«Болашақ» – қазақстандық білім берудің табысты бренді

960

0

Осы жылдың 5 қарашасында «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасына 28 жыл толды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ» стипендиясын таланты қазақстандықтарға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беру үшін 1993 жылы тағайындаған еді.

Бағдарлама арқылы академиялық оқуға (магистратура, докторантура, резидентура) және әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуге болады.

«Болашақ» стипендиясы бүгінде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін табысты платформа болып отыр. 

Президенттік стипендияны іске асырудың 28 жылы ішінде экономиканың түрлі секторлары үшін 11 мыңнан астам жоғары білікті кадрлар даярланған.

Деректерге сүйенсек, 6300-ден астам қазақстандық магистратура бағдарламасы, 2800 адам бакалавриат бағдарламасы, 246 адам докторантура, ординатура, аспирантура және интернатура бағдарламалары бойынша академиялық білім алған. 2000 маман шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті.

– Бағдарлама басталғалы бері стипендиаттардың 45,5%-і Ұлыбритания мен Ирландияда, 26,4%-і АҚШ пен Канадада, 12,6%-і континенттік Еуропа елдерінде, 8%-і Азия мен Океанияда және 7,5%-і Ресей Федерациясында оқыды.

Бүгінгі таңда «Болашақ» стипендиаттарының 55%-і гуманитарлық мамандықтар бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орындарында, 36%-і инженерлік-техникалық, 7,1%-і медициналық және 1,8%-і шығармашылық мамандықтар бойынша білім алды.

Бағдарлама түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, бұл туралы статистика көрсетіп отыр. Оның мысалы еңбек мониторингіндегі түлектердің 99%-тен астамы жұмысқа ие болды, – дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова.

Білуімізше, Bolashaq Impact 1 Report зерттеуінің нәтижелері бойынша жұмыс берушілердің 90%-і түлектердің тек кәсіби дағдыларын ғана емес, сонымен қатар көшбасшылық, моральдық және коммуникативтік қасиеттерін де жоғары бағалайды.

11 мың түлектің 52%-і орта және жоғары буын басшыларына дейін өссе, оның ішінде 10%-і – өз стартап жобалары мен компанияларының басшылары. Бағдарлама стипендиаттары экономикадағы сапалы өзгерістер саласында: денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқару, инновацияларды енгізу және бизнес-процестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді ілгерілету, сондай-ақ қоғамдық бастамаларды іске асыруда көшбасшы болып келеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ зерттеу нәтижелеріне сүйенсек,  болашақтықтар 28 жыл ішінде орта есеппен 213 мың медициналық операция жасаған, 145 мың оқушы мен студенттерді оқытқан, мыңнан астам ғылыми жұмыстарды жариялаған. Сондай-ақ 90 мыңнан астам баланы кәсіпке баулыған.

Мәселен, 805 түлек денсаулық сақтау саласында қызмет атқарса, оның 545-і тәжірибелі дәрігерлер, 135-і медициналық жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін мамандар. Айталық, олардың ішінде Алматыдағы Халықаралық Вакцинология орталығының жетекшісі Қайсар Табынов COVID-19-ға қарсы екі вакцина әзірлеу, зерттеу тобының құрамында. Web of Science (WoS) деректер базасы бойынша Қайсар Табыновтың дәйексөзділік индексі (H-index) – 9. Ол Scopus-та индекстелген журналдарда 30 мақала және WoS-та 27 мақала, 2 Халықаралық, 2 Еуразиялық және 23 Ұлттық патенттер, сондай-ақ 1 монография жариялады.

Бағдарлама түлегі Мыңжылқы Бердіходжаев бас миының аневризмасын емдеудің жаңа әдістерін енгізіп, Қазақстандағы алғашқы механикалық тромбоэктомия жүргізді. Онкология және радиология ҚазҒЗИ онколог-маммологы Назгүл Омарбаева жас ғалымдар тобымен бірге Қазақстандағы жас әйелдердің сүт безі обырының дамуын генетикалық зерттеулердің рөлі туралы жаһандық зерттеу жүргізді. 2018 жылы Сочиде өткен ТМД елдерінің онкологтары мен радиологтарының Х съезінде ұжым «Үздік жас ғалым» атағын алды. Кардиохирург Бауыржан Рақышев алғашқы рет жүрекке шағын инвазивті және тораскопиялық операциялар жасады.

Болашақтықтардың арасында көптеген танымал педагогтар, жаңашыл ғалымдар бар. Тек кейінгі 6 жылдың ішінде білім беру саласы үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1021 түлек дайындалған. Бүгінде олар бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде ауылдық жерлерде жұмыс істейді.

Айта кетейік, бағдарлама түлектері қазақстандық жоғары білім – Nazarbayev University-дің іске қосылуында басты рөл атқарды, қазір онда 100-ден астам «болашақ» түлектері бар.

– 28 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы елдің стратегиялық басымдықтарына негізделе отырып, сапалы трансформациядан өтті, стипендия тағайындаудың ашықтығы артты және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылды.

Халықаралық сарапшылар бағдарламаның тиімділігін атап өтуде. Өйткені стипендиаттар өзімен бірге жаңа идеялар мен тәсілдерді ғана емес, сондай-ақ кәсіпқойлардың әлемдік қоғамдастығымен жолға қойылған коммуникацияларды да алып келеді, – дейді А.Кәрібозова.

Айта кетейік, 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде 555 стипендия «магистратура», «резидентура», «докторантура» бағдарламалары бойынша және 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамаларының жаңа санаты үшін беріледі. Бұл санат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында өмірге келіп отыр.

Бақдәулет БЕЙБІТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<