комсомол-жастар ұйымына же­текші, жинақ кас­сасының жауапты қызметкері, балабақша мең­герушісі, ауылдық Совет ат­қару ко­митетінің төрайымы қыз­меттерін атқа­рады. Әсіресе, оның Ұлы Отан соғысы жылдары Қара­кеткен ауылдық кеңесінің төр­айымы қызметін атқарған кез­дегі жұмысының нәтижесі әлі­ге дейін елінің есінде.

1944 жылдың қазан айында Ақшо­нық Ақанайқызы Қазақ рес­публика­сы­ның Министрлер Кеңе­сінің кезекті мәжі­лісіне ша­қырылып, төрайым есебінде баян­­дамасы тың­далады. Артынша оның жасаған баяндамасы бойынша респуб­ликалық «Социалистік Қа­зақстан» газе­тіне (қазіргі «Егемен Қазақстан») арнайы мақала болып жарияланды. Апамыз­дың еңбегі жоғары баға­ланып, 1945 жылдың қазан айында болған Қазақ респуб­ликасының 25 жыл­дығына арналған Алматы қа­ла­сындағы салтанатты мерейтой жиынына қатыстырылады. Мұ­ның өзі үлкен сый-құрметтің бел­гісі болатын-ды.

Мөрәлі ағамыз бен Ақшонық апамыз 1939 жылы үйленіп, ша­ңырақ құрады, жеті балалы бо­лады. Олардың барлығы да тәр­биелі болып өсіп, жоғары білім алады. Айтмұрат аудан, облыс көлеміндегі құрылыс ме­ке­ме­лерін басқарып, облыс әкі­мінің орынбасарлығына дейін көте­ріледі. Кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Дүниеден ерте озды. Атамұраты ғылым жолына түсіп, экономика ғылымының докторы болды. Өмірбек әке жолын ұстап, шаруашылықты басқарды. Аудан әкімі болып, жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Қыз­дары Балжан – экономика ғылы­мының кандидаты, Айман мен Айжан кәсіпкерлікпен айналысады, Балқашы агроколледж ди­ректорының орынбасары қыз­метін атқарады. Шүкір, бәрі де өз орталарында әке атына көлеңке түсірмей, абыройлы еңбек етіп келеді. Өмір жалғасы, өнегелі ұрпақ жалғасы де­ген осы болар. М.Шәменов Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан, 1946 жылы елге келгенде оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғы­сының I, II дәрежелі» ордені және жауынгерлік төрт медалі бол­ған. Бейбіт өмір кезінде нәтижелі еңбегінің қорытындысы мен олар­дың қатарына «Ленин», «Октябрь революциясы», «Құр­мет белгісі» ор­дендері мен бірнеше медаль қосылған.

Туған жерінің көркеюіне, ақ ­күрішті алқапқа айналуына са­налы өмірін сарп еткен, бас­қа­­лардан мүлдем бітімі бөлек, кесек жаралған Мөрәлі Шәменов ағамыз 1974 жылдың 11 қыр­күйек күні 58 жасында дүниеден озды.

Егемен еліміздің жастары жиырмасыншы ғасырда туған жерін қастерлей білген, оны түлете білген Мөрәлі Шаменов кім болғанын, кім екенін білсін деген мақсатпен осы очерк жазылды.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

  Қазақстан Журналистер одағы мен Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<