Бозжановтар туралы не білеміз?

295

0

Өткен ғасырдың басындағы Қазан төңкерісі әкелген жаңа қоғам орнатудағы өзгерістер кезінде ұлтымыздың ел басқарған мемлекет, қоғам қайраткерлері небір қасіретті де жауапты кезеңді бастан кешіріп, халқының сенімін ақтау жолында жанын шүберекке түйіп жүріп еңбек етті. Олардың көбісі сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болса, кейбіреулері одан кейінгі жылдары қайғылы қазаға ұшырады.

Солардың бірі Бозжан бидің баласы, Ұлы Отан соғысының каһарманы, Бауыржан Момышұлының ержүрек батыр политругі Жолмұхамед (Жолтай) Бозжановтың ерлік жолын оқырман қауым Баукеңнің тарихи романдарынан, жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабынан жақсы біледі.

Ал Бозжан бидің үлкен баласы, менің ұлы нағашым, мемлекет және қоғам қайраткері, қызмет бабында ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшыраған Нұрмұхамед Бозжанов туралы толық деректі оқырман біле бермейді.

Көшпенді өмір сүрген халқымызға қазақтың кең даласы баспана болып, бабаларымыз Арқа мен Сырдың арасын құтты қонысқа айналдырып, аттың жалында, түйенің қомында жүрсе де, ұрпақ тәрбиесінде ешкімнен кем болмаған.

Оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастайын. Боқай аталығынан Мүсірәлі, одан Бекбау, одан Найман, одан Бозжан би туған. Бозжаннан менің әжем Жарылқасын, ұлдары Талқанбай, Ордабай, Құдайберген, Тәңірберген, Алдаберген туған. Нақтырақ айтқанда, Бозжановтар – ұлы нағашым. Ордабайдан Нұрмұхамед, Жармұхамед, Жолмұхамед туған.

Бидің тәрбиесін алған Нұрмұхамед жастайынан пысық, білімге құштар, сол кездегі қалыптасып жатқан қоғамға өзіндік көзқарасы бар азамат болып өмір жолын бастайды. 1926 жылы Қостанайдағы партия-кеңес қызметкерлерін дайындайтын мектепті, 1928 жылы Қазақстандағы марксизм-ленинизм мектебін бітірді. Қостанай, Алматы облыстарының аудандарында атқару комитетінің төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан БКП (б) партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1944 жылдың желтоқсан айына дейін Қазақстан БКП (б) Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің бюро мүшесі, Жоғарғы Кеңес депутаты. 1939-1944 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиум мүшесі, төрағаның міндетін атқарушы қызметтерінде болған.

1944 жылдың 16 желтоқсанында қызмет ұшағында белгісіз жағдайда қаза болуы осы уақытқа дейін жұмбақ күйінде қалып келеді.

Бозжановтар әулетімен осы кезге дейін қатысып тұрамыз. Жетпісінші жылдардың орта тұсында қайтыс болған Нұрекеңнің жары Сәлима шешемізбен көзі тірісінде бірнеше рет сұхбаттасудың сәті түсті.

Әкемнің ағасы, отызыншы жылдары колхоз төрағасы, соғыс жылдарында ферма меңгерушісі сияқты жауапты қызмет атқарған, тұрмыс жағдайы әкеме қарағанда қоңды болған Дүйсенбай әкем Алматыда Нұрмұхамедті жерлеуге бара алмадым, бірақ 1957 жылы анасына бардым деп отыратын. Өз әкем республикаға белгілі тұлға болған нағашысымен қатыса алмағанына өкінетін. Нағашымның қайғылы қазаға ұшырағанын 1944 жылы желтоқсан айында Шығыс Қазақстанның Зайсан көмір шахтасында еңбек майданында жүргенде естідім дейтін.

Мен 1972 жылы Алматының Мир (Желтоқсан) көшесі, №10 үйде тұратын Н.Бозжановтың отбасында болдым.

– Нұрекең табиғатынан ақкөңіл, оқыған-тоқығаны мол, алдына қойған мақсаты мен бағыт-бағдарын ақылына салып шешетін, мінезі орнықты, сабырлы жан болатын. Осы қасиетінен де шығар, жауапты қызмет атқарған аласапыран жылдарда Құдайдың көзі түзу болып, небір бәле-жәледен аман қалып отырды. Мен көп оқыған адам емеспін. Нұрекеңнің арқасында орталау білім алып, ерімнің жағдайын жасап, төрт қыз, екі ұлды дүниеге әкелдім.

Ол кісі өмірден ерте кетсе де, балаларымды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, ер жеткізіп, өмірден өз орнын табуына қолымнан келгенше  еңбек еттім. Үлкен қызым Шынар мемлекет және қоғам қайраткері, Нұрекеңнің қызметтегі замандасы Шекер Ермағамбетованың баласы Сүлейменге тұрмысқа шықты, қалғандары қасымда. Ерімнің отбасына қауіп-қатерсіз келуін тілеп, небір ұйқысыз түндерді өткіздік қой, сәл кідірсе жүйкеміз жұқарып, жүрегіміз астан-кестең болатын.

Нұрекең республиканың бірінші басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Мирзоянның кезінде елдің жағдайы аздап жақсарды, қудаланып кеткен азаматтар оралып, ұлттық кадрлар көтеріле бастады. Алғаш рет Жоғарғы Кеңестің депутаттарын сайлау өткізілді. Нұрекең Жоғарғы Кеңестің депутаты және оның  Президиумының мүшесі болып сайланды. 1939 жылы Қазақстан БКП (б) Орталық Комитеті партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Осы жылдары республиканың басшысы Скворцовпен тіл табысты. Скворцов Нұрекеңді құрметтейтін, отағасы арқылы қарамағындағы қаракөз азаматтарға ілтипат танытып отыратын.

Біз Виноградов көшесіндегі Үкімет мүшелерінің отбасы тұратын үйдеміз. Соғыс жылдары Сталиннің жұмыс тәртібіне сәйкес отағасы түнде жұмыс істейтін, демалыс дегенді білмейтін, арнаулы жұмыс бөлмесінде Кремльмен байланыс жүйесі бар еді. Ол кезде адамдар қарапайым-тұғын. Республиканың үлкен басшысы жұмыстан шаршағанын басып, үйден шай ішіп, көңілді отырыс жасап кететін.

Отбасымыздағы қайғылы оқиға – 1941 жылдың желтоқсан айында Мәскеуді жаудан қорғаған Б.Момышұлының политругі болған, соғыстағы қайным Жолмұхамедтің (Жолтайдың) қаза тапқаны.

1942 жылы қаңтар айында Бауыржан госпитальдан шығып, Алматыға демалысқа келгенде, Үкімет мүшелерімен бірге үйге анасына келіп көңіл айтқанын қалай ұмытуға болады.

Бұл Кеңес Үкіметінің орнағанына отыз жылдай уақыт өтсе де республиканың бірінші басшысы басқа ұлт өкілдері болып келе жатқаны, ел басшылығы жергілікті ұлт өкілдерінен болуы керек деген сыбыстың шыққан кезі еді. Сенімді «сыбыстардан» республиканың бірінші басшылығына үміткерлердің қатарында Нұрмұхамед те бар екенін естіп жүрдік. Кей білгірлер «Сталиннің өзі Нұрекеңді қолдапты» деген қауесет таратты.

Нұрекең ол кезде 1938 жылы ұсталып кеткен Жоғарғы Кеңес Президиумы төрағасы орынбасарының міндетін қоғамдық негізде атқарушы еді. Үкімет деңгейінде қабылданған шешімдер мен заңдарға, Жарлықтарға қол қоятын. Жоғарғы Кеңестің сессияларын ашып, жүргізіп, жауып отыратын. Партия мен Үкіметтегі беделі бақталастық тудырды ма, ақыр аяғы адам айтса сенгісіз жағдайда қайғылы қазаға ұшырады.

Бізге жеткен деректерге қарағанда, оның өлімі былай болған дейді: «Балқаш ауданының Күйген елді мекенінде халықпен кездесіп, жиналыс өткізіп, қайтуға ұшаққа отырады. «АН-2» ұшағының ұшқышы Володя өзінің парашют, асай-мүсейін ауырсынып, жерге түспей, Нұрекеңе, Үкімет басшысына, обкомның бірінші хатшысына пропеллерді қолмен тартып қосып жіберуді өтінеді. Ақкөңіл Нұрекең ұшқыштың талабын орындайды. От алып, кенеттен шыркөбелек айналған пропеллер хатшының басына тиіп, ол сол жерде өліп кетеді. Түсініксіз, құпия өлім.

Шындыққа келгенде, ұшақта екі ұшқыш болады. Хатшының қасындағы адамдары қайда? Бұл жұмбақ өлім сол кезде елде етек алған келешегінен мол үміт күтетін азаматтардың көзін жоюдың қитұрқы саясаты ма деген ой жүрегімді мазалайды, – деген болатын Сәлима шешеміз.

Бұрынғы Тереңөзек ауданы орталығынан және Қызылорда қаласынан  ағайынды Бозжановтар есімін есте қалдыру мақсатында, Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында көше атауы берілді. Жұртшылық атынан Алматы қаласының ертеректегі әкіміне Алматыдағы өмірден өткенше тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату, бір көшенің атын беруге ұсыныс жасалған болатын.  Өкінішке қарай, бұл ұсыныс мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне барып, ономастика заңдарының өзгеруіне байланысты аяқсыз қалып келеді. Бұл ұсыныс Жеңістің 80 жылдық мерекесі қарсаңында  өз шешімін табады деген үміттеміз.

Рысбай  Кәрімов,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<