Да Винчи туындыларының құпиясы: Суретшінің көзі қыли болған

593

0

Да Винчи туындыларының құпиясы: Суретшінің көзі қыли болған Қайта өрлеу дәуірі кезінде өмір сүріп, адамзат тарихында айтарлықтай өнертабысымен есімі қалған тұлғаның бірі – Леонардо да Винчи. Көпшілік оны суретші деп таниды. Шын мәнінде солай ма?
Леонардо да Винчи (1452-1519 жж.) қайта өрлеу дәуіріндегі Италияның аса ірі қайраткері және сол кезеңнің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның көркемөнердегі жетістіктері сурет әлемінен ойып тұрып орын алған. Ол тек ұлы суретші ғана емес, ұлы математик, физик, астроном, архитектор және инженер болған.
Италиялық суретшінің өмірі де, туындылары да жұмбаққа толы. Әлем білетін «Мона Лизаның» жұмбақ күлкісін ашуға талпынғандар қаншама?! Әлі де зерттеп жүргендер жетерлік. Жақында ғалымдар суретшіге қатысты тағы бір тың дерек тапты. Лондон қалалық университетінің мамандары Леонардо да Винчидің суреттерін тыңғылықты зерттеген. Нәтижесінде суретшінің көзі қыли болған деген қорытындыға келіп отыр. Көзінің қыли болуы суретші шығармашылығына едәуір әсерін тигізген. Көзінің мүйізгек қабығы симметриялы орналаспағандықтан, ол объектіні бір мезетте бірнеше қырынан байқай алған. Тағы бір қызығы, «сурет салғанда ғана Леонардоның көзі ақиланып кететін болған,» – дейді зерттеушілер.
– Бізді қызықтырғаны Леонардо салған портреттердің көпшілігінде адам көзі айрықша бояу алған. Анықтап қарасаң, көз қарашықтары әр жаққа қарап тұрғаны байқалады. Әйгілі «Витрувиандық адам» туындысын алып қарайық, онда тіпті бір көздің қарашығы екіншісінен үлкен. Бұл дерт анизокория деп аталады. Неліктен бұлай салғанын ойланып көрейік. Туындысына өзінің жеке ерекшелігін қосуы да мүмкін емес пе? Ал өзге суреттерін қарай келе Леонардоның көзі қыли болғанын (экзотропия дерті) аңғаруға болады. Дегенмен көзінің ақиланып кетуі арагідік болған, – дейді Лондон университетінің офтольмолог профессоры Кристофер Тайлор.
Ғалымдар суретші өмірін ары қарай да зерттей түспек. Оларды тағы қызықтырып отырғаны – суретшінің әлем картасын жасауы.
 – Леонардоның біз біле бермейтін жұмбағы көп. Мысалға алатын болсақ, ол сол кездің өзінде әлем картасын жасады. Құрлықтардың орналасуы, мұхиттардың шекарасы, өзге де географиялық белгілер асқан дәлдікпен кескінделген. Тіпті дәл солай 3 ғасыр өткенге дейін ешкім жасай алған жоқ. Мұны суретші қалай жасап шықты? Міне, жұмбақ. Осыны зерттеп көргіміз келеді, – дейді Кристофер.
Леонардо да Винчи сәулет өнері, әскери анатомия, жарық пен көлеңке, құстардың ұшуы, судың ағысы мен өлшемі сияқты қыруар дүниелерді зерттеген. 

Массагет.кз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<